///

Абылай ханды ұлықтау – ұлт рухын асқақтату

1047 рет қаралды
2

06-10-13-kokshetau-1Қасиетті Көкше өңірінде қазақ хандарының шоқтықтысы, қазақтың территориялық аумағын бүгінгі қалпында сақтап қалу үшін ойда Ойраттың, қырда Шүршіттің, солтүстігінде Ресейдің тілін таба білген Абылай ханның айбары ерен. Ол қазақ тарихындағы 32 ханның ішінде ең мәмілегер хан болды дейді тарихшылар.

Қазанның 5-6-сы күндері Көкшетауда, сұлу Көкшеде, қасиетті Көкшеде Абылай ханның 300 жылдық тойы өтті дүркіреп. Обалы қанеки Ақмола облысы қасиетті ханның мерей тойына дайындалудай дайындалыпты. Қала қақпасы темір жол бекетінен бастап, Көкшетаудың әрбір бұрылыс-қиылысында, көрнекті орындарда “Абылай хан – 300” жазуы бар плакаттар ілулі тұр. Бүкіл Көкше өңірін Абылай ханның рухы кезіп жүрген секілді сезінді маған. Қазанның 6-сында Көкшетау “Мәдениет үйінде” “Абылай хан және оның тарихи дәуірі” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Мәжіліске Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин төрағалық етіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Бұдан кейінгі жасалған ғылыми баяндамалар Абылай ханның қазақ тарихындағы алар орнын айшықтап, оның тарихи тұлғасын зорайтуға тырысты. Халықаралық конференция үш тұғырлы тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті. Конференцияның бойына қан жүгірткен филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы болды десек қателеспейміз.

434_9172299b731ce4c0f0ae6e24d51c34b6Ғалым бүгінгі конференцияның өтер орны – Көкшетау емес, Астана болатын деген ой айтты. Өйткені, облыстық деңгейде ғана Абылайды ардақтау кемшін. Өйткені ол  – Алты алаштың ханы. Тек бір өңірдің ғана жыры жырланған жоқ. Үш жүздің басын қосып, бүкіл халықтың мұңын мұңдады. Ендеше оның мерейтойын бүкіл халық болып ұлықтау қажет емес пе еді? Конференцияға жиналған мыңға жуық адамның көкейінде тұрған сан сауалдың бірі осы болатын. Екіншіден, қазақ мойнындағы ажырғысын сыпырып, тәуелсіздік алған 23 жылда, аты айтылмай келген батырларын ақтаңдақтан аршып алуға әжептәуір құлшынды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек батыр, барлығының да мерейлі мерейтойларын ел болып, халық болып дүркіреттік. Алайда неге екенін қайдам елді ел еткен қазақ хандарына дәл осы бақыт бұйыра қоймапты. Бұл біздің елдік, мемлекеттік санадан гөрі рулық санада қалып қойғанымыздың көрінісі болса керек. Әр ру өз батырларының рухын асқақтатып әкетті. Ал русыз хандарға ие шықпады. Халықты біртұтастыққа бастаған хандарды ұлықтауға келгенде енжарлық таныттық. Тіпті бір жиында атағы дардай академиктеріміздің аузынан “Қазақты өмір бақи өзгелер биледі. Енді өзіміздің оғланымызды қолдайық” дегенді естігенім бар. Басында өзгелері кім деп аңтарылған едім, ол сауалыма да әлгі академик өзі жауап берді: “500 жыл бойы бізді Шыңғысханның ұрпағы, төрелер басқарды” деп соқпасыма әлгі академиктің.  Сол кезде-ақ, көңіліме келгені: “Төрелер кімнің мүддесі тұрғысынан басқарды?” деген сауал болатын. Сол төрелер қазақтың кең сахара даласын сақтап, ұрпағына ұланғайыр елді аманат етіп кеткен жоқ па?

Өкінішке қарай, елді біртұтастыққа бастаған хандарымызды ұлықтау ісіне енді ғана кірістік. Абылайдың 300 жылдығын атап өту арқылы өткенімізге бұрылдық. Оған да тәубе!  Шын мәнісінде Абылайдың 300 жылдығы  2013 жылы емес, 2011 жылы өтуі тиіс еді. Атқарушы биліктің енжарлығының салдарынан екі жылға шегерілді. Және өткізілді деген ат үшін ғана ұйымдастырылып жатқан шара сияқты болды.

55b992822d6533edc81570a280dbbd16Көкшетау драма театрында көрнекті драматург Сәкен Жүнісовтің “Абылай хан” драмасы көрсетілді. Драмада тарихтан белгілі мәселелердің үзік-үзік көрінісі көрініс тапқанымен, негізгі идеясы даланың қос көкжалын екі империяның – Ресей мен Цин империясының айдап салып, бірін-біріне қырқыстырып қойғандығы паш етіледі. Бұған дейін ешқандай көркем шығармада дәл осы идеяның көрініс таппағаны айқын.

Қазанның 7-сінде Көкшетау қаласының жанындағы Красный Яр ауылындағы ипподромда ат жарысы ұйымдастырылып, сахналандырылған көріністер қойылды. Алайда таңғы сағат 10-нан бастап түнерген күн түске дейін сіркіреп жауды. Бәлкім хан бабамыздың күңіренгені, иә ұрпағының бүгінгі ұлағатына сүйінгені болар. Алайда көкшетаулықтардың сағы бұдан сына қоймады. Балтырларына дейін батпаққа батып жүрсе де, сахналарын көпшілікке тамашалатып, шашасына шаң жұқпас жүйріктерін аламан бәйгеге қоса білді. Бәйгеге жеті автокөлік тігілді. Ал алаңқайға 50-дей киіз үй бой көтерді. Қазақтың киіз үйлерінің қандай рухты, қандай еңселі болатынын танытты. Әсіресе, қала атын, Көкшетау атын иеленген киіз үйдің Абылайдың ақ ордасынан кем түспегені анық.

Сөйтіп, екі күн бойы Көкше өңірін думанға бөлеген Абылай ханның 300 жылдық мерей тойы өз мәресіне жетті. Өткенін ұлықтаған елдің озатындығы дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома болса, Абылай хан рухын асқақтатқан қазаққа шын бақыттың енді қонарына күмәніміз жоқ.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Төрелерді төмендеткен тарихи шындықты ешкім бұра алмас.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі