///

Егеухан Мұқамәдиқызы: Кінәлі қыз (роман-эссе) (жалғасы)

3015 рет қаралды
Mountain Lovers Couple Love Peak Silhouette

АТЫМЫЗДЫ ЕРТТЕП ӘКЕТТІ

 Жолы мұндай күдір болар ма?! Үйдей-үйдей тастарды айналғанда өте сақ болуың керек екен. Әйтпесе аттың қабырғасымен үйдей тастың арасында аяғыңды қысып алсаң, біттім дей бер. Жатылмаған жалғыз аяқ «жам жолдың» қиыршық тастары аттың тұрасын кетілтетін, керіш-керіш қиыршықтанып жүрген сайын аттың аяғын кілт-кілт еткізіп бөгей берді. Жол үстіне төне сынаса өскен, сойдиған тікенімен аттың үстінен тізеңді піскілеп қымсынып тізеңді қымтанған жұқа киіміңді қарағанның үлбіреген  сары байпағы сары бояуын жағып жармасып, салалы бұтақтары оратылып, екеуміз тар жолда қатар жүруге мүмкіндік бермей, жолға сыймай, біріміздің артымыздан біріміз еріп, шұбыра тартып келеміз. Талтүсте дараға жетіп, судан өттік те, тасы аз жаттықтау бір ойпаңға сұр биенің ерін алып, шылбырының ұшынан шеткі қарағанның мықтылау бір бұтағынан байлай салдық. Шөпке аттың аузы қалай жетеді дейтін емес, малдың аяғы басып, аузы тимеген соны шөптен сұр бие сонырқалай орып, күртілдете бастады. Ақи:

– Мен кешке жүрдек ат, азық алып келемін, кешікпей Кәп те келіп қалар, қорықпа, отыра бер, –  деді де кетіп қалды. Өзінің қайта айналып келетініне сенімді еді. Менімен қоштасқан да жоқ.

фото: Поэмбук

Мен бұл жерге келмек тұр ғой, маңына да баспаппын. Жалғыз қалған соң, жан-жағыма жалтақтап қарағыштай бастадым. Биіктігі аспанмен тілдескен асқар биік тұтас тұлғалы Дэгнүлті тауы. Оның батыс жағынан иықтасып, беттесіп тұрған Мараның айтулы биік асқары, екі таудың арасының алшақтығы 20 кездей ғана. Бір-біріне қарама қарсы қатарласып қалай ғана жаратылды екен. Сонша биік, сонша жақын, сонша терең құз төбесінен төмен қарасаң, басың айналады. Сайдың табанында тұрып төбесіне қарасаң тымағың түседі. Таудың ішкі бетін әдейі қолмен жасағандай, бір бұдырсыз, біркелкі жалпақ, қырғымен тегістегендей. Ұсақ тасты сырғыма болдырып қалағандай. Егер қияда тас құмнан қылғынып тұрған бір тал шөпті, не шөкімдей тасты қозғап қалсаң аумағымен бірақ сырғып ақпа қорымша гүр ете түседі. Әсте адам аяғын тигізбейтін сырғымалы беттен жан-жәндікті жүргізбейтін, тым такаппар алқалы беткей. Терең шатқалын өрлеп бір қауым жүрген соң, екі тау тұтасып бірігеді де, кең кеудесінен күркіреген даусы күндік жерге жететін, жарқыраған бейнесі көз көрімнен көзіңді тартып, көркемдігі ішібауырыңнан өтетін айнадай жарқырап, ақ күмістей жалтылдап, жарты шақырым биіктен қотарыла төңкерілген күркіреме ақ қайнарын айтсаңшы. Бұл аққайнар тар шатқалдан құлдай жөңкіліп, арындай арқырап, ақ толқыннан шашуын шашып, құлдай құйғытып «Орылғы өзені» атанып ауызға дейін ағып жетеді.

Сырғыманың етегінде, өзеннің жиегінде қожа шөп, жалбыз, бессала қатарлы емдік шөптер өссе, жусан иісі мұрныңды жарып мейіріңді қандырып жаныңды кенелтеді. Сай-сағадағы үйдей-үйдей ақталдардың көлеңкесі көлбеңдегенде, бейне біреу тасаланып келе жатқандай, елең еткізеді. Күркіременің сай табанына таудан құлап құйылу құбылысы да арсы-күрсі жыртқыш аңдар аптар-тептер алысып жатқандай гүрс-гүрс етеді. Бұл дараның ауыз жағына ғана бие байлайтын уақта күн түседі де, үлкен бесінде көлеңке қаптайды екен. Үстімдегі жұқа дым киім, өзімнің дене қызуыммен ғана шалалау кепкендей болған. Таңертеңгі құданың үйінен қысылып-қымтырылып ішкен екі-үш кесе шай, бірер қалақ қаймақ, бір жапырақ ақ ірімшіктен басқа татқан дәнім жоқ. Ішім қоңылтақсып, сыртым көлеңкеден салқындап, көп күткеннен көңілім құлазып, келе ме, келмей ме деген қауіптен жүрегім дүрсілдеп, дүние дүрліге бастағандай.

Қанша күтемін күте-күте торығып, қарай-қарай көзім қарығып кеткендей болды. Ойлай-ойлай, ойым он салаға бөлінді. Кешегі қараңғы түндегі қалтырағаным аз болған жоқ. Бүгін де тағы қараңғы түнде қалтылдап, қауіпті құз дарада қаламын ба дегенде, өз ойымнан өзім үріккен аттай орнымнан атып тұрдым. Менде аяйтын аяулы жан қалған жоқ. Егер ол кешігіп келмесе, барып сұр биенің шылбырын мойныма мықты байлап, сұр биені үркітіп жіберсем, үріккен жылқы жұлқына сүйрегенде, шыбын жан шырқырап шығып кетер. Үріккен жылқы ауылға бір белгі апарар. Енді ел көзіне көрінбей «арымнан жаным садаға» дейтін қазақ халқының ұрпағымын ғой, не де болса ойымды орындайын деп орнымнан тұрған қалпы сұр биеге қарай жүре бергенімде, тау бөктеріндегі қия жол жақтан сыбыс шықты. Жалт қарасам, ол атының ерін алып тастап отқа қойып жатыр екен. Обалы кәне, мені көре сала, қия жолдан сүріне-қабына тұра ұмтылды. Ол да қатты шаршап торығып ызадан түтігіп, күнге жүзі тотыққанын аңғардым.

– Қане қалың қалай? Көп күттірдім-ау. Әкем «халық жауы» атанып үкіметтен жәбір-жапа шегіп еді. Мен ірге жаудан көрдім көресіні, – деді ызалы кейіппен. – Тағы да әлгі үш жігіт, –  деді тау жақты нұсқап. Мен осы маусым айының бастапқы аптасынан бастап ауыл-аймақта болмай, ізім-қайым жоғалғаным, жалғыз ағайым, әкемнің інісі, бар панам, Жақыпұлы Күнтуған ағам екеуміздің еншіміз бөлінбеген жанбыз. Сол аға екеуміздің үш айғыр үйірі жылқымызды Қобда өзенінің суы ағаш басына шығып тасып жатқанын көре тұра, өзімнің ауылдастарым, замандастарым Әлихан, Әлімхан, Башайлар жылқыны бақташыдай барлығын жиып-теріпжеліктіріп,  30 шақырым таудан тайлы-тұяғын қалдырмай айдап келіп, шырқ иіріп, шашау шығармай күшпен  иіріп, тасыған өзенге әкеліп, суға салып үлкен аржаққа өткізіп, қоралы жылқыны қуып жіберген. «Жылқы малы қуса жаудікі, желденсе желдікі, тонаса елдікі» деген мақал бар. Күн ыстық, Қобда өзені бойы қаптаған қалың шыбын. Әсіресе жылқы малының жауы көкбас сона. Бүгелектің түгел жанданып түтеп тұрған шағы. Жылқы малы мұндай түтеген шыбынға шыдамай, УВС аймағының таулы алқабына қарай бірақ жөңкілген ғой. Бұны бейуаз ақсақал Қарақожа ағай 30 шақырым Цэцэгт мектебінен Бай-нұрға Қоңыр өлеңге көшетін үйімді көшіріп барған маған арнаулы келіп хабарлап, айтып кеткен. Әйтпесе қоралы жылқы жатқа қор болып жоғалатын еді. Осы Ақи екеуміз Бай-нұрға 200 шақырым Мянғыттың өткелінде көпірдің ағашы енді тасылып, көпір салғалы жатқан өткелдегі *бұраммен өтіп барып жылқының ізін суытпай, жылқыны жата қонып айдап қайтқанда да сол бұрамнан өтіп, жарты ай жүріп, ауылға әрең жеткеніміз осы еді. Жылқыны біз осы Мара тауына айдап келсек, Баяннуурдан кенже қарындасым Зәғиланың жолдасы Нәрішұлы Малшы күйеу баламыз, отбасымды көшіріп әкетіпті. Содан мына сенің қапелімде жетіп келгенің де керемет оқиға болып тұр. Не де болса тәуекел, жылқыдан екеумізге жүрісі жайлы екі жорға ат ұстап әкеліп, мініп, аулаққа кетейік деп ойлап жылқыны іздеп барсам, Мараның жотасында жатқан жылқыны Харасх жаққа қуып,Уланасқыдан өткізіп жіберіпті. Жылқыны іздеп таба алмай, қайтып келе жатсам, алыста жотаның басында тұрып қол бұлғап шақырды. «Екі кісі бір кісінің тәңірісіндей» демекші. Олар үшеу мен жалғыз. «Дос та достан,  қас та достан» деген ғой. Олар нағыз замандас, дос болса барымташыдай үнемі жылқымды неге қуалай береді. Өткен жылы шілдеханада сен екеуміз айтысқалы олар менімен қырғи қабақ болып алды… Мен болмасам, сенімен кеңесіп келіскісі келеді. Түсінбеймін, олар үшеу, сен де жалғыз, мен де жалғыз. Ұға алмайсың. Олар бізге келіп қалуы мүмкін бір тасаға отырайық деді. Біз тездетіп іздестіріп жүріп, ағып жатқан судың жағасында 20-30 қойдың қорасындай жалпақ дөңгелек тастың шеті ағын суға сұғынған асты адам еңбектеп жүретін, көлемі 4-5 кісілік үңгір, оған кірген кісінің ізін су шайып кетеді екен, соған тығылдық. Күн батып кеткен, сам жабылып бара жатқан. Атты қарамақ болып шықсам, Кәптің атын ерттеп алып жатыр. Көре сала тас үңгірге қайта тығылдық. Олар көп кешікпей біз тығылған жалпақ тастың үстінде: «жаңа көргеніміз осы маңай еді ғой, қайда тығылды»,– десіп сөйлесіп аз тұрды да, ет жүректі пенде ғой, «қашқын» қамсыз шықпаған шығар, қаруы бар ма деп қауіптенгендей, көп аялдамай бірімен-бірі қақтығысып, асығыс дабырлап кетіп қалды. Кешікпей сұр  бие де оларды көріп кісінеді. Оны да ерттеп, жетелеп алып кетті. Біз аяқ лаусыз жаяу қалдық.

«КӘПТІҢ ДАРАСЫ»

 Бізде шыбын жанымыздан басқа, не бір түйір дән, не сәл пана болар киім қалмады.  Болмаса кішкентай бүктемелі бәкі болса да, көрім қару екен ғой. Біздегі жалғыз медеу, қуаныш, аш-жалаңаш, құр алақан сиқымызға өкінбейтін, «өлсек бір шұқырда, тірі болсақ бір төбеде болсақ-ау» деген ақ ниет, адал сүйген жүрек қана. Тұтас тастың ызғары, үңгірдің астының сызы, жұқа киім, аш өзектен өтіп барады. Біз оған қарамастан «қара тас ұйқың келсе болар мамық» дегендей,шаршап-шалдыққанымыз сонша, қисая кетіп, көз шырымын алып тұрдық. Тұрсақ жұлдыз сайрап тұр. Енді мұнда аялдауға болмайды. Шыбын жанымызды алып қашып, алыстап кетпесек, қандай қауіп төнерін кім білсін…

 Судың өткелі қайда екенін де білмейміз. Демімізді ішімізге тартып, арынды-асау толқынды тау өзенінің аздап жайлау сырғып ағып жатқан тұсын жұлдыздардың сағымымен аңғарлапжағасы жайдақтау ыңғайлы жиектен қол ұстасып, дыбыс шығармауға тырысып, аяғымызды анда-санда бір аттап санап басып, «алғұлым» дегенде суға сүрінбей қабынбай суық, зәрлі тау суына киіміміз малынбай, әзер дегенде ар жаққа өтіп шықтық. Теңіз деңгейінен 3000 метрдей биік тұтас тұлғалы таудың құзар басына бір шығып алсақ тау қырқасының жартас жапсарынан кішігірім үңгір, не бір жыра жылғасынан бұлтарысынан қолайлы иін, қолайлы қолат тауып,көзден таса болармыз-ау, деген үмітпен тауға шығуға бел байладық. Бұл таудың ішкі беті ақпа қорым, сырғыма адамды аттатпайды. Сыртқы беті шөптесін жусанды, жұмсақ күреңшелі онда да қолыңмен ұстаған жусан жұлынып кетсе, майда күреңше сырғытып таудың етегіне бірақ түсіреді. Біз тағы да қол ұстасып, жан үшін жан деп тауға өрмелей бастадық. Мен қалжырап қалыппын. Ол мені бір қолымен сүйемелдеп, көтермелеп, бір қолымен жусаннан берік ұстап, өрге сүйрегендей болып келеді. Алдымыз биік тау. Артымыз ызың шу. Ауылда айқай сүрен, тасырлаған ат дүбірі. Үрген ит, тауға өрмелеп биіктеген сайын, жатпаған ауыл, сөнбеген от. Май шамның жарығы ашылып, жабылған есіктен жарқ-жұрқ етеді.

–  Аттарыңды арқандама, ана шідерлеген аттарды «қашқынға» ат көлік дайындап бергілерің келмесе түгел әкеліп, белдеуге байла. Өреде жаюлы құрт болса жиып ал. Үйіңдегі қаптағы құрт, қарындағы майыңа ие бол. Таң атсын азаматтар қолдарыңда  бірер аңшы мылтығын, малшыларға арнаулы берілген мылтықтарыңда оқ бар ма? Бар болса мылтықты оғымен оңтайлап қой. Бейбіт күнде мылтық, оқ деген жат сөзді жақтырмаған, мына қарадай дүрлігіп жаныққан жағдайдан тіксінген Смағұл қария:

– Қарақтарым-ау, сендерге не болды? Бәріңді тікелеріңнен тік тұрғызған бағанағы қаршадай қыз ба? Жоқ, бір жерден топты жау келіп қалды ма, бұларың не? – Айғайшы жігіт:

–  Ағасы сырттан келген топты жаудан іштен шыққан жансыз жау жаман. Ол қызға ана бір мектептің білдей бір директоры, әлгі ақынсымақ Кәп те еріп кетіп отыр. Бұл бізге өте сын.

– Мүшәттің қара жорғасын апарғалы ыңғайлап жүрген Ақи ұсталды. Оны Мүшәт жездесі желкелеп қара жорғамның бір тұяғынан садаға кет, деп тепкілеп жатыр. Қара жорға қандай ат еді, білесіз:

Баяннур көлі

 

Қара жорға жануар тұлпар еді,

Мінгенде көтерілген көңіл пері.

Жорға мініп сәйгүлік жүйрік қосып,

Өз тұсында Мүшәт та болған сері.

 

Қара жорға тайпалып жөнейтін-ді.

Еті қызса ылди-өр демейтін-ді.

Қара жорға қақ тіліп сайыстарда,

Жан салмай жалғыз қара келетін-ді.

 

Қара жорға жануар тұлғалы еді.

Қанша жортса қайыспас қатты белі.

Аспан жердің арасын жуықтатып,

Қалқып келе жатқандай сезіледі.

 

Қара жорға мезгілін білетін-ді.

Жылқыда өзі жарап жүретін-ді.

Жорғада жортқан жолды алады деп

Шаттанып бір тайпа елі сүйетін-ді.

 

Көтеріп топ ішінде намыс туын,

Құйындатып, құйғытып ызғитынын.

Сегіз Жанат! Жанаттап салып ұран,

Той үстінде аспандап қалқитын үн.

 

Жорғадан келгенде озып емін-еркін

Таңданатын халайық көріп көркін.

Тіл көзден сақта, Алла!

Қолда әруақ деп

Ойпаңда терін сүртіп жетелейтін.

 

Атын ойлап Мүшәт іші ашып кетті

Аямай Ақиды ұрып теуіп өтті.

Әйелі Шүңгіл түсті арашаға,

Аптықпай іс анығын білсең нетті?

 

Мүшәт тағы тепсінді, хәлің айқын

Өзіңді бұл күніңе зар қылайын.

«Қанден пілге үріпті» деген осы-ау,

Тұлпарым тұяғына татымайсың.

 

«Қашқынға» ат апарғыш, азық жеткізбекші пысық сазайын солай тартсын.

– Біз ол қашқындардың аттарын ерттеп алып келдік. Олар астарына ат тимесе, өздігінен ешқайда қаша алмайды. Таң ата қару сайманды дайындап, ауыл азаматтары түгел атқа қонамыз. Шама келсе өлтірмей, тірі қолға түсіріп, екі қолдарын арттарына байлап, «қашқын» ғашықтарды жаяу айдап келгенде көресіз,– деді, ентігіп. Біз бұл айғайлап айтылған аптыққан сөздерді түгел естіп, жанымыз түршігіп кетті. Онан сайын жоғары ұмтылып, ентігіп биіктен құламау үшін жусанның түбінен мықты ұстап, жан дәрмен таудың басындағы ойқыл текшеге ілініп, жан шақырып, аз отырып дем алдық. Түн-түнегі түріліп, таң біліне бастады. Ондағы-мұндағы көрінетіндей болмай тұрып, тау қыратының қиян қуыс тасасына жетпесек қадалып қараған біреудің көзіне тау жотасынан қылт етіп көрініп қалуымыз мүмкін. Осыны ойлап, тау жотасының арғы бетіне асықтық. Қапелімде, қатерлі шақта шырқыраған шыбынымызды паналатқан тас үңгірлі шатқал. Бізге алтын ұя, тау құзарынан аққайнары шашуын шашып, «Кәптің дарасы» атанып қала берді. Иықтасқан жота қыраттардың орқашы жиілеу, ауылдың ұрымтал тұсынан қиғаштау қыраттың орқашының арасынан бойымызды жасырып, сығалап тұрдық.

Таң атты. Үш жігіт бастаған үш топ жігіт әр ауылдан жиналып, сақадай-сай дараға қарай топ-топ болып, лек-легімен саулай жөнелді. Тар жолда тасыр-тұсыр таласа шұбырған олар лезде Орылғының дарасына барып, топырлап кейі атпен, кейі аттан түсе қалып, жаяу бұта-бүргеннің арасынан, үңгір жапсардан, сай-сағадан ине іздегендей иіліп тінте бастады. Дараның үйдей-үйдей үлкен тастарынан, түп-түп тал қарағандарына бір-бірден келетіндей, адам саны жағынан азшылық көрмеді. Бірақ іздеген жоғын таппай, тарығып, жау кеткен соң қылышын жерге шауып, ошарылып тұрып-тұрып, шарасыз ауылға қарай кейін саулады. Біз бұл көріністі көзімізбен көріп тұрмыз. Енді тезірек ұмтылып елді мекенге жетпесек, айдалада не аштан қатып, не күн суытып, бұршақ жауса үсікке шалдығуымыз мүмкін. Ат көліксіз, қарусыз жанға кездейсоқ екі аяқты жыртқыш, не бір төрт аяқты жыртқыш жолығып жазым болып жүрмейік. «Жол мұраты жету», әйтеу алысқа бет алдық. Атамыздай айбынды Цамбагариг тауын, баурайындағы бақша бауын, сал жайлау, саумал ауа, сары қымызды қию оңайға түспеді. Өзегімдегі өлең жолы өрілді:

 

Цамбагариг атанған «ақ тәңірі»

Әлемдегі әйгілі таудың пірі.

Ақжаулық шұлауышы шұбатылып,

Жалтылдап жарық берген айсыз түні.

 

Бұлдырап көзұшында мұнарасы,

Аспанменен астасып ұшар басы.

Күн сұлу құшып сүйіп мейірлене,

Ай аймалап ақ алқа гауһар тасы.

 

Цамбагариг саялап өстік түлеп

Қанат қаққан ұяңнан біз жас түлек.

«Ақ тәңірі» аялап қоштасамыз,

Жан сауғалауға Алладан тілек тілеп.

 

Шалқар төс, жанға жайлы жайлауым-ай,

Бұлқынтып құлын тайын байлап ұдай.

Сапырған сары қымыз сарайды ашқан,

Шыбыным шырылдап тұр қимай, қинай.

 

Жаяумыз, үйір-үйір қалды жылқы,

Жылқы малы ежелден жанның құлпы.

Азаматқа ары мен жаны қымбат,

«Жігіттің қайда қалмас жиған мүлкі».

(жалғасы бар)

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар