//

Ғалым Боқаш: үлкен кісілердің құшағы балаңыз үшін “қауіпсіз территория”

1493 рет қаралды

 

OLYMPUS DIGITAL CAMERA
 

Қадірлі достарым, жас бала тәрбиесіне қатысты жеке чатқа түсіп жататын өтініштеріңізге ыңғайлап ортақ бір пост жазам деп уәде берген едім. Жауабым сәл созылып кетсе, айыпқа бұйырмағайсыздар. Педагог болмасам да, пост-советтік және батыстық білім беру жүйесі мен тәлім-тәрбие тәсілдерін қатар бақылап көрген адам ретінде тәжірибемді ортаға салуымды қалағандарыңызды түсінем. Мұндай сенім артқандарыңызға рақмет.

“Баланы басқа баламен салыстырып өсіру қаншалықты дұрыс?” деп сұраушыларға айтарым – мүлдем салыстырмаңыздар. Өйткені әр бала әрқилы отбасында туып, әр басқа құндылықтар ортасында тәрбиеленіп жатқан, әртүрлі қасиет, мінез және ерекшелік иеленген индивидуум. “Пәленшенің баласын қарашы, неге сол құсап от болып жанып тұрмайсың?” немесе “Түгеншенің баласы сияқты неге салмақты болып жүрмейсің?” деген ескертпелер баланың жігерін жасыта түседі, кемдік-қорлық сезімін тудырады, жоқ жерден Пәленше мен Түгеншенің балаларын жек көріп кетуіне түрткі болады, ең бастысы өзіне ғана тән ерекше қабілеті мен қасиетін бағалауы және дамытуы кешеуілдейді. Балаңыз: “Неге Пәленбай сияқты алгебра мен геометрияны жақсы түсіне алмаймын?” деп сұраса, “Қал-қадарың жеткен жерге дейін тырыс, қарғам, елдің бәрі математик болмайды, сенің тіл үйрену және тарихты зерделеу қабілетің ерекше, сол жағына көбірек күш салайық” деген жөн. “Түгенбай құсап дене шынықтырудан алда емеспін, әлжуазбын” деп қамықса, “Айналайын-оу, барлық пәннен сыпыра үздік шығу шарт емес қой, жүгіру мен секіруге жоқ болсаң да, есеп пен суретке күштісің. Әр адамның өзіне тән мықты қабілеті болады. Бұл өмірдегі мақсат – сол мықты қабілетті ұштап, қоғамға пайда қылу” деп үйреткен абзал.

“Бала тәрбиесіне қатысты ата-әже, ата-ененің кеңестеріне бұлжытпай құлақ түрген дұрыс па?” деген сауалға жауап беру қиындау. Бұл мәселеге қатысты ата-ананың дипломатия тәсілдерін қолданғаны дұрыс. Мысалы, ата-әжесі қазіргі заманауи технология құрылғыларынан хабарсыз болса, жаңа нәрсенің бәріне күдікпен қарап, немересінің барша компьютер, планшет пен смартфон атаулыны қолдануына қарсы шығуы мүмкін. Ондай жағдайда күн сайын аз уақыт бөліп, пайдалы қосымшаларды қолдану арқылы баланың сауатын ашатын һәм білімін тереңдететін тәсілдердің бар екенін үлкен кісілерге ең әуелі ұқтыру керек. Оның ең керемет бір жолы – үлкен адамдардың өзіне компьютер, смартфон мен планшетті қолдану тиімділігін сезіндіріп, түрлі ақпараттық және әлеуметтік желілерді пайдалануды үйретіп қою. Бірақ күнделікті тұрмысқа және жас сәбидің күтіміне қатысты (қонақ күту этикасы, жас баланың желін шығару, ішін жүргізу, кекірту, сылау, жабысқан жауырынын ашу, жотасынан тікен-түгін шығару, т.б.) үлкен адамдардың практикалық кеңестеріне құлақ асқан жөн. Өйткені бұл кеңестер – ғасырлар бойы сыналып, шыңдалған тәсілдер жинағы. Тағы бір маңызды жайт – үйдегі үлкен кісілердің құшағын балаңыздың ара-тұра пана табатын “қауіпсіз территория” ретінде сезінуіне қарсы болмаңыз. Ұсақ-түйек тентектігі үшін айыбын сезініп, сіздің ренішіңізден қорқып, ата-әжесінің қанаты астына тығылып жатса, ешқашан “аташкасы мен апашкасы бая-шая қып жіберді” деп баланың бұл қасиетті территориясына баса-көктеп кірмеңіз. Шекарадан қайтыңыз, тек ата-әжесіне немерелеріне нақты не мәселеге қатысты ескерту жасап қою керек екенін жеке жағдайда айта салыңыз. Бұлайша істесеңіз, ата-әжесінің де мерей-мәртебесі өседі, немересі де үлкен кісілерді ақылмен арқаланып, кейін қателігі үшін әке-шешесінен ғафу өтінуді үйренеді.

“Балаға дауыс көтеру керек пе, жоқ па?” деген сияқты сұрақтарға қатысты айтарым – баж-бұж етіп, бұрқ-сарқ қайнап ұрсудан пайда жоқ, көзіне тіке қарап тұрып, салмақты түрде ескерту жасау әлдеқайда әсерлі әдіс. Баламен қарым-қатынаста шын ашуланып, эмоцияға берілсеңіз, сөзіңіз өтпейді. “Өтірік ашулану”, яғни сергек ақылға салып зілділеу үнмен сөйлесу арқылы диалогтан мүлдем басқаша нәтиже шығара аласыз.

“Қыз бала тәрбиесінде әкенің алар орны қандай?” Әкелер қыз бала тәрбиесінде көбіне жұмсақ позициялы адвокат тарапқа айнала қалады. Шешесінен ескерту алған сайын қыз бала әкесіне шағымданады, оны өзін кез-келген жағдайда ақтап алатын қорған көреді. Бұл – тәрбие ісіне уақыт бөліп, күш шығарудан қашқақтайтын әлсіз әке стратегиясының салдары. Қыз өсіріп отырсын, я ұл өсіріп отырсын, ер адам тәрбие мәселесіне келгенде әйелімен бүге-шігесіне дейін келісілген ортақ стратегия қалыптастыруы керек. Сонда барып болашақта “қызың өзіңнің копияң, барып тұрған қырсық”, “ұлың сенен аумай қалған жалқау” деген әңгіме тумайды.

Келесі постымда компьютер ойындарына тәуелділік пен шетелде баланың ана тілі мен мәдениетін сақтап қалуы туралы сауалдарға білгенімше жауап жазам һәм ағылшын тіліндегі соңғы жарияланған тәрбие кітаптары туралы мағлұмат беруге тырысам.

дереккөзі ФБ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі