//

Зейнетақы қорынан кім қанша қаражат ала алады?

638 рет қаралды

ҚР Президентінің жылдағы халыққа Жолдауында “2021 жылы 700 мың БЖЗҚ салымшысы жинақтарын баспана сатып алуға ала алады” делінген болатын. Содан бері бұл мәселе қызу талқылануда. Сонымен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан кім қанша қаржыны, қандай мақсатта пайдалана алады?

Еңбек және халықты әлеумпеттік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің түсіндіруі бойынша зейнетақы қорынан ақша алу үшін сіздің есепшотыңыздағы қаржы белгілі бір шектен төмен болмауы керек. Мәселен, егер сіздің жасыңыз 30-да болса, сіздің есепшотыңызда 2 млн. 518 мың теңге болуы керек. Егер қордағы ақшаңыз бұдан асып кетсе  ғана сіз сол қаржыны ала аласыз. Сонымен жас бойынша сараптап көрсек:

30 жас үшін – 2 млн. 518 мың теңге;

35 жас үшін – 2 млн. 961 мың теңге;

40 жас үшін – 3 млн. 437 мың теңге;

45 жас үшін – 3 млн. 947 мың теңге;

50 жас үшін – 4 млн. 495 мың теңге;

55 жас үшін – 5 млн. 084 мың теңге;

59 және одан үлкен жас үшін – 5 млн. 586 мың теңге.

Министрдің айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін ала алатындар:

  1. Зейнетақы қорында жинағы бар, жұмыс істеп жүрген азаматтар (жинағы жеткілікті мөлшер шегінен асқан жағдайда). Қазір Қазақстанда мұндай 529,7 мың азамат бар. Зейнетақы қорында жиналған қаражаттың негізгі мақсаты – азаматтарды зейнет жасына жеткен кезде қаржымен қамтамасыз ету. Сол себепті, зейнетақы қорындағы жинақты түгелімен алуға болмайды, қаржының бір бөлігі міндетті түрде қорда қалуы тиіс.
  2. БЖЗҚ-да жинағы бар, зейнет жасына жеткен кісілер қордағы қаражатының 50 пайызына дейін пайдалана алады. Қазір Қазақстанда 178,4 мың зейнеткердің жинағын пайдалануға мүмкіндігі бар. Бұл санатқа құқық қорғау саласының зейнеткерлері де кіреді. Бұл санаттағы азаматтардың мемлекеттен алып отырған зейнетақысы, базалық зейнетақы және БЖЗҚ алып отырған төлемдерді қосқан кезде оның зейнетке шыққан кездегі табысының кемінде 40 пайызынан төмен болмауы керек. Қазір Қазақстанда бұл көрсеткіш 63 пайызға жетіп отыр.
  3. Зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және сақтандыру қорына аударғаннан кейін БЖЗҚ-да жинағы қалған азаматтар (шамамен 13,3 мың адам).

“Осылайша, қазіргі уақытта 721 мың азамат зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалана алады”, – деді Біржан Нұрымбетов.

Зейнетақы қорынан алған қаражатқа қандай тұрғын үй алуға болады?

Министрдің айтуынша, қордағы жинақтан алған қаражатты

  • жер учаскесін сатып алуға;
  • қайталама нарықтан үй алуға;
  • ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру немесе өтеуге (кез келген екінші деңгейлі банкте, кез келген бағдарлама бойынша);
  • тұрғын үй салу, жөндеу немесе кеңейтуге жұмсауға болады.

Тұрғын үйге қатысты бір ғана шектеу қарастырылуы мүмкін: зейнетақы қорынан алынған қаржыға сатып алынған үйді 5 жыл ішінде қайтадан сатып жіберуге болмайды.

Зейнетақы қорындағы қаражатты тұрғын үй мәселелерін шешуге жұмсау процесін қадағалайтын уәкілетті оператор Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі (“Отбасы” банкі) болмақшы. Ал, қандай құжаттар тапсыру керектігі туралы ережелерді Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі белгілейді.

Зейнетақы қорынан алған қаражатты емделуге жұмсаудың тәртібі қандай?

Осы мәселені қадағалау мақсатында денсаулық сақтау басқармалары жанынан арнайы комиссиялар құрылады деп болжанып отыр. Олар ем-дом қажеттілігін айқындайды. Азаматтар емделетін клиниканы таңдаған соң, өзінің өтінішін уәкілетті операторға тапсырады. Ал, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті операторды алдағы уақытта Үкімет белгілейді. Жалпы, зейнетақы жинағын емделуге жарату тәртібін, қағидаларын Денсаулық сақтау министрлігі айқындайды.

Зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігі басқа қаржылық компанияларға қалай ауыстырылады?

Салымшы өзінің БЖЗҚ-дағы зейнетақы қорын басқару үшін басқа қаржылық компанияларға ауыстыру үшін зейнетақы қорына өтініш беруі тиіс. Зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайды.

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілері жыл соңына дейін қабылданады. Ал, жоғарыда аталған санаттарға кіретін азаматтар зейнетақы қорындағы жинағының бір бөлігін 2021 жылдан бастап мақсатты пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

 

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Мағауия Cарбасов, “Отандастар” қорының вице-президенті: Қандастарға Қазақстан азаматтарымен бірдей мәртебе беретін “Қазақ куәлігін” дайындап жатырмыз

 Еліміз үшін шетелдегі қандастарымызбен мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас өте маңызды. Өзге ел қазақтарына қолдау көрсететін  “Отандастар қорына” карантин

Алмат Қодасбаев, Алматы Кардиология орталығының директоры: Біздің адамдардың көбінде Қазақстан медицинасы туралы түсінік сонау 90-шы жылдардың деңгейінде қалып қойған

Жүрек қан-тамыры аурулары әлемде ең кең таралған дерттің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жыл

Еңбекшіқазақ ауданының ұстаздары: Интернеттің жылдамдығы нашар, бұл оқуға кәдімгідей кедергі келтіріп отыр

« – Камераны қос.                                                                                                           – Микрофоныңды өшір.                                                                                                         – Сендер көпсіңдер, мен