//

Ақмола, «Ақ мол, ә!»

1617 рет қаралды

Астана қаласының 20 жылдығына орай

Патша экспедицисы алғаш келіп тізгін тартқан жер «Қараөткел». Осының бірі-бүгінгі Президент сарайы мен Пирамиданың арасында болатын және ол «Кешудің Қараөткелі» аталыпты. Мұндағы «қара» үлкен деген мағанада. Ол жерден арба өтеді екен. Тарихшы, Гумилев атындағы Университеттің профессоры, осы өлкенің өткеніне жетік Баянбай Құсайынов Кешуді Қабанбайдың Қаракерейінің Қыржы руынан дейтін. Ал келесі Қараөткелді осы кісі мен өлкетанушы Клара Әмірова «Әу баста Бөгенбай батырдың сүйегін алып өткен «Қаралы өткел» деп атаған екен. Кейін келе қысқарып, ол да «Қара өткел» атанып кетіпті» деп түсіндіріп еді.
«Ақмола» атауының қалай шыққаны жөнінде әртүрлі жорамалдар айтылып жүр. Кейбір ресми адамдар еш қисыны жоқ дәлелдерді алдыға тартады. Осыған байланысты еш күдік туғызбайтын, сол кезден жеткен екі деректі алдыға тартқанды жөн көрдім. Омбыдан Жетісудың оңтүстік шығысындағы Шұбарағаш-Ойжайлауға дейін барып, Лепсі өзенінің бойында Ұлы Жүздің сұлтан, билерінің Ақ патшаға бодан болып, ант бергенін көзімен көрген А. Янушкевич 1846 жылғы 31 мамырда «Даланың болашақ астанасы- Ақмола» деп жазыпты. Ғажап! Бір жүз елу жыл бұрын қалай болжап, білді екен? Осы сапарындағы бір дерегін айтпай отыра алмадым. Адольф “Біз Құнанбай Өсербаевтың үійнде болдық…Алты айлық Ибрагим деген баласы бар екен” деп Ұлы Абайды жөргектен көргенін жазыпты.
Арада бес жыл өткен соң 1851 жылы Омбының коллегиялық (алқалық) хатшысы Уфимцев «Акмолинск при основании своем 1832 году назван по белому памятнику, находящемуся над киргизской (қазақтың) могилой, от города в 25 верстах, на сопке, лежащии вдоль реки Нуры. Слова Акмола» на языке туземцев выражает буквально «белую могилу». Между туземцами есть предание о могиле большого размера (улькун)…» деп жазыпты. (Статистическое опсание окружного города Акмолинска, области Сибирских киргизов) (ОММ. 345 Қор, 753 жазба, 126 бет)
Осы маңызды деректі талдау қажет.
1.Ақмола бекінісі тұсауы кесілген 1832 жылдан, Уфимцев дерек қалдырған 1851 жылға дейін небәрі он тоғыз жыл өткен. Тұсаукесерге қатысқан, «Ақмола» атауын қойған және оның қайдан шыққанын анық білетін адамдардың көзі тірі. Солардың айтуымен бекініс атауының дәл анықталғаны күмән туғызбайды. Оның үстінде Уфимцевтің қызметі аса жауапты дәреже болып есептеледі екен. Патшаның үкімімен тағайындалатын шен. Демек, ол індете тексеріп, әбден зерттеп, көзін жеткізіп қана жазған. Оған жалған дерек қалдырудың ол кезде ешқандай саяси, қоғамдық, тарихи, әлеуметтік қажеттілігі жоқ еді.
2.Қазақтар «Ақ патшаның қара жолы» деп атаған, көне, ат-арба жолымен жүрсеңіз тұп-тура жиырма бес шақырым жерде, оңтүстікке қарай, осы маңдағы ең биік қырдың үстінде Қаракерей Қабанбайдың ақ моласы бар. Ал қазір Астана қаласынан оңтүстік батысқа қарай, қалаға жақынырақ, Тайтөбе ауылының оңтүстігінде қыпшақ Нияз бидің зираты және бар. 1991 осы өңірге алғаш келіп Қаракерей Қабанбай батыр туралы дерек жинағанымызда ауыл ақсақалдары Нияз бидің моласы деп мұны емес, керісінше, ауылдың солтүстік-батыс жағындағы жазықтағы қыпшақтардың қорымындағы құлаған моланы көрсеткен-ді. 2001 жылы басқа бір қария да тап осы, ауылдың солтүстігіндегі молаға бастап барған. Көлемі жеті-сегіз адымдай құлаған үйінді әлі жатыр. Бірақ соңғы алты-жеті жыл көлемінде ауылдың оңтүстігіндегі жотаның беткейінде қыпшақ Нияздың моласы деп бір орын белгіленді. Бірақ келесі жылдары одан айнып, сол маңнан басқа бір жерге кесене салынды. Сонау жылдары Тайтөбенің ақсақалдары бұл жерді арғындардың қорымы деп еді.
3.Уфимцев қазақтардың “ақ” деген сөзінде “киелі” деген мағына бар екенін білмесе керек.
Қалай десеңіз де осы екі моланың-Қабанбай батыр мен Нияз бидің молаларының бірінен Ақмола атауы шыққаны анық сияқты. Бұл маңайда осы екеуінен басқа ол тұста көзге «мен мұндалап» түсе қоятын белгі болмаса керек. Айырмасы Уфимцевтің «үлкен» деп көрсетуінде ғана. Нияз бидің моласының көлемі кішірек, ені үш-төрт, ұзыны бес-алты адым үйінді төбешік сол қалпы әлі жатыр. Өткен күзде басына барып, дұға қайырдық. Ал Қаракерей Қабанбай батырдың құлаған үйіндісі 1991 жылы Талдықорған облысынан үлкен делегация келгенде ені мен ұзыны жиырма адымдай еді Молалардың көлемі тұрғысынан Уфимцевтің дерегіне Қабанбай батырдың моласы ұқсап тұр. Жаңа кесене ішке қарай опырылып түскен үйіндінің ортасын тегістеп, үстінен салынды. Жотаның ең басында. Жергілікті жұрт осы жердегі қалың молаларды-«Найман қорым», қырды-«Қабанбайдың тауы» деп атайды. Үш шақырым жерде, елдің айтуы бойынша Дарабоздың көз жұмған мекені-Қабанбайдың Үш бұлағы.
«Ертеректе қамал, қорғандарды «мола» деп атаған екен. Есіл, Нұра өзендері бойында ақ балшықтан салынған қамалдар болған. Ақмола атауы содан шыққан» деген сөз естіліп қалды. Бірақ, талай тіл маманымен сөйлестім, моланың мұндай мағына беретінін ешкім білмейді. Десе де, ауыздан шыққан соң бұл да бір пікір. Ал, «Ақ мол» деген, «Ақ мол, ә!» деген сөздер, тіпті, сын көтермейді. Арқа-әманда жылқы мен қойдың жері. Алты ай қыста тебіндеп, қолға қарамайтын осы екі түлік. Қазақ «ақ» деп сиырға қарата айтады ғой. Бұл жақта ол кезде сиырды алты ай қолда ұстау мүмкін бе еді? Сиыр тебіндемейді. Сондықтан мүйізді ірі қара онша мол болмаған.
Ақмола атауының қалай қалыптасқаны жөнінде әлі де пікірлер айтылар. Алайда, Уфимцевтің жазып қалдырғаны өте құнды, көкейге қонымды, сол тұстан жеткен жалғыз дерек әзірше. ФМұнан да дәл тарихи жазба дерек табылып жатса, нұр үстіне нұр.

Камал Әбдірахман,
Қаракерей Қабанбай батыр кесенесінің шырақшысы.
Астана.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі