//

Қайрат Бодауханұлы: Қандастар мәселесін көтергенім үшін кінәлаған шенеуніктер болды

3164 рет қаралды

– Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың ха­лыққа арнаған биылғы Жол­дауы нағыз ел ішіндегі өзекті де­ген мәселелерге арналды. Өзі­міз баспасөзде жиі көтеріп жүрген, көптен бері ше­шімін күт­кен проблемалар Пре­зи­денттің назарына іліккені үміт сәулесін жақ­қаны рас. Жалпы, бұқараның мұңы­на құлақ түріп, шын мәніндегі «ести­тін Үкімет» құруға деген тал­пы­ныстар ел ішінде де жылы қабылданып жат­қандай. Сіз қалай ойлайсыз?

– Иә, бұл Жолдаудың ерекшелігі – ам­би­циялық емес, яғни қоғам­да­ғы қалып­тас­қан маңызды мә­се­лелерге шешім табатын бағыттарды белгілеуінде. Жасыратыны жоқ, бізде әжептәуір бағдарламалардың ая­ғы сұйылып кететін кездері аз емес. Соның ке­сірінен шешімін күт­кен мәселелер қор­даланып қала бе­р­етіні рас. Мәселен, де­мография және көші-қон мәселелері әлі бір жүйеге түскен жоқ. Тәуелсіздіктен кейінгі 30 жылға жуық уақытта рес­публика хал­қы­ның саны небәрі 12 пайызға өскен. Бұл орайда, нақтылы деректерді де айта кеткен жөн. 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Ресейден басқа мемлекеттердің ха­лық саны 21,0 пайыздан 68,0 пайыз­ға дейін өсті. Көршілес Қытай елінде – 21,8 пайыз немесе 350,0 мил­лионға өскен. Бұл өсім Қа­зақ­стан хал­қының санынан 20 есе ар­тық. Мұндай бірден-бір себеп – ел­ден көшіп кету. Қазіргі таңда Қа­зақ­станнан басқа елге көшіп кет­кен­дердің 43,8 пайызын 15-тен 34 жас­қа дейінгі жастар құрайды, бұл ең­бек ресурс­тарының тұрақты азаюын сипаттайды.

Айта кету керек, бұл жолғы Жол­дауда де­мографиялық жағдай­ды реттеу, бала тууды ынталандыру туралы айтылды. Ха­лық санының өсуін қамтамасыз ету, табиғи өсім­ді арт­тыру және көші-қон арқылы жү­­з­еге асырылатынын ескерсек, мүм­­кін­дік­терді біржақты қарауға бол­майтыны айқын. Біріншіден, Жолдауда Мемлекет басшы­сы мамандар жетіспеушілігін атап өтті. Мәселен, шеттегі 5,0 мил­лионнан астам қа­зақ диаспорасы арасында қаншама бі­лікті мамандар бар. Ол ел экономикасын да­мы­ту­дың негізгі факторы, өндіруші және тұтынушы. Бұл потенциалды пай­да­лану керек деп ойлаймын.

Екіншіден, шағын және орта биз­несті да­мыту үшін ЖІӨ үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жет­кізу көзделген. Бұл да қан­дас­тардың келуін ынталандыратын жә­не экономиканың дамуына ті­келей оң әсер беретін жағдай. Үшіншіден, Жолдауда ауылдың әлеуетін толық ашу мәселесі ст­ра­тегиялық маңызды болып қала бе­ре­тіні айтылды. Қандастардың бар­­лығы дерлік ауылдық мекендерге ор­­наласып жатқанын ескерсек, бос қалған қан­шама ауылдарды да­мы­туға мүмкіндік бар. Төртіншіден, Солтүстік аймақ­тар­дағы ауыл­дарда мұғалім, дәрігер жә­не ауыл шаруа­шылығы сала­сы­ның мамандары же­тіспейді. Осы тұрғыда шетелдердегі қан­дастар ара­сында білікті маман, тәжірибелі азаматтар қаншама. Қазір урба­ни­за­циялық үрдіс жалғасуда. Бұл – ауыл мен қала да­муын­дағы айтулы өзгешеліктің салдары. Кел­ген қан­дастар ауылға орналасып, ма­лын өс­іріп, егінін салып, тіршілігін жақ­сартуды көз­дейді. Басқасын былай қойғанда, осы ай­тылғандардың өзі көші-қонды ынта­ландыруға мүм­кін­дік беріп отыр.

– Президент Жолдауында заң­дар­дың тұрақтануы жайлы айт­ты. Бұл рет­те Көші-қон тура­лы заңның да тұ­рақ­танатын уа­қы­ты жеткен сияқты. Жалпы, Кө­ші-қон туралы заң қандас­тар­ға тиімді болу үшін не қажет?

– 1997 жылы қабылданған «Ха­лық­тың кө­ші-қоны туралы» заңға қаншама өзге­ріс­тер мен толық­тырулар енгізілді. Мәселе то­лық ше­шімін тапты деп айту қиын. Заң­ның орындалуы оның басқа сала­лық заң­дармен байланысы және Үкімет қау­лы­лары­мен қатар тиісті нор­мативтік-құқықтық те­тіктер­мен тікелей байланысты. Бұл орай­да, заңның іс жүзінде орындалмауы осын­дай заңдық құжаттардың рет­тел­меуі­нен. Бір ғана мысал айт­сам, 2019 жылы Қы­тай елінен Сол­түстік Қазақстан облы­сы­на қоныс аударған екі жас отбасы аза­мат­ты­ғын, мемлекеттен квотасын алған, бас­­па­на сатып алып, тіршілігін іс­теп отыр. Биыл дүниеге келген сә­биіне туу туралы куә­лік аларда: «Не­ке туралы куәлікті Қы­тайға ба­рып растатып кел, Әділет министр­лігі­нен жаңа нұсқау келген» деп сан­далтып қойған. Қазақстан Рес­публикасының азаматтығын алар кезде, тиісті жәрдемдер мен өте­ма­қыларды алғанда жарамды бол­ған құжат, осында туған сәбиіне құжат алар­да жарамсыз болып қалған. Бұл не мас­қара?! Менің ойымша, «Шет­елдегі қазақ диаспорасын қолдауды жә­не Қазақстанға оралуын» қамта­ма­сыз ететін, нақтылы тетіктері бел­гіленген заң қажет. 1948 жылы тәуелсіздік алған кез­де хал­қының саны 800 мыңнан ас­паған Израиль мемлекеті бір жа­рым беттен ғана тұратын «Израильге қай­ту» заңының нәтижесінде бүгін­гі күні 9,0 миллионға жетті. Тәжі­ри­бе керек болса, міне.

– «Асар» қоғамдық бірлес­тігі­нің не­гізгі мақсаттарының бірі – қан­дас­тар­дың баспаналы болуы­на қолдау біл­діру. Қазір бұл мәселе қалай жүзеге асы­рылу­да? Қандай жобаларыңыз бар?

– Бұл бастама 2000 жылдарда бас­талған еді. Басты себеп – сол ке­зең­нен бастап квота арқылы бас­пана берудегі жемқорлықтың ша­рықтауы, мемлекеттің эконо­ми­калық мүмкіншілігінің жетіспеуі. Біз халқымыздың «балық берме, қар­мақ бер» деген даналығын ай­тып, шеттегі 5 миллионнан астам қа­зақ­тың келемін дегендерінің бар­лығына баспана беру мүмкін емес, бұл келуді тежеу болады. Сон­дық­тан оларға қалаларға жақын ме­кендерден, болашағы бар ауыл­дардан үй салуға жер телімдерін және ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беру арқылы баспаналы болуын қамтамасыз ету тетігін жа­сау керек деген ұсыныспен шыққан едік. Сол кездегі Парламент депутат­тары Шәмшә Беркінбаева, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова секілді мықтылар бұл идеямызды қол­дап, Алматы қаласынан пилот­тық жоба бастағанбыз. Қазір Бай­бесік ауылында 200-ден астам от­ба­сы өз күштерімен баспаналы бол­ды. Әр үйде шағын өндіріс, цех бар, яғ­ни барлығы еңбекте. Шеттен кел­ген ағайындар көпбалалы екені белгілі. Отау көтерген балаларына қосымша үйін де тұрғызып беріп жа­тыр. Бұл бастама Павлодар, Ақ­тау, Нұр-Сұлтан қалаларында жал­ғасын тапты. Қазір Нұр-Сұлтан қа­ласында арнайы жобамен Нұр-Бесік тұр­ғын үй кешені бой көтеруде. Алай­да мемлекеттен бір тиын да несие берілмеді, керісінше мем­ле­кетке 40,0 миллионнан астам тең­генің пайдасын кіргіздік. Тіпті, сал­ған үйлерінің жер телімдерін заң­дастырудың өзі жоғарыдағы ай­тылған заң актілерінің қарама-қай­шылығы және әкімшілік ке­дер­гілерінің салдарынан дұрыс ше­шіл­мей отыр. Мұндай жағдайда, атал­ған жоба жалғасын табуы мүмкін бе? Мемлекет басшысы осы жолғы Жолдауында: «Жер үй тек тұрғын үй ғана емес, ол табысы төмен аз­а­мат­тар үшін, әсіресе көпбалалы от­ба­сылар үшін экономикалық кө­мек бола алады», – деп атап өтті. Демек, жүйелі тетік жасалар деген үміт­теміз.

– Қаланың шетіндегі Нұр-Бе­сік ауылының мәселесі ше­шіле­тін болды ма? Бұл жөнінде кей­бір тұрғындар «Қоғамдық бір­лестіктің құжат мәселесінде сал­ғырттық танытты» деген де пі­кірі бар екен. Бұл жайлы не дей­сіз?

– Бұл мәселе жөнінде жоғарыда ай­тып кеттім ғой. Қосымша айта ке­тер жайт, қоғам тарапынан құ­жат­тарда ешқандай заңсыздық жоқ. Ондай болған жағдайда, мәселені шешпей отырған қала әкімшілігі баяғыда-ақ «қылмыскерді» атап қояр еді ғой. Барлығы заң шеңбе­рін­де, әкімшіліктің тиісті нұсқау хат­тары мен арнайы шарт негізінде жүр­гізілді. Мемлекеттің ешбір кө­мегінсіз барлық үйдің сызба-жо­балары, ішкі жүйелердің (жол, су, кә­різ, электр, газ жүйелері, тротуар) жо­балары жасалып бекітілген. Тиіс­ті рұқсат алынған. Өткен жылдан бас­тап салынып біткен үйлерді қа­былдауға алып, техникалық құ­жат­тарын тиісті мекемелерден өткіздік. Ары қарай, толық үй иесі ретінде құ­жат алу үшін тиесілі жер телім­де­рін заңдастыруға келгенде әкім­шілік «сатып алыңдар» деген уәж ай­тып, халықты әбігерге салып қой­ды. Мәселені Президент және «Nur Otan» партиясы деңгейінде кө­тердік. Бір шаршаған ағайынның ха­лін сұрағанда: «Жайымды неге сұ­райсың, айтсам өзің жылайсың» деген екен. Мұндағы айтқым кел­гені, бізде егер мемлекеттік ме­ке­ме­нің заңсыздығы немесе проб­ле­ма­лар туралы жоғары деңгейдегі ор­ганға өтініш-шағым жазсаң, оның жауа­бын сол мекеме немесе әкім­ші­лік өзі береді. Ондай жағдайда әді­лет­тілік орнына әкімгерлік, жем­қор­­лық, қағазбастылық пен көз­бояушылық үстемдік ететіні тү­сінік­ті. Соңында мәселе шешілгенді қойып, сол мәселені көтерген адам жеккөрінішті болады. Әкімшілік есігі ол үшін әрқашан «тарс жабық». Жоғары деңгейдегі бір шенеуніктен «Оралман мәселесін көтеріп, бізге проблема тауып бердің» деген «сө­гіс» те алдым. Қазіргі жағдай осын­­дай. Қазақстан Респуб­ли­ка­сының әр азаматы баспана салуға 10 сотық жер теліміне ие болу құқығы беріл­ген деген заң тармағы қағаз бетінде ғана тұр. Бірақ бұл мәселені шешуге әлі кірісудеміз.

– Еліміздің көптеген елді ме­кенін аралап, қандастардың ты­ныс-тіршілігін зерттеп, өзіңіз­ше мониторинг жасап жүр­геніңізді білеміз. Қандай ой түй­діңіз?

– Мәселені ашық айтқан дұрыс, ауыл­дың жағдайы ауыр. XXI ғасыр­да сусыз, жолсыз, байланыс жүйе­сінсіз отырған ауылдар жеткілікті. Кей­бір ауылдарда әр сыныптан 2-3 баладан, бірнеше сынып бірігіп оқитын мектептер бар. Ондай жағдайда қандай сапалы білім, са­налы тәрбие берілетіні айтпаса да тү­сінікті. 15-16 оқушысы, 20-дай жұ­мысшы-қызметкері бар мек­теп­тер бар. Ауыл халқының жеке­мен­шік малын жаятын, жем-шөп дайын­дайтын жерлері жоқ. Ол ла­ти­фундистердің қолында. Не өзі, не өзге жемісін жемейді. Ауыл әкімі жер иесінің атын айтудан қорқады. Міне, ұлан-байтақ даламызда қа­зақтың малын жаятын жері жоқ бо­лып отыр. Президент Жолдауын­да да бұл мәселе көтерілді. Ал қуан­тарлық жағдай – Қытай, Моңғолия, Өз­бекстаннан қандастар келіп жа­тыр. Бір ауылдың әкімі: «Қандастар келіп, ауыл мектебі сақталып қалды, ауылға жеміс-жидек егіліп, табада нан пісіріліп, ақ тамақтың түрі жа­салып дастарқан түзелді. Ауылда Наурыз мерекесі тойланып, қазақша киініп, домбыраның үні шарықтап, әндер шырқалып жаңғырып жа­тыр­мыз» деп ағынан жарылды. Өкі­н­іштісі, тағы ағайындардың малын өсі­руге, шағын несиелер алып, кә­сібін дөңгелетіп кетуіне мүм­кін­ші­лік аз. Орысша дайындалатын сан-он­даған құжат, толып жатқан ко­мис­сия қарауы… Президент Жолдауындағы жер­гілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту үшін ауыл әкімдерін сайлау ар­қылы құқығы мен жауапкер­ші­лігін арттыруға байланысты ұсы­ныстары бұл мәселенің де түйінін ше­шер, бәлкім.

Сұхбаттасқан Бақытбек ҚАДЫР

www.turkystan.kz

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі