///

П.П. Семенов-Тянь-Шанский: күш-қуаты шалқып тұрған кезінде…

892 рет қаралды

shokan 4Абылайдың көрегендігін, батырлығын, әскери қолбасшылығын түсінген халық, оны 1772 жылы Қожа Ахмет мешітінде хан тағына сайлайды. Хан көрші мемлекеттермен тіл табысып, шекара аймақтарында тыныштық орнатып, елдің әл-ауқатын көтергенде ауырып, 1781 жылы дүниеден озады. Ханның мұрагері Уәли әке жолын ұстай алмады. Сұлтандар арасындағы жік-жіктік Ресей империясының қазақ жеріне кіріп, қорғаныс бекіністерін салуға мүмкіншілік жасады. Бұған қарсы болған қазақ батырлары аймақтық, өлкелік көтерлістерді ұйымдастырып еді, үлкен жеңіске жете алмады. Бұны жақсы түсінген Абылайдың немересі Кенесары үш жүзді қайта біріктіріп, ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастыруға ұмтылды. 1841 жылы үш жүздің өкілдері Кенесары Қасымовты хан сайлады. Кенесарының күшейуінен секем алған Ресей патшасы Николай – I 1843 жылы Кенесарыға қарсы ірі көлемді соғыс жасауға бұйрық берді. («Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін», Алматы, 1994 жыл, 228-231-б.). Кенесарыны қолдамаған қазақ сұлтандары мен билері оны орыс әскерінің көмегімен қыспаққа алып, оңтүстіке ығыстырады. Ұлы жүз руларынан көмек алған Кенесары қуғыншыларға қарсы тұрып, Ордасын Мерке бекінісінде орналастырды. 1847 жылы ресейліктерді қолдаған қырғыз қолы Кенесарының қарсыластарымен күш біріктіріп, қазақтарға үш жақтан шабуылға шығады. Ханның қолы оңтүстікке шегініп, Тоқмақ қаласының түбіндегі шайқаста жеңіліп, Кенесары 32 қазақ сұлтандарымен бірге қаза табады.

Орыстың барлау мекемесі Кенесары қайтыс болған жылы 12 жастағы Шоқан Уәлихановты Омбыдағы Кадет корпусына оқуға алып, оның оқу прогаммасына арнаулы пәндерді кіргізеді. (Б.Қыстаубаев «Тайна Чокана Валиханова», Алматы, 2009 ж., 26-б.). 1853 ж. Шоқан оқуын бітіріп, алғашқыда қатардағы офицер, одан кейін генерал Г. Гасфорттың адьютанты болып қызмет істейді. 1856 жылы ол орыс экспедициясымен Ыстық көл бойына келіп, қырғыздардың мәдениеті мен тарихын үйреніп қайтады. Ресей империясының бірінші барлау тапсырмасын ойдағыдай орындаған Шоқан 1856 жылы арнайы тапсырмамен Құлжаға келіп, онда үш ай тұрып, көптеген мәліметтерді жинап Омбыға келеді. Шоқан алып келген мәліметтер жоғары бағаланып, ол енді ең қиын да қауіпті Қашқар сапарына дайындалады. Шоқанның Қашқар сапары туралы сан рет жазылғандықтан мен оған көп тоқталмай, тек бірер жайды ғана алға тартқым келеді. Ол – осы сапарда Шоқанға төнген қауіп туралы.
Бұл қауіп ең алдымен қырғыздар жақтан келген бір тыңшыдан туса, сосын «Бұл Әлімбай деген саудагер ешқандай саудагер емес, орыстың тыңшысы деген екінші мәлімет тағы бір сенімді адамнан түседі. Бұны Шоқанға жақындау жүрген қашқарлықтар дер кезінде хабарлап үлгіріп, оған жылдам аттанып кетуге бар жағдай жасайды да, ақыры таудағы асуды тазалап, Нарын өзенінен өткізіп, ұйғырлар жөнінде жазылған үш кітапты сыйлап, онымен қоштасады. Бұл мәліметтер Шоқанның Қашқарға сапар деген күнделігінде жазылған. Осы күнделік арқылы Шоқан қазақ халқын дүниеге танытып, ғылым салаларына үлкен үлес қосады.

Қашқар сапарынан кейін Шоқанның жаулары көбейе түседі. Өйткені ол – үлкен құпияның көзі еді. Бұл құпияны тезірек жойып жіберуге Ресей де, Қытай да мүдделі болды. Ақыры ол 1865 жылы 10 көкекте Алтынемелде, Тезек төренің ауылында қайтыс болды. «Қайтыс болды» деген – ресми мәлімет қана. Бұл өлімнің сыры әлі күнге дейін толық ашылды деп айту қиын. Мәселен Б.Қыстаубаев «Тайна Чокана Валиханова» деген зерттеу еңбегінде біраз жұмбақтың шетін шығарған. 1865 жылы Петербургтағы Орыс географиялық қоғамының shokan 2жиналысында П.П. Семенов-Тянь-Шанский баяндама жасап (орысшадан аударған – Қ.М.): «Қырғыздың кең даласында, Ресейдің Қытаймен шекара аймағында, күш-қуаты шалқып тұрған кезінде, өте дарынды қырғыз сұлтаны Шоқан Валиханов өлтірілді. Бұл өлім арамыздан, шалғайда тұратын ең білімді адамымызды 30 жасында алып кетті» деген. (Б. Қыстаубаев. «Тайна Чокана Валиханова», Алматы, 2009 ж. 380-383-б.). Ресейдің зиялы қауымның арасында кең танымал, беделді адамның бұл мәлімдемесі кездейсоқ сөз еместігі айдан анық. Бұған төмендегі мәліметтер де куә бола алады. Шоқанмен жиі араласқан аталасы, Ресей армиясының полковнигі Тезек төре 1870 жылы Қапал бекінісіне ақша алып бара жатқан майор Задоринканың отрядын жойып, қару мен ақшаны олжалап, Құлжаға кетеді. Іле сұлтанатының сұлтаны – Әлихан (Әлихан) төре Ресейден келген елшілерге: «Біз сіздерге Тезек төре мен оның адамдарын бере алмаймыз…» деп қайтарып жібереді. Ұйғырлардың қазақ бауырларын қорғаштауы ел арасында тез тарап, Ресей армиясының поручигі (кейбір деректерде – прапорщигі) Тазабек Бусурманов есаул Герасимовтың отрядына шабуыл жасап, олжа алып, өзінің 1000-ға жуық адамдарын ертіп мал-мүлкін алып Құлжаға өтіп кетеді. Құлжаға келген Ресей елшілері Әлихан төреге Тезекті, Тазабекті, олардың адамдарын, олжаланған мүлікті 1871 жылғы 3 мамырға дейін қайтарып беруді қатаң талап етіп, бермесе істің насырға шабатынын ескертеді. Ақ патшаның қолына түссе өз бауырларының не боларын білген Әлихан төре Ресей елшілерінің талабын қабылдамайды. Ресей патшалығы Іле сұлтанатына соғыс жарялап, 1871 жылы шілде-тамыз айларында Іле өлкесін басып алып, сұлтанатты жойып жібереді.
Қасым Масими,  шығыстанушы, тарихшы  (мақала қысқартылып берілді)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі