/

Жанат Ахмади. Көкбет әйел жазасы

1498 рет қаралды

жанатШеру батырдың үйінде Қоңырат Жаманбай мен Қыпшақ Шәшті ата бастаған көп адам отыр. Бұлар осы өңірде өткен бір үл­кен дау әлегімен бас қосқан. Орталарында Қызай анадан басқа еріні кесіліп алын­ған, үстіңгі тістерінің қамалы тұтасымен ыр­­сиып көрінген бір әйел бар еді… Үстіңгі ері­ні тұтасымен кесілген адам тым сыйық­сыз-ақ көрінеді екен. Тілін тартпайтын көк­бет әйелдің ерінін кесіп алып, бұны мы­на күйге түсірген оның бір тентек қай­ны­сы екен. Жазаға ұшыраған жеңгесі Қо­­ңыраттың қызы. Барған жері Қыпшақ. Шәш­ті атаның ауылы. Ұзатылғанына он­шақ­ты жыл өткенде мұндай жағдайға ұшы­рағаны әлдебір ұрыс-керіс, қатты жанжалдан туады. Ауылдағы қатындар арасында қа­шан болса бүлік шығарып, тыныштықты кетіретін немере жеңгесін әлгі қайнысы бұрын екі-үш дүркін сабаған да көрінеді. Бі­рақ сол таяқ жеп жатқанның өзінде «өл де, маған! Қолың сынсын, қарабет!» – деп, ті­лін тартпайды екен. Ауыл-үй арасын өсек­пен өртейтін әдетін қойғанның орнына әлгі қай­нысымен өштесе береді. Қайнысы да із­дегенге сұраған, жеңгесіне сай. «Ашуланса Сырдың суы сирағынан келмейді» дейтін атағы бар, белгілі тентек бұрынғы бір жылдары араларында болған жанжалда өз әйелінің құлағын шайнап, оң құлағының ұш жағын жұлып алған әрекеті бүкіл ел ау­зында жүрген. Бірақ мына жеңгесі бей­бақ, шынайы долылығы ұстап, көкбеттеніп кет­се, атышулы тентек қайнысынан да жас­қанып, қорқуды білмейді. Оқиға басы: ауыл­да екі әйел жұлысып жатады. Бірі «көк­бет әйел-жәһәннам» демекші елге мә­лім әлгі келіншек. Екеуінің де қайнысы бол­­ған ана жігіт оларды қамшымен бы­тыр­ла­тып, сабап, үйді-үйіне қуып ты­ғады. Үй­ле­рінің арасы екі арқан бойындай жер екен. Енді олар денелері үй ішінде, есіктен бас­тарын шығарып алып, салғыласып, са­йысады. Бергі көкбет:

– Қапқа түсіп келген, әкеңнің аузына!.. – десе, анау:
– Буаз биеге мінгесіп келген, әкеңнің аузына!.. – деп жатады. Ұрыс-жанжалды өзі бастайтын көкдолы әйелді күйеуі буаз биеге мінгестіріп алып, қашып келгені рас кө­рінеді. Ал, ананың «қапқа түсіп» келуі, тіпті қызық болатын. «Аю мен қыз» дейтін бір ойын бар. Екі ауылдың қыз-жігіттері үш-төрт арқан бойы жерге екі бөлініп тұрады. Бір жағы қапқа бір қызды түсіреді де, томпайтып, жатқызып қояды. Екінші жақтың бір жігіті келіп, қаптың ішіндегі қыз кім екенін табуы керек. Таба алмаса, қыз­ды қабымен арқалап, екі топтың сыртынан үш айналып кеп орнына тастайды. Айып сол. Сондай бір кеште қызды көтерген жігіт жол-жөнекей сыбырласып, қаптағының кім екенін біліп алады да, үшінші айналымда кемпір шешесінің үйіне қарай ала қашады. Кедей жігіттің әпеке-жеңгелері ал­дын-ала дайындалып, кеңесіп алған екен. Есіктен енгізген бойда қыздың басы­на орамал жауып, келін ретінде ұстап қалу­ға әрекет жасайды. Соған сай қыз бай­ғұс та аталас аға-жеңгенің қолында ба­бы келіспей отырған жетім бейбақ екен. Қыс­қасы, ақ деп, көк деп жүріп, қыз осы жі­гіт­тің үйінде қалады. Есіктен бастарын ке­зек шығарып, екі әйелдің бет тырнаса ай­тып жатқандары сол екен. Тентек қайы­ны Түйебай екеуін әлі де тоқтатпақ болып:
– Әкеңнің аузын ұрайын шыжыңдар, енді менен бірдеңе көресіңдер! – деп, қатты ашумен шабынып янаттаса, мұнымен өштесіп алған жеңгесі:
– Өзіңнің әкеңнің аузына!.. – деп салады. Көккөз сары Түйебайдың көзіне қан толып, қалтасындағы шаппа бәкісін ашып, ала жүгіреді. Әйел пышақтың зәріне шыдамай, ойбайды сала бажылдап, есіктен шы­ға қашады. Көрші үйлерге жетіп, қу жа­нына араша тілемекші еді. Екі арадағы тек­шелеп жиған қидан айнала бергенде, бұ­зау желідегі қазыққа аяғы шалынып, со­ры бар байғұс ұшып түседі. Соңынан қуа жет­кен Түйебай бас салып, тырп еткіз­бес­тен, бақыртып жатып:
– Сенің жұртты суғарғыш аузың мынау ма!? – деп, сол қолының екі саусағымен қатынның үстіңгі ерінін соза тартады да, өткір бәкімен орып кеп алады. Бажылдаған дауыстан әп-сәтте ауылдағы көрші-қолаң жиналады. Аяғымен жер тепкілеп, өкіріп жат­қан әйел қансырайтын түрі бар. Еркек­тің біреуі жүгіріп, есек ерттейтін шом то­қым­ның шетінен бір кесіп алады да, соны де­реу отқа үйтіп, қан саулаған ерінге құ­рым киіздің ыстық көмірін басып жатып, қан­ды зорға тыйғызады. Басына түскенге кім көнбейді. Көмірдің қатып шорланған ері­ні қарақотырланып, жарты жылда зорға жа­зылады. Сөйлесе астыңғы еріні қасқа ті­сі­не тиеді екен. Үй толған еркектердің ор­тасында, төмен босаға жақта, көзімен жер шұқып отырған әйел – сол. Басын көтер­мейді. Қозғалып отырған дау осыған байланысты болатын. Жеңгесін жазалаған ос­падар тентек те осында.

***
Даугер мен жауапкер, екі жақтың екі биі бар. Қоңырат қызы, еріні жоқ әйелдің сө­зін ұстаушы би тілге жүйрік Қызай ана бо­латын. Өйткені Қызай тұтас ауылымен, елі­мен Қоңыраттардан жақсылық көріп отыр­ған, әрі атасы басқа, Құдайы қалыс адам. Әрі әйел дауын әйел адам дауласын дескендей. Бұл орынға Қызайдың билік ор­нына Жаманбайдың бола алмайтын се­бебі бар. Күнәлінің үлкені өзінің руласы Қо­ңырат қызы болғандықтан, оған ауыр сөз айта алмайды. Әрі бұрып сөйлеуіне де келмейді. Алдымен екі жақтың билері та­ра­зыға түссін. Осымен екі жаққа тең төбе би болып, Жаманбай сайланған. Ал, жауапкер би «Шәшті абыз» атанған, өзінің кө­ріп­келі бар, ділмар шешен, Шәшті ата еді.
Жаманбай ешкімге бұрмайтын, жұртқа сөзі өтетін ел ағасы. Ежелден-ақ терісті ке­ріссіз шешіп жүрген адам. Алдымен сөз бас­таған да сол еді. Төрдің дәл төбесінде зор денесімен малдасын құра отырып, дауысы жарқын шыға:
– Уа, жалпақ жатқан Қоңырат, Қыпшақ ата! Отыз баулы Қоңырат, тоқсан екі баулы Қыпшақ Алашты мол ғып өскен-өнген ел едің. Қара Қыпшақ Қобланды мен Алпамыс және Алатау батырлар еліне тұтқа, жұрт­қа ие болған адамдар еді. Үйім деп жы­ламай, елім деп жылап өтіп еді. Со­лар­дың ұрпағы боп, көзі боп, сен отырсың… «Адам­ның даңқы ел аузынан бұрын өз абы­ройын­да болуы керек», – депті бұрынғылар. Екі би таза абырой, татымды тартымың бол­сын. Екеуің еркіңе би болсаң да, абы­ройыңа құл бол. Сонда ғана дауды даусыз ше­шесің. Би – мың күнде бір кісілік бол­ған­мен, бір күнде мың кісілік болуы керек. Әділ болса бір би мың кісіге олжа салады. Ал, әділ болмаса, көптен «жүзі қара» деп қар­ғыс алады. Дүниеге құл болып қызық­паған кісі ғана би болады. Туғанда жұмы­ры­ғың жұмулы болса, өлгенде алақаның ашулы кетесің. Пайда көздегенде табаты­ның сол ма. Өмірге әділдік керек екенін өлеріңде ойлағаннан пайда жоқ. Өлерде қыл­ған тәубең қабыл болмайды. Өмірден өкі­нішпен өтесің. Әділдікпен басқарсаң екі жақтан екеуіңе де тиісті ақыларыңды әпе­ремін. «Азды алымсынбаған жарлы емес, көпті місе тұтпаған жарлы» деген бар. Қа­зы кертіп, жал шайнап, бай да өтеді дү­ниеден. Қара талқан жалмалап, жарлы да өтеді дүниеден. Ізгі қасиетке бас имейтін адам жоқ. Жақсы сөздің мекені тілде ғана емес, ділде. Олай болса, тіл мен діл арқылы қа­сиеттеріңді көрсетіп, биліктеріңді айтың­дар да, елдің алғысын алыңдар. Белде со­йыл, белдеуде ат, заманың мынау. Ты­ныш­­тықты, татулықты сақтап сөйлеңдер. Ел бірлігін қорғап айтыңдар, – деп тоқтады. Жүйе бойынша сөзді даугер жақ бастауы ке­рек. Қызай ана бір тізерлеп отырған қал­пы:
– Дұрыс айттыңыз, төбе би, баба! Бірақ азда болса бет жыртыспай дау дауланбайды ғой. «Балаңды өзің түзет, өзің түзетпе­сең, өмір түзетеді» деген бар. Өмірдің тү­зет­уіне қалсаң, сілікпеңді шығарып, мой­ныңа су құйып барып, түзетеді. Олай де­сек жеңгесі мен қайны екеуі де өмірдің түзетуіне түсіп отырған пақырлар. Екеуі де айыпты. Жалғыз қылған айыптың жаманаты жалпыға. Өз бастарымен кетпей, екеуі де рулы елдің атын шығарып, абыройын был­ғап отыр! Бетке шіркеу, көңілге дақ тү­сі­ріп отыр. Жақсы ауылдың келбетті ке­лі­ні, сәулетті ұлы қайда?! Келін боп түскен жердегі еліне көрсетер үлгісі қайда?! Әр ел­ден келін келер, онымен бірге әр түрлі жақ­сы ырым келер, деген қайда?! Жеңгесі анау болса, алдамалап ақылын табатын қай­нысы қайда?! «Ақымақтың райына қа­рай іс қыл» деген қайда? «Жаман биені жабу­ла да, құлынын ал» дейтін ұлағат қай­да?! Бірі Жаманбайдай тегеуірінді тектінің, екін­шісі Шәшті абыз атадай ұлықтының елі­нен шығып отыр. Ең өкініші, осы ел-на­мысы. Екі жақсының қойын-қонышынан шы­ғып отырған сорақыларға билікті не деп ай­тамыз. Жақсылардың бетіне не деп тие­міз?! Атаның көңілі болмаса, ботаның көңілі бар, дер едік. Бота болған жазғандар мақ­тарлық жер қалдырып отыр ма? Қыз­бақандылық бір қырсыққа жетелемей тұр­майды. Дойыр мінез қайнысының қы­лы­ғын біле тұра, аяғын тартпаған, бейауыз жеңгенің қай жерін ақтайсың! Жау келмей жарақ алып, пышақ жұмсағанның қай же­рін мақтайсың?! Менің айтарым – айып еке­уіне тең салынсын! Бірінен-бірі асып тұр­ған жері жоқ, – деді. Төбе би енді Шәшті ата­ға мойын бұрды:
– Жауапкер би, қанеки, сіз не айтасыз?
Шәшті ата деген үлкен басының оң жа­ғын­да өрусіз, бос тұлымы бар, аруақ шал­ған-қуаң жүзді, кесек мұрын, үкі көз, ке­лісті адам. Шын аты Кенжеғұл еді.
– Мен не айтайын, – деп, сөз бастады ол. – Ашушаң адамнан ақау шықпай тұр­май­тыны рас. Солайда болса, «ашушаңның ан­ты болмайды, ашуын жұтуы у жұтумен бір­дей» дейтін, дәл тауып айтылған сөз бар… Өз үйіндегі келіннің құлағын шайнап жұ­лып алған адамнан аяғын тартпай, әйел ба­сымен аузына келгенін құсқан ұрғашы оңатын ба еді. «Ырыққа көнбегенге құрық бар, құрыққа көнбегенге сырық бар», «ақыл­ға көнбегенге азап бар» деген міне, осы! Жақсы өмірін жаман ғып, ел бетіне қа­рай алмай, бетімен жер басып отырғаны жұрт­қа үлгі болсын. Өйткені, өз сазайын өзі тартты. Сондықтан айыптың үлкенін мен осы келінге, Қоңырат ағайынға, сал­мақ­пын, – деп келгенде, босағадағы әйел:
– Алдымен әкені боқтаған өзі ғой! – деп, шаңқ етті. Елдің бәрі жалт қараған еді… Үстіңгі тістері үйткен қойдың басындай ырсиып, қызыл иегіне дейін ақсиып көрінді. «Сорлының көзі шорлы» дегендей, сыйқы жарамсыз-ақ еді.
– Әй, қарағым! әйел ер адамның боқ­тағанымен бірдей боқтай берсе, не болады? Ұрғашы қашанда еркек алдында өз жынысын ұмытпауы керек. Әйел еркекке қа­рағанда өзінің сыпайылығымен, ардақ­ты­лығымен әйел. Аттан қалма байталым, байталдан қалма, сайтаным, деп тілін тартпай жарыса берсе, не болмақ. Тіріні қо­йып, аруаққа шаптыққаны кешірілетін нәрсе ме! Оны Құдай да кешірмейді. Әйелдің дауысы қатты шаңқылдап шыққан үйдің босағасынан жақсылық күтпе, дейді. Олай болса, қыздарының айыбын Қоңырат ағайын төлейді. Еті Қыпшақтікі болғанмен, сүйе­гі Қоңыраттікі. Сол үшін бес бесті ат­тың құнын кесемін, – деді. Жұрт аңырып қал­ған еді. Қалыңы төленіп, ұзатылған қыз­ға төркіні жауапты ма, дескендей. Айтып отырған дәлеліне, уәжіне қарасаң, орынды да сияқты.
– Кенжеғұл ата! – деп, Қызай сөз ал­ды. – Сіздің бұл айтқаныңыз мал иесінен ұры күшті дегеннің өзі болып отыр. Зом­бы­лық есіктен кірсе, әділдік шаңырақтан шы­ғадының кері. Жігіттеріңіздің басы бү­тін; ойынын ойнап, күлкісін күліп, сайрандап жүр. Ал, ол жазалаған адам кірейін де­се жер қатты, қияйын десе жан тәтті бо­лып отырған отырысы мынау. Қазақта «көз құны» деген құн бар еді. Ол өмірде болып тұратын шаруа. Оған кісі құнының төрттен бірі – жиырма бес жылқы кесілетін. Ал мы­нау қазақ қазақ болғалы саңырау, мыл­қау естіп-білмеген сұмдық!!! Сондықтан айыптың көбі Қыпшақ ата жағына салынуы керек. «Жамандық қылып жалынсаң, жан жо­ламас жаныңа» дейді. Тірі адамға жа­са­ған жамандық осыдан артық бола ма!? Осы жазаны жігітіңіз өзі тартса жақсы ма. Жі­гітке айыппен қоса дүре керек. Адам жа­нын аямайтын тентекке дем беріп, ерік бер­генше, келінді сыннан өткізетін ене қай­да?! Жігітін жүгенсіздіктен тыятын ата қай­да?! Арыс жауды жеңгендей аптығатын есер­ді ауыздықтайтын ағайын қайда?! Қа­тынының құлағын шайнады, деп мақтан еткенше, айып ететін ел қайда?! Сол кезде қат­ты тыйым салынған болса, мына мас­қа­раны жасар ма еді!? Олай болса бұл дау Қыпшақ ата мойнына екі есе болып мінеді. Құлақтың дауын да қоса тергеуіміз керек. Әйелі іздер-сұрары жоқ, жетім қыз еді, де­генмен ол да адам перзенті еді ғой. Ел ішін­дегі сұмдықты көріп тұрып, көрмеске сал­сақ біз сияқты, сіз сияқты биге сын. Жауап­кер би – Кенжеғұл ата! Сіз Қоңырат­қа бес бесті салсаңыз, Қыпшақ атаға мен де бес бесті айып саламын. Онда да қызы­мыз айыпты болғаны үшін тілім қырқылып, са­лықты аз салып отырмын, – деп тоқтады. Қа­рама-қарсы екі бидікі «құрастырып айт­са, құлдікі жөн, біріктіріп айтса, бидікі жөн» дегеннің өзі болды. Сүйек жұмыртқадан ті­рі құс шығатынындай екеуі де жоқ жерден қисын табады. Жоқтан бар жасайды. Тілдің қуатына шек жоқ. Тіл буынсыз, ой түпсіз. Қызайдың бұл айтқанына көне қоятын Шәшті ата – Кенжеғұл емес.
– Даугер би, Қызай шырағым! Кереңге түс жорытып, кекешпен кеңесетін сен емес екенсің. Талқан жеп отырып, сыбызғы тартсаң да қақалатын түрің жоқ, – деп улы тілмен қағыта түсті. – Ыржық жігітке тыр­жық қыз, өз Ләйлісі болады. Мына келіннің күйеуі ынжық неме еді. Көкбет әйелге көзсіз бай, деген осы болды. Тентекке дүре соғу керек дедің. Әр айып сайын кісі өлті­ріл­­се, жер бетінде жан қалмайды. Адам пен­­десі болған соң, осы отырған барлы­ғы­мызда да бір-бір айып бар. Ол Аллаға аян. Әркімнің өз іші біледі; өз кінәңді етегіңмен жа­уып жасыра алмайсың, – дей келіп, енді ар­қасы ұстап, бұрқылдай сөйлеп жөнел­ді:
– Тентек жақсы демеймін, тентекке кел­­тек ұстатқан не? Аямастай қатты жа­за­ға апарған не? Ақылынан ашуын көп еткен не? Арсыз қолы істесе, арлы бетін қызарт­қан не? Тілін ноқталамай, басын сақтама­ған кім? Сау басына сақина тілеп, ананың сү­тін ақтамаған кім? Тиексіз тілін тізілген ті­сі­не тоқтатпаған кім? Төрдегі басын есік­тен тауып, аяулы арын сақтатпаған кім? Өзімшілдіктен өзеуреп, бұзақылыққа жеткен кім? Арлы бетін арсыз тілге құрбан ет­кен кім? Басым бұлтқа тиер деп бұқпай, ке­сірім жұртқа тиер деп ықпай, тыныш ауыл­ды бүлікке салған кім? Өлі аруақты жа­ғадан алған кім? Ит жеместі жегізген кім? Атаңа нәлет дегізген кім? Шыққан қыз шиден тысқары деп отырған шығарсыңдар. Қызға қырық үйден тыйым, одан қалса, шұнақ күннен тыйым деген қайда? «Аяғын етік қыспаған, аузын шеше тыймаған; бол­жаусыз болып өседі» деген қайда? Адал ауыздан боқтан сасық сөз шықпасын деген қайда? Қыз жақтың биі болған соң, өз затың да әйел болған соң, болысқаның жөн шығар. Бірақ «атасы болысқақтың ұлы ұрыс­қақ, анасы болысқақтың қызы ұрыс­қақ» дегендей, болысқақ ата-анадан бейауыз қыз өсіп отырғанын ойлаңдар. Ырысы қайтқанның қызы долы болады. Өйткені ырысы кетіп, ырылдасқан үйде өседі. Қа­т­ты айтты демеңдер. Адамына қарай ме­зіреті болады. Өмірдің талабы ешкімнің беті-жүзіне қарамайды. Қыздарыңызды тәр­биелеген біз емес, үйінен, елінен әкел­ген мінезі. Жеке басы ғана емес, «ұна­май­тын келіннің ұлдары да сүйкімсіз» дегендей, осы келіннің балаларын да ешкім жақ­сы көрмейді. Үйелменімен үйлескен. Қыз­дарыңызға соның бәрін жасатып отыр­ған біздің тентек деп отырсыздар ма? Олай емес, ол көкдолының десін қайтаратын ша­ра тапқан. Емеуірінге көнбегеннің ері­нін кесіп, ес кіргізген. Елді былғайтын бет­пақ-бәдбақыттың бетін қайтарған. Біз­ге қыз емес, жылан өсіріп бергенсіңдер! Олай болса, енді әуелгі айтқанымнан да ар­тық айып саламын. Өзіміздің тентегімізге бес бесті, сіздердің тентектеріңе он бесті бұйырамын. Осы айтқанды екі жағымыз да тана-торпақ, тай-байталдың есебімен бір-біріміздің қолымызға саламыз. Айтарым сол, – деп тоқтады.
Бұнда дауды тыңдаушы Қоңырат кі­сілері және Шәшті атаға ере келген Қып­шақ­тардан басқа еріні кесілген әйелдің ағасы Божбанбай деген отырған. Қа­рын­дасы мына дауға «не бетіммен барам» деп тартынғанда, «Қыпшақтан айып аламыз» деп, қоймай ертіп әкелген, осы Божбанбай бо­латын. Ол бүгінгі даудың бағытын естіп біл­генде, үміті кесіле бастағандай. «Үміт ке­сіл­се, ырзық кесіледі» деген бар. Қыпшақ биінің сөзі сүйегінен өткен. Тіпті ол ғана емес, Қоңырат биі, Қызайдың айтқан әрбір сөзі де етінен өтіп, сүйегіне жеткен. Тілдері сексеуілдің шоғындай күйдіретін екі бидің мы­нандай шарпысуын тыңдаған соң, үнде­мей құтылуы керек еді. Жетім қарындасы Тәйімханды өз қолынан ұзатқанына ар­қаланған. Есі болса айтылып жатқан жа­ңағы сөздер бұған да мірдің оғындай тисе ке­рек-ті. Қарындасын масқара ғып осында әкелуінің өзі – намыссыздығы еді. Дауа­сызға лаж жоқ екен. Мысық мұрты тікі­ре­йіп, Шәшті атаға көз салды. Қарсыласып көр­сем, Қызай жақтасатын шығар деп ой­лады.
– Оу, ақсақал!.. Сонда күші жеткен кісі біреудің адамын өстіп қорлап кете беруі керек пе? Қарындасым Тәйімханның мына бейнесі жұрттың жанына қанша бататынын білесіз бе? «Алатаулап» ұрандасам миятыма бүкіл Қоңырат шығады, – деп, бүл­діре сөйледі. Шәшті ата іле тіл қатты:
– Е, ұялы суырдың біреуі сен екенсің ғой. Біреуі «әңгүшік» десе, қалғаны жамырап қоя беретін суырдың өзгесін іздеп отыр ем, өзіңді әйгілеп шықтың ба! Егер мен сенің орныңда болсам, бұл жиынға кел­мек түгіл, қарамды көрсетпес едім. Қа­рындасың анау болғанда, қай бетіңмен ке­ліп отырсың? – дей келіп, Жаманбайға бұ­рылып: – Төбе би, сізден өтінем, мен айт­қан жаңағы он жылқының екеуін мына пақырдың мойнынан алып беріңіз. Өз намысын білмейтін ойсыз адам жанына бат­қанда барып ұғады. Қыпшақтан айып ала қоямын деп, ентігіп келген шығар. Бұның ен­тігін осылай басайын, – деп, қатуланып кетті.
Божбанбайдың сөйлегеніне өзге Қо­ңы­раттар шімірігіп, ұялып отырған. Әсіресе «Алатаулап» ұрандасам» дегені тым жайсыз еді. Қасиетті аруақты кірістіріп отырған же­­рін қара дескендей. Төбе бидің де Бож­бан­­байдай түйсүксіз немеге ашуы кел­ді. Өйткені Жаманбайдың өзі айыпты әйел Тәйім­хан жақтың ел ағасы. Шәшті атадай от ауыз, орақ тілді абыздың қақпанынан қалай құтылуды ойлап отырғанда, қо­тыр­дың аузын тырнап, ашып бергендей. Екі арыстан алысқандай болып, екі бидің шай­қасуы асқындап бара жатқаны мынау. Тө­бе би өзге сөзді қор қылмай, Божбан­бай­ға қадалып:
– Ей, жазған! «Селтеңдеген неменің сер­кесінің ажалы» деген… Қарап отырмай, әне екі атты сен төлейді деп жатыр. Қолың көтермейтін сойылды беліңе қыстырып қай­тейін деп едің? – деді. Мына сөзді құла­ғы шалғанда, Шәшті атаның да жүзіндегі зәрі қайтып, сабасына түсейін деді. «Жол­дасың пейілді болса, сен көңілді боласың» деген бар. Осы кезде жұрт күтпеген бір кө­рініс пайда болды. Ертеден бері Қызай ана­ның қасында отырған Тәйімханның дауы­сы шықты. Қызай ана онымен ақырын күң­кілдесіп, бірдеме айтып отыр еді. Шамасы сөз үйреткен болса керек.
– Ағалар, тақсырлар! Адам басына түспей, білмейді екен. Менің де сорыма біткен мінезім екен. Тартатын сазайымды тартып отырмын. Кірерге тесік жоқ, – деп еңіреп, қоя берді. Көзінен тарамданып аққан жаспен бірге мұрыны да иелік бермей, бырқылдай түсіп, қалтасынан орамалын алды.
– Қыпшақ елі мұнан былай мені келін орнында емес, күң орнында істетсін. Соған лайықты екенмін. Қай үйінде қандай жұ­мыс бар, өмір бойы соны істеп, жазығымды өтейін. Байдан да шығайын. Сіздерден өті­нетінім бүгіннен бастап байымнан ажы­ра­тыңыздар, байдан шығуыма рұқсат еті­ңіз­дер. Өзі ынжық болса да, ерінім кесіліп, түр-сиқымнан айырылғалы өзі де тең­сін­бей, менсінбей жүрген, тиісіп, боқтап отырады, – деді. Зар еңіреп жылай түсті. Бүгі­ліп кетіп еді, қасында отырған Қызай ана оның басын өзінің тізесіне сүйеп, құ­шақ­таңқырап отырды. Жұрт мына жағдайға аң-таң. Билердің аузына жалт-жалт қара­су­да. Төбе би:
– О-о-о, опасы жоқ дүние! – деп, дауысын озандата созып, күңіреніп кетті. – Жү­ре берсең көре бересің, көне бересің. Жү­ре-жүре көндігерсің, көндігерсің де кө­мі­лерсің, – деп ойын көпке сала сөйледі. Тығырыққа тірелгендей тығылып отырды да, кенеттен: – Қызай ана! Затың әйел ғой. әйелдің басына дау түсіп отыр. Қыз күніңде дау бітірген деп естиміз. Мына дауға сіз қандай кесім айтар едіңіз? – деп қалды.
– Мен айтсам, жақсылар, – деп, Қызай ана енді сыпайы қалпымен сөйледі.
Дау атаулының тыянағы әркім өз кі­нә­сін мойнына алу ғой. Өзгені білмеймін, мы­на Тәйімханның басына қазірден бас­тап ризашылық рақыметімізді айтуымыз ке­рек. Неге, иілген басты қылыш кеспейді? Ба­сын иіп, барын салып отыр. Мүбәрәк жүз­деріңіздің алдында өмірдегі өз мінін та­нып отыр. Айтқан қатты сөздеріңізді де ауыр алмай, өзіне лайықты тауып отыр. Осы­дан артық қайтеді, бұ байғұс, – деп, Қы­зай ана өз көзіне жас алды. Әйелді әйел жа­нымен түсініп отыр. – Менің айтарым, дау өршіп барады. Тобырға түскен іс оңбас деген болмасын. Екі би де енді келеге келейік. «Даудың шоғы қызарса, сабырдың суын сеп» деген бар еді ғой. Төбе биден сұ­ранатыным, екі би де сізге тоқтайық, – деген.
– Бәрекелді, қарағым! – деді төбе би. – «Жаралы құсқа тас атпа» деген. Өзі жаралы болып отырған адамды көзбен кө­зеп, тілмен безегенді қояйық. Ыждағат­ты­лық еш нәрседен кенде қалдырмайды. Со­ңына сор ергеннің де көретін бір жақ­сылығы болады… Мұнан былай Тәйімхан қы­зымыздың жүзі жарық болсын. Тәубеге кел­генді Құдай да кешіреді. Ол үшін қай-
т­уі­міз керек. Тәйімхан бұрынғы орнында жүр­се баяғыдан бергі көзге түрткі болғаны қал­майды. Жұрт көсеумен түрткенін қой­май­ды. Сол үшін өзі айтқандай күйеуінен шық­сын. Менің де билігім сол. Бірақ оны ел есігіне күң етіп қоя алмаймыз. Сұлтан сүйе­гін қорламайды, дейді. Мен өз сүйе­гім­ді ешкімге қорлатпаймын. Ішімізге си­ған бала сыртымызға да сияды. Менің ай­тарым – екі жақтың таразысы тең түсіп отыр. Екі жақ бір-бірінен жылқы да алмайды, жылқы да бермейді. Қызымызды өз қо­лыма алам… Және қайғылы адамды одан ары қайғыға түсірмеу үшін екі баласын да бізге өзімен бірге әкеліп бересіздер. Қып­шақ баласы Қоңырат болмайды ғой, ер­жеткен соң үйірін табады. Оған дейін жиен­дерімізге де өзім оң көзіммен қарап, жақ­сы өсіремін. Ол жерде шешесі сый көр­мей, түрткіге түсіп отырған балалар да оң­ды болып өспейді. Өздерің төбе би сай­ладыңдар. Менің үзілді-кесілді бұйрығым осы, – деді. Үй толы жұрт аңырып, ойланып қалды. Күбір-сыбыр сөз шығып:
– …Екі ортада ана ынжық неме қатын­нан айырылатын болды ғой.
– Бәрі мына тентектің былық­тыр­ға­ны.
– Өздеріне де осы керек, – десіп жатты. Бұ­лар Қоңырат кісілері еді. Тәйімханның кө­зіне от кіріп, азаттыққа шыққандай бол­ды. Төбе би:
– Түйебай, сен түрегел, орныңнан, – деп, аты шулы әлгі тентекті тұрғызды. Ұс­қын­сыздың көзі ұшқынсыз, сезімсіз ке­леді. Көз жанары ақшиып біткен, шомбал бет жігіт жаратылысынан бітеу кеуде, тұпа-тұйық адам сияқты. Сырт бейнесі қолына сойыл ұстатып, азынап кісінеген айғырға мін­гізіп, адыраңдатып қоя берсе болған­дай. Кескініне сол ғана жарасқандай.
Мү­йі­­зі жуан бұқа сүзеген болмай қалмай­ты­нын­дай, ожар, адыр бейнесі бұны көрген адам­ды әлдене ойға жетелегендей. Түйе­бай орнынан мөлиіп түрегелген бойында не дерін білмей, билерге жалтақтап, қарап тұрып қалған. Әсіресе Шәшті атаға көз са­лып, бағдар күткендей. Төбе би:
– Е, батыр-еке, қане, сөйле, – деді төне түсіп. – Бауырыңның ынжықтығын пайдаланып, жеңгеңді мына күйге түсірдің. Жа­ма­нда болса ағаң, бауырың еді ғой. Оны зор­ға алған әйелінен айырғалы отырсың. «Жаман есірсе зорға салған тамы тар кө­рі­неді, зорға алған қатыны қар көрінеді» де­­ген бар. Соның керін келтіріп отыр­сың­дар. Енді мына елге не айтатыныңды ойла, – деді. Әшейіндегі таусоғар Түйебай өзінің не істегенін билер тартысынан кейіін енді біл­гендей. Байқаса өз қолымен жасағаны анау-мынау, жеңіл нәрсе емес екен. Түйе­бай үндемей тұрып алған соң, төбе би Шәш­­ті атаға қарап еді, ол:
– «Есіріп кісі өлтіресің, ес кіріп құн тө­лей­сің» деген, міне осы, – деп Түйебайды жаз­ғыра сөйледі. – Ауылдағы жеңіл ауыз, жәу­тік еркек, жағымпаз әйелдердің мақ­тай түсіп, «сауап қылдың, өзіне де сол керек еді» деп, не болмаса бұны сырт біреу­лер­ге таныстырғанда «әлгі жеңгесінің ау­зын тыйған осы» десіп, арқаға қаққандай қошемет білдіргендеріне өзін шынында бір батыр екенмін деп жүрген болар. Бұл әре­кетін басында-ақ жақтамағанбыз. Зор айып санағанбыз. Әрқандай тентекті ел ке­лесіне салып, түзетуге болмас па еді. Аға-жеңге қолынан шұлғауын сүйреткен ын­жыққа ұзатылған жетім қыз екен. Аға­сының түрін көрдіңдер. Келген жері болса, анау! Үйде алмаған тәрбиені түзде де алуға болар еді. Бірақ оны жасайтын кім? Күйеуі ме, қайны ма. Апама жездем сай «ондағы тазды мұнда әкеп, мұндағы таз аз ба екен» дегеннің өзі болған. Мына әрекетке бар­ған­ға дейін неше қайта сабап, тілін шыға­рып, әбден ашындырып жіберген. Оны істеп отырған кім десең, тағы осы үй бұзар тентектің өзі. Олай болса жазаның үлкені осыған бұйырылуы керек. Аяқ-қолын төрт жаққа, төрт қазыққа керіп байлап, денесін жалаңаштап, дамбалшаң ғана қалдырып, шалқасынан жатқызып, үстінен бес жүз қой айдап өткізуіміз керек. Менің төбе би­ден сұрайтыным осы, – деді. Бұл жаза оңай емес. Әлгі бес жүз қойды айдағанда, бос жайып айдай салмайды. Орталарын тар көше қылып, екі жағында қаумалаған көп куә тұрады. Қуалап айдалған қалың қой жапырлап өткенде, тұяғы бет-аузын талқандап, көзін де шығарып кетуі мүмкін. Отырған көпшілік мына жазаны естігенде бір сәт демдерін іштеріне тартқандай бола, тым-тырыс үнсіз отырып қалды. Қоңы­рат­тардың қыбы қанғандай еді. Шәшті атаның бұл кісілігіне төбе би Жаманбай да анық қа­нағаттанып еді. Бірақ тентектің иесі ке­сіп отырған ауыр жазаға «е» деп қосыла кету, үстірт, томпақтау сияқты. Қоңырат жақ­тың азаматтығына сын. Сондықтан тө­бе би:
– Мінеки жарандар! «Дау тумай ашу басылмайды» дейтіні осындайдан. Шәшті ата – Кенжеғұл, атаңызға рақымет! Ердің сы­ны – сырында, сөздің сыны – шынында бо­лады. Менің айтарым Түйебай қызы­мыз­ды қайтарғанда бір бұзаулы сиыр, бір ат және өзінің төсек-орнымен, бала-ша­ға­сы­мен шығарып салады. Соны ескере отырып, Шәшті ата айтқан бес жүз қой емес, жүз қой айдалсын, – деді. Көпшілік қостап, шу­лай жөнелді. Кесім осы болды. Мынандай ұйғарымға Қоңырат, Қыпшақ екі жақ­тың адамдары да таңырқай қарады. Екі би Шәшті ата, Қызай және төбе билердің сөз саптастарына ризашылық білдіріп:
– Мұнша сөз шіркіндердің қай жерлері­нен шығып жатыр?
– Соны айтыңыз.
– Қызыл тілде буын бар ма. Шешендерді Құдай артық жаратқан ғой, – десіп, ақырын күбірлесіп жатқан.
Дәл осы күні, осы сағатта Жаманбайдың қойынан санап отырып, жүз қой бөлініп алын­ды. Аталғанындай төрт қазық қағылып болды. Енді Түйебайды үйден шығарып, қау­малап айдап, сол жерге жеткізді. Жі­гіт­тің реңі өзгеріп, өң-түсі қалмаған. Әше­йін­де қоразданып жүретін батырдың жүні жы­ғылып, көптің талқысына көнбеске ла­жы қалмады. Еркектердің артқы жағында, кейіндеу жерде Қызай ана бас болған бір топ әйелдермен бірге тұрған Тәйімхан да бар еді. Ол осының барлығына өзі мінді бол­­­ғандай, мөлтілдеп, жылап тұрған. Қо­ңы­­­раттың жастау жігіттері Түйебайды ығыс­­­тыра айдап, қазыққа әкелді. Қабығы құ­рысқан жыңғыл қазықтарға байланған қа­ра қыл шылбырлар бар екен. Әлгі жігіт­тер дәл тақамаға келгенде не істейтіндерін білмегендей, Түйебайға тиісе алмай, тоқ­тап қалып еді. Шәшті ата:
– Енді не қарап тұрсыңдар!? Шешіңдер киімдерін! Жығыңдар, шалқасынан! – деді. Бұйрық алған жігіттер қаумалап тұрып, ша­пан-шалбарларын, жейдесіне дейін өзіне шешкізді. Сонан соң жабыла кетіп жықты да, аяқ-қолын қазықтарға қарай төрт­тағандап керіп, ұстап тұрды. Қал­ған­дары қол-аяғының білезік тұстарынан қимайтындай, сәл бостау етіп, байлап тас­тады. Кірлеген ақ дамбалы бар екен. Ай­далған қой жақын жерде иіріліп тұр еді. Далада Сыр өзенінің салқынымен қо­сылып, ескеуілдеген күзгі сүркей жел бар. Қыркүйек айындағы күзем-қырқымнан кейін қайтадан ұштала бастаған жүндерін ескеуіл жел қозғалтып, қоралы қой жа­қын­дай берді. Алдыңғы жақта қойды бас­таған серке бар. Санының жүні әдейі қырқылмай, сәнге қойылған, шалғы мүйіз дәу сары сер­ке еді. Әлгі сан жүні жалпылдап, әбден жа­­қындағанда ол шалқасынан жатқан адам­ды көріп, таңырқағандай болды. Қой­шыға, адамға бағынып үйренген ғой, тоқ­тай қалған. Оң жақ көзін ақ шел басқан, со­қыр қойшы:
– Тарт, тарт серкем! – деп, айбаттана айқайлап, таяғын үйіре бұлғақтатқан еді. Сер­ке адам үстінен қарғи секіріп, өте шық­ты. Сол-ақ екен, маубастығы көрініп қалың қой топырлай жөнелді. Ығыстырылып ай­далған қойлар адамның бар екенін білді ме, жоқ па, иін-тіресе, адамды баса-жан­шып, шұбырып, шуай жөнелді. Қойды екі жағынан қыспаққа алып қарап тұрғандар демдерін ішіне тартып, тырс етпей қалған. Кейінгі ұрпақ үлгі алғандай-ақ әрекет еді. Билер соты өз заманын осылай түзетпек. Алғашында былайғы тұрғандарға көрінген Түйебай бет-аузын қорғап, көзін тас жұма, мой­нын бір жағына бұра, бұға түскені бай­қалған. Атқақтаған күзгі семіз, асау қойлар жатқан адамның бет-аузын, бар денесін баса ыршып, секіріп, жөңкіліп барады. Түйе­байды басың-көзің демей, өткір тұяқ­тарымен жаншып, ойнақтауда. Жүз қойдың сеңі өтіп болғанша тыпырлай алмай, кері­ліп жатқан адамның да болары болған шы­ғар. Әне-міне дегенше, қой өтіп те бітті. Түйе­байдың бет-жүзінде адам сиқы қал­маған. Көзінің айналасын, бет-мұрынының үстін мүйіз тұяқ айғыздап, талқандап кеткен. Әсіресе сол жақ көзі жұмылып, ісіп, қы­зара қанталап, шорланып кетіпті. Өзі әл­сіреп, талықсып қалған екен. Бағанағы жі­гіттер енді оны шешіп, тұрғызып, киім­де­рін кигізіп жатты. Жаманбай оған соңғы бір ауыз нақылын ақыл етіп айтып:
– Е, батыр, енді күнәң жойылды, ақтал­дың. Досың аз, дұшпаның көп болса, жер бо­ласың. Ақылыңнан ашуың көп болса, қор боласың. Ендігісін өзің біл, – деген. Жа­ңа­ғы шорланып қанталаған көзіне бір ай өтпей, ақ түсіп, осы көзі әппақ бола шо­ды­райып, сыртына шыққан. Басқаның жа­ны ауыратынын ойламаған әумесердің ақы­ры бір көзі көрмейтін кем болып тын­ған-ды. Оның есесіне төркініне қайтарылған Тәйімхан туыстық жағынан ет жақыны болмаса да, Жаманбайдың қарауында бар азап­тан құтылып, балаларын өсіріп, ер­жет­кізіп келе жатты. Жаманбай оны баяғы өз аға-жеңгесінің қолына да бермеді.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі