///

Айтпайын десем де…

930 рет қаралды

Баяғыда бір көрші шешей «айтпайын десем де ішіме сыймай барады» деп әңгімесін бастаушы еді…

dukenҚазақтың белгілі азаматының бірі, менің құрмет тұтып, сырттай тілекші болып, сыйлап жүретін бауырым Дүкен Мәсімханұлының  ғаламтордағы өз парақшасында және фейсбуктегі «ҚХР Бүкілмемлекеттік қытай диаспорасы бірлестігінің мүшесі» жазбасы былай деп басталады.

«2013 жылдың 2-12 желтоқсаны күндері  аралығында Пекинде ҚХР Бүкілмемлекеттік қытай диаспорасы бірлестігінің IX құрылтайы  болып өтті. Бұл құрылтайға әлемнің 100-ден астам елінен 450-ге тарта делегат, ел ішінен 500-ден астам делегат қатысты. Айта кетерлік жайт, бұрындары  тек шет елдерде тұратын қытай ( хань) ұлтының өкілдері ғана диаспора деп есептеліп келген болса, 2000 жылы «Бірлестік» жарғысына өзгертулер енгізілді. Осыған орай Қытайда туып-өсіп, шет елдерде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері де диаспораға (отандас) жатады деп есептелді.(Қарайтқан – мен). Сол себепті осы жолғы құрылтайға кезінде ҚХР-да туған, қазір шет елдерде тұрып жатқан көптеген өзге ұлт өкілдері (қазақ, тибет, ұйғыр, моңғұл, кәріс, дұңған т.б.) “отандас” ретінде де шақырылды. Солардың бірі – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасы меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор, ақын, аудармашы Д.Мәсімханұлы» (Қарайтқан – мен). Мына жерде:  (http://www.masimkhanuly.kz/2014/01/duken-masimxanuly-qxr-bukilmemlekettik-qytaj-diasporasy-birlestigining-mushesi/#more-2550)

Ғаламтор қолданушылар Дүкеннен «Ау, Дүке, сен Қазақстан Республикасының азаматы, ұлтың қазақ бола тұра қалайша қытай дмаспорасының мүшесі боласың?» десе, Дүкен сұрақтың мәніне бойламай, ойланбастан жоғарыдағы сөзін, «Қытайда туып-өсіп, шет елдерде өмір сүретін өзге ұлт өкілдері де диаспораға (отандас) жатады деп есептелді» деп қайталайды. Әй, аңқау қазағым-ай. Осы аңқаулығыңнан тағдырдан талай опық жесең де бір сабақ алмадың-ау. Дүкең болса «Қытай диаспорасының мүшелігіне қабылданып, куәлік алып, сәнді сарайда өткен салтанатты жиынға қатысып, күтіліп, серуендеп қайтқанына мәз. Бар болғаны соны жарнамалайды. Қазақстан Республикасының азаматы, ұлты қазақ, белді университеттің белді профессоры бола тұрып, қалай қытай болып кеткеніне мән бермейді.

Дүкеннің анықтап «2000 жылы «Бірлестік» жарғысына өзгертулер енгізілді. Осыған орай Қытайда туып-өсіп, шет елдерде өмір сүретін өзге ұлт ұлт өкілдері де диаспораға (отандас) жатады деп есептелді» деген сөзіне қарағанда аталған жылдан бастап қытайда «бір ұлт – қытай, бір мемлекет – қытай» деген ұстанымы бекітіліп, қытай елінде өмір сүріп отырған  халықтың шығу тегі, ұлт-ұлысына, тіл-діліне қарамай, бәрі бір ұлт – қытай деген принципке келген. Сондықтан да қытайдан шет елдерге шығып кеткен, мейлі ол, басқа мемлекеттің азаматы болсын қытай диаспорасы болып есептеледі. Ал біз болсақ шет елдерге кеткен басқа ұлт өкілдерін қазақ диаспорасы деп атамақ түгіл, ішіміздегі, қазір өмір сүріп отырған ұлт өкілдерін қазақ деп айтуға жасқанып, ұлттар лабораториясына айналып отырмыз.

Жалпы диаспора деп нені айтамыз? Диаспора (гр. διασπορά – шашыраңқы) – әлеуметтік ғылымдарда ұлттық ата-жұрты болып табылатын елден тысқары өмір сүретін халықтың бір бөлігі. Диаспора ұлттық шығарып жіберу, геноцид қаупі және т.б. факторлар әсерімен пайда болады.( Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет).  Қазақ үшін Еуропа елдерінде, Түркияда, Ауғанстан, Иран, Америка, Моңғолия т.б. елдерде тұрып жатқан қазақтар қазақ диаспорасы болып есептеледі. Елімізде жүз қаншама ұлттың диаспорасы тұрады. Олардың кейбіреулерінің мәдени орталықтары бар. Қазақстан халқы ассамблеясы жұмыс істейді. Оның негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады. Осылай бола тұра, Қазақстанда туып-өсіп өзінің тарихи отанына оралған неміс, орыс, еврей т.б.-лар қазақ диаспорасы бола алмайды. Өйткені олардың ұлты басқа. Қазақстанда қытайдағыдай бірегей ұлт қалыптасқан жоқ. Орысы орыс, кәрісі кәріс, қазағы қазақ…Олар Қазақстанда туып-өскеміз, қазақ диаспорасының мүшесі боламыз десе, онда ұлтын өзгерткені болмақ. Қазіргі таңда ондай бір адамды естігеміз де, көргеміз де жоқ. Жалпы өзіңнің тегіңді, ұлтыңды өзгерту, тіпті туып-өскен жеріңе сай басқа бір ұлттың өкілі бола салу, мүшесі бола салу ақылға сыймайды. Ұлтын, тегін таңдау, кәмелеттік жасқа толған әр азаматтың өз жүрек қалауы. Бірақ, анда барып, сенің диаспораңмын деп, мұнда келіп сенің азаматыңмын деуді қалай түсінуге болады. Бұл нағыз мимикрия емес пе?

Мәселен, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері қаншама қазақ диаспорасы өзінің тарихи отаны –Қазақстанға оралды. Ал, осының барлығы сол өмір сүрген, туып-өскен елінің негізгі ұлтының диаспорасымын деп шыға келсе не болдық? Кеше, елім, жерім, отаным деп етегі жасқа толып жылап-еңіреп жетіп, енді келіп, етек-жеңін жинап, еңсесін көтеріп, атақ-абыройға ие болып, әбден сіңіскеннен кейін, “мен ана ұлттың диаспорасы едім” деп сайрауды қалай түсінуге болады?

Жалпы кейбір белгілі азаматтардың өзінің отаншылдық, патриоттығынан жасандылық байқала ма қалай? 2013 жылы Қытайда Қазақстанның мәдениет күндері өтті. Осы мәдени шараның аяқталуында қазақ өнер иелері үлкен концерт берді. Концертті 3,4-қаңтар күндері едел-жедел «Хабар», «Қазақстан» телеарналарынан көрсетті. Сонда ән салған біздің әншілер Қазақстанмен қоса басқа жұрттың ән-операларын шырқап, соларды mayraнасихаттап жатты. Ол-ол ма, қазақтың ең атақты опера әншiсi (сопрано), Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Париждегі “Гранд Операның” Қазақстаннан шыққан жалғыз тұңғыш жұлдызы Майра Мұхамедқызы «Менің ардақты Қытайым» деп шырқағаны. Сол концертке қатысып отырған біздің шенеуіктерімізге дейін сатырлатып шапалақ соғады. Ау, ағайын, қытаймен арамыздан қыл өтпесін, ара-қатынасымызға сызат түспесін, жақсы достық қарым-қатынаста болайық, бірақ өмешек үзіліп кете жаздап «Менің ардақты Қытайым» дейтіндей не басымызға күн туды? Ресей боданынан әрең зорға құтылдық па деп отырғанда, енді келіп қытайды осы құрлым әспеттейтін қандай кіріптарлыққа душар болдық? Намыс қайда?! Ар қайда?! «Менің ардақты Қытайым» деп айтуға қазақтың  патриотының аузы бара ма? Солай деуге шын отаншыл азаматтың қалай тілі илігеді?

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі