//

«Нұрлы жол»

729 рет қаралды

nan 1111Президент– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2015 жылға арналған кезекті жолдауын қарашаның 11-інде «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің Астана қаласында өткен отырысында халыққа жария етті. Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын «Нұрлы жол» деп атады. Бұл жолдаудың мәні мен мағынасына оқырман қауым қанық болған шығар. Ал менің есіме осыдан он төрт жыл бұрын жазған, халықаралық «Шалқар» газетінің 1995 жылдың көкек айының 11 күнгі 13- санында жарияланған «Нұрлы жол» атты мақалам есіме оралды. Сол мақаланың мәтініне қылдай қиянат жасамай назар ларыңызға ұсынуды жөн көрдім.

Нұрлы жол 

              Ұлы бабамыз Абай, “Әркiмдi заман сүйремек, заманды қай жан билемек” деп сауал қояды да, жаманды заманы илейтiнiн айтады. Олай болғанда заманның жақсысы билемес пе деген сұрақ туады да, заманның билетпейтiн заңдылықтары да бар екенiн  Абай түйсiндiрiп отырғанын естен шығара алмаймыз. Әлбетте, жарық дүниеде адамзат баласының аз ғұмырындағы ең әдiл қазысы – уақыт.

Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiк туын тiккен үш жылдық мерзiмде басынан кешiп отырған экономикалық дағдарыстың қатпарында  адам айтып нанғысыз алып-алып тарихи шежiрелердiң де қатталып, уақыттың дара даңғылының дүр кiрпiштерi төселiп жатқанын ешбiр көлденең көк атты да, көпiрме сөз де, желөкпе желiккен харам пиғыл да жасыра алмайтын ақиқат екенi әмбеге һәм әлемге аян.  Елiмiз ұшыраған әлеуметтiк дағдарыс ұлтабарының ұңғыл-шұңғылына үңiлiп, қатпарларының қалыңдау себеп-салдарын айқындағысы келетiн өркениетi болашақ үшiн жанын салған жақсының да, егемендiктi еңсесiн көтертпей тұрып еңiретiп езiп кеткiсi келетiн есердiң де ең әуелi, қарауылын қарататын бiрiншi нысана – Елбасы. Бiрi – ұлтабардың әрбiр клеткасының кiлтiн табуға тырысса, екiншiсi – оның сырына үңiлмей сырттай тон пiшедi. Мен ақиқат аясында, уақыт көзiмен қарағанда әлгi екi топтан ерек елдiң Елбасына деген түсiнiгi қандай, осы ойымды ғана ортаға салмақпын.

Бiр мың тоғыз жүз тоқсан екiншi жыл. Дүниежүзi қазақтарының құрылтайының салтанатты жиынының  ашылуына санаулы минөттөр қалған сәт есiмiзге түседi… Кең залға иiн тiресе жиналып, баяғысы мен бүгiнгiсiн әңгiме қылып тұрған жұрт дабырласып әр жерден “Назарбаев! Президент! Нұрсұлтан!” деген дауыстар шығып дүрлiгiсiп кеттi. Оң қолын жоғары соза көтерiп, төңiрегiне түгел көз тастап, қайыра-қайыра амандасып арамызға Елбасы келiп қалған екен. Ентелеген елдiң самаладй саусақтары  жан-жағынан жауып тұр. Сонда зал iшi күңiренiп:

Хас қыран күншығыстан қанат жайып,

Тұранның атты таңы таңғажайып.

Елбасы – қазағымның маңдай ұлы,

Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев!– деп тұрғандай сезiмге бөлендi.

Иә, Ел Елбасын сыйлайды. Президентiн пiрi тұтып құрметтейдi. Онымен көрiсуге, жүздесуге, тiптi, оның денесіне қол ұшын бiр тигiзiп қалуға құштар. Бұл Президентiмiзге деген ыстық ықылас едi. Ерге құрмет, елге құрмет! Осы ықыластың ел iшiнде бүгiн де қалпында екенiне кеше ғана тойланған Бес арыстың жүз жылдығына арналған “Тарихи зерде” кешiнде тағы да бiр куә болдық. Ауылдан келген көзi ашық, көкiрегi ояу бiр азаматпен бiрге Республика сарайына келдiк. Бiздiң орын 32-шi қатарда болды.  Қасымыздағы азамат сәлден соң, тынышсыздана бердi.

–        Япырау, ағасы, сiз неге қопақтай бердiңiз? – деймiз ғой. Сонда анау:

–        Тым кейiн отырып қалғанымызды қарашы, Президенттi жақыннан бiр

жақсылап көрейiн деп едiм, – деп ақтарылды. Бұл адал жүрек, ақ ниеттен туған нақ сөз, жүрек ақиқаты едi.

Ең зор байлық – рухани байлық. Болашақ – бiлiм мен парасаты бардың қолында. Елбасының осы салаға аса көңiл қойып, жастарды алыс-жақын елдерге көптеп оқытуға ынталылығы, жуырда ғана екi жүзге жуық өнер сарбаздарына стипендия тағайындауы – рухани байлыққа деген қамқорлық, атамызда көрмеген қайрымдылық!

Поэзия алыбы Абай бiрде: “Сен де сүй ол Алланы жаннан тәттi, адамзаттың бәрiн сүй бауырым деп” – дейдi. Бәрiмiздiң көкейiмiзде я ол Алла ма әлде басқа Тәңiрi ме, әйтеуiр, бiр тылсым күштiң бар екенi, оған iштей тәубаға келiп жүретiнiмiз белгiлi. Сөйтсе де, тап қазiргi заманда Тәңiрден тiлейтiнiмiз тiршiлiк қарекетiнен, қара бастан аспай жатады-ау. Бар болып байқамай жатсақ, кешiрерсiздер! Абай атамыз: “бiреуге жақсылық тигiзбек ниетiң болса,  ол жол құдайдың жолы” деген екен. Президентiмiз Нұрсұлтан Әбiшұлы Сауд Арабиясына жасаған сапарында Қағбаға кiрiп, Мұхаммед пайғамбардың қабiрiне тағзым етiп тұрып, жан-жүрегiмен, ықылас-тiлегiмен барша елiне амандық, халқына береке-бiрлiк, молшылық, ұрпағына тыныштық тiлеп, сыртқа шыққанда аспаннан Алланың нұры – ақ жаңбыр жауып тұрыпты. Кiм бiледi, дәл осы сәтте қазақ даласына да жылы жаңбыр жауып өтпедi ме екен?! Адамзаттың бәрiн өз бауырындай сүйген деп осындай жанды айтар болар.

Қазақ тарихында ел есiнде Есiмханның ескi жолы, Қасымханның қасқа жолы, Алашқа аян Абылайдың ақ жолы деген ұғымдар қалған.  Бұл күнде Нұрсұлтанның Нұрлы жолы деген тiркес қалыптасуда. Бұл – шындық. Келер болашақ, ертеңгi ұрпақ, уақыт таразысынан екшелген бүгiнгiден тек татымды, елдiк үшiн жасалған ерен ерлiктердi ғана талғап алады.

Қазақ ұғымында жол – аса қасиеттi ұғым. Алайда, астанамыз Алматының бас даңғылы әлi күнге дейiн Лениннiң есiмiмен аталатындығына қайранбыз. Ал, басқа көшелер мен даңғылдар Абай ескерткiшiнiң алдын кесiп өтiп жатқан осы даңғылдан басталады. Бұл бiр естiген құлаққа ерсi, көрген көзге епсiз болып тұр. Осы орайда Абайдың: “Жаттың бiр тәуiр кiсiсiн көрсе “жарықтық” деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елiнде одан артық адам болса танымайтұғыны қалай?” – дейтiн ұлағатты сөзi көкейге оралады да, мынадай бiр үлкен ой туады. Астанамыздың аталмыш көшесi Қазақстан Республикасының алғашқы Президентi, әлем таныған сайыпқыран саясаткер, үлкен жүректi қайраткер қазақ Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың құрметiне “Президент Нұрсұлтан даңғылы” – деп аталса, астанамыздың бас көшесi, дархан даңғыл Нұрсұлтанның Нұрлы жолындай жарқырап тұрар едi де, сонда басқа көшелер де осы Нұрлы жолдан бастау алып жатқандай сәйкесiмдi көрiнер едi. Ленинге бастаттырған жолдың неге ұрындырғаны баршамызға аян, оған сөз шығындамаймыз.

Елбасының басты бағыты – халық қамы. Президент “мен елге сенемiн” дейдi, ел де Елбасының сенiмiн ақтайды деп сенемiз, сөзiне ұйып, өзiн де аялаймыз. Уақыт және Абай ақиқаты осылай дейдi.

Мен өзiм Нұрсұлтан Назарбаевтың Президенттiк мерзiмiн 2000 жылға дейiн ұзарту таңдауын барынша қолдаймын, шын жүректен дауыс беремiн.

Бақытбек Бәмішұлы

“Шалқар”, 11 көкек 1995 жыл, N13.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі