///

Қапшағай маңындағы Қосқұдық ауылында су мәселесі шешілмесе, тұрғындар темір жолды жабамыз деп отыр

4089 рет қаралды
2

Қосқұдық ауылы Алматы облысы Қапшағай қалалық әкімдігіне бағынышты Шеңгелді ауылдық округіне қарайды. Бүгінде бұл ауылдың халі сын көтермейді. Ауылдың тоз-тозы шыққан. Бәрінен де су мәселесі күйіп тұр.

 Абай Құрманжанұлы осы Қосқұдықта туып-өскен. Азын-аулақ мал ұстайды. Бірақ мал өсірудің өзі сусыз ауылда оңай болмай тұр.

Абай Құрманжанұлы, ауыл тұрғыны: «Кеңес кезеңінде ауылымыз жайқалып тұратын. Ол кезде судан мүлде таршылық көрмедік. Одақ тарағалы бері ауылымыздан да күй кетті. Сол кезден бері ауылға ешқандай жағдай жасалған жоқ. Өркениеттен жұрдаймыз деуге болады. Түн болса, көшелерде жарық жоқ, тас қараңғы.

Мектеп пен жалғыз амбулатория да ескіріп тұр.

Басқа ауылдарды қарасаң, көзің тояды. Бізде жол да жасалмаған. Халық мал шаруашылығымен айналысайын десе, біреулер жерді 2 метр тереңдікте қазып, қоршап тастаған. Сол себепті жайылымдық жер де жоқ.

Ауыл тұрғындары әбден ашынып отыр. Қазір ауылда қарағаштан басқа ағаш өспейді. Су жоқ. Соның салдарынан айнала төңірек қурап тұр.

Кеңес кезінде судың қысымы да жақсы болатын. Оның қуаты суды 6 метрге дейін атуға жететін. Құбырлар ескі болғандықтан, 2018 жылы жаңа мұнара салынып, құбырлар жаңартыла бастаған. Бірақ ол құбырлар әлі күнге дейін іске қосылмай тұр. Су болмағандықтан, ешкімнің бақша егуге құлқы жоқ. Қолдағы азын-аулақ малдың өзіне суды әрең тауып береміз. Ауыз суды 12 шақырымдық жердегі Шеңгелдіден тасып ішеміз. Қанша күн су келмей тұр еді. Бүгін таң атпастан су келді. Артынан әкімдер келді».

Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев (сол жақта) пен Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Серік Шеңкебаев ауыл тұрғындарымен кездесуге келді

Бүгінгі ауыл тұрғындарының наразылық жиынына қатысқан Қапшағай қаласының әкімі Нұрлан Құматаев пен Шеңгелді ауылдық округінің әкімі Серік Шеңкебаев бұл мәселенің бір айдан кейін толық шешілетініне уәде беріп кетті.

Серік Шеңкебаев, Шеңгелді ауылдық округінің әкімі:

«Негізі су қосулы, бірақ жазда бау-бақша суғарылатындықтан, жиырмадай үй су тапшылығын сезініп отыр. Қосқұдықта су құбырлары 1956 жылы жүргізілген. Ол құбырлар әбден тозған, жамалған. Қазір қысым берсек, құбырлар жарылады. Жөндеу жұмыстарын жүргізсек, тағы жарылады. Қазір  жаңадан 150 кубтан екі резервуары бар құбыр салынып, тексеріліп жатыр. Ол бір айдан кейін қолдануға беріледі. Қапшағай қаласының әкімі жаңадан екі сорғы берді.  Жаңа сорғыларды үлгерсе, бүгін, болмаса ертең орнатып береді».

Ерлан есімді ауыл тұрғыны да да азын-аулақ мал ұстайтынын айтты. Судың тапшылығынан мал бір күн су ішсе, екінші күні қаталап тұратын көрінеді.  Оның айтуынша, ауылдың бұл жағдайынан Қапшағай қаласының да, Шеңгелді ауылдық округінің әкімі де хабардар. Ауыл белсенділері, әкімдік есігін бір емес, бірнеше мәрте тоздырған көрінеді. Дегенмен, нәтиже көңіл көншітпейді. Тіпті қосқұдықтықтарды суға 8 миллион қарыз қылып қойған. Тұрғылықты халық ол қарыздың қайдан шыққанын түсіне алар емес. Өйткені олар судың ақшасын белгілеген тарифпен де, есептегіштегі көрсеткіш бойынша да уақытылы төлеп тұрғандығын айтады.

Ауылда ауыз судан да бөлек қордаланған мәселелер жетерлік. Ауыл тұрғындары жиын кезінде Қапшағай қаласының және Шеңгелді ауылдық округінің әкімдерінен Қосқұдық ауылындағы байланыс, жайылымдық жер, жол және жарықтандыру мәселелерін шешіп беруді сұрады.

P.S.: Тұрғындар бүгінгі кездесуде әкімдерге ауылдағы жалғыз амбулаторияның да қазіргі ахуалын көрсетуді жоспарлаған.

Алайда әкімдер мен журналистер барғанда амбулатория жабық тұрды. Ауыл тұрғындарының бірі қан қысымын өлшетуге қайта барғанда, ішіндегі мейірбике сыртынан қамап кеткенін айтып шағымданған. Әкімдерге амбулаторияны көрсетпеу кімге керек болды?

Аида Тақабаева

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Недеген сұмдық !Соғыс болғандай мына ауылдың түрі.Әкімдер не қарап жүр?Ауылды көркетпей?Қалталарын толтырмай осы ауылды көтермейма.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар