/////

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе)

15088 рет қаралды
2
фото: Поэмбук

 Дүниеге келмес едік сіз бенен біз,

Болмаса Адам ата,

Қауа анамыз.

Адам ата ұстатып кеңірдектен,

Дәнді жұтқан күнәһар Қауа ана қыз.

 

Қыз Қауа ана күнәһар құлақ тұнған,

Қауа ананы Алла жерге лақтырған.

Қауа ана қыз,

Кінәлі…

Бақытты да,

Адам ата аспаннан құлаш ұрған.

 

Қауа ана қыз қызарып бетке ұяты,

Ұятты ұялатқан әйел заты.

Иман тілеп, инабат сақтап өскен,

Адам ата, Қауа ана жұрағаты.

 

Қауа анадан басталған сүю-күю,

Ұл әйел ап, қыз өссе ерге тию.

Ұлылардан ұлағат ұл ұялы,

Қыз жолы қияметті ию-қию.

 

Қыз нәзік үлбіреген қызғалдақтай,

Қызға, гүлге тұра алмас жан құмартпай.

Қызға ғашық, қызғалдаққа әуес болып,

Қызған көңіл толқиды тыным таппай.

 

Қыз – өссе: елдің көркі, көздің нұры,

Қыз – қылықты бойлатпас терең сыры.

Қыз – қызығын қызықтап тауыспаған,

Қызынғыш сазгер, әнші, ақын жыры.

 

Қыз – кінәлі жіңішке қыздың жолы,

Қыз – ғұмыры бағдарсыз оңы-солы.

Қыз – елді жауластырған, достастырған,

Қыз – қымбат, елдік, бірлік символы.

 

Қыз – десе қызарақтап тілді үйірдік,

«Қыз бел» – деп сылап, сипап баптап жүйрік.

«Қыз – шашындай» – төгілген жалы жерге,

«Қыз – шашындай» – шұбалған бұлаң құйрық.

«Қыздың жиған жүгіндей» – дейді әсемді,

«Қыз – мінезді, кішіпейіл – ер», – деп сенді.

«Қыз – атбайлар»,

Қыз – өріс,

Қыз – тиянақ,

Қыз – ана.

Ел ұйытқысы,

Кемеңгері.

 

Оқушым мәңгі түрік құлағыңыз,

Адам ата,

Қауа ана

Көрсеткен із.

Алладан:

Кеше гөр, – деп тілек тілеп,

Қыз намысын қорғаған

«Кінәлі қыз».

 

МЕНІҢ ЕКІНШІ ЕҢБЕКТЕУІМ

(өз басымнан кешкендерім)

Баяннур көлі

 Еңбектеп келемін, еңбектеп келемін. Ентігіп кеттім. Екі тіземе, екі алақаныма кірген шөп-шөңге. Тіземе, алақаныма батқан тас, ара-тұра құм-қиыршық. Томпақтың күн қақтаған қыртысы. Көп жасаған кәрі теректің қатпар-қатпар ырсиған қабығындай қатты. Пышақтың жүзіндей өткір кіртіктерінің қыры тіземнің томпағына тура қадалып, терісін тіліп өтіп, қанын судай ағызғанда жанымды көзіме көрсетті. Әттең-ай, жан тәтті екен. Сәл-пәл ғана тыныс алып, тың-тыңдап демімді ішіме тарттым.

Әншейінде бірнеше жүздеген томпақтан-томпаққа секіріп топты бала әп-сәтте көлге жетіп барып, әй-шәйға қарамай шала-пұла шешініп, кең айдынды көлдің көлемді суы жетпей қалатындай таласа-тармаса үйректің балапанынша көлге шолп-шолп етіп жүзе жөнелуші едік. Қайран балалық бал дәурен-ай. Балалықтан өтіп, бойжеткен шаққа іліне бере, өстіп-ақ барлық қызық лезде көзден бұлбұл ұшып, үрей құшағында қаламын деп кім ойлаған.

Көзге түртсе көрінбес қараңғы түн. Үстімдегі киім де жұқа. Ашудан алқынып, ауылдың сырт жағымен орағытып аз жүріп, құрбы қызым Сырдықан қызы Мәрияшқа сөйлесіп, бойымды кернеген кесапат ашуды ауыздықтайтын бір амал табыла ма? – деген үмітпен оның үйінің сыртына жуық келген едім. Есігінен біреу кіріп, біреу шығып қарбалас, қозғалыс анадай жерден көзге ұрып тұрды. Ол үйге жақындайтын мүмкіндік болар емес. Неде болса, тура барып «Құс базары» атанған «Бай-нұр» көлдің түпсіз терең, тұңғиық, шүңетіне биік жарқабағынан бір-ақ секірсем, өзі-ақ түпсіз тұңғиығына тартып әкетер…

Аялдамай тез жетуге асықтым. Тастай қараңғыда алды-артыма қарауға қорқып, тек қана көл жақты бетке алып зытып келе жатқанымда, жап-жақын алдымнан алапат дүбір естіліп, жер солқылдап кеткендей болды. Көзім шарасынан шығып, жүрегім дүрсілдеп сенделіп кеттім.

Әлгі жер қозғалғандай қорқынышты дүбірдің менде шаруасы жоқ, алдымнан тасыр-тұсыр, сатыр-сұтыр зулап өте шықты. Ақырын тесірейіп қарасам бір айғыр үйір жылқы екен. Қуғыннан қусырылып қырға кетіп бара жатқан. Мен өз-өзіме келіп, бойымды билеп, артымнан қуып келе жатқандай алға ұмтылып жүре беріп едім, алдымда тағы бір қарайған, қабарған бейнеге таяп қалыппын. Жалт бұрылып тұра қаштым. Қарайғанға қарай-қарай зыттым. Ол аттың аяғына шідер салып отырған адам екен. Тегі әлгі жылқыны дүрліктіріп, қырға айдап жіберіп, атын шідерлеп, арқандап бекітіп қойып жүрген жылқышы екен. Мен қашқан соң, ол қуа ұмтылды. Бар пәрменіммен жан ұшырып қашып келемін. Қашып келемін. Ол шамасынша ұмтылып қуып келеді. Қуып келеді. Жан ұшырып бірер бұтаны айнала беріп, әлім кетіп томпақтың арасына етпетімнен құлап түстім. Қимылсыз жатып қалдым. Бір тәуірі арамыз алшақтау еді. Әлгі қуғыншы бар пәрменімен жүгіріп, менің қиыс аяқ жағымнан өтіп, ұзап кетті. Өлген адамдай менде қимыл жоқ. Ол әйтеу бір заматта келген бетімен қайтып бара жатты. Менде жатқан орнымнан тұратын дәрмен қайда!? Ептеп етбеттеп жатқан қалпымда басымды көлге қарай ақырын бұрып, тың-тыңдап, жылжып еңбектей бастадым. Мені міне еңбектеуге мәжбүрлеген осы қуғын. Көл мұндай алыс болар ма?! Қос тіземнің терісі сыдырылып, алақанға кірген шөгір тызылдатып барады. Қазіргі жағдайда өз жаныма жаным ашитын қалде емеспін. Тек ешкімнің көзіне түспей, көлге түсіп ізім-қайым жоғалсам болғаны. Әлі еңбектеп келемін. Еңбектеп келемін. Өлдім-талдым деп көлге жақындап қалғанымда, алдымнан тапыр-тұпыр аяқ дыбысы естіліп, бір баран дәу пыш-ш етті. «Е-е, ұсталдым-ау»,– деп басымды көтеріп қарап тесіліп барамын. Әлгі қорыққанға қос көрінген дәуім қырдан көлге ащыға түскен үш түйе екен. Үһһ – жанымды шақырып аз-кем отырдым.

Я, бұл бір жасқа толмаған сәби шағымдағы жан біткен жақсы көріп қызықтайтын қимыл. Еңбектеуден кейінгі әрі ұзақ, әрі қауіпті өлім мен өмір арасындағы екінші реткі еңбектеуім ғой бұл. Өлуге асықпадым. Көлдің көбік шашып, арыстандай ақырып, шарқ ұрып жағаны жарып жіберердей аса арынды асау толқынынан сап-салқын леп есіп бойымды да, ойымды да сергітіп жіберді. Арыстандай ақырған асау арынды толқын бойыма қуат беріп алға қарай ұмтылта түскендей. Үлкен көлдің батыс жақ, оңтүстікке қарай ойысқан жиегі жадағай, тастақты, суы таяз, әрі тұнық қалай жүзіп, қалай шомылсаң да, суда жүзе жарыссаң да жарап тұр. Ал, мына мен әдейілеп келіп тұрған солтүстік жағалауы, биік жар қабақты, асты түпсіз терең тұңғиық шүңетті. Биік жарқабақтың астында көл жиегіне жақын жансыз жалғыз аяқ «жам жол» бар-тын. Ол өте қауіпті. Қыл көпірдей қылпылдатып жаныңды мұрныңның ұшына әкеліп, әрең жүргізетін. Мен осы жолмен жүрмесем, басқа амалым жоқ. Қабақтың үстіндегі сайрап жатқан сан салалы жолмен жүруге болмайды. Елдімекенде адам аяғы тыйылған ба? Байнұрға 30 шақырым, Қобда өзенінен атпен ертелетіп шыққан адам мұнда түнделетіп жететін. Кездейсоқ, олардың біріне жолығып қалсам, қараңғы түн, қалім не болмақ?!

Күн сүйген күп-күрең, қызыл «Oшқы» (Уучигт) аталатын таулары жақын. Ұры-қары адамға, жыртқыш аңға мекен болған «Қарасу» аталатын алқалы терең сай, жымысқы жылғалары, үңгірлі жартас, адыр, бұйраттары толып жатыр. Бұдан қорек іздеп көл жағасында отырған елдің малын жарып кететін, тойып жемей, атақ үшін қоралы қойдың он-жиырмасын қырып кете баратын даланың сермендесі көкбөріге кезіксем, алқымымнан алып екі-ақ асайды ғой. Менің жыртқышқа жем болғаннан, адамға жолығып ұсталғаннан гөрі, өз бетіммен жалғыз жүріп, тәуекел, не өлгенім, не мақсатыма ұмтылғаным артық қой. Қанша қауіпті болса да биік жардың астындағы көлдің жиегіндегі жолмен жүріп келемін, жүріп келемін.

Мен өз үйімнен өзімді-өзім ашумен алып шыққанмын. Көшкен әйелдің жайсыз сөзі жанымды жегідей жеген. Мен жарқабақтан жасқанатын емеспін. Қараңғының қою түнегі түрілмей, ел көзіне ілінбей, тасаға түсіп тасалануым ләзім. Көлдің биік жар қабағы аласарып келеді. Үлкен көлдің солтүстік шығысына орналасқан қамысты дөп-дөңгелек ботаның көзіндей көрікті көл бар-тын. Пай-пай, шіркін, қамысы түйе бойы теңселген сыбызғы сырнайдай сыңсып күй шертіп, жаныңды жақсы әсерге бөлейтін. Қамыстың арасы сынысқан қатар-қатар ұялар. Әр ұядан он-он бестен сары ауыз балапан өріп шыққанда, көлдің беті құмырсқадай құжынап, жыпырлап кететін. Осы қамысты көлмен тұспа-тұс үлкен көлдің оңтүстік-шығысына орналасқан адамның көзіндей, екі шеті қисықтау, сәл сопақшалау кішкене көлдің өз сән-салтанаты қандай тамаша десеңізші. Қамысты көлмен үлкен көлдің арасына іліне бергенімде, қамысты көлдің тау жақ жағасындағы ауыл иттері дыбыс алып үрді. Менің зәрем зәр түбіне кетіп, шошығаннан алға қарай зыта жөнелдім. Бар екпініммен кішкене көлдің жол сай жақ жиегінде отырған ауылға тақап қалыппын. Жеті қараңғы түнде лапылдатып от жағып қойыпты. Үйлер әлдеқашан жығылған жүктері жайрап жатыр. Оттың жарығымен барлығы абыр-сабыр, түйеге жүк артып жүгірісіп жүр.

Бажайлап қарасам, төрт атадан қосылатын өз ағайыным, өз ауылым, өз аға-жеңгем. Жолаушыдан Мүлік, Көңбай туады. Мүліктен менің әкем  Мұқамәди, Баймәди, Көңбайдан Әбілқас, Әбілбай ағайдың ауылы. Біз ол ағайымызды «Аға-аға» деп атайтынбыз. Олардың баратын жайлауы – Атақты (Ақтәңірі) Цамбагариг тауына жуық бір саласы Жаматы, Цамбагариг тауының алқабы: Нөрелік, Сарытас, Қаратас жайлауларына жету үшін Бай-нұр көлі деңгейінен көшсең, жолда Хөкнұрғын жонын жондайсың. Егер «Цэцэгт», «Мара» жағынан көшсең, жолда «Харасх», «Ұланасх» «Төмертілердің» күдір жолдарынан өтіп, қырқаларды қырқалап алыс жайлауға жетеді. Оған түйемен көшіп жетуге әдейі ел жайлауға көшерден бұрын екі апта бойы сандал-сандал атандарды шайланып кетпеу үшін байлап жаратады. Сол сенімді атандарға жүкті іңірден бастап артып, таң біліне көш қозғалып кетеді. Өйткені жүретін жолдары өте биік, теңіз деңгейінен 4700 м биіктікте. Тұтас тұлғалы ұзындығы 30 шақырым «Хөхнұрғын» тауының биік төбесіне шығып ұшпа басындағы кей жері орқаш, кей жері текше, тақта жасалған жолмен жондап жосиды. Көш оған шығу үшін салмалап алыс айналма созылып жатқан «Жолсаймен» күн қызбай шықпаса, күн қызғанда түйе өрге өрлемей, шөгіп жатып алады. Әупірімдеп биік иыққа шығып алса, жасалған жолмен жүреді. Бірақ, төмен қарай алмайсың. Заңғар биіктен қарасаң, басың айналады. Міне, бұл жүк артушылар өздерімен-өздері болып мені аңғармай қалды. Мен жалма-жан кейін шегініп сасқанымнан «Цэцэгт», «Мара» жаққа апаратын жолға қарай лып ете түстім. Ақжал толқынды дүниені дүрліктіріп, дүркіреп, күркіреп аласұрып жағаны ұрып жатқан асау толқынды көл, анадайдан қарауытып төніп тұрған биік таулар кереметтей қорғаным екен. «Цэцэгт» ауызға қарай ойысып жалаңаш жазық жолға бет алғанымда, шыбын жаным шырқырап алдынғы қорқып қобалжығаным ештеңе еместей сезілді. Тоңып кеттім бе, торығып кеттім бе? – білмеймін, қатты қалшылдап, толғанып кеттім. Биенің бір сауымындай уақыттың алдында ашумен өрекпіп өле қалмақшы болған өзегіме енді өксік тығылып, әлде қандай алысқа ма, әлде о дүниеге ме, әйтеуір, осы бет алыспен бір ұзап кетудің керемет қимастық қиын сәтін күткендей көңілім құлазып, ішім езіліп ерекше бір күйге түстім. Еркелеткен елімді, ата-анамды қию қиынның қиыны екені жанымды қинап, мына өлең жолдары өксіктің, өкініштің өрнегіндей өрілді:

Сеңгір-сеңгір тауларым,

Бауырында бақша бауларым.

Жаңғырығып жартасың,

Салған әнім самғадың.

 

Асау таймен алысқан,

Кең жазықта жарысқан.

Құрбы ұлдардан қалыспай,

Тең үзеңгі қағысқан.

 

Сай жылғаға бір келіп,

Қызыл-жасыл гүл теріп.

Қызғалдақтай құлпырып,

Өскен ұл-қыз нұр көрік.

 

Айналайын ақбұлақ,

Асығып алға шапқылап.

Сылдырыңмен сырласып,

Отырушы едім жыр құрап.

 

Көк жасаңда жүгірген,

Етек-жеңім түрінгем.

Ойнап өскен туған жер,

Қасиетіңе сүйінгем.

 

Көгілдірік бір жүзген,

Көк балдырды бірге үзген.

Шүрегеймен жарысып,

Толқын құшып, күн күлген.

 

Қайысып қамыс теңселіп,

Өзіне көңілді еңсеріп.

Сыбызғы, сырнай сыңғырлап,

Күңіреніп күй төгіп.

 

Шомылып өскен айдын көл,

Қия алмай сезім сел.

Қоштасудың қиыны-ай,

Қиралаңдап босап бел.

 ***

 Ерекше мейір төгетін,

Өзгеден бөлек көретін.

Отардан жоннан жеткенше,

Асыға аңсап келетін.

 

Көргенше тауысып тағатын,

Иіскеп мейірі қанатын,

Көңілі өсіп марқайып

Жаны рахат табатын.

 

Айналайын жан әкем,

Ұлағатың көп екен,

Үміт артып үнемі

Санаушы ең  жанға бір бекем.

 

«Жал құйрығым, қанатым,

Жұлдызым»–деуші ең жанатын.

– Жеңіне қарап өссін,– деп

Кигіздің торқа манатын.

 

Еліме ерке дегіздің,

Таңдай мен құлақ жегіздің.

Ағайынға қадірлі,

Айбынды еді лебізің.

 

Орны бөлек әкемнің,

Қарызын қалай өтермін.

Іздеп тауып кигіздің

Украина сәпегін.

 

Бұла өсіріп жайнаттың,

Ойын-тойды тойлаттың.

Қатарымнан қалдырмай,

Ат жалында ойнаттың.

 

Әке өзіңді қия алмай,

Көз жасымды тыя алмай,

Қыз тағдыры қиын-ай,

Қамқордан қаштым сыя алмай.

 ***

Имене жүріп бөтеннен,

Тоғыз ай толы көтерген.

Аялап бақтың анашым,

Нәресте нәзік шетеннен.

 

Бесігің ұлпа бөлеген,

Сылап-сипап жебеген.

Түн ұйқыңды төрт бөлсең

Шаршадым-ау демеген.

 

Көйлегімді кірлетпей,

Жоқты бар ғып тірнектей.

Иісімді жұпар аңқытып,

Үскірікке үрлетпей.

 

Ақ сүт берген анашым,

Қиямын қайтып қаласың.

Өртеніп тұр өзегім,

Жүрегім жалын жанатын.

 

Еркелеткен ауылым,

Аға-іні бауырым.

Бірге өскен замандас,

Қадырмен қайран қауымым.

 

Қию қиын егіліп,

Жаңбырдай жасым төгіліп.

Аттайын десем ілгері,

Басылды аяқ шегініп.

 

Туған жер тірі келем бе?!

Ата-анамды көрем бе?!

Уайым теңіз тұңғиық.

Батып кеттім тереңге.

 

Еленбесем егеспес,

Қатемді, Алла, өзің кеш.

Жақсы ит құрлы болсам-ау,

Өлімтігін көрсетпес.

 

Таң әлі атқан жоқ. Жан-жағымдағы таулар алыста. Иен жазықта жаяу жүріп келемін, жүріп келемін. Бұрын мидай дала алыс жол тұр ғой, жақын жерге қараңғыда қарға адым шықпайтын басым, «басқа түссе баспақшыл»,  жан-жаққа қасқайып қарай алмай, бүгежектеп бүлкіл желіспен жерді ұтардай ұмтыламын. Біршама жүрген соң қараңғылық сейіліп, таң білініпондағы-мұндағы көріне бастады. Келе жатқан деңгейім – Қобда өзенге асатын «Қарағанды қобы» аталатын жыралы мойнақтың тұсы. Теріс арық құятын Буаз дейтін иен жазықтағы төбешіктің бөктері екен. Жылғалы, жыралы белегірден асқанымда Терісарықтың шұбатылған күмістей жарқыраған суы таң нұрына шағылысып айнадай жалтырай түсті. Жетуге асығып жеделдей бастым. Асығып-аптығып арыққа жеткенімде шөлден шаршап дымым құрып кетіпті.Тастай суық тау өзенінен бұрылып ағатын арық суының дәмін-ай, құныға жұттым-ай кеп. Шөлім қанып беті-қолымды жуып сәл сергіп қалғандай болдым. Екі табаным суырылып, қара саным талып, біразырақ отырып дем алдым. Балқаймақты, балқұймақты алдыма қойып, аузыма тосатын қайран ата-анам көзіме елестеп кетті. Менің анам Зағипа Кеңбайқызы өзі хат танымайтын ақындардың айтқан өлең-жырларын жаттап, той жиында «Шәкім-Шәкірт», «Қалқаман-Мамыр» жырларын жатқа соғып, (өзі суырып салма айтыс ақыны) өлең айтып, айтысып топ жарып, той бастап отыратын. Әсіресе Біржан-Сараның ел аузында жалғасқан айтысынан үзінді айта келіп, «Біржан сал өмірінің соңында өлең есірік болып Қараағашта байланып жатып айтқаны»,– деп мына шумақтарды айтушы еді. Сол өлеңі ойыма орала кетті:

 

Біржан өлең айтатын буын-буын

Мен сағындым елімнің қалжың, дуын

Қымыз ащы, ет қатты дейтін басым,

Жазғы тұрым іштім ғой жасық суын.

 

Жүргенде мен үйімде ет жеуші едім,

Етке көңлім соқпаса жент жеуші едім.

Кепетайым шекеме тиді бүгін,

Іздеп келген қыздарды «кет»– деуші едім.

 

Біржан өлең айтатын халқына арнап,

Үш жүздің ерке салы ем ақын, ардақ.

Ат мінсе, жорға мінер Біржан салы

Таңулы қара ағашта жатыр зарлап.

Міне, бұл үш шумақ өлең менің қазіргі қалімді қапысыз айқындағандай.

(жалғасы бар)

 

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Керемет қызықтырып қойдыңыздар. Өлеңдері ұнады, қазақ қызының жанына жақын әңгіме. Апамызға мың алғыс! Жалғасын күтеміз.

  2. Қызығып оқыдым. …қазақ қызының…жалғасын күтеміз

Улбосын Дауленова жауап беру Жауап бермеу

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар