/////

Шыдамымыз шегіне жетті: Үржар тұрғындары Президентке хат жазды

1999 рет қаралды
1

Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданын күре жолмен байланыстыратын Алматы-Өскемен күре жолының күрделі жөндеуден өтіп жатқанына бақандай бес жыл. Алайда жолдың бітер түрі жоқ. Жақында аудан орталығында болған облыс басшысы Даниал Ахметов Үржарды өзге жұртпен байланыстырып тұрған тағы бір маңызды кешен әуежайдың реконструкциядан өтетінін, сол үшін біраз уақытқа жабылатындығын мәлім етті. 

Дәл осы мәселе аудан тұрғындарының бес жыл бойы сыздаған жарасына тұз сепкендей болды. Тұрғындар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға үндеу жазып, жолдауды жоспарлауда. Әзірше хат тек әлеуметтік желіде таратылып жатыр.

Ауданды сыртқы әлеммен байланыстырып жатқан жол қазір жоқ деуге болады. “Жол азабын тартқан білер” дегендей күрделі жөндеуге жабылғалы бері, үржарлықтардың жалғыз иек сүйері әуе жол қатынасы еді. Енді ол да жабылмақ. Ауданға арнайы келген Облыс әкімі Даниал Ахметов мырза өзінің Инстаграм парақшасындағы видеода: Әуежайды реконструкциядан өткізуді кейінге шегеру мәселесі талқылауға жатпайды” деп кесіп айтты.

Осылай Үржар ауданының жаны ашыр тұрғыны Аяш ханыммен сұхбатымызды бастадық. Аяш ханымның айтуынша, жолдауды тұрғындардың тікелей Президентке бағыттауының себебі, бұл біріншіден, аудан әкімінің енді тағайындалып, жергілікті мәселелерге енді кірісіп жатқаны. Алайда ол кісінің еңбегі ерең, өте сыйлаймыз. Екіншіден, бұл аудан емес, облыс аясындағы мәселе. Енді тағы бір себеп, бұл – таяуда облыс әкімінің келіп, бұл мәселенің талқылауға жатпайтынын үзілді-кесілді білдіргені.

«Әрине, біз әуежайдың кеңеюіне, жаңа технологиялардың шығуына қарсы емеспіз, қолдаймыз оның барлығын. Бірақ біздің шырылдап тұрғанымыз, мына 6 жылдан артық салынып бітпей жатқан жолдың мынанлай күйін көре тұра, әуежайды неге жабады? Бізде теміржол да жоқ. Жалғыз қатынас осы әуежай болып тұр ғой. Ең қиналып тұрған жеріміз осы ғана. Үржар ауданында 80 мыңға жуық адам тұрады. Біздің тұрғындар елордаға ота жасатуға барады, Семейге барады, Өскеменге. Барлығы ұшақпен барып, қайтады. Міне, жақында ғана болған қайғылы оқиға да осыған дәлел: 56 жасар адам Нұр-Сұлтанда өткен сәтті аяқталған отадан кейін Аягөз бекетінен Үржарға келе жатқан жолда қайтыс болды, Себеп нашар, ойлы шұңқырлы жол. Осы аудан тұрғындарының не баласы, не немерелері болсын, астанада, Семейде, Алматыда жұмыс істейді, оқиды. Бар қатынас осы әуежай арқылы. Оны жапса, қалатыны мына жол. Бұл жолдың аты ғана, түк көрінбейтін шаң. Шұңқырдан-шұңқыр. Осы жолдардан өткен көлік, тұрып қалады, қайта жөндеуге келмейді. Біз аудан, облыс әкімдерінің жұмысына шағымданып жатқан жоқпыз, біздің өтінеріміз, шешімдер саналы болсыншы. Мына жолдарды салып бітсінші, сосын әуежайды жөндеуге кірісер. Әйтпесе, мүлдем жолсыз қалуымыз ықтимал.

Аяш ханым жазғытұрым болатын ахуалды да айта кетті: «Осы жаққа каникулда балалар келеді, Алакөлге туристер келеді, ал жол жоқ».

Сондай-ақ,  Жалаңашкөлге келетін поездардың вагондары тым ескі екен. Тұрғындардың айтуынша, бұл вагондар сонау «Атаманның ақыры» фильмінде қолданылған вагондар көрінеді.

«Автобустың санын көбейтеміз дейді. Жол жоқ болса, автобустың көбейгенінен не пайда?»,- деп ашынады ол.

Жергілікті көлік жүргізушілер де сөзіміз дәлелді болсын деп жолда түсірген фото, видео материалдарын бізге жолдады.. Олардың айтуынша, соңғы күндері жолдарды тым ынтамен жөндеп жатыр екен. Жұмыстар тіпті екі ауысыммен жүргізіліп жатқан сияқты.

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз орталығының хабарлауынша, бүгін (22.04.2021 ж.)  облыс басшысы отырыс барысында қатысушылар зейінін жол сапасына аударыпты. Биыл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 9 участоктегі  137 шақырым жолды жөндеу   жоспарлануда. Сонымен қатар қалалар мен аудандардың 201 км көше-жол желісін жөндеуге 7,4 млрд.теңге көзделген екен. Оның ішінде, “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 34 елді мекендегі 165 км көшелерді жөндеуге 3,7 млрд.теңге бөлініпті.

ШҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұржан Жұмаділов мырзаның баяндауынша, “Үлкен Нарын-Күршім” жолының 11 шақырымы, “Мақаншы-Жалаңашкөл” жолының 20 км, “Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар” жолының 11 км, “Омбы-Майқапшағай-Шілікті-Ақжар” жолының 20 шақырымы, “Күршім-Қалжыр” жолының 15 км, “Таврия-Каменка-Тройницкое” жолының 10 км, “Сөгір-барлық-Ақсу” жолының 14 км, “Күршім-Ақсуат-Жолнұсқау” 27 км “, ” Семей-Курчатов ” жолының 9 км жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Баспасөз мәліметінше, аймақ басшысы Даниал Ахметов әкімдерге жол-жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне бақылауды күшейтуді және сапасын мұқият тексеруді, сондай-ақ кепілдік мерзімі бар пайдалануға берілген учаскелерді тексеруді тапсырды.

Таяуда ғана мемлекет басшысы өзінің Twitter парақшасында Қазақстан жолдары жайлы айтып кеткен еді: «Еліміздегі республикалық және жергілікті жолдардың жағдайына қатысты азаматтардың айтып жүрген сыны орынды. Сапасыз жасалған жол жыл сайын жөндеуді қажет етеді және бұған мемлекеттің қаржысы тиімсіз жұмсалып жатыр». Сонымен қатар Мемлекет басшысы қызметін жұрыс атқара алмады деп Қаз Автожол басшысын орнынан алды.  Осыған қарап, жыр болған Қазақстан жолдары ретке келеді деп үміттенеміз.

Жанар Байтілес

 

 

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. керемет көрсеттіңіз барлық проблемаларды, енді осыны Тоқаев мырза көрсе екен, барлық мәселелерді тиянақты шешсе екен.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар