//

Қазақстандағы бүкіл мемлекеттік балабақшалар тек қазақ тілінде болуы шарт

681 рет қаралды
1

Берік Әбдіғалиұлы, Арқалық қаласының әкімі: «егерде біз әлемдегі озық дамыған 30 елдің қатарына кіреміз десек онда ең бірінші ауылдарға орталықтандырылған кәріз құбырын, жылу жүйесін, суын тартып, жолын жөндеп беруіміз қажет»,- дейді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында жергілікті жердегі ауыл әкімдерін сайлау қажеттілігіне тоқталып, оны осы жылдан бастап жүзеге асыру керектігін айтқан еді. Сіздің пікіріңізше, ауыл әкімдерін сайлау жергілікті халыққа қаншалықты тиімді болмақ?

– Мен тек ауыл әкімдері емес, аудан әкімдерінде сайлауды бастау керек деп ойлаймын. Оғанда келерміз. Бүгінгі күні халықтың әкімдерді тағайындауға тікелей ықпалы жоқ. Ал әкімнің қызметіне бағаны халық беру керек. Міндетті түрде. Дегенмен, мен ертеңгі болатын ауыл әкімдерін сайлаудан халықтың белсенділігін көрмей отырмын. Жоба бойынша ауыл әкімдерін жергілікті аудан мәслихаттары сайлайды деген ұсыныс бар. Бұл өз-өзімізді алдағандай болмауы керек. Бұрынғы жұмыс істеп жүрген әкімдер қайта сайланып ешқандай өзгеріс болмаса – оның ақыр аяғы халықты алдағандық болып шығады. Сондықтан бүгінгі ауыл әкімдерін сайлау реформаларын салмақтайтын болсақ, бұл жоба алдын ала оң нәтиже береді деп болжамдау қиын. Егер ауыл әкімдерін аудан әкімі ұсынып, мәслихат депутаттары сайласа, халық сайлауға тікелей атсалыса алмайтыны анық. Жалпы, әкімдерді сайлау үшін сол елді мекен тұрғындарының ішінен сайлауға қатысуға арнайы сайлаушылар тағайындалып, солар халықтың мүддесін қорғап, лайықты әкімді сайласа құба-құп болар еді. Ауылдың ақсақалдарынан, зиялы қауымынан арнайы сайлау кеңесі құрылып, әкімге үміткерлердің сайлауалды бағдарламасын саралап, жұрттың көңілінен шығатын әкімді билікке тағайындаса халыққа тиімді болары анық.

Егер сайланған әкім берген уәделерін орындай алмаса, оны мерзімінен ертерек қызметтен шеттетуге заңды тетік болуы да керек шығар. Бұл әкімге жауапкершілік артумен қатар, уәдесін орындай алмаған әкімнің кезегіне келетіндерді де нәтижелі жұмыс атқаруға жігерлендірер еді. Сонымен қатар, сайлау мәдениеті қалыптасуы керек. Руластықпен, достастықпен дауыс беріліп жатса, мұндай сайлаудың тиімділігі де жоқтың қасы. Халық әкімнің әдемі сөзіне емес, нақты істеріне сүйеніп барып дауыс берсе игі.

– Сізді қалың жұртшылық тіл саясатымен республикалық деңгейде айналысқан азамат ретінде бағалайды. Осыдан бірнеше жыл бұрын «Мемлекеттік қазақ тілін дамыту» президенттік қорын басқардыңыз. Қазіргі уақытта Арқалықта қазақтілді мектеп пен балабақша мәселесі өз шешімін тапқан ба? Жергілікті жерде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы қандай?

– Арқалық – жалпы қазақы жер. Бұл жерде Торғай, Аманкелді аудандарынан көшіп келген нағыз қазағымыздың төл ұрпақтары шоғырланған. Қазақтың салт-дәстүрі қаймағы бұзылмай сақталған өз зиялы қауымы бар еді.

Біз бүгінгі күні балабақшаларда және мектепте де қосалқы пәндерді мемлекеттік тілге ойыстыруымыз керек. Орыс мектептеріндегі еңбек, ән, денешынықтыру, алғашқы әскери даярлық сияқты пәндерді қазақ тіліне жүргізу қажет. Бұл үрдісті мен Жезқазған қаласында әкім болып жүргенде көтерген болатынмын. Арқалықта да ұсынып жатырмын. Сонда мектеп бітіріп шыққан әрбір жас қазақ тілін білудің алғы шарттарын біліп шығады. Ал балабақшаға келсек, менің жеке көзқарасым – қазақстандағы бүкіл мемлекеттік балабақшалар тек қазақ тілінде болуы шарт. Міне, біз айтып жүрген мемлекеттік тілдің мәртебесі сонда ғана даму еркіндігін алады. Бала одан орыс тілін ұмытып кетпейді, үйінде орысша сөйлессе, балабақшаға барып мемлекеттік тілді үйренеді. Баласы қазақша сөйлеген отбасы мемлекеттік тілге салғырт қарамай, неғұрлым жақындай түседі.

Жалпы, тіл тағдыры жөнінде пікір-ұсыныстар аз айтылып жүрген жоқ. Кезінде өзім де айтатынымды айттым, ұсынатынымды ұсындым. Алайда тілдің қадірін, мәртебесін өсіру үшін бұл жеткіліксіз. Тілге деген құрметті арттыру үшін, оның қолданыс аясын кеңейту үшін қазіргі таңда саяси жігер қажет. Талап қойылмағасын, оны меңгеруге қазір құлшыныс та байқала қоймайды.

Әрине, бүгінгі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті ел болу үшін ағылшын мен орыс тілдерін білу – қажеттілік. Алайда әр ұлт үшін төл тілдің орны бөлек. Сондықтан ең әуелі өз тілімізді құрметтеуіміз шарт.

– Арқалықтың байырғы аты Қызылқозы екенін бүгінде екінің бірі біле бермейді. Жуырда Елбасы «Ономастика мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Енді заң бойынша елді мекендер атауын өзгерту жұмыстарына жаңа серпін беріледі деп күтілуде. Осы ретте, аймақтағы елді мекен атауларын қазақшалау жайы қалай?

– Арқалық қазақи жер болғанымен, көше мен елді мекен атауларын қарап, бейне бір кеңес заманына шегініс жасағандай боласың. Кейбір атаулар – жергілікті жерге еш қатысы жоқ анахронизмдер. Әсіресе ауылды жерлердің көше атаулары кеңес заманының мұрагері болып әлі күнге дейін өзгертілмей келеді. Мысалы, Матросово, Целинный, Фурманово, Восточное деген ауыл атаулары мен Пролетарская, Октябрьская, Комсомольская деген көше атаулары кездеседі. Шамамен өзгертуге жататын 130 көше мен елді мекен атауларын таңдап алып, өзгертуге дайын отырмыз. Бұл жөнінде атауларды осы өңірдің ақсақалдарымен, зиялы қауымымен ақылдасып, ортақтаса өзгертпек ойдамыз.

Қазірдің өзінде елді мекен атауларын талдап, саралап, жобасын дайындап қойдық. Арқалықтың алғашқы атауы бойынша Қызылқозы деп Родина ауылын, Торғайдың қас батыры Кейкі батыр Нұрмағанбетовтың есімімен Фурманово ауылын, мемлекет қайраткері Дінмұхаммед Қонаевтың есімімен Восточное ауылын, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің көсемі Әбдіғапар Жанбосынұлының есімімен Жаңақала ауылын атасақ па дейміз. Көше мен елді мекен атаулары бір бөлек, мектептерге де тарихи тұлғалардың есімін беру керек. Қазір көп жерлерде мектептерге тек нөмір берілген. Құдайға шүкір, ұлықтауға тұрарлық тұлғаларға қазақ кенде емес.

– Елбасы Жолдауда: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз» деп атап көрсетті. Елбасының бұл тұжырымының мәнісін Сіз қалай пайымдайсыз?

– Әрине, Қазақ мемлекеті деп ресми аталуы жөн. Бірақ менің ойымша «Қазақстан» дегеннің өзі «Қазақ Елі» деген ұғымды білдіреді. Қазақ ұлты – мемлекетіміздің иесі. Өзге ұлттарды бауырына басып, соларға қамқорлық жасап, ұйытқы болып отыр. Ең бастысы, өзіміз қазақтығымызды сезінуіміз қажет. Біз жүз пайыз қазақ тілінде сөйлегенімізбен қазақ бола қоймаймыз. Қазақ деген – елі үшін қызмет ететін ұлттық патриотизм. Бұл шынайы ұлттық патриотизм – жемқорлықты да тоқтатады. Елін, жерін сүйген азаматтар жемқорлықпен айналыспайды. Өз елін тонамайды! Ақшасын ұрлап шетелге қашпайды. Сондықтан еліміздегі қандай бір ұлт болмасын бәрі де өзін осындай қазақи ұстанымда сезінсе – сонда ғана біз нағыз қазақ елі боламыз.

– Жолдауда латын қарпіне 2025 жылы көшу мәселесі де айтылды. Қалай ойлайсыз, әліпби ауыстыруға әлі ертерек емес пе?

– Керісінше, кеш ауысайын деп жатырмыз. Латын қарпіне ауыстырғанда мен үшін ғаламторға, ақпараттық технологияларға емес, ең бірінші кириллицадан, сонымен келген орыс тілінен ажырап, өзіміздің түркі әлемінің ортақ әліпбиіне келуіміз керек. Болашақта барлық түркітілдес мемлекеттер бір әліпбиді қолданып, бірін-бірі түсінетін тілде сөйлесе деген пікірдемін.

Сұлтан Тайғарин.

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. ұлым қытайша оқыйды, әр демалысында ғаламторға шығып абай.KZ BAQ.KZ ды көрiп отырады,мен Балам сен кириллицаны танымайсыңғой десем, танымасамда көргiм келедi дейдi. қызым қытайша балабақшада, кi шкентай қызым кейде отырып әке ұйғұрда дүңгенде Қазақстан жоқ, Қазақта Қазақстан бар ғой ә әке дейдi(қытайша айтады),ұлыма Қазақстанға апарайынба десем әке өзіміздің отанымызға кетiпқалайықшы дейдi. ұрпағыма ұлыттық сана берген Аллаһқа құлдық ұрам. жұмысымды ыңғайлап көшiү дайарлығына кiрiсiп кеттiм. Аллаһ iсiме сәттiлiк бергей!шiркiн ұрпағым ата мекенде қазақша сөйлейтiнiн ойлсасам қүаныштан жарылардай болам. жаратүшы алла сол армаға жеткiзегөр.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі