///

Елордада тұрғын үймен қамтамасыз етуді талап еткен ерекше жандар Министрліктер үйінің алдына тағы жиналды

2380 рет қаралды

www.minber.kz  сайты бұған дейін де 1 Маусым Балалар күнінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдында, одан бұрын қала әкімдігі ғимаратының алдында жиналған мүгедектігі бар жандардың талабы жайында жазған еді.

Бұл кісілер 10 маусым күні орталық атқарушы орган ғимаратының алдына тағы шығып отыр. Себебі тағы да сол – баяғы жартас – сол жартас, тұрғын үй және жәрдемақы көлемін ұлғайту мәселелері.

Бұған дейінгі материалдардан таныс Кусаинова Махаббат бұл жерге маусымның бірінен бері бірнеше мәрте келіпті. Алайда бүгінгі күнге дейін ешқандай шара қолданылған жоқ дейді.

Бұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір қиыншылықтары жүрегіне жақын жанашыр белсенділер де жиналыпты. Солардың бірі Айжамал Сариева:

«Қазіргі таңда осы мүгедектер жөнінде көп шағымдар түсіп жатыр. Менің естуімше, бизнес бастағысы келетін мұқтаж жандарға, соның ішінде мүгедектігі бар жандар да бар,   “Атамекен” ұлттық палатасының қолдауы бойынша 580 мың теңге беріледі, оған тек құрал-жабдық алдыртады. Мысалы, тігін тігетін аналар бар. Олар машина, оверлок ғана алады, ал мата-мақта алуға рұқсат жоқ. Егер оның жағдайы жоқ, мүгедек, баспанасы жоқ болса, қайдан алады? Осы жақтарды үкімет “Бизнес-Бастау” бағдарламасында дұрыс қарастырмаған. Ал бір үйде бірнеше мүгедегі бар отбасылар бар, соларды үкімет көпшілікпен біріктірмей, бөлек қарастырса. Бұлардың келіп отырғаны, мұқтаж болғандықтан ғой».

Асқар Сенбай, елорда тұрғыны:

 

«Кеше естіп, енді мына мүгедектігі бар жандардың наразылығын қолдауға келіп тұрмын. Өйткені бүгінгі күні халықтың жағдайы былай да қиын, бірақ мына мүгедек адамдарға деген биліктің беретін жәрдеміақысы өте төмен. Ол жәрдемақыға күнелтуге болатын шығар, бірақ өмір сүру өте қиын»

 

Жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан талап етушілерге Нұр-Сұлтан қаласының жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының өкілі Илья Скуб және елорда әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша кеңесшісі Молдабек Қуаныш шықты.

Қуаныш Қайратұлының сөзінше бұл кісілермен парламент, әкімдік өкілдері бірнеше рет кездесу өткізген. Әрі министрлік тарапынан министрдің кеңесшісі мен вице-министр жеке қабылдаған. Кездесулер онлайн және офлайн форматта өткізіліп, бүгінгі іс-шара қатысушыларына жасалып жатқан жұмыстар бойынша, қазіргі таңдағы жобалар бойынша түсініктемелер беріліпті. «Бұл кісілердің қазіргі басты талабы – үй сұрап отыр. Алайда үй тек заңды түрде кезекке сай беріледі. Жылдан жылға жасалынып жатқан жұмыстардың барлығы көрініп отыр. Жеке, ортақ сұрақтар болсын, барлығы бойынша түсініктемелер берілді», – деп жауап берді.

Айта кетелік, кешегі күні Мәжіліс азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжат келесі өзгертулер мен толықтыруларды қамтыды (дереккөз: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайты):

  • Мүгедектіктің себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын азаматтарға берілетін жәрдемақыны енгізу қарастырылған.
  • 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді.
  • Мүгедектігі бар балалардың барлық топтары үшін жәрдемақы мөлшері 16,7%-дан 37%-ға дейін ұлғайтылады. Бұл шара 30 мыңнан астам мүгедектігі бар балаға қатысты болады.
  • Мүгедектік бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру көзделеді.
  • Бұл жобада жаңашылдық – жұмыс берушінің міндеттемелерін орындау мүмкін болмаған жағдайда, еңбек жарақатынан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету.
  • Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары кәмелетке толғаннан кейін де тұрғын үй кезегінде тұру құқығын сақтау көзделеді.
  • Мүгедектігі бар балаға күтім жасау мерзімін 18 жасқа дейін ұзарту ұсынылады.
  • Табысы аз отбасылардың балаларына кепілдік берілген әлеуметтік топтама беруді Әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыру қарастырылған.
  • Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің тиімділігі мен атаулылығын арттыруға бағытталған өзге де нормалар қосымша енгізілді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, бұл жобаға қарастырылған шараларды іске асыру үшін 2021-2023 жылдарға арналған бюджет қаржысынан  55 млрд теңге көзделінген.

Жанар Байтілес, 

Нұрсұлтан қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Тегін тренингке қатысам десеңіз

Құрметті қарағандылық әріптестер, сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймыз! Сіздерге мықты денсаулық және шығармашылық табыс тілейміз!