///

Сәндекеңнен қалған тұяқ

1121 рет қаралды
9

1450694676_1504520_737479983049604_5312060297949934073_nСонау бір өмірдің елесі есіме оралып отырғаны. Ол кезде есімді еміс-еміс білемін. Қобда өзенді жағалап біздің ауыл қыстап отыратын. Ауылдың төменгі жағында Әндібай, Сәндібай деген руы Керей ішінде Базарқұл аталардың ауылы болды. Әндібай ата жайлы ақпарат жадымда жоқ, ал Сәндібай атамыз бүкіл ауылдың сынығын таңған алыс-жуыққа белгілі оташы адам еді. Әлдебір себептермен ол кісінің алдына менің де барғаным бар. Бірде таңертең ұйқыдан ояна салысымен иығымды көтере алмай, зар қақсағаным бар. Не болғанын түсінбей әжем (апам) келді, әкем мен анам жетті үрейлі түрде. Көрші үйдегі Кіші ағамды (Құмарбек, әкемнің жамағайын туысы) шақырды. Бойы ұзын, екі қасының арасы қосылған, кең иықты, алпамсадай осы бір қара сұр кісінің түсі сұсты еді. Үнемі қорқып жүретінмін, өзгені білмеймін, Кіші ағамның сұлбасы көрінгенде кірерге тесік таппай кететінмін. Сол Кіші ағам кіріп келгенде, таң атқаннан жылап отырған басым, жылауымды кілт тоқтаттым. Ол кісі иығымды ары-бері ырғап көрді де, «буыны шығып кетіпті» деді.

Енді қайттік, иығым болса шыдатпай барады.

– Cәндекеңе барамыз, киін, – деді әкем. Анам ептеп жүріп киіндірді, қолымды мойнымнан асып, іліп қойды.

Жазда жайлауда едік, көл жағалай ақшаңқан киіз үйлерді тігіп отыратынбыз. Сәндекең үйі жоғары жақта, қыратта, ауыл тұрғындары үшін арнайы салынған дүкендер – қоржын тамдардың артында болатын. Асықпай аяңдап келсек, ол кісілер таңғы шайын алдарына енді алып жатыр екен. Бізді көріп, кәукелектеп, төрге оздырды.

– Баланың қолына не болған? – деді Сәндібай ата мені көргеннен.

– Иығын шығарып алыпты. Жайсыз ұйықтап қалған секілді, – деді әкем. Сәндекең ақсақалдың түсі өте жылы еді, еппен ғана, иығымды ұстап көріп, буынын бірден тапты да, «өзі бір ақылды бала екен, қандай батыл, жыламайды да» деп көңілімді аулай бастады. Оның менің көңілімді аулап отырғанын қайдан білейін, сол сөз маған қатты әсер етті,  көзімнен жас ыршып кетсе де, намысқа тырысып, оны көрсетпеуге тырыстым. Буын орнына түсті, қақсағаны басылды.

Осы бір жайсаң қарттың Қауан деген ұлы, Күнікей деген келіні болды. Шиеттей-шиеттей оншақты баласын артқа тастап, екеуі де бірінен кейін бірі о дүниеге аттанып кете берді. сол Қауан қарттың Сағирахан деген қызы менімен бірге оқыды. Шиеттей ұлдар мен қыздарды өсіріп жеткізу, Сәндекең мен Наушарбан апаның иығына түсті. Қолы алтын, қандай күрделі сынығыңды да буынын тауып орын-орнына салып, тастай қылатын Сәндекең бүгінгі аранын ашқан емшісымақтар сияқты емес, ақысына ештеңе тілемейтін. Оның шиеттей немерелерін жеткізуі керектігі, кемпірі екеуінің де мардымсыз зейнетақысына иек сүйеп отырғаны көп адамның миына кіріп шықпайтын. Ол заманда көйлек жыртылмас, көңіл қалмастық базарлықпен ғана құтылатын еді ғой жұрт. Шіркін, бүгінгі күн өмір сүргенде, әрбір салған сынығына өкіртіп тұрып ақша алар ма еді. Алайда қарапайым ғана қазақы тірлік кешкен ол кісінің атағы алыс-жуықтағы ағайынға дүрілдеп жетіп жатушы еді. Оның оташылығын естіп жанына дауа іздеп қаншама адам келді десеңізші. Әкем қолын сындырып алғанда, «Әттең Сәндекеңнің қартайып көзінің қарасының әлсіреп қалғаны-ай, әйтпегенде менің қолым бұлай жансыз қалмас еді» деп өкінетін.

Сол Сәндекең ауылын апам «төркінім» дейтін. Алтайдан ауғанда 16-17-дегі өрімдей жас қыздың туған-туысқандары Алтайда қалыпты да, апам жалғыз атаммен бірге ауған екен.  Екі ел арасындағы темір тордың салдарынан апам төркінінен ешкімді көре алмай кетті. Ал жамағайыны Сәндекең ауылын туғанындай көріп, өле өлгенше бізге аманаттап кетті. Қыз қартайғанда төркініне төркіндеп барып, «ақыреттік» алатын дәстүр бар екен. Апам сол Сәндекең ауылына төркіндеп барғанда мені ертіп барды. Бұл салттың қандай маңызы барын әлі күнге түсінбеймін. Бірақ арнайы сәлем айтып, «төркіндеп қайтсам» деп бұйымтай айтып жіберді де, біраз уақыттан кейін осы ғұрыпты орындауға аттанды.

Сол Сәндібай атаның Қауан ұлынан туған Қайролданың ұлы Мұратбек кеше «Қазақстан дауысының» иегері атаныпты. Тәуба, орнында бар оңалар деген осы. Ал, оның Сәндекеңнің ұрпағы екенін естігенде, көңілім бір босап, сол бір ерекше қарттың есіме түсе қалғаны. Мұратбек сені сол Сәндекең қарттың аруағы қолдаған болар! Ол кісі жұрттың батасын көп алған адам еді, сол елдің шапағаты оның ұрпағына дейін жетіп, алқап жатқан болар!  Алғаш көргеннен сені біреуге ұқсатып отыр едім, бірақ кімге, түсің өте таныс сияқты болды да тұрды. Сөйтсем, Күнікей шешеміздің бейнесін көз алдымызға келтірген екенсің…

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Парақшамызға жазылыңыз

9 Comments

  1. Мұратбектің талантына өнеріне біздің керейдің береке бірлігі қосылып осы баланы жеңіске жетеледі деп ойлаймын. Кімнен сұрасамда барлығы дауыс бергенін айтады. Құдайым осы береке бірлігіңнен айырмасын!

  2. Мұратбекті барша қазақ жұрты,барша қазақ елі қолдап дауыс бергені сөзсіз.
    “Көл толқыса -жар құлайды,
    Көп толқыса -хан құлайды”-
    деген сөз бар емес пе. ..

  3. Мұратты мұрат етіп жарқыратып шығарған Қазақстанның белді әншісі Нұрлан Албанның еңбегі еленсе екен сөйлегенде аузынан бал таматын, қазақтың әндерін айтқанда әр қазақтың арқасын қоздыратын Нұрлан Қазақстан дауысы жобасына екінші рет ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДАУСЫН шығарып берген жоқ па!!!

  4. бəрекелді бауырым жарадың жеңісің құтты болсын əрдайым биіктен көріне бер атақты күйші болған дүйім қазаққа аты танылған Дайрабай атаңның аруағы риза болып қолдап жүрсін

  5. Бұл бауырымыздың Моңғолдан келгенін естігенде еріксіз бүйіріміз солай бұрылды. Əрине өте өнерлі бала екен. Дегенмен де соңғы гранд финалда халықтың дауысы арқылы ғана жеңіске жететін шарт қойылғандықтан жеңіліп қалу қаупі де бар еді. Жанұшырып дауыс берістік. Өз туған бауырымдай қатты қобалжыдым. Бұл баланың өнерін көре отырып үнсіз қалу мұңғылда туып өскен əр қазақ үшін үлкен сын болар еді… Жерлес ағайындар жарайсыздар! Береке-бірліктеріңіз арта берсін! Мұратбек бауырымызды жеңісімен құттықтаймын!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі