БҮГІНГІ АҚЫНДАР КЕШЕГІ ҚАСЫМША АЙТА АЛМАЙДЫ

783 рет қаралды
4

Қазақ көркем әдебиетінің бүгінгі бағытбарысын, өріс аясын, алған асуын, шыққан биігін, барған жерін, басқан ізін барлапбағамдап, сарапқа салып, деңгейдәрежесін теңшеп, қара тұяғына дейін қалт жібер­мей қадағалап, қылт етке­нін қағып түсіп, жіті бақылап отырамын десем, асылық болады.


Бақытбек БӘМІШҰЛЫ             

Бірақ қолыма түскен кітап, не бір өлең болсын қарап шығуға, ұнатқанымды қа­да­лып оқуға, одан ой түзуге, жақсыны іздеп, тауып оқуға өзімді міндетті санаймын. Жаратпағаныма жатып кеп қынжыламын. Бұл бір менің ғана емес, әрбір қаламгер-мұңдастардың басындағы іс болса керек. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары экономикалық қарызға белшесінен батқан Кеңестер Одағы идеологиясы іріп, ыдырап тынды. Бұрынғы басыбайлы ұлттар бостан­дық алды. Бір формация құлап, оның орнына жаңа, бізге беймәлім, бағыт-бағдарсыз қоғам келді. Апақ-сапақ мезгілдің қыбыр-жыбыры, жын-шайтаны мол, ақыл-ойдан гөрі алаяқтық, әлімжеттік алдыңғы орынға шықты. Осындай аласапыран кезеңнен де қазақ әдебиеті аман-есен өтті. Сол кезде де әдебиеттен қол үзбеген ақын-жазу­шы­лар­дың жанкештілігіне таң қаласың. Бүгінгі жастар солардың түлегі, өнімі, қайсыбірі өліара тұстың дәмін татып, шет жағасын көр­­ді. Қазақ поэзиясы қай заманда да, қан­дай дәуірді бастан кешірсе де табандап тұрып қалған жоқ, үнемі дамып, көктеп жетіліп, өркендеп өсіп отырғандығын көр­сете білді.
Кеңестік кезеңнің ең бір күрделі күрдесі шешілгеннен кейінгі жылдарда әдебиеттің тақырыптық аясы, кеңістік көкжиегі жаңа қиын-қыстау заманда төмендегеннің орнына өршеленіп кеңи түсті. Бұрын ауыз ашып, тіс жармайтын салаларға құлаш ұрды. Ер­кін ойдың өткенге кеткен есесін қайта­рып, көсегесі көгерді. Етектен өрге қарай қау­лай, нығыз өскен балапан қарағайдай қа­лың шоғыр жасты көргенде қуанып отыра­сың. Заман осылардікі. Ал сілте, жаз. Со­нау алыс Көк түріктің көзі, көне сарын қайта түледі, от ауызды, орақ тілді жыраулар жыры жаңғырды, ерлік-батырлықты ту еткен эпостар қанатын жайып, бойымыз биіктеп, ойымыз тереңге бойлады. Совет кезеңіндегі «күзетшілік» рөл атқарған өлеңдер орнына шын Отаншылдықты, па­тр­иоттықты, елдік пен бірлікті, ынтымақ пен татулықты, айбарлы Астананы асқақтата жырлаған арқалы жырларды ешкімнен жасқанбай айтатын болдық. Әрине, олар­дың сапасы мен салмағының әр түрлі болып жатқандығын айтуымыз керек. Оның бәрін поэзияға жатқыза беруге болмас.Осы бір патриоттық тақырыпта поэзиядан көкбөрі тотемі, «көкбөрішілдік» көп орын алғандығы байқалады. Көкбөрі айбынды ата-бабаларымыздың адуын, алапат бей­не­сін, қайтпас қаһармандығын көз алды­мыз­ға әкеліп, жасыған рухымызды оятып, жадымызға асқақтық сыйлағанымен оның тым көптігі де көңілге қона бермейді екен. Көк­бөрі болып көкке қарап ұли берудің шынайы өмірмен шындығы ұйқаспай жататын­ды­ғын сезіндіреді. Көкбөріні көп жыр­­ла­ғаннан көкбөрі-ақын болып кетпей­міз. Өмірге діни-софылық, мадақ ағымын­да­ғы өлеңдер, әндер, әсем жырлар дүниеге келді. Келіп қана қоймай, өзі бір жақта, сөзі бір жақта, жүрегіне иман ұялатудан бұрын, жүзіне дін-исламның пердесін жапқан өлеңшілер көбейіп, ақын, ақын-айтыскер біткен «қажы» атанып кетті. Түбінде адамзат баласы бас иетін Хақ дінге, таза мінсіз, көркем дінге құлшылық ету құптарлық, әрине жақсы, алайда, діни поэзияның сан-сапасын, деңгейін төмендетіп кетер тым әсіре науқаншыл болып бара жатқан жоқ па деген ойға қаламыз. Жалпы, поэзия өкілдерін жас, жасамыс деп қарауды өз басым тым дұрыс көрмеймін. «Қой асығы демеңіз қолыңа түссе, сақа тұт, жасы кіші де­меңіз ақылы асса, аға тұт». Поэзия талабына сай өлең жазды ма ол ақын. Көзбен көріп, қолмен ұстап, дәмін татпаған нәрсе­нің бәрі қиялдан туады. Замандас, бір дәуір­де өмір сүріп отырған қатарлас ақын­дардың, оның ішінде жасы да жасамысы да бар, тым күйрегіштігі, жылауықтығы, етегі жасқа толып еңіреп, күйініп, қайғы жеп қапаланып, өліп кете жаздап, өксіп, өкіргенін көргенде соның ақиқатына әлбетте сене алмайсың. Бүгінгі ақындар кешегі Қасымша «Өлеңнің отын жағып жылы­тамын, өзімді әйелімді, жас баламды» деп айта алмайды, кешегі Қасымда ондай мүмкіндік болған, ал бүгінгі Қасым­да ондай мүмкіндік жоқ. Жазғаны жарық көріп жарияланбаса, көзінің майын тауысып, суын құрғатқан еңбегі еленбесе, рухани құндылықтан материалдық бай­лық­тың құны артқан шақта қарын­дашын қа­ғажу ете ме? Кешегі ақындарымыз көніп жү­ріп, көсем-абыз болса, бүгінгі ақында­ры­­мыз көріп-кешіп жүріп ақын болуы керек-ті.

Қазақ әдебиеті

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Тойда туған- ой

    Сарыарқаның төсінде, исі қазақтың есінде Қарқаралы деген шоғыр таулы, көркем өлке бар. Тарихы мен табиғаты тамсандыратын бұл өлке Шыңғыстаумен шеттесіп, Абыралымен араласып, Балқантау, Баянауыл, Қызыларай, Ботақарамен шекараласып, бірін-бірі толықтырып, қойы қоралас, адамдары аралас, төсекте бастары, төскейде малдары қоңсы қонып жатыр.
    Сонымен биыл тағы да (тағы да дейтініміз осыдан 10 жыл бұрын 180 жылдықты атап өткенбіз)сауын айтып, сол көршілердің делебесін қоздырып, ат оздырып, аздап тон тоздырып Қарқаралы қаласының 190 жылдық тойын атап өттік. Топырағын басып, суын ішіп отырған жеріміз болған соң тайлы тұяғымыз қалмай жұмылдық. Тойдың болғанынан боладысы қызық демей ме?! Көшемізді тазартып, ескімізді жаңарттық, көп түкірсе көл десіп, айлық еңбекақымыздан жинап қор құрдық. Өзіміз жемесек те қонақтарға бар жылы-жұмсағымызды ұсындық. Айтпақшы жалпы аудан тұрғындары ауыртпалықты көтерді. Намысымызды жанып, табысымызды шаштық. Тойлаймыз деп разы болғандар, тойы құрысын деп наразы болғандар да болды. Өткен жылы өлкеміздің атын БАҚ-да мақтап та, даттап та жазғандырған осы – той.
    Мақтанғаным емес, Қарқаралы қаласында той қарсаңында «Қарқаралы Арқадағы- Гүлтан» атты ақындар мүшайрасы «Уа, дариға алтын бесік- туған жер» тақырыбында өтіп, мен де мына бір толғаумен бағымды сынап, мүшайраның белгілі журналист, Ұлы Отан Соғысының ардагері, Қарқаралының Бауыржаны атанған Ш.Мезгілбаев атындағы жүлдесі мен алтын домбырасын ұтып алдым. Қазақтың үні болып, жоғымызды жоқтап, ұлт намысын жыртып жүрген газетіміздің оқырмандары да таныс болсын- деп ұсынуды жөн санадым.
    Дат, ағайын!..
    Туған жер алтын орда, алтын бесік,
    Кір жуып, өсірген кіндік кесіп.
    Бірақ, шіркін әр пенде тағдырына,
    Туған жерден бұйырған ба, мәңгі несіп?..
    ***
    Шерлі толғау
    Тумасам да Қарқаралым өгей демес,
    Толғайын осы жайлы шерлі кеңес.
    Салсаңыз тарихтың безбеніне,
    Ақтарамын ақиқатты, елес емес.
    Арғы атам орта жүздің Керейімін,
    Төле айтқан алты алаштың мерейімін.
    Қаздауысты бабаға жиен болған,
    Ер Жәнібек ұрпағы біреуімін.
    Ұлтым- қазақ, ұраным- Ер Жәнібек,
    Енші алған Қазыбектен дөненді көк.
    «Азамат жақсы болар- нағашымен»,
    Мен емес, бабаларым айтыпты дөп.
    Ер Жәнібек, Қазыбектен алған бата,
    Сөзімде жоқ, сеніңіз менің қата.
    Ұланбайтақ қазақтың жері үшін,
    Бабаларым атанған «бұратана».
    Кеткен жоқ, аталарым ұлттан безіп,
    Дуана боп жүрмеген дала кезіп.
    Орыс, қытай, монголдың тәлкегіне,
    Бойсұнбаған баһадүр сұмды сезіп.
    Қоштасқан атажұрпен «Елім-айлап»,
    «Бодан болып қалмайық» дегенді ойлап.
    Атажау жоңғарлардың басып алған,
    Тарбағатай-Алтайға барған бойлап…
    Жер алған, енші алған кескілесіп,
    Монголмен, қытаймен де бәс тілесіп,
    Шекара, темір ноқта түспегенде,
    Кеткен емес, Керейің өкпелесіп!..
    Қазбек айтқан «мал баққан халқымызда,
    Жауласу болған емес салтымызда.
    Үкілеп найза ұстаған бабаларым,
    Әрқашан берік болған антымызға.
    Сынасса ақ білектің күші бізде,
    Үкілі сол ақ найза ұшы бізде.
    Бабалар аруағына сыйынамыз,
    Рух беріп енгенде түсімізге.
    Абылай Жәнібекке ақ ту берген,
    Қазақтың хас ұлы-деп көзін көрген.
    Сынақпен көрге салып, алып шыққан,
    Сол Жәнібек Керейді соңына ерткен.
    Күресте бірге болған- Ұранымыз,
    Өлікте қолымызда- Құранымыз.
    Орта жүз Ақжолтайлап аттанады,
    Ата жұрт Сарыарқа деп тұрағымыз.
    Әлі бар Алтай жақта тұрғанымыз,
    Ұлтымның «еркек тоқты- құрбаны біз».
    Нұрлы көш, құрдым көшке бетін бұрса,
    Жұтылып аждаҺаға құрығанымыз!
    Көрген біздің бабалар қызыл қырғын,
    Ашаршылық, саяси-қуғын сүргін.
    «Арқадан арқар аумайт» дейді екен,
    Аязды жел соқпаса дүркін-дүркін.
    Көз салсақ тарихтың бергісіне,
    Қарқаралы қалың орман іргесіне,
    Мұжық-казак бекініс салған жоқ па,
    Түсіріп қазақтарды кергісіне!?.
    Апаттан сақтайды ғой кейде Құдай,
    Сақтықпенен бассаңыз қадамды ұдай.
    «Ұрпағым діннен безіп кетпесін»-деп,
    Мешітін тұрғызыпты ер Құнанбай.
    Қарқаралы-Қоянды жәрмеңкесі,
    Ботовтың баю болған бар дәмесі.
    Өзгелер өктем болып асқынғанда,
    Әлиханға Ахаңдар жәрдемдесті.
    Он төрт мың қол жинаған петиция,
    Тарихтан кепейтін мәңгі сия.
    Алашдап зиялылар бас көтеріп,
    Бостандыққа бастаған жанды қия!
    Өткенді, тарихты екшеп қара,
    Жазылмаған әлі бар бізде жара.
    Жемқорлық, сыбайластық басты ауру,
    Құтылмай ел болмаймыз жеке дара.
    Ойлайық Отанымыз, ұлтымызды,
    Қашырмай береке мен құтымызды.
    Тіл мен дін, ділімізге берік болып,
    Сыйлайық ата қоныс, жұртымызды.
    Қазағым аз болмаған қасыретің,
    Түсінгей Қарқаралы қасиетін.
    Бабалар қан мен терін төккен жерде,
    Мал мен жаның көп болсын өсіретін.
    Бүгінгі барымызды бағалайық,
    Кішіні- іні, үлкенді- ағалайық.
    Арамдық, арсыздықтан аулақ болып,
    Жақсылық атаулыны жағалайық.
    «Мың өліп, мың тіріліп» нәрін сездік,
    Мәңгі елге қол жеткізер Тәуелсіздік.
    «Бір мүдде, бір мақсатқа» жұмылмасақ,
    Алпауыттан қалмайды, ашыкөздік!..
    Жерді толғау
    Қарқаралы, Балқантау баурайың,
    Сан құбылып тұратын ауа райың.
    Жыр мүшайра басталса, Гүлстанда,
    «Қасым, Серік дертімен ауырайын»
    Қарқаралым киелі топырағың,
    Малға дән, жанға шипа жапырағың.
    Жетпесе сөз маржаным оқалауға,
    Мәңгүртің боп өкініп отырамын.
    Баянауыл, Балқантау, Қарқаралым,
    Кең көсіліп жататын шартарабым.
    «Жыр Шыңғысы болып мен жаулап алам,
    Шығыс пен сұлу Көкше атырабын».
    Атылам тасты тескен бұлағыңдай,
    Секіріп арқар, құлжа лағындай.
    Маңдайымнан сипасаң Серкең болам,
    Менде У- жоқ гептильден құлағандай.
    Жиренсақал, Шаңкөзді көздеп тұрам,
    Тау көрмеген пендені ез деп тұрам.
    Өр Алтайдың қазағы тауда туған,
    Өз Отаным деп мұнде көшті бұрғам.
    Жат емес, маған Жарлы, Қарасорым,
    Бабалар ізі қалған Харахорум.
    Үкілеп аламанға қосылмаған,
    Қойға мінген боламын қара торың.
    Мен де шыққам қазақтың күпісінен,
    Үзіп таққам киелі үкісінен.
    Өлеңіме жетпесе шекпен, шинель,
    Мұқағали емеспін, Қасым мүлдем.
    Қолдаса киесімен дауыл Қасым,
    Жарқылдап кетер едім болып жасын.
    Кеңдара мен Кімасып, Кентке шықсам,
    Мүшайрада домалар өрге тасым.
    Өзімше Қарқаралы шынарыңмын,
    Жалғыз аршаң қос өссе сыңарымын.
    Самалкөл, Шайтанкөлдің тамшысындай,
    Кітапқа енген сиреп – ұларыңмын.
    Үңілетін кезім көп Үшүңгірге,
    Адам Ата ізі бар түсінгенге.
    «Алтын кебін киіпті, асқынғандар»,
    Алла зауал береді, ісінгенге.
    Қарқаралым қазақтың – Жеранасы,
    Жерананың қазаққа жоқ аласы.
    Ұлтты сақтап, ұрпақты өсірейік,
    Қарқаралылық, қазақтың бел баласы!
    Ерді толғау
    Сыйындым Қарқаралым киесіне,
    Дұға айтып, өткен-кеткен иесіне.
    Жаралған қасиетті топырақтан,
    Шүкіршілік ұл-қызың ел есінде.
    «Қамшы ұстаған бабамды дауға қойған,
    Біріне найза беріп жауға қойған».
    Қара қылды қақ жарған Қазыбек биді,
    Қастерлеп Түркістанға сауға қойған.
    Ел бірлігін сақтауға Нұралыны,
    Елші барып арнайы сұраған-ды.
    Биатаны қай қазақ ұмытады,
    Абылай атағандай сұңқар үнді.
    Ақжолтай Ағыбай мен Матақ батыр,
    Жүз батыр, мың шешенге сөзі татыр.
    Жапалақ, Нарманбет пен Кенже билер,
    Құнанбай, Шоқан, Абай ізі жатыр.
    Әлімхан, Нығымет пен Жақыптарым,
    Алашшыл асыл туған жақұттарым.
    Кемпірбай, Шөже менен Көшен ақын,
    Айтыста қалдырған ғой сарқыттарын.
    Шығарған Қарқаралы жүздеп хари,
    Солардан басталады, иман дари.
    Қасиетімен Құнекең бас игізген,
    Аллаға сыйынатын бізде бар- үй.
    Ажалды өткен ғасыр тоғысында,
    Аттанған Ұлы Отан соғысына,
    Жүз емес, мыңдап ұлың саналады,
    Мартбек, Нұркен, Есет батыр туды осында.
    Шәкірті Аристотель Әл-Фараби,
    Тумағанда Ақыжан Әл-Машани,
    Өзге ұлттың өкілі боп кетер еді,
    Өзбек не, дана туған бір араби?!.
    Қазақта Қарқаралым атың шыққан,
    «Аристократ Арғындар даңқы мақтан.
    Элитасы олардың Қаракесек»-,
    Ақыныңнан естіп мен, осыны ұққам.
    Ерлік пен өрлігің бар жау жеңбеген,
    Бесігін Тәттімбеттің күйі тербеген.
    Мәди мен Жүсіпбектің әуендері,
    Үшқарадан Парижге сан өрлеген.
    Ақындарым асықтық алшысындай,
    Дарынды үйіп берген бізге Құдай.
    Ғабдиман, Шаймаран мен Сапарғали,
    Шежіре толған алтын құтысындай.
    Әл-Жаппар,Қапан, Әмен, Кәрім Сауға,
    Рамазан рухани болған аға.
    Айташ ата, Әбікең мен Жолкенде тұр,
    Мартбек, Тұрсын, Максим бар жеке дара.
    Халыққа сыйлы болған жақындастар,
    Зиялы қауым дейді, алтынбастар.
    Ақындарын сыйлаған әкімдерім,
    Елу елге көш түзеп жолды бастар.

  2. Серіхан бауырым, толғауларыңа риза болдым. Қай жерде кім жүргенін қайдан білеміз, мақала, ой-толғам, өлең-жырларыңды жіберіп тұр, редакциямен келісіп жариялап тұрамыз.

  3. Шынында совет кезінде ақын-жазушылар жазған-сызғанымен бала-шаңғасын асырайтын еді, қазір ол заман емес, сондықтан да, ақындар “өлеңмен асыраймын әйелім мен жас баламды” деп қайтіп айта алады.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі