//

Мейірімді, рақымды Алланың атымен бастаймын!

1143 рет қаралды

9999Баршамызды қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла таға­лаға сансыз шүкіршілік айтамыз.

Құрметті мұсылман бауырлар!

Иман бұлағынан сусындай бастаған халқымыз мүбәрәк Рамазанда Алланың рақымына бөленуді үміт етіп, сауабы мол ізгі амалдарды атқаруға ниеттеніп отыр. Сіздерді бір ай бойы жалғасатын мұсылмандардың ұлық мерекесі – Рамазанның келуімен құттықтаймын!
Алла тағала өз мейірімі әрі кеңші­лігімен белгілі күннің, түн мен айдың қадірі мен қасиетін һәм артықшылығын арттырып қойды. Қасиетті Құранда ай­тыл­ған Рамазан айының ерекшелігі сол, бұл мезгілде жасалған кез келген игі істің, Жаратушыға жақындататын жақ­­сы амалдың сауабын санау мүмкін емес.
Ораза – Алла мен адамның ара­сын­дағы риясыз құлшылық, тек Раб­бы­мыз­дың разылығын көздейтін ұлық ғибадат. Оразаның теңдессіз сауабын Жаратушы Иеміздің жасырып қоюында үлкен сыр бар. Көзбен көріп, қолмен ұстап, түй­сікпен түсініп алмайынша көп нәр­се­ге сене бермейтін адам баласы­ның са­насына салмақ болатын сауапты жа­сыруда біз біле бермейтін даналық көп. Бұл – ұлық ғибадатты кіршіксіз орындап, ұлы мақсатқа ұмтылуға жетелейді. Ха­дис-шәріпте Алла тағала: «Аузы бе­рік адам ішіп-жеуін мен үшін доғар­ды. Ораза – Мені мен құлымның ара­сын­да­ғы ғибадат. Оған берілетін сый­ды Мен ғана өлшеп, Мен ғана бе­ремін. Ау­зы берік құлымның аш­тық пен шөлір­ке­геннен шыққан ау­зының исі мен үшін мис­ктен де ар­тық», – дейді. Алланың уә­десі – хақ.
Рамазан – рухани жаңару айы. Жер­ді мекен еткен аң мен құстың, барлық тір­шілік иесінің жыл мезгілдерінде жаңару, түлеу, өзгеру үдерісінен өтетіні бел­гілі. Ал Алланың адам баласына бер­ген шексіз нығметі, теңдессіз сыйы са­налған ораза – тікенді жерге табан тигізбей, сақтанып жүретініміз секілді, күнәға бетпе-бет келуден сақтайтын, жан-дүниемізді, мінез-құлқымызды жақ­сылыққа тәрбиелейтін, рухани тү­леп шығатын құлшылық. Ауыз бекітудің адам өмірін ізгілікке бастайтынын біл­ген пенде одан бас тартуы мүмкін емес.
Ораза – сабыр мектебі. Еліміз еге­мен­дігін алып, еңсесін тіктеп, рухани құн­дылықтарымен қайта қауышқан сонау 1991 жылдары Рамазан айы күннің қысқарған, түннің ұзарған, яғни ораза ұстауға қолайлы қыс мезгіліне тұспа-тұс келді. Расында да, бұл енді ғана иманға ден қойған халқымыздың деңгейіне дөп келген мезгіл еді. Енді, міне, Аллаға шү­кір, кешегі кеңес кезінде үзіле жаз­даған рухани жібімізді «Бірінші тілек тілеңіз, Бір Аллаға жазбасқа» деп жыр­лаған батагөй бабаларымыздың алтын арқауын жалғауға мүмкіндік туды. Жұр­тымыз Ислам құндылықтарымен қайта қауышып, рухани қазығын қайта айналып тапты. Жүрекке бекіген сенімге селкеу түспейді. Аспан жерге айналып түсетін шіліңгір шілдеге тұспа-тұс келген Рамазанда ораза ұстауға күннің ап­табы немесе басқа да себептер әсер етп­ейді деп сенеміз. Себебі, иманның бал дәмін татқан жан Алланың теңдессіз сыйынан шет қалғысы келмейтіні хақ.
Иман жолы сабырлық пен тақуа­лық­ты талап етеді. Ораза нағыз, шынайы тақуалыққа жетелейді. Құранда Алла та­ғала: «Ей, иман келтіргендер! Күнә­лардан сақтанып, тақуалыққа жету­лерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етіл­ді» («Бақара» сүресі, 183-аят), – дей­ді.

Қымбатты отандастар!

Қасиетті Рамазан айы құтты болсы­н! Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілек­теріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла тағала елімізге, жерімізге бе­реке жаудырғай!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

“Қазақ әдебиеті” газеті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі