///

МӘСКЕУДЕ ӨТКЕН ҮШ КҮН

1035 рет қаралды
1

Ресей Федерациясының бас қаласы – Мәскеуге жолым аяқасты түсті. «Пресс-служба – 2014» халықаралық семинарына қатысуға мүмкіндік алғаннан кейін, Мәскеу бағытына ұшақ билеттерін іздеген едім. Transaero компаниясының «Алматы-Мәскеу», «Мәскеу-Алматы» бағытына арзан рейсі табыла да кетті. Алайда, Мәскеудегі халықаралық әуежайлардың ішінен біздің баратынымыз Внуково әуежайы болып шықты.

Мәскеу метросы

7b0f4f11840d2be3a3f7cc94f434d964

Жақында ғана жауған қармен бірге, осы әуежайда ірі апат болып, француздық «Тотал» компаниясының президенті Кристоф де Маржери мен «Фалькон» ұшағының 3 экипаж мүшеcінің барлығы опат болған еді. Жекеменшікке тиесілі бұл ұшақ «Мәскеу –Париж» бағытымен көкке самғауы тиіс болатын. Алайда мезгілсіз жауған қарды тазалаушы машинамен соқтығысып, өртке оранған. Француздық ірі корпорация президентінің жазатайым болуы кәдімгідей дау тудырып, оқиғаға кінәлілерге үкім өте тез шығарылып та үлгерді. «Внуково» халықаралық әуежайы қауіпсіздік талаптары тұрғысынанрейтингісі ең төменгі әуежайлар қатарынан орын алады екен. Мәселен 2011 жылдан бері осындай ірі апаттардың өзі 16 рет орын алған. Оның үшеуі биылғы жылдың еншісінде. Бұл инциденттің біздің көңілімізге күдік ұялатқаны айқын.  Оның үстіне Мәскеудегі «Милан» қонақ үйіне Внуководан жету біршама қиынға түсті.Аталған қонақ үй «Домодедово» халықаралық әуежайына жақын орналасқан екен. Әуелі маған ұйымдастырушылар «бізге аэроэкспресс және метро арқылы жетесіз» дегенде, «такси ала салмаймын ба?» деген ой сумаң ете қалған. Алайда мен Мәскеудің алып мегаполистердің біріне жататындығын және оның бір ұшынан екінші ұшына жету үшін бір күнімді сарп ететіндігімді ескермеппін.Мәскеуліктер нысанаға алған жеріне жету үшін жер үстін емес, жер астын жөн санайды.Өйткені ең тиімді көлік – Мәскеу метросы. Бас аяғы екі жүз-үш жүз шақырым болатын алып қалада метро инфрақұрылымы жақсы дамыған. Кемі мұнда 300-дей станция, 30-дай линия бар көрінеді.  Внуководан «Миланға» немесе «Домодедовская» станциясына жету үшін бақандай екі сағат жоғалтамын деп ойламаппын. Әуежайдан арнайы жүретін аэроэкспресс әр сағаттың басында жүреді екен. Жолға тұп-тура 35 минут жоғалтасың. Ол атақты «Киев» бекетіне жеткізеді. Бұдан кейін метроға отыруың керек. Ең бастысы, бағытыңды дұрыс таңдасаң болды, метро әп-сәтте сізді діттеген жеріңізге жеткізеді. Пойыздар әр үш-бес минуттың ішінде келеді екен.

71abaae9b38dda6ef6e529885d94bd97Мәскеуде баға өте қымбат. Алматының халықаралық әуежайынан қаланың кез келген жеріне жету үшін 3-5 мың теңге көлемінде қаржы жұмсайтын болсақ, Мәскеуде діттеген жеріңе таксимен жету – кемінде біздің ақшамен он мың теңгеден басталады. Ал аэроэкпресстің бағасы «эконом-класс» үшін – 400 рубль, «бизнес-класс» үшін – 900 рубль екен. Демек жарты жолға жету үшін кемінде – 2000 теңге жұмсау қажет. Метроға ену үшін – 40 рубльге билет сатып алсаң жетіп жатыр. Кезінде Алматы метросының жол жүру билетінің құны – 80 теңгеге жеткенде қарапайым жұрт кәдімгідей шу шығарып, бұл бағамен жол жүрудің қиын екенін айтып баққан еді. Ал Мәскеуде қоғамдық көліктің құны – 200-250 теңге екен. Ең жақсысы тарам-тарам болып жан-жаққа тарап жатқан алып метромен қаланың қай бұрышына жетем десең де өз еркің, метродан қайта шықпасаң болғаны, осы екі жүз теңгемен біраз жерді шарлауыңа болады.

8747bc99f0364b1b8f632775cbc6272a«Домодедово» станциясына «Алматы» станциясы жақын болып шықты. Қалада болған үш күнімнің бірінде түнделетіп, «Алматы» станциясына да сапар шегіп қайттым. «Алматы» станциясы соңғы аялдама екен. Келген пойызыңмен кері қайтуыңа болады. Қарапайым ғана станциялардың бірі. Түнгі сағат онда, жұманың кешінде барғандықтан ба, мұнда жолаушылардың қарасы аз болды. Жалпы статистика бойынша, Мәскеу метросында бір сәтте 5 миллион адам болады екен. Мәскеу метросына қарап отырып, біздің Алматы метросының архитектурасы осы метроға орайластырып жасалғанын бағамдау қиын емес.Яғни біздің метро Мәскеу метросының көшірмесі десе де болғандай.  Құжынаған қара халықтың арасынан азиаттардың қарасын да көп көруіңе болады. Мәскеуде қызмет көрсету орындарында қырғыз ағайындар көп.

 b5a9d205399a527faa23a4aa20d5db84

a9bae1011af65505336728d516007a83 590231585da14046fa4414bf8cbc94aa

b07afb59e8d321ee3e64e8c1b9db5c6f

ЦАРИЦЫНО – ІІ ЕКАТЕРИНАҒА АРНАЛҒАН ЖҰМАҚ

29d067947f0cca66d422424224acca02 17aa4779517f3996ea0328d66b04327bМәскеуде аялдар уағым тым аз болғандықтан ондағы тарихи жерлерді көріп кетуді басты мақсат еттім. Осында Ресей стипендиясымен білім алып жатқан, жас жазушы, магистрант Аягүл Мантаева маған жолбасшы болуға уәде берген еді. Мәскеу метросында wi-fi-дің жұмыс істеп тұрғаны бұндай жақсы болар ма?! Жол жөнекей оған келе жатқанымды мәлімдеп те үлгердім. Мен қонақ үйге жеткенше, ол да келген екен. Бірден сыртқа шықтық. Өйткені, таңертең Мәскеу уақытымен 10 сағатта түскеніммен, қонақүйге келгенімше, сағат 15.00-ді соққан еді. Мен тоқтаған қонақ үй – «Царицыно» станциясына жақын екен. Бір ғана аялдама. Алайда, ту баста оның нені меңзегенін түсіне де қоймаған-мын. Аягүл менің Мәскеудегі сапарымның жоспарын жасағанда, әуелі осы «Царицыно» музей-қорығына баруды ұсынды.

– Өйткені, ол жерде сіз ерекше әсер аласыз. Менің оған сенімім кәміл, – деген ол мені осы бір жұмақ әлемге жетеледі. Жол бойы тынымсыз Царицыноның тарихын айтумен келеді.

8510a98a073d7a3cbb02bb0ff84d20e8 6475c49b7bd409d6788beca947e01731 6126a1e81d063fa188068b8ace2fbd88 3538f3b9ac727c140bfbaea0667ce885Царицыно орыстың әйел патшаларының бірі Ұлы Екатерина ІІ-ге арналып салынған сарай екен. Қазіргі тілмен жеткізсек, патшаның Мәскеудегі резиденциясы. Орыстың ұлы архитекторларының бірі – Василий Баженов Екатерина ІІ-нің көзіне Кремль сарайының жобасын салу арқылы түскен екен. Василий Баженов, сондай-ақ, орыс-түрік соғысында Күйчүк – Қайнаржы келісімінің жасалуына байланысты салтанатты рәсімнің тойлауы үшін арнайы салынған той павильондарын жасап, ерекше көзге түседі. Сөйтіп оған Царицыно музейін салу тапсырылады. Өкінішке қарай, Баженов патша сарайын аяқтауға жақын қалғанда, Екатерина ІІ оның қолынан шыққан тамаша туындыны жаратпай ұлы архитекторды сарайдан қуып жібереді. Ол бастаған жұмысты Матвей Казахов аяқтауға мәжбүр болады. Бүгінде Ресей тарихының құнды жәдігерлерінің біріне айналған бұл өнер туындысы Мәскеуге арнайы атбасын бұрған кез келген туриске мақтанышпен көрсететін көрнекі орындардың бірі.

– Мәскеудегі музей, мұражайлардың бәрі кіріс көзіне айналып отыр. «Царицыно», «Пушкин музейі», «Третьяков галереясын» айтпаған күннің өзінде ірілі-ұсақты музейлердің барлығы да туристердің жиі баратын орындардың біріне айналды, – дейді Аягүл.

Өйткені мұнда тарихқа деген құрмет ерекше. Өзінің мемлекетшілдік тарихын мың-мыңдаған жылдар қойнауына жіберген Ресей әрбір тарихи ескерткіштің реконструкциясын жасағанда, тарихи бет-бейнесін сақтауға тырысады екен. Облицовкаларының өзін көне материалдардан жасап, ескерткішке сонау ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырдың рухын сіңірген. Тіпті тұтас бір аумақты алып жатқан сарайға енгеннен кейін-ақ, өзіңізді бірнеше ғасыр бұрынғы тарихи мекенге еніп кеткендей сезінесіз. Оның үстіне патшайымдардың көйлек үлгісімен тігілген костюмдерді киіп, тарихи сарайда суретке түсу мүмкіндігіне ие боласыз.  Егер жаз айларында келсеңіз осы төңіректе серуендеу де аса бір ерекше сезімге бөлейтін көрінеді. Өкінішке қарай, Мәскеуде күн суық, ауа райы минус 6-8 градусты көрсетіп тұрды. Біздің алдымызда ғана қар жауып өтіпті. Ауа райының қолайсыздығы ескерткішке келушілердің де аяғын сиреткен.

Шынымен Екатерина ІІ  арналған ғажайып сарайдың ұңғыл-шұңғылына үңіле жүріп, ерекше әсерге бөленіп шықтық. Тарих сөйлеп тұр, тарихты сөйлетіп қойған Ресей тарихшыларының мықтылығына риза боласың. Әрбір залда әр түрлі заманда билеген патшалар өмірі сайрап тұр. Ал ең басты залда «Патшалар шежіресі» орын алыпты.

 

МӘСКЕУ ЖӘНЕ БАҒАЛАР

 

385192a68f18471448b9f18f3e83ed09

Мәскеу аса қымбат қалалардың бірі. Бұл жайында жоғарыда айтып өттім. Қаладағы бірнеше ірі супермаркеттерге еніп үлгердім. Қазір онда рубльдің долларға шаққандағы бағамы әлсіреп барады. Мен сонда болғанда, 1 доллар – 42 Ресей рубліне теңесті. Бұны экономистер экономикалық апатқа теңеп жатты.

Қоғамдық көліктердің бағасының өзі – 50 рубль, яғни – 250 теңге. Баға аспандап тұр. Ең арзан бағалардың өзі біздегі ең қымбат бағамен тең екен.

9d61b6acbd111d44283619e850e1dce6.jpg

– Бұл ең арзан дүкендер. Мәскеуде аса байларға арналған дүкендер бар және кедей тап пен орта таптың енетін дүкендері болады, – дейді Аягүл. Қызыл алаңға барғанымда, баяғыдан «ЦУМ» атауынан белгілі, «ГУМ» (государственный универмаг) дүкеніне де бас сұқтық. Шеттегі дүкендердің бағасы ұшып тұрғанда, бұл дүкеннің бағасы жайлы ауыз ашудың өзі күнә шығар.

Біз жатқан қонақ үйдің артында жанар-жағармай бекеті бар екен. Мен АИ-92 бензин бағасының құнын білмекке әдейі мойын бұрдым. АИ-92 бензинінің құны – 32 рубльге, яғни біздің ақшамен – 150 теңгеге тең екен.

МӘСКЕУ ЖӘНЕ САЯСАТ

 

Мәскеудегі үш күннің ішінде ондағы саясаттың тамырын дөп басып алдым деп айту қиын. Дегенмен, біз қатысқан «Пресс-служба – 2014» атты семинар барысында түйгенім, ашық болмаса да, халықаралық интернет желілерінен бас тартып, Ресейдің әлеуметтік желілерін пайдалануды ұсыну және халықаралық өнімдерден бас тарту туралы идеялардың ұшқынын байқап қалдым. Өйткені, сол күндері Ресейде халықаралық әлеуметтік желілерді бұғаттау жайлы заң жобасы талқыланып жатқан болатын.

Онда Ресейдің Украинаға қатысты саясатына орай, екі түрлі көзқарас бар. Бірі – Путинді уралап қолдаса, екіншісі – Ресейдің Қырымға аннексия жасағанын мойындайды, украин бауырларын аяйды.

5d602ab52325332e408afd6770a747fb.jpg

1284dea22a9cf30deed03d109d7da4cb.jpg

Ұшақ бортында бізге кейбір газет журналдар ұсынылды, соның бірі «Парламентская газета» деп аталады. Газеттің Ресей Думасының іс-әрекетінен ақпарат беруге арналғаны атынан-ақ белгілі тұр. Оның 9-бетінде «Киргизия вступает в союз» атты мақала жарық көріпті. Мақала мәтініне үңіле отырып, ресейліктердің қырғызды өзгеше бағалайтындығын байқадым. Қазақстан туралы айтқанда, «ешқашан мемлекеттігі болмаған ел» деп өзеурей қалатын Ресей саясаткерлері Қырғызстанның Орта Азиядағы ең көне ұлт екендігін, оның мемлекеттігі – біздің эрамызға дейінгі І-ІХ ғасырда Орал-Алтай аймағында болғандығы жайлы жазыпты. Бұған дәлел ретінде мың жылдық тарихы бар «Манас» эпосын көлденең тартады. Өзгені былай қойғанда, тарихы, тіпті тілі бірдей қырғызға деген империяшылдардың көзқарасының бұндай өзгешелігі жүрегімді сыздатып жіберді. Біз өз тарихымыздың тамыры тереңге кететінін әлі дәлелдей алмай отырмыз. Ал, Қырғыздар әлдеқашан мойындатып тастаған. Ендеше мұндай мемлекетпен қарым-қатынас та өзгеше болады ғой. Ұшақ бортындағы «Трансаэро» атты журналдан Астраханьнің тарихын оқыдым. Онда да Астараханьнің Ресей басып алғанға дейін, Алтын орданың орталығы болғандығы жазылады. Ал «Алтын орда» қазақтың мемлекеттігінің тарихи жалғасы екендігі айтылмайды. Бұл ретте біздің тарихшыларымыздың әлі де тер төгуіне тура келетіндігі өзінен-өзі түсінікті.

P.S. Мәскеуде байқаған бір ерекшелік – қызмет көрсету сапасының сонау Кеңестер дәуіріндегі деңгейде қалып қойғандығы. Әрине, коммуникацияның жақсы дамығандығы, тіпті ұшақ бортында, метрода интернетке қол жеткізу мүмкіндігінің, әуежайда бірден электронды тіркелу жүйесінің жолға қойылғандығы өз алдына, бұл бәрібір сарылған ұзын-сонар кезекті азайтпапты. Екіншіден, қызмет көрсету саласындағы адамдардың кішіпейілділігінің жоқтығы. Валюта ауыстыру пунктінде үш адам бір сағат бойы сарыла күтсе, қонақ үйдегі қызмет көрсету сапасы мүлдем төмен. Және клиенттерге деген қарым-қатынасының нашарлығын айтып шағынғанымызбен, ондағы персоналдардың ешқайсысы кешірім сұрап, иілуді жөн көрмеді. Бедірейген қалпы шығарып салды. Заман өзгергенмен, менталитет әлі өзгермепті. Ондағы адамдар бізді аса қадірлі клиенті ретінде емес, азиат ретінде қабылдап тұрған тәрізді. Кішіреюді жөн санамайды.

Кез келген сапардан оралған кезде, түйетін түйінім – Алматыға жетер қаланың әлемде жоқ екендігі. Алматы бәрібір бауырмалдығымен, қонақжайлылығымен, кішіпейілдігімен ерекшеленеді. Мұнда қалаған нүктеңе жету де оңай. Заттары өте арзан, өмір сүруге қолайлы. Үш күннің ішінде Алматыны сонша сағынып кетіппін. Ал Мәскеу сияқты алып мегаполисте өзге түгілі, өзің жоғалып кететін сияқтысың.

Есенгүл Кәпқызы,

Алматы – Мәскеу  – Алматы, 

www.turkystan.kz сайтынан

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі