////

Қазақ “Тағдырын” шебер суреттеген халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов өтті өмірден

2120 рет қаралды

Дүние жалған деген осы ғой! 

Қазақтың “Соңғы көшін” суреттеген, “Тағдырын” қағазға түсіріп, өзінің “Дарабоздығын” танытқан Қабдеш Жұмаділов ақсақал да мына дүниені тәрк етіп, о дүниеге, мәңгілік мекеніне аттаныпты. 

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, тағдырдың талайымен арғы бетте Қытайда қалып қойған  қалың қазақтың шерлі тағдырын қаламына арқау еткен Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы мына жарық дүние есігін ашқан. Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай  аймағы Шәуешек ауданында дүниеге келген.

Шәуешек гимназиясын бітіріп, жолдамамен ҚазҰУ-не (1956) түседі. 1958 жылы Қытай үкіметі органдары кері шақырып алады. Кейін 1962 ж. Бақты шекарасын бұзып өткен қазақ жастарымен Қазақстанға біржола оралған соң, ҚАЗҰУ-тін бітірді (1965). Қазақстанның халық жазушысы. Оның «Жас дәурен» өлеңдер, «Қаздар қайтып барады», «Сары жайлау», «Шарайна», «Сәйгүліктер» әңгіме, повесть жинақтары, «Көкейкесті», «Бақыт жолында», «Атамекен» т. б. романдары, «Соңғы көш» оқырман қауымға жақсы таныс. Жұмаділовке Шығыс Түркістандағы қазақтардың өмірі мен азаттығы жолындағы күресі суреттелген «Тағдыр» романы үшін Қазақстан Республикасының Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығы берілген. Қазақ әдебиеті газетінде (1965 – 67), “Жазушы” баспасында (1967- 76), Қазақстанның Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде (1976 – 81) қызмет істеген. 1981 жылдан шығармашылық жұмыста.

Қабдеш Жұмаділовтың шығармашылық арқауы өзінің шерлі тағдыры, шеттегі қазақтың қазақ шекарасынан тыс қалу тарихы, “Соңғы көш” екіге бөлінген елдің күйзелісі, екі империяның Қытай мен Ресейдің бұратана халықтардың жерін талан таражға салуы, соның ішінде қазақтың ұланғайыр даласын саудаға салып, жергілікті елдің пікірін де сұрамастан, бір отбасын екіге жарған сұм тағдырдың қазаққа ұсынған қатал сыйын оның бүкіл бүтін шығармаларынан таба аламыз. Оның шығармаларындағы деректер анау-мынау зерттеушінің қоржынынан табылмайтын тың, ерекшелігімен көзге түседі. Өзі арасында жүрген көш тауқыметін суреткерлік шеберлікпен баяндайды. Өзінің өмірбаяндық шығармасы “Таңғажайып дүние” де оқырмандарды тың деректермен байыта түседі.

“Тағдыр” жазылғаннан бері де қырық жылдан астам уақыттан бері бұл тақырыптың өзектілігі артпаса, кеміген емес. Біз өзіміздің осы тауқыметті тағдырымызды түсінбейміз, білмейміз. Шетке кеткен қазақтың тарихынан бейхабармыз. Сөйте тұра, ұшқары пікір айтуға дайын тұрамыз. Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларының ерекшелігі де осында. Ол біздің айтылмаған, айтуға болмайтын тарихымызды сонау қылышынан қан тамған Совет дәуірінде-ақ әңгімелеп тастаған. Сол үшін де біз Қабдеш Жұмаділовке қарыздармыз. Топырағыңыз торқа, жатқан жеріңіз жайлы болсын. Бақұл болыңыз, аға.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар