///

Төл мерекелеріңізбен, әріптестер!

1489 рет қаралды

Журналистика саласында еңбек етіп жүрген барлық әріптестерімізді кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз! «Арқалағаны – азап, жегені – жантақ» (Шерхан Мұртазаның сөзі) делінген анықтамаға журналистердің барлық сипаттамасы сыйып кетеді деп ойлаймын. Өйткені, журналист дегеніміз – қара халық пен билік арасындағы көпір. «Төртінші билік» деген атауды тектен-текке теліп жүрген жоқ, жұрт.  Дегенмен, соңғы жылдары журналистиканың да қадірі кете бастады. Бұрын ақпараттан ығатын шенеуніктер енді пысқырып та қарамайтын болды. Керісінше, журналистерге звондап, қоқан-лоқы көрсетіп, олардың кәсіби қызметіне бөгет болуды мақсат ететін шенеуніктердің саны артып келеді. Содан болар, қазіргі ақпарат билікке аса лояльды, тіпті биліктің сойылын соғатын, оның үгітші-насихатшысына айналған журналистикаға айналып барады. Кеңестер одағы құлаған 25 жылда үгіт-насихаттың – журналистика емес екендігін түсініп қана қойған жоқпыз, оның сан-саналы қызметі, миссиясы барын да түйсіндік. Бірақ, өкінішке қарай, қазіргі қазақ журналистикасы сол миссияның үдесінен шыға алып жүр ме? «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының сәуір айындағы мониторингісі бойынша, жыл басынан бері БАҚ-қа және азаматтарға сөз еркіндігіне, ақпаратты алу және таратуға орай, жала жабу қорлау бойынша – 39, әлеуметтік, ұлттық, діни алауыздықты қоздыру мәселесіне орай 5, терроризмді насихаттағаны үшін – 1 адамға, біле тұра жалған ақпарат тарату бабы бойынша – 5 адамға, ар-намыс іскерлік беделіне нұқсан келтірді деген айыппен – 33 адамға кінә тағылған. Тек 21 мамырдағы жер сатуға байланысты бейбіт шерулерді жазуға және оны халыққа таратуға барған 55 журналист қамауға алынған. Яғни, журналист өзінің заңды қызметін атқару барысында да (заң бойынша, ереуіл, бейбіт шерулерді түсіруге немесе хабарлауға барған журналистер жауапқа тартылмауы тиіс) құқық қорғау орындары тарапынан қысымға ұшырауда.

Қазір Қазақстанның Қылмыстық кодексінде журналистердің қызметіне арналған бірнеше бап енгізілді. Олар: ұлттық, діни, әлеуметтік және тілдік араздықты қоздыру мәселесі; жалған ақпарат тарату мәселесі; терроризмді  дәріптеу; сепаратистік пиғыл таныту;  жала жабу және қорлау т.т.

ЕҚЫҰ Қазақстанның төрағалығына разылығын бере отырып, Қылмыстық кодекстегі жала, жабу және қорлау, діни араздықты қоздыру баптарын ізгілендіруді яғни, азаматтық іс бойынша қарастыруды ұсынған болатын. Одан бері де 6 жыл өтті. Журналистердің қылмыстық жауапкершілігі күшеймесе, азаймай отыр. Бұндай жағдайда сөз бостандығын талап етудің өзі оңайға түспейтін шаруа болып тұр.

Сөз бостандығын өлшейтін Freedom house халықаралық қорының индексі бойынша, біз «бостандығы жоқ ел» қатарына жатады екенбіз. 199 елдің ішінде сөз бостандығы жағынан 185-ші орынға табан тіреппіз. Бұл елдегі саяси оппозициямен күрес және тәуелсіз ақпарат құралдарын жабу және бейбіт шерулерге салынған тыйымдар арқылы өлшенген. Сол себепті Қазақстан ақпарат құралдарында саяси ақпараттан гөрі, жеңіл-желпі, көңіл-көтерушілік трендке айналды. Сайқымазақ бағдарламалардың көрермендері де сайқымазаққа айнала бастады. Ал сауатты оқырманды тәрбиелейтін сауатты бағдарламаларды, мақалаларды шам алып жүріп іздейтін болдық. Ендеше, төл мерекеміз құтты болсын, дей отырып бүгінгі журналистиканы мүшкіл халінен құтқаруды біз тағы да өз міндетіміз деп есептейік, әріптестер!

Есенгүл Кәпқызы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері