///

Қуаныш Білал: «Ақорданың» тәуелсіз ақпарат көздері үшін қатып қалған қамал емес

995 рет қаралды

Bilal qЕлбасының Еуропа елдеріне жасаған ресми сапарына журналистер тобымен бірге сізде барып қайттыңыз. Әдетте, президенттің ресми сапарларына дәстүрлі мемлекеттік БАҚ өкілдері  ғана ілесетін. Құпия болмаса айтыңызшы, тәуелсіз «Қамшы-ақпарат» қоғамдық қорының басшысы бұл пулға қалай өтті?

Құпия дейтін ештеңесі жоқ. Шынымды айтайын, анда-санда көзге түсіп қалмаса дәстүрлі мемлекеттік БАҚ-ты үнемі қадағалап отырмаймын. Сондықтан да, Президентттің шетелге ресми сапаралары туралы тәуелсіз БАҚ таратқан ақпараттармен ғана шектелетінмін. Осы жолы ҚР Президент әкімшілігінің баспасөз қызметінің өкілдері осы пулға қатысу туралы ұсыныс айтқанда өзім де таң қалдым. Өйткені, «Қамшының»  мемлекеттік саясатты мақтағанынан гөрі «даттағаны» көп. Әрине, «дос жылатып айтады» деген ұғымда айтып отырмын… Сонымен өз көзіммен көріп қайтуға, еліміздің Бас саясаткерімен сапарлас болуға бел будым. Сөйтіп, Елбасымыздың Ұлыбритания мен Францияға жасаған ресми сапарының құрамында болып қайттым.

«Қамшының» бұл пулға қосылуына сайттың қазақтілді интернет кеңістіктегі рейтингі мен оқырмандар арасындағы танымалдығы және қоғамдық пікір туғыза алатын ықпалы ескерілсе керек… Ресми биліктің «Қамшы» порталы сияқты тәуелсіз ақпарат көздеріне сенім арта бастағаны қуантарлық жайт деп білемін. Бұл бір жағынан «Ақорданың» тәуелсіз ақпарат көздері үшін қатып қалған қамал емес екенін көрсеткендей болды. Яғни, билік тарапынан «мемлекеттік саясатты мақтамаған» баспасөз «елдің жауы» деп қарайтын көзқарастың өзгергенін, сеңнің бұзылғанын аңғартса керек. Биліктің имиджін жақсартатын мұндай қадамдардың жасалуы Президенттің баспасөз қызметіндегі білікті басшылардың дұрыс шешімі деп білемін.

Осы сапар барысында шетелдік әрістестермен пікірлесудің сәті түсті ме? Олардың өзіңіз байқаған ерекшелігі  неде, кемшілік-артықшылықтары қандай? Жалпы, билік пен  БАҚ өкілінің ара қатынасы, шетелдік  әріптестердің  ресми басшылар алдындағы өзін өзі ұстауы қалай?

Мемлекеттік деңгейдегі ресми сапар болғандықтан, барлығы жоспарланып қойылған екен. Яғни, шетелдік әріптестермен пікір алмасудың сәті түспеді. Уақыт тығыз, мүмкіндік аз, мақсатымыз ақпаратты тез жеткізу ғана болды. Бір байқағаным, шетелдік әріптестеріміз өте еркін және өзіне тиісті ақпаратты алуда ең бірінші болуға тырысады. Бір ғана мысал, Елбасының Дэвид Кэмеронмен кездесуінде Ұлыбританиялық әріптестеріміз Премьер-Минисрдің №10 үйіне бізден бұрын келіп алыпты. Яғни, фотоға, видеоға түсіруге ең оңтайлы орындарға жайғасқан екен. Қонақ ретінде, шетелдік әріптестері ретінде бізге орынын ұсынған журналисті көрмедім. Яғни, олар үшін ең басты мақсат – өзіне қажетті ақпарат пен фотоға ең бірінші қол жеткізу мен оны тарату.

Ал, билік өкілдері өте «қолжетімді» болса  керек деген ойға келдім. Дэвид Кэмеронның №10 үйінің соншалықты «жұтаңдығы» мен оның кеңсесіне қарапайым азаматтар түгілі үй мысығы да кіріп-шығып жүр. Ал, есігінде тұрған қарауыл кез келген адаммен күле амандасып, суретке түсумен «есі шықты». Сол күні Ұлыбританияның Орта Азия бойынша  Сыртқы істер министрі, Ұлыбритания парламентінің мүшесі Тобиас Эллудтің кеңсесінде болдық. Министрдің қабылдауына кіруге біздегі сияқты басыңнан бақайыңа дейін тексеру болған жоқ. Екіншіден, Министрдің кабинеті өте қарапайым. Әлем-жәлем ештеңесі жоқ. Көнетоз үстел, бір диван ғана бар. Франциядағы Елисейский сарайы да солай. Журналистерге қатты тексеру болған жоқ. Сарайдың алдына ұсақ шағыл тастар төгілген. Президенттер соның үстімен жүрді.

Енді қараңыз, сондай қарапайым орта, қолжетімді билік, жұрт қатарлы басшыны көрген журналистер қандай болады? Олардың өзін кез келген билік өкілімен тең ұстайтынын, «олдардан жасқану» дейтін түйсіктің жоқ екенін анық аңғардық. Бізге керек-ақ!

Қамшы» порталы қазақ сайттарының  рейтингтік көрсеткішінде алдыңғы қатарда. Қазіргі ақпараттық бәсекелестік заманында үздіктер қатарынан табылу оңай емес. Ендеше, сіздердің порталдың өтімділігі неде?

– «Қамшы» порталы қазақ интернет кеңістігіне 2012 жылы қосылды. Сайт әу баста әлем қазақтарына үш әліпбиде (латын, төте, криллица) ақпарат  таратумен ерекшеленді. Өзіңіз айтқандай, сайтымыз қазір қазақ сайттарының рейтингінде алдыңғы қатардан көрініп жүр. Оның бес түрлі  себебі бар деп ойлаймын.

Біріншіден, «Қамшы.kz» — қазақ интернет кеңістігіне ерте қосылған тәуелсіз ақпарат көздерінің бірі. Яғни, 3 жылдан бері қалыптасқан өз оқырмандары бар.

Екіншіден, сайттың ұраны — «Ұл болсаң қолыңда, құл болсаң төбеңде ойнайды». Яғни, елімізде болып жатқан елеулі оқиғаларға ұлттық ұстаным тұрғысынан қатқыл үн қатып отырамыз.

Үшіншіден, Қазақ елінің болашағын әлем қазақтарының ертеңімен ұштастырып отыратын санаулы ақпарат көздерінің біріміз. Яғни, бізді дүниежүзіндегі бар қазақ назарында ұстап отырады десек артық айтқандық емес.

Төртіншіден, өзгермейтін қағидамыздың бірі – мемлекеттік саясаттың кемшіліктерімен қатар жетістіктерін де назардан тыс қалдырмаймыз. Сондықтан болса керек, әртүрлі көзқарастағы оқырмандар «Қамшыдан» өзіне қажетті ақпаратты тауып отырады.

Бесіншіден, халықаралық деңгейде өткізіп отырған «Қазақ хандығына 550 жыл», «Қазақ дауысы» сынды ауқымды іс шаралармен қатар жыл сайын өзгеріп отыратын жаңа дизайн да сайт рейтингіне оң әсерін тигізіп отыр.

Міне, алда келе жатқан 11 желтоқсан күні «Қамшы» порталы ұйымдастырған «Қазақ дауысы» Халықаралық ән байқауының гала-концерті Алматыдағы Студенттер сарайында өтеді. Бұл да сайт рейтингіне, танымалдығына әсер ететін айтулы шаралардың бірі.

Журналистиканың қазанында қайнап жүрген азамат ретінде айтыңызшықазақ журналистикасы үшін қазіргі таңда қандай тақырыптар өзекті, қандай тақырыптар өтімдіОқырман талғамы жайлы не айтасыз?

-Қазақ журналистикасының майталмандары қазақ баспасөзі ұлттық партияның рөлін атқарып жатыр деп санайды. Белгілі деңгейде мұндай пікірмен келісесің. Әрине, әртүрлі бағытты ұстанған қазақтілді БАҚ-тың қатары артып жатыр десек те, ұлттық мәселеге келгенде көбісінің үні бір жерден шығады. Яғни, жұртты алаңдатқан Еуразиялық экономикалық одақ, ортақ валюта, Ресейдің ықпалы, теңгенің құнсыздануы, азаматтардың конституциялық құқығының сақталмауы  т.б. тақырыптар дәл қазіргі уақыттың өзекжарды мәселелер. Дегенмен, оқырман талғамының бәрі осыған сай десек қателесеміз. Мысалы, ортақ валюта туралы мақала мен Қайрат Нұртастың әйелінің бар-жоғы туралы өсектің «оқылым санын» салыстыра алмайсыз. Қазіргі қазаққа екіншісі маңызды сезіледі. Оны сайт бетінен күнделікті көріп отырмыз. Халық саяси тақырыптардан алшақтаған, бас ауыртқысы келмейді немесе теледидар мен шетел баспасөзінің ықпалы болу керек, «тобырлық санаға» бейімделген.

Қазір жедел ақпарат беруге, сенсация арқылы ұпай жинауға асығатын (әсіресе интернет порталдардың журналистері) әріптестер мәселенің байыбына бармайды, журналист этикасын ескермейді, айғайлаған тақырыпқа әуес» деген сын жиі айтылып жүр. Бұл мәселеге қатысты көзқарасыңыз, ұстанымыңыз қалай?

-Бұл пікіріңізбен толық келісемін. Сайттардың күн көрісі негізінен жарнамаға тәуелді. Кейде мемлекеттік тапсырыстың да реті келетіні бар. Бірақ соның барлығы рейтингке келіп тіреледі. Жоғарыда айтқанымдай қазақ оқырманының көп сандысы салмақты, сарабдал тақырыптан гөрі айғай-шуға бейім. Кейбір саяси тақырыптарды тек сол «әдіспен» ғана оқыта аласыз. Мысалы, «Путин ортақ валюта туралы ұсыныс айтты» дегенге қарағанда «Ресей ұсынған ортақ валюта – қазақ тәуелсіздігінің жаназасы» деп берсеңіз қазақ оқырманы сонда ғана селт етеді. Соның өзінде тақырыбын ғана талқылап кететіні бар. Ал, біздің басты мақсатымыз сол тақырыптар арқылы мақаланың толық мазмұнын оқыту.

Айналып келгенде, қазақ тілді сайттарда рейтинг жинау мен қазақ оқырманының талғамын көтеру үдерісі қатар жүріліп жатыр. Мөлдір Әуелбекованың күйеуге шығатыны туралы жазып, оқырманды сайтқа «тартсақ», сол материалдың астындағы Қазақстандағы Ресей полигондары туралы мақала назарына ілігетін шығар, сол арқылы «жұлдызқұмар» оқырманның саяси санасында сілкініс болар деген тілек біздікі.

-Сіздердің порталдың оқырмандарының біраз бөлігін шетелдік  қандастарымыз құрайтынын білеміз. Бұл тұрғыда, сырттағы ағайынды елдегі қандай мәселелер алаңдатады,  өздерінің қандай мәселелерінің қазақстандық БАҚ беттерінен көргісі келеді?

-Дұрыс айтасыз. «Қамшының» біраз оқырмандары – шетелдегі қазақтар. Дегенмен, жақында ғана сайттың «гугл аналитикстегі» мәліметтерін қарап, таңғалдым. Сайттың шетелдегі оқырмандары 3 пайыз ғана екен. Негізгі тұтынушылар – Алматы мен Астана қаласына шоғырланыпты.

Өзіңіз айтқандай, алыстағы ағайынның датын елге жеткізіп, оларды Қазақ еліндегі жаңалықтармен сусындап отыру — «Қамшының» әу баста ашылғандағы мақсаттарының бірі болатын. Әлі де сол ұстанымнан ауытқыған жоқпыз. Себебі, әрбір үшінші қазақ өз Отанынан жырақта жүр. Мемлекеттің шаңырағы биік, керегесі кең болсын десек сол қандастарымызды Атажұртқа жеткізуді – ұлттық саясатқа айналдыруға тиіспіз.

Сол үшін де «Қамшының» негізгі тақырыптарының бірі – қазақ көші. Біздің білуімізше, қазіргі уақытта шетелдегі қазақтарға керегі – қаржылық қамқорлық емес, Отанның «жылы қабағы» мен құжаттық жеңілдіктер. Соңғы 5 жыл бойы «Көші-қон» туралы заңның олқылықтары салдарынан көш бір жола тоқтады десек те болады. Ендігі қадам – Қазақ елінің азаматы болғысы келген қазаққа барлық кедергіні алып тастау. Бұл ұсыныс — мәжіліс пен сенат қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберген «Көші-қон» туралы заңнан біршама көрініс тапты.

-Әңгімеңізге рақмет. Еңбектеріңіз жемісті болсын.

Сұхбаттасқан Шолпан Рақымқызы

Дереккөзі: zanmedia.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі