///

Мыңжылқы БЕРДІҚОЖАЕВ: Вирустық пневмониямен ауырғандардың көбінен коронавирустың анықталмауы тестінің сапасына байланысты болуы мүмкін

5316 рет қаралды

 

Covid-19 бен пневмония статистикасы қосылып есептелетіні белгілі болғанда, еліміздегі пневмониямен ауырғандардың барлығы вирустық пневмония болмауы мүмкін, бактериалды пневмонияға шалдыққандарды бұл санатқа қоспаймыз деген мәлімет айтылды. Мінбер.кз оқырманға осы екі пневмонияның ара жігін ажыратып беру үшін «пневмония мен ковидті қосып есептеуіміз керек» деп дабыл қаққан   дәрігер, Алматыдағы орталық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімі меңгерушісі Мыңжылқы Бердіқожаевқа хабарласып, сұхбаттасты.

Вирустық пневмония мен бактериалды пневмонияны ажырату аса қиын емес

– Қазір пневмонияның бактериалды және вирусты түрі бар екені жиі айтыла бастады.Оны медициналық құралдар арқылы қалай анықтайсыздар ал екі ауруды белгілерінен ажыратуға бола ма?

– Пневмонияның вирусты және бактериялы түрлерінің айырмасы мынада – коронавирус кезінде тамақ құрғап кетеді де қақырық шықпайды. Ал бактериалды пневмонияда өкпе сырылдап, іріңді қақырық көп шығуы мүмкін. Ылғалды жөтел болады, сонымен қатар өкпені тыңдаған кезде өкпе сырылдайды әрі қытырлаған дыбыс естіледі. Ал вирустық пневмонияда ондай белгілер болмайды. Тек өкпенің тіндері жұмыс істемегендіктен тыныс алу қиындайды, оны дәрігер фанидоскоппен тыңдау арқылы анықтай алады. Сонымен қатар, зертханалық сараптама арқылы тексергенде бактериалды пневмонияда нейтрофильді лейкоциттер деңгейі қатты өзгермейді, эритроциттердің тұну жылдамдығы (соэ) көтерілуі мүмкін. Ал вирустық пневмонияның алғашқы сатысында, керісінше, лимфоциттер көтерілуі мүмкін, бірақ цитогенді шторм деген бар, ол сепсистің бір көрінісі ол кезде лейкоциттер керісінше төмен түсуі мүмкін, лимфоциттер де өте қатты төмен түседі. Сосын короновирус пневмониясы кезінде тромбоциттер төмен түсуі мүмкін. Бактериалды пневмонияда біз ондай көріністерді байқамаймыз. Сонымен қатар вирустық пневмонияда D-димермен  ферритин көрсеткіші, с-реактивті белок жоғарылайды. Пневмониямен қатты ауырып жатқан адамның интерлейкин көрсеткішін (қабынумен қатар жүретін аурулардағы иммундық жауаптың көрсеткіші) анықтағанда оның жоғарылағанын көруге болады.

Екеуі екі түрлі әдіспен емделуі тиіс. Бізде ковид кезінде екеуін екі тәсілмен емдеді ме?

– Бактериалды пневмония кезінде бірден антибиотик тағайындалады, ал вирустық инфекция 80 пайыз жағдайда жеңіл өтуі мүмкін. Сондықтан бірден оған бактерия қосыла қоймайды және пневмонияның симптомдары өздігінше қайтуы мүмкін. Сол себепті жеңіл және орташа вирустық пневмонияға антибиотик тағайындаудың қажеті жоқ. Ол организмнің микрофлорасын бұзып зиян келтіруі мүмкін, бірақ оң әсері болмайды. Дегенмен қант диабеті бар, қан қысымы көтерілетін, жүрегі ауыратын науқастарға антибактериалды ем тағайындалады, өйткені олардың иммунитеті әлсіз болған соң бактериалды инфекция тез қосылып кетуі мүмкін. Вирустық инфекция антибиотиктермен емделмейді.

– КТ да бактериалды пневмонияны вирустық деп қате көрсетуі мүмкін бе? Мәселен ковидтен қабынған өкпе «матовое стекло» тәрізді болады дедіңіздер, ал бактериядан қабынған өкпе қалай көрінеді?

– Вирустық пневмония кезінде көрініс екі жақты болады, әдетте өкпенің артқы жағы және көбіне төменгі бөліктері зақымдалады, бірақ жоғары бөліктерінде де болуы мүмкін. Ал бактериалды пневмония көбіне бір жақты болады, ол кезде «матовое стекло»көрінбейді. Бактериалды пневмонияға тән көріністе вирус бронхыға шамалы жақын болса, вирустық пневмонияда  бронхыдан алыс және өкпенің қабырғаға жақын бөлігінде жатады. Бактериалды пневмонияда көбінде өкпенің бір бөлігі зақымданады, вирустықта екі жағы зақымданып, көрінісі классикалық болады. Сол себепті екі пневмонияны ажырату оңай. Әрине кейбір науқастар бұрынырақ немесе жақында ғана бактериалды пневмониямен ауырған болса дәрігер аздап  шатасуы мүмкін. Туберкулездық пневмонияда да айырмашылық бар, егер дәрігер диагноз қоюға қиналса онда оған фтизиатор мен пульмонологтың қосымша кеңесі қажет болады.

– Ковидте көбіне қан қоюланатынын білдік. Қан тек өкпеде ғана ұйып  қала ма әлде басқа органда да ұюы мүмкін бе?

– Бұл вирустық васкулит. Васкулит дегеніміз қан тамыр қабырғасының қабынуы, ол барлық органдарда көрінеді бірақ, өкпе фильтр секілді болған соң сол жерден бірінші байқалады және оның симптомдары анық көрінеді. Ұйқы безінде болса қант деңгейі көтеріліп, бауырда болса ферменттер деңгейі жоғарылап, бүйрек қызметі нашарлауы мүмкін, мида энцофалит ретінде өтеді. Оның барлығы айтылып жазылып жатыр. Бірақ көбіне өкпе зақымдалады.

– Пневмонияда қабынған өкпе клеткалары қайта қалпына келе ме?

– Әрбір қабынудан кейін, оның ішінде өкпе тіндері қабынған соң тыртық қалып немесе фиброз болуы мүмкін. Ол өкпенің қабыну көлеміне байланысты, егер өкпенің аз бөлігі қабынса толық жазылып кетуі мүмкін, орташа деңгейде болса фиброз (созылмалы қабыну нәтижесінде пайда болатын дәнекер тінінің көбеюі) белгілері қалады, ауыр пневмония кезінде фиброз белгілері үлкен болып қалып қалуы мүмкін.

–  Қытай елінде пневмонияны жеке қарастырған жоқ. Дегенмен оларда вирустың өкпеге шабуы біздегіден аз болды. Неге вирус біздің тұрғындардың өкпесіне тез шапты деп ойлайсыз?

– Қытай елінде де пневмония кездесті. Адамдардың дем жетпей көшеде құлап жатқан видеосын көрдік, ауруханаларда да дем жетпей қалғандар болды. Италия мен Испанияда да дәл біздің елдегідей адамдардың дем жетпей қайтыс болып жатқанын білдік. Сондықтан статистикада аса айырмашылық жоқ секілді, вирус 80 пайыз адамда жеңіл өтеді. Бірақ коронавирус жұқтырған барлық жағдайда дерлік өкпеде өзгеріс болады. Сол себепті Қытай еліндегі науқастар мен біздің елдің арасындағы науқастардың арасында аса айырмашылық жоқ. Тек қана ПТР тест пен жедел тестің сапасын тексерсе дұрыс болатын еді, сол жерде бір қателік кеткен сияқты.

– Дәрігер ретінде жедел тестің дұрыс көрсететінін пайызға шаққанда қалай бағалар едіңіз?

– Шамамен жарты жағдайда дұрыс көрсететін сияқты, өйткені кейбір адамдарда қате көрсетіп жатыр, Кейбіреулерде тест тек 10 күннен кейін ғана көрсете бастайды. Ал ол он күн ішінде ауырған адам қажетті емді алып бітеді. Ал одан кейін тестің қажеті шамалы. Вирустық пневмонияны нақты көрсететін әдіс – компьютерлік томография. Ол 99 пайыз дұрыс көрсетеді.

– Пневмониямен ауырғандардың көбінен тест вирус тапқан жоқ. Бұл вирустың төменгі тыныс жолына өтіп кеткенін білдіре ме? Ол көбейетін вирус болса логикалық тұрғыдан барлық тыныс жолында тұра беруі керек емес пе?

– Алғашқы сатыда вирус мұрын мен жұтқыншақта болады дейді, кейін төмен түсіп кетеді дейді. Бірақ тест сынамалары бәлкім қате алынды немесе тест сапасыз болды, соған орай көп жағдайда анықталмай жатыр. Бірақ сол науқастардың ИФА әдісімен сандық нәтижесін тексеру кезінде компьютерлік томография және қан анализы олардың ковидпен ауырғанын растады.

– Бактерия мен вирустың айырмашылығын қарапайым оқырманға түсінікті етіп айтып бере аласыз ба?

– Бұл мектепте биология сабағынан өткен барлығымызға таныс ұғымдар ғой. Вирус дегеніміз прокариод, эукариод деп жіктеледі. Вирус прокариодқа жатады яғни оның ядросы болмайды, онда тек ДНК мен РНК ның бөлшектері ғана кездеседі. Ол толықтай өз алдына дербес организм емес, оның көлемі өте кішкентай болғандықтан көбею үшін тірі клетканың ішіне кіріп оның қабілеті арқылы дамып, көбейеді. Ал бактерия вирусқа қарағанда күрделі организм. Өзінің ядросы, клетканың барлық элементтері бар организм. Сондықтан оның салмағы да вирусқа қарағанда әжептеуір.

– Қазір ковид туралы роликтерде дәрігерлер температураны бес күнге дейін түсіріп бес күнде нәтиже болмаса ғана дәрігерге қаралу керек деп айтып жүр. Өзіміз 38,5 температураны қайта-қайта түсіргенде үш күнге ғана шыдадық. Бес күн ішінде ауру асқынып кетпей ме?

– Корорнавирустың бір ерекшелігі температура бір апта шамасында болуы мүмкін және 4-5 күні біртіндеп 37, 5 тен төмен түсе бастайды. Сол себепті бес күн ішінде температураны түсіріп көрсін деген ұсыныс бар. Бірақ бес күн ішінде адам ентігіп кетсе онда пневмониясы асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Сонымен бірге созылмалы ауруы бар қауіп тобындағы 65 жастан асқан кісілер, қант диабеті, жүрек, қан қысымы, бронхы ауыратын адамдар ертерек дәрігерге хабарласып мүмкін болса дәрігердің бақылауымен ауруханаға жатып емделгені жөн.

– Ресми статистика жағдайдың тұрақталғанын айтады. Сізге көмек сұрап хабарласатындар азайды ма?

– Иә, көмек сұраған адамдардың саны азайды. Бірақ шілде айының соңына таман сырқатынан айыққан соң қалай күтіну керек екенін сұрайтын адамдар көбейді. Бұл локдаунның нәтижесі деп білемін, егер бұрынырақ қолға алсақ, біраз адамның өмірін сақтап қалуға болар ма еді?.. Дегенмен босаңсуға әлі ерте. Күзде, шамамен қазан айында аурудың толқыны күшеюі   мүмкін, сондықтан барынша сақтанған жөн.

– Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Назым Дутбаева

2000 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін бітіріп, 2000-2002 жылдар аралығында осы факультеттің магистратурасында білім алды.
2002-2005 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында Қазақстан телеарнасында редактор, 2007-2018 жылдар аралығында «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім редакторы болып қызмет атқарды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мағауия Cарбасов, “Отандастар” қорының вице-президенті: Қандастарға Қазақстан азаматтарымен бірдей мәртебе беретін “Қазақ куәлігін” дайындап жатырмыз

 Еліміз үшін шетелдегі қандастарымызбен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас өте маңызды. Өзге ел қазақтарына қолдау көрсететін  “Отандастар қорына” карантин

Алмат Қодасбаев, Алматы Кардиология орталығының директоры: Біздің адамдардың көбінде Қазақстан медицинасы туралы түсінік сонау 90-шы жылдардың деңгейінде қалып қойған

Жүрек қан-тамыры аурулары әлемде ең кең таралған дерттің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл

Еңбекшіқазақ ауданының ұстаздары: Интернеттің жылдамдығы нашар, бұл оқуға кәдімгідей кедергі келтіріп отыр

« – Камераны қос.                                                                                                           – Микрофоныңды өшір.                                                                                                         – Сендер көпсіңдер, мен