//

Қашықтан оқудың түйткілдері

2493 рет қаралды
фото: 31-канал

«Суға салсаң батпайтын, отқа салсаң жанбайтын»,- деген тіркес бүгінгі күні ұстаздар қауымына қаратып айтылғандай. Қашықтан жұмыс жүргізуге машықтанып алған мұғалімдер, жоғарғы жақтан қандай бұйрық келсе де бір бұрқ етіп көтеріліп алып, оны тыңдар құлақ болмаған соң орындай беруге дағдыланып алған. Алайда таяқтың екі ұшы болатыны секілді дәл осы онлайн оқу басталғалы қашықтан оқудың тиімді жағы мен қиындығы бар екеніне сан мәрте көз жеткіздік. Ұстаздың сөзі мен оқушының қинала жауап қатқан жүзі бұл сөзіміздің басты себебі болып отыр. Бұл жолы мектеп директорынан бастап ата-анаға дейін қашықтан оқудың қиындығын жан – жақты талқылауды жөн көрдік.        

Мектеп директоры:                                                                                             

– Жалпы біздің елдің көп ауылында интернет желісі дұрыс ұстамайды. Бізге интернет келіп тұр. Тек мектебіміздің екінші қабатында ғана ұстайды. Бұның себебін біліп, мәселесін шешу үшін арнайы мекемелерге де хабарластық, бардық. «Әне жөндейміз, міне барамыз», –  дегеннен өзге ештеңе айтпағандарына екі жылдай уақыт болды. Бұл өз алдына жеке проблема. Ал оқушыларға келетін болсақ әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, көпбалалы отбасылар мен жартылай жетім, тұл жетім деген балалардың толық санын алып оларды ноутбук, ұялы телефон, планшетпен ақырындап қамтамасыз етіп келеміз. Осыдан бір апта бұрын еріктілер тобы Алматы қаласынан хабарласып 5 ноутбук, аудан тарапынан 10 Bilim book деген нетбук берді. Бүгін Алматы қаласынан 19 компьютер келе жатыр. Бірақ бір үйде бес бала оқитын болса да, жеті бала оқитын болса да бір ғана техникадан бере аламыз. Балалар бәрібір үй тапсырмасын кезекпен орындап кейбірі кешігіп жүктеп жатады. Техникамен қамтасыз етіп жатсақ та оған интернеті жоқ, немесе интернет қосуға ақшасы жоқ отбасылар бар. Бұл мәселені шешу үшін де мектеп мұғалімдері ай сайын 2000 теңгеден жинап жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға бірлік салып беруге, дәптер қаламын алып беруге жұмсағалы отырмыз.                                                                 Бастауыш сыныптар мектепке келіп екі кезеңмен оқып жатыр. Сынып жетекшілері мен сабақ беретін ұстаздарының айтуы бойынша балалардың оқуға аса құлқы жоқ. Оның үстіне дайындықсыз келетін көрінеді. Қазіргі таңда балалардың ата-аналарымен де жұмыс жасап онлайн жиналыстар өткізіп жатырмыз.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:                                    

–     17-інші қыркүйек күні жалпыға бірдей ата-ана жиналысы өтті. Бұл жиналысты мектеп әкімшілігі мен сынып жетекшілер бақылауға алып қашықтан оқу кезіндегі өзекті мәселелер туралы яғни психологиялық, педагогикалық, моральдық тұрғыда сөз қозғалды. Сол кезде ата-аналардың басым көпшілігі балалардың өзгергендігі, кей сабақтарды түсінбей жүргендіктері туралы айтқан болатын. Ағайынды екі үш баланың сабақ оқу барысында кезектесіп бір ұялы телефонмен тапсырма орындағандары, бірі үлгеріп екіншісі үлгермей қалса талас болып, бір-бірімен төбелесіп жатқан балаларда бар екен. Яғни қашықтан оқу балалардың бір-біріне деген бауырмалдығын азайтып, бір-біріне өштесетіндей жағдайға жеткізген. Жеке-жеке техникамен қамтиын десе ата-ананың қалтасы көтермейді. Содан не ұлына, не қызына жақтасып немесе қайсыcына ұрсарын білмей жүрген ата-аналар көп екен. Бұл жағдай күнделікті қайталана берген соң ата-ананың да жүйкесі тоза бастаған.  Өзім психолог ретінде айтатын болсам рас, қазір кіші сыныптың балаларына оқу үрдісі оңай тиіп жатқан жоқ. Қазір бірінші сыныпқа келген балалардың 70 пайызының ата-анасы 1990-1992  жылы дүниеге келген жастар екен. Осы ата-аналардың балалары мектепке түк дайындықсыз келген. Яғни мектепке барса ұстаздары өздері үйретіп алады деп не әріп, не сан үйретпеген. Ал оны бастауыш сынып мұғалімдері үйретуін үйретейін десе балалар ырыққа көнбей еркелеп, ұстаздарына жаман сөздер айтатын көрінеді. Әрине бала ғой деп түсіністікпен қарағың-ақ келеді. Алайда осы жасынан тәрбие алмаған балаға қандай білім беруге болады? Ұлы ойшыл Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас-жауы»,- деп қаншама ғасыр бұрын айтып кетті емес пе?!  Ата-аналар жиналысында осы жайлы да сөз қозғадық. Жас ата-аналар кейде балаларын өздері бағындыра алмай қалатын сәттер болады екен. Ертеңгі күні болашақтың тұтқасын ұстайтындар осы жас буын ғой. Тәрбиеге көңіл бөлмесек қашықтан оқымақ түгілі, мектепке келіп оқып жүрсе де дұрыс білім алмайтын, ұстаз тұрмақ ата-анасына бағынбайтын балаларды көбейтіп аламыз ба деп үрейленемін.

Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары:                                           

–   Жаңа оқу жылының қашықтан өткізіліп жатқанына да бір айдан асты. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында болған проблемалар әлі болып жатыр. Шынын айту керек, оқушылардың білім деңгейі төмендеп кеткен. Ата-ананың балаға білім беруге өз білімдері жетпей жатыр. Кейде ұстаздар қашықтан білім беру барысында оқушыға тапсырма дайындап үлгермей қалатын кездер болады. Неге? Себебі ауданға, облысқа, одан республикаға толтырып жіберетін қағаздарының саны көп. Негізінде бір мәселеге қатысты құжатты түрлі формада түрлендіріп жазғызады. Оның бәрін түрлі формада жазғызғаннан қандай пайда бар? Мұғалімдерді қағазбастылықтан босатса деп тілегенімізге де аттай 10 жыл өтіпті. Соңғы жылдары бұл тілегіміз қабыл бола ма десек, тіпті үсті-үстіне көбейтіп жіберді. Мұғалімдердің басым бөлігі қашықтан сабақ беріп, бала оқытудан емес, үйіп беретін қағаздардан шаршап жүр. Мектепке келе қалса да сабақ жайын емес, түрлі-түрлі құжаттарды жіберу керек  деген мәселе жайлы сөз қозғайды. Оның үстіне қашықтан оқу кезінде ұстазының қағазбен басы қатып жүргенінде, оқушысының қандай білімі болады? Анағанда, мынағанда ұстаздар жүгіреді. Болашақ ұрпақ білімді, білікті болып шықсын десек мұғалімдерді басқа пайдада пайдалануды қою керек.

Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі:                                                         

–  Қазір дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз. Алайда сүріп жатқан өміріміз кейде сөз жүзінде ғана дамығандығын көрсетіп қояды. Халықтың ІТ сауаттылығы төмендеу. Қолындағы қымбат ұялы телефонын қалай дұрыс пайдалану керектігін білмейді. Қашықтан оқу бізге осы нәрсені айқындап берді. Ата-аналардың көбі балаға сабақ оқыту барысында берілген платформаға кіре алмай, ол үшін ұстаздарды кінәлап, сабақтың алғашқы аптасында көп шу болған еді. Мектепке келіп мыналарың, аналарың дұрыс емес деп айқайлап кеткендер де болды. Ұстаздың қадірін енді түсініп жатырмыз, балалар тезірек мектепке оралса екен деген ақ тілектері мен жылы лебіздерін білдірген ата-аналар да жоқ емес. Мен қазір 5-9 сынып аралығындағы оқушыларға қазақ тілі мен әдебиет пәнінен  сабақ беремін.  Сабақты жүктеп салып, тапсырма бергенім мен олардан кері байланыс болмай тұр. Платформаны қолдана алмайтындар үшін  WhatsApp желісі арқылы тапсырма берсем балалар селқос қарайды. Тапсырмаларды барынша қызықты етіп, суреттермен ойнатып құрастырсам да балалардың қызығушылықтары жоғалып кеткендей.

Бесінші сыныптарды мектепке келіп оқыса деген ұсыныс тастар едім. Себебі бастауыш сыныпты бітіріп келген балаларға өзге де пәндер қосылып, сабақтары күрделене түсті. Қазақ тілінің негізгі бөлімдерін өтетін, бастапқы кірпішін қалайтын ережелер мен мәселелер осы бесінші сыныптан басталады.   Оны осы бастан түсінбесе онда келешекте баланың тіпті қызығушылығы жоғалып кетуі мүмкін. Бұл тек бір қазақ тілдің ғана емес басқа да пән ұстаздарының өтініші болып отыр.

Ағылшын пәнінің мұғалімі:                                                                       

–  Жаңа оқу жылы басталғанда барлық мектеп өздері платформа таңдаулары керек болған. Алайда ауданнан бізге келген бұйрық бойынша  «Bilim land» платформасын бәрің таңдайсыңдар делінді. Өзімізге таңдау құқығын берген жоқ. Еліміз түгел осы платформа арқылы оқып жатыр екен. Демек билік әр мектеп өздері платформа таңдайды деп сөз жүзінде әртүрлі платформаның нұсқаларын дайындағанымен де, пайдалануға берілгені осы болып отыр. Алайда платформа өзі құрастырған сабақ жоспарынан, сұрақтарынан қателіктерді байқадық. Мысалы ағылшын тіліндегі сұрақтар бесінші сынып оқушысының деңгейіне сәйкес келмейді. Оныншы сыныптың тапсырмаларын енгізіп қойған. Тіпті кей сұрақтардың дұрыс жауабын енгізбеген. Ал бала дұрыс жауапты белгілесе қате деп шығарып береді. Одан баланың балы кемиді. Осы сұрақтар төңірегінде балалар жекеме шыққан болатын, өзімде ашып көріп, тексердім.  Басқа пәндерден де осындай шағымдар келіп түсіп жатыр. Бұл мәселе де түсіністікпен қарап балалар  төмен балл алса жоғары қоюға тырысып жатырмыз. Себебі платформаның қателігінен, кейбірі өз білімдерінің төмендігінен ағылшын тілінен үш деген бағадан жоғары ала алмай отыр. Балалар плаформадағы тапсырманы орындағанымен, біздің енгізген тапсырмаларды орындамайды, Ол жайлы ата-анаға да, балаға да ескерттік. Қазірге баламен кері байланыс жасау мүмкіндігі болмай тұр.                                                                                           Тағы бір мәселе мектепте елуден асқан ұстаз бар. Білімдері өте жоғары. Ол кісілер заман талабына ілескісі келсе де техниканың тілін түсінбей компьютермен жазу, сызуды енді-енді меңгеріп еді. Қашықтан оқу осы кісілерге де үлкен проблема болып отыр. Баяғыдай ананы-мынаны түсінбей жастарға жүгіріп жүргендіктері, жасап берші деп өтінгендіктері кейде бізге де ыңғайсыз. Әрине, біз көмектесуге дайынбыз. Бірақ ата-аналардың кейбірі осы ұстаздарды түсіне алмай, «түк білмейтіндер» деп атағандары жаныма батады.

Математика және физика пәнінің мұғалімі:                                               

– Қашықтан оқығалы бері жақсы оқитын оқушылардың балдары төмендеп, нашар оқитын балалардың балдары көтеріле бастады. Басында неге бұлай деп түсінбегеніміз рас. Сөйтсек балалар платформаға бірінің атынан бірі кіріп сыныптасынікін дұрыс емес белгілеп, астына шыққан дұрыс жауабын қарап өзінікін белгілеп отырған екен. Мектепке оқып жүргенде бір-бірінен көшіретіндері секілді қашықтан оқу кезінде де балалар осындай айла ойлап тауыпты. Бұл өзге баланың балын кемітіп, өзінікін жоғары етуі адамгершілік тұрғыда дұрыс әрекет емес. Мектеп болып ақылдаса келе бір – бірінің құпия сөздерін жарияламай баланың өзі білу керек деп әр балаға жеке код берген болатынбыз. Осы әрекет бір апта уақыт ішінде кімнің жақсы, кімнің нашар оқитынын қайта қалпына келтірген еді. Алайда мүлде математика, физиканы түсінбей келген балалардың балы қайта жоғарылай бастады. Сөйтсек ғаламтор желісінде платформада енгізілген сұрақтарды дұрыс жауабымен тауып беретін сайттар бар екен. Сол жерден көшіріп жүріпті. Әрине, баланың еті тірі, кез-келген істі жоғары деңгейде оырндағаны, ізденгені жақсы. Көпке топырақ шашқым келмейді. Нашар оқиды деген баланың өзі жақсы оқып кетуі мүмкін. Бірақ, өз басында білім болмаса өзгенікін пайдаланғаннан пайда жоқ. Турасын айтқанда өзгенің еңбегін жеп,  өзгенің ақысын пайдаланатын жастардан қауіптену керек деп ойлаймын. Бала ғой деп мән бермеуіміз мүмкін. Болашақта бұл бала да өседі. Осылай жалғастыра беретін болса мемлекетке пайда емес зиянын тигізеді деп есептеймін…

Бастауыш сынып мұғалімі:                                                                        

– Бастауыш сынып балаларын екі кезеңге бөліп оқытып жатырмыз. Екі кезеңге бөліп оқытқанымыз үшін қосымша ақша төленеді деп айтқан. Әйтеуір осы уәделерінде тұрды, бірақ толық төленбеді…                                           Бірінші сыныпқа келген балаларды оқыту қиынға түсіп жатыр. Қазіргі балалардың өздерін ұстау деңгейі қызық. Кей балалар агрессивті болып келеді. Өзім бірінші  сынып жетекшімін. Алдымда отыз бала бар. Он бестен бөліп оқытамын. Бәрі шеттерінен бір-бір үйдің еркесі. Бұрында осындай ерке балаларды оқыттым ғой. Олар алдағанға көне салатын. Сөйтіп тапсырманы да оңай орындап, айтқаныңды тез қағып алатын.  Алайда дәл осы жолғы ұрпаққа мұғалімнің ондай айла-тәсілдері өтпейді. Бір оқушым бар. Сабаққа келе сала сөмкесін орындыққа қоя салады да, өзі партаның астына кіріп кетеді. Сабақ біткенше сол жерде отырады. Тәтті беріп те көрдім, мақтап та көрдім, ештеңе әсер етпейді. Бар айтатыны «оқығым келмейді. Сөйлемеңізші маған»,- дейді. Ата-анасын да шақырттық. Үйінде мектепке барам, оқимын деп айтады екен. Қызық жағдай иә? Осындай неше түрлі мінездері бар балаларды оқытып жатырмыз. Қазіргі балалар бетің, жүзің демейді, көмейіне кеп тұрғанды айта салады. Осының бәрі ата-ананың берген тәрбиесіне де байланысты. Құрметті ата-аналар, балам жақсы болсын десеңіздер еркелетіп отырып, іспен көрсетіп, ақыл айтып тәрбиелесеңіздер екен деймін. Қазіргі заман талабына ілесу үшін бала мектепке дайындықпен келуі керек. Бәрін мұғалімнің өзі үйретіп алады деу де қате пікір.

Алты баланың анасы:                                                                                         

–  Үлкенім бесінші сыныпта, екінші балам үшінші  сыныпта, үшінші балам бірінші сыныпта оқиды. Бастауыштарды мектепте оқытқандары дұрыс болды. Әйтпесе үш баланы бірдей үй жағдайында оқытуға әлеуметтік тұрмысымыз келмей, миымыз ашып кетіп еді. Ұстаздардың қадірін түсініп жатырмыз. Біз үш баланы оқыта алмай қиналып жүргенде, мұғалімдер сол сәтте отыз балаға сабақ береді. Ұстаздардың еңбегі зор екен. Қашанда алғыс айтып басымды иемін.                                                                                            Бесінші сыныпта оқитын баламды оқытып, оның тапсырмаларын орындауға кейде біліміміз жетпей, жауабын табу үшін көршінің үйін аралап, туысқандарға қоңырау шалып кететін кездеріміз болады. Мұғалімдерден тікелей сұрасақ түсіндіріп береді. Бірақ қашықтан оқыған соң ба баланың миына кіруі қиындау болып тұр. Мектептен берген ноутбукпен оқып жатырмыз. Біздегі басыт проблема интернет. Кейде интернет ұстамай қалып тапсырмасы жүктелмей қалады. Өткен оқу жылының төртінші тоқсанында  не баланы, не мұғалімді түсінбей шулап, ренжісіп қалатын сәттеріміз жиі болып еді.

                                             Айғаным Айтақын       

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі