//

«ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ ТУРАЛЫ» ЗАҢЫНАН БІЗ НЕ КҮТЕМІЗ?!

774 рет қаралды
5

БІЗ ТЕРІС ҮРДІСТЕРДІҢ АЛДЫН АЛУ ҮШІН БАРЛЫҚ

ЫҚТИМАЛ ШАРАЛАРДЫ ЖЕДЕЛ ҚАБЫЛДАУҒА ТИІСПІЗ.

              КӨРІП ОТЫРҒАНДАРЫҢЫЗДАЙ, ӨМІР БІЗДІҢ     

         ЖОСПАРЛАРЫМЫЗҒА ТҮЗЕТУЛЕР ЕНГІЗУДЕ.

                                     Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ

                                     Қазақстан халқына 2015 жылғы Жолдауынан 

ӨЗГЕРТУЛЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ЕНГІЗІЛІП ҚОЛДАНЫСҚА БЕРІЛУГЕ ДАЯРЛАНЫП ЖАТҚАН «ХАЛЫҚТЫҢ КӨШІ-ҚОНЫ ТУРАЛЫ» ЗАҢЫНАН БІЗ НЕ КҮТЕМІЗ?!

         Иә қалай айтсақта қасықтай  қандарын қазақ даласы, онда өмір сүретін баласы үшін төгіп, келер ұрпақтарына ата-бабаларымыздың қалдырған кең байтақ жеріне Қазақ елі өз тәуелсіздігін жария еткен 1991 жылы алыс-жақын шет елдегі қандастарымызға да тарихи Отанына оралудың оңтайлы мүмкіндігі туды. Осылай басталған 23 жыл тарихы бар ұлы көш жайында кімдер не айтып, не жазбады. Мағынасы маңдай теріңді бұрық еткізер, көшті ұлықтаған ұлағатты игі істер, сыбайлас-жемқорлықты жоюдың жолында қаншама ұсыныс-пікірлер, кітаптарды ақын жазушылар, қоғам қайраткерлері, депутаттар, кәсіби мамандар, ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері, журналистер жазып ой түйіндерімен оқырман қауымға жария етті.

         Нәтижесінде 1997 жылы алғаш рет бекітілген «Халықтың көші қоны туралы» Заңына 5-6 рет өзгертулер енгізіліп, сол жылы құрылған Көші-қон және демография жөніндегі Агенттігі, Көші-қон комиттеті, Көші-қон полициясы комитеті болып бес рет таратылып қайта құрылды.

Енді міне «НҰРЛЫ ЖОЛ – БОЛАШАҚҚА БАСТАР ЖОЛ» атты Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында тайға таңба басқандай айтқан жоғарыдағы екі ауыз сөзі осы көші-қон саласындағы үрдістерге нүкте қойған шешім, жүктеген міндет болғандай. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қайта қарадық. Алайда, нақты міндет-барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр. Дағдарыс жағдайларында, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүріп жатыр. Қолдауды экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативті тиімділік беретін салалар алуы тиіс»-деп атап көрсетті.  

Ендеше, өздері туып өскен елдерінде нарықтық қоғамның, экономикалық саясаттың қыр-сырына қанық болған, Елбасы айтқан салаға қомақты үлестерін қоса алатын, инвестиция, жаңа үлгідегі технологияларды өздерінің жеттік меңгерген, шет елдік тілдері білім-біліктіліктерімен өз еліне жеткізуге құштар қандастарымыз шет елде жетіп артылады, біразы өз күштерімен еліне келіп ел тәуелсіздігіне еселі еңбектерімен үлес қосуда.

Елбасымыз атап айтқан салаларға ағайын туыстарына басшы болып, ұйымдастырып ел игілі үшін, өздерінің мүмкіндік мүдделерін жүзеге асыра алатындай жағдай туғызған қағидалар заңның «бизнес көші-қон» бөлімінде қалт кетпесе екен деп күтеміз. Қазақтың «Әр таудың аңы бөлек, ол аңды тек сол таудың қыраны ғана алады; Дәулет те жақсы, бірақ әулеттің бақыты бәрінен қымбат» деген киелі сөздерін ескерсек күрмеуі қиын мына алмағайып заманда өздерін өздеріне басқартып қиындық қайшылықтарын өздерімен бірлесіп шешкенге не жетсін. Айтайын дегенім, облыстарда көші-қон басқармалары қайта құрылып ағайындардың ара жігін ажырата біліп асылын ардақтап, жасығын құрықтайтындай құзырлы қызмет атқаратын болса.   Бүгінгі таңда екі елдің азаматтары болып жүргендердің, миграцияның сан қырлы қылықтарымен бірге келген әр түрлі деңгейдегі ағымдардың жолын кесуге, көші-қон саласындағы күрделі деп шешімін күткен түйіндерді өздерімен бірлесіп шешуге болатынын өмір өзі мойындатты деуге болады.

Әр отбасындағы әрбір мүшелерінің қай мекен жайға қашан тұрақты тіркелгені, оралман мәртебесін алған, ықтиярхат берілген, Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаған ай, күн, жылдары, мамандықтары,  толығымен дер кезінде «Оралман деректі қорына» міндетті түрде жазылып отыруы заңмен қатаң жүйеленсе. Бұл да, оралман мәртебесін алып бірақ өздері шетте жүрген, оралман ретінде Қазақстан Республикасында есепте тұрып кейбір жеңілдіктерді иеленіп жүрген, өз ұлтын өзгертіп оралман деген атпен жеңілдіктерге қол жеткізу мүміндігіне ие болатындарға тосқауыл болар еді. Осындай кейбір келеңсіздіктер көші-қон департаменті тарап әрбір мекеменің құрамында қызмет атқарған соңғы 4 жылда көптеп үрдіс алғаны оралмандардың арасында жалпы халық арасында наразылық туындатуда.

2014 жылғы 30 қазандағы «Қазақстан-ZAMAN» газетінде Қытайдан Қазақстанға ағылған келімсектердің саны бүгінгі таңда 19 мыңнан асыпты. Ағымды жылдың ішінде тек Алматыға ғана 18 мыңнан астам қытай азаматы келген екен. Олардың 13 мыңнан астамы «жеке шаруаларымен» келсе, 300-ге жуығы біздің елде кәсібін дөңгелетіп, біршамасы қазақ қыздарымен некелерін қиып та үлгергеріпті. Сондай-ақ 244 қытайлық азамат түп-тұқиянымен қазақ жеріне қоныс аударған көрінеді. Ал өз еліне келіп жатқан қандастарымыз жайында осындай нақты дәлме-дәл санды тақылдатып жазып айтып беретін жан табылар дегенге сенім жоқ… Соңғы жылдардағы оралмандар саны ешқандай шындыққа ұласпайды…Олардың бар жоғын ешкім де дөп басып айта алмайтыны өкінішті.

Ал Астананың іргесіндегі Қоянды ауылында, Аягөз Шнейдер дейтін келіншек (бұл елді мекенде негізінен оралмандар тұрады) 80-нен астам отбасына 10 сотық жер үлесін 150 мың долларға сатады. Парламент мәжілісінің депутаты Жамбыл Ахметбеков ағамыз өзінің жанайқайға толы депутатық сауалын Үкімет басшысына жолдайды. Кәзіргі кезде осы жер үлесін алданғандар оралман емес Қазақстан Республикасының азаматтығын алғандар деген әңгіме айтыла бастады.

Сонда олар оралманмын деп алданып сатып алған жерлеріне азаматтық алғаннан кейін кім болып жауап берулері керек? Ж.Ахметбеков ағамыз айтқандай мұның артында «көзге көрінбейтін» бір күштің тұрмасына кім кепіл?!

       2014 жылғы 07 қараша күнгі «ЖАС ҚАЗАҚ» газетінде  2014 жылдың қазан айына дейінгі көрсеткіш бойынша Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген түрде 237 шет елдік алыпты. 283 шетелдіктер қылмыс жасапты. Оның ішінде: ұрлық-150, алаяқтық-28, тонау-25, қарақшылық-18, есірткі-13, зорлық-10, көлікті айдап кету-9, денеге аса қауіпті зақым келтіру-7, адам өлтіру-2, адамның денсаулығына орташа зақым келтіру бойынша-1 іс тіркелген екен.     

Мінеки теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдайтын құзырлы көші-қон мемлекеттік мекемелері жүйелі жұмыс жасайтындай қағидалар жаңа заңда қатаң қаралмаса келеңсіздіктер жойылмайды. Және оған жауап беріп жауапкершілігін мойнына алатын мекеме қайсысы екеніде белгісіз қала бермек.

Мысалы, сол түстік облыстардан оралмандарға «қызметтік пәтер» ретінде 5 жылға жалға берілетін баспананың техникалық құжаттары қалай сақталады.  Бес жылдан кейін қандастарымызға қалай жекешелендіріліп берілмек. Заңда Қазақ еліне тұрақты тұру мақсатында отбасы құрамымен толық көшіп келгендерге ғана Үкімет бекіткен өңірлерден көмектер қарастырылып отыр. Ендеше тұрақты тіркеуге алып, азаматтықтарын 3 айда қолдарына беріп, Сыртқы Істер министрлігі арқылы келген елінің азаматтығынан бір жолата шығартып, екі ел азаматы болып жүру мүкіндігінің алдын алу шарасы заңда нақты қаралса. Азаматтық алған қандастарымыз өздері келген еліне барып келетін жағдай туындап жатса жеңілдетілген түрде виза ашып беру жолы оңтайлы шешімін тапса ешқандай қиындықтар туындамаса керек. Берілген баспана да дереу жекешелендіріліп берілсе келешекте келеңсіздіктер туындамас еді. Өздерімен ашық екі жүйелі түрде жұмыстар жасалса, тұрақты қоныстанудың, еңбек етулерінің, жаңа мамандықтар иеленулерінің, ұзақ жылдарға жеңілдетілген несиелер алудың сара жолдары ашылса келген ағайындарды айтпағанда бұрындары келгендер, жергілікті халықта сол түстік облыстарға ауа көшулері әбден мүмкін! Ол үшін де ішкі көші қонды оңтайлы жолға қоятын облыс әкімдігінің Көші-қон басқармалары жедел құрылуы оңтайлы шешім болар еді.

Қазақ елінің тағдырына қас қағым сәтте қандай бір теріс үрдістерді туындатуға халықтың көші-қон процесімен бірге орын алатын үрдістерді болдырмау жолында қағидасы қатаң, Ережесі ерекше «Халықтың көші-қоны туралы» Заңы және оны жүйелі жүзеге асыратын құзырлы мемлекеттік мекемесі халыққа әділдік әлемінде қызмет көрсетуіне ат салысайық ағайын!!!

  oqan Құрметбек Сансызбайұлы,

саясаткер, көші-қон үрдісін зерделеуші

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Біз тәуелсіздік алғаннан кейің ең көп сол жылдары қандастарымыз келе бастады,қазырдығ өзінде әлі келіп жатыр өз елдеріне отанына.

  2. Қазыргі уақытта келіп жатқан қандастарымызға үкімет жағыннан көп көмек беріліп жатыр.

  3. Қазақ ешқашан қандасының бетін қаққан емес. Қазақстанда шет елден келген қандастарымызға мүмкіндігінше жағдай жасалып жатқанын мойындау керек. осы саясат жаңа заңның көмегімен жалғасатыны да анық.

  4. Бұл заң елім деп келген қандастарымыз үшін барынша тиімді болса деймін. Қазағым өз отанына өз қазағын жинау керек, сондықтан бұл заңда қарастырылатын траушалар жеткілікті болуы тиіс.

  5. Баян-Өлгий аймағында қолында көк паспорты бар Қазақстан Республикасының 230-дан астам азаматы өмір сүріп жатыр. Аты “Қазақстан Республикасының азаматы” болғанымен барлығы да осында туып-өскен, атамекенге көш басталған сонау жылдары Қазақстанға көшіп барғанымен жер-су жақпау, денсаулық, отбасы жағдайы, т.б. себептермен қайта қайтып келген адамдар. Олардың алдының Қазақстаннан қайтып келгеніне 10-20 жыл болып отыр. Барлығы да Моңғолия азаматтығына қайта өту ниетін білдіруде.
    Аймақ әкімшілігі Моңғолиядағы Қазақстан Елшілігімен бірлесіп осы мәселені шешу үшін жұмыстап жатыр. Қазіргі жағдаймен Қазақстан Республикасындағы тұрақты тіркеуден шығу туралы өтініш білдірген 47 адамның құжаты Елшілік арқылы Қазақстанға жөнелтілді. 45 азаматтың құжаты жіберілуге дайын тұр. 17 адамның құжаты тексеріліп жатыр. Бұл азаматтар тұрақты тіркеуден шығарылған соң Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштері қарастырылатын болады.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі