///

Оралда медиасауат фестивалі өтті

15408 рет қаралды

Біз толассыз ақпараттар ағынында өмір сүріп жатырмыз. Осы ақпараттардың шын-өтірігін қалай ажыратамыз? Түрлі дереккөзден келетін сан алуан мәліметті  қалай тексереміз? Бұл сұрақтың жауабын   MediaLitFest2021 медиа және ақпараттық сауат тақырыбына арналған онлайн   фестивальден де білуге болады. Онлайн фестиваль  сәуірде Қызылорда облысынан бастау алған еді. Мамыр айында Батыс Қазақстан облысында ұйымдастырылды.

Бұл фестивальдің бір ерекшелігі, онлайн өтетіндіктен, алдымен фестивальге қатысатын қарт кісілерді бір апта бұрын жинап, ZOOM платформасында жұмыс істеуді үйретіп алады. Мысалы, 29 мамыр күні БҚО бойынша өтетін MediaLitFest2021  фестивалі қарсаңында Орал қаласының ардагерлері үшін 22 мамыр күні арнайы оффлайн кездесу ұйымдастырылды.  Кездесу Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №6 филиалында өтті. Кездесудің басты мақсаты жоғарыда айтып өткеніміздей, ардагерлерімізді алда өтетін онлайн режимдегі фестивальге қатысу тәртібімен таныстыру. Бұл күні оффлайн кездесуге қатыса алмаған ардагерлер онлайн режимде байланысқа шықты. Осылайша, барлық қатысушы бір үстелдің басында әңгіме-дүкен құруға мүмкіндік алды, онлайн жиындарға қатысуды үйренді.

Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №6 филиалы былтыр заман талабына сай күрделі жөндеуден өткен. Кітапханадағы жайлы атмосфера   ардагерлерге қатты ұнады. Кітапхана ұжымының қонақ күтудегі қарым-қатынасы да кездесудің сапалы өтуіне ықпал етті.

Кездесуге Батыс Қазақстан облысындағы ардагерлер кеңесінің жаңадан сайланған төрағасы Мақсот Қабошұлы Берген мырза бастаған ардагерлер кеңесінің мүшелері қатысты. Олар елге сыйлы, саналы өмірін сүйікті ісіне арнаған, қазіргі уақытта зейнет демалысындағы ардагер ұстаздар, журналистер, үкіметтік емес ұйым өкілдері, коммуналдық сала қызметкерлері. Бұл іс-шараны ақпараттық қолдау мақсатында облыс көлемінде тарайтын «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің тілшілері де келді.

Орал қаласының ардагерлері үшін арнайы ұйымдастырылған оффлайн кездесуді «Internews Network» халықаралық ұйымының Қазақстан өкілдігіндегі медиасауат жөніндегі кеңесшісі Гүлнәр Асанбаева ашты. Гүлнәр Асанбаева «алтын жастағы» зейнеткерлер қоғамның медиасауатын арттыруға зор  ықпал ете алатыны туралы баса атап өтті. Одан кейін сөз алған жоба жетекшісі Мейрамхан Жәпек фестивальдің мақсат-міндеттері жайында сөз қозғады.

Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Қабошұлы жалған ақпараттың жарға соқтыратынын, әсіресе пандемия кезінде халықтың фейк ақпараттардың құрсауында қалғанын еске алып, осындай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.

Кездесуге спикер ретінде шақырылған «Уральская неделя» газеті редакторының орынбасары Рауль Упоров, журналист, медиатренер Гүлфайрус Уалиахмет медиа және ақпараттық сауат туралы тақырыптарының шеңберінде: ақпаратты тексеру, фейк дегеніміз не, фейк пен шын ақпаратты қалай ажыратамыз, манипуляцияға қалай берілмеу керек деген сұрақтардың жауабын беретін мазмұнды тренинг өткізді.

Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №6 филиалының бағдарламашысы Мейрамбек Сұлтанов ардагерлерге ZOOM мобильдік қосымшасымен жұмыс істеуді үйретті. Қатысушылар өз телефонынан ZOOM қосымшасы арқылы онлайн жиналыстарға қалай қосылудың қыр-сырын үйреніп, балаша мәз болды. Осы ретте ардагерлердің өмірге құштарлығы, жаңа технологияны үйренуге деген ынтасы, қоғамға титтей де болса пайдам тисін деген ниеті    туралы айтпауға болмас.

Сонымен, көптен күткен  29 мамыр – батысқазақстандықтар үшін медиа және ақпарат сауаттылығын арттыратын күн де келіп жетті.

MediaLitFest2021 медиа фестивалі таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін онлайн тәртіпте  екі аудиторияда, екі тілде өтті.

Фестиваль жүргізушілері Гүлнұр Омарханқызы мен Регина Кимнің кәсіби шеберлігі арқасында қатысушылар фестивальдің онлайн режимді екенін ұмытып кеткендей. Оралдағы фестиваль ұйымдастырушылары мен фестиваль спикерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Орал қалалық кітапханалар жүйесінің №6 филиалында жиналып, онлайн жиынды бірге тамашалады.

Медиафестиваль әр өңірдегі белгілі тұлғаларды еске алуды дәстүрге айналдырды. Қызылорда облысында Батырхан Шүкеновті еске алса, Батыс Қазақстан облысындағы басқосу әйгілі әншi, композитор, Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, күні кеше арамыздан алыстап кеткен Ескендір Хасанғалиев ағамызға арналды.

Батыс өңірінің дарынды, тума талант ұлдарының бірі Ескендір ағамыздың есімі қазақ өнерінің тарихында алтын әріптермен жазылары даусыз.  Фестиваль қатысушыларына ән-ағамыз туралы естелік айту үшін Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының әншісі, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов арнайы келді. Әдемі естелік Ақжайық өңірі өнерпаздарының орындауындағы «Ескендір аға»  әнімен жалғасты. Бұл ән Ескендір Хасанғалиев көз жұмған күні дүниеге келген, сөзін Абдул Рахметов, әнін  Күләш Қуанышқалиева жазды.

Фестиваль көрігін түрлі сала сарапшылары мен медиатренерлерден жасақталған спикерлер қыздырды десек, қателеспейміз. Мазмұнды, тартымды, қызықты презентациялардан бөлек, осы тақырыпты аудиторияға жеткізудегі спикерлердің шеберлігі мен біліктілігі фестиваль қатысушыларын бірден баурап алды. ZOOM алаңындағы чатта тақырып қызу талқыланды.

Фестивальдің орыс және қазақ тіліндегі аудиториясының қатысушылары «Кино және сыни ойлау: қазіргі заманғы кинематографиялық бейнелерді қалай жеткізуге болады?»  тақырыбымен сөйлеген медиатренер, журналист, жазушы, кинорежиссер, «Greatland» фильмінің авторы Дана Зияшевамен (АҚШ, Лос-Анжелес) ортақ залда кездесті. Айта кетейік аталған фильм Лос-Анжелесте түсіріліп, халықаралық цифрлық алаңдарда, соның ішінде «Аmazon» желісінде прокатқа шыққан. Бұл фильмнің ТМД аумағындағы премьерасы Мәскеу кинофестивалінде өтті.

Дана Зияшева экономика мен әскери сала «қуатты күш» болса, кино, музыка, сән және басқа өнер түрлері мемлекеттің идеологиялық саясатында пайдаланатын, адамның сана-сезіміне билік жасай отырып жаулауды көздейтін «жұмсақ күші» екенін тілге тиек етті. Фильмді көру кезінде миымыздың кино түсіруші тарап жақтан шебер басқарылып отырғанын байқамайтынымызды, кино санамызға әлем туралы стереотиптер және идеяларды білдіртпей сіңіре беретінін де ескертті.

«Сіз белгілі бір тақырыпта өз пікіріңізді өзіңіз қалыптастырып отырмын деп ойлайсыз. Алайда сіздің ой-пікіріңізді қалыптастыруға сіз көретін кино, тыңдайтын музыка, оқитын кітап ықпал етіп отыратыны белгілі. Ал ондағы шындық біздің мүддемізге сәйкес келе ме, жоқ па, ол сол жобаны қаржыландыратын режиссер мен студияның идеясына тікелей байланысты», – дейді медиатренер.

Осы басқосуда қатысушылар сұрағына жауап берген Дана Зияшева   Ұлттық кино орталығына Қазақстанда фильм түсіру үшін ұсыныс бергені жайында мәлімдеді.

Фестиваль қатысушылары  өздері және балаларын әлеуметтік желідегі ақпараттар тасқынынан қорғануды, балаларға қандай медиаконтент ұсынуды, фейк ақпаратты қалай тексеруді,  әлеуметтік желіде қандай ақпараттарды жариялауға тыйым салынғанын және ол үшін жауапкершілік қандай болатынын, іскерлік саладағы ақпараттық сауат және кез келген ақпаратқа сыни тұрғыда қарауды үйрене алды. Ал Нұрлыбек Рахманов пен Рауль Упоровтың медиашеберханасында әлеуметтік желіге пост  жариялап, фестивальдің шағын байқауында бақ сынады. Жеңімпаздарға медиасауатқа арналған кітаптар табыс етілді.

Қатысушылар Жаңылай Базарбай мен Регина Ким жүргізген медиаквиз бен медиаквесте, сондай-ақ Ескендір Хасанғалиевтың музыкалық тағдырына арналған викторинада медиасауат бойынша білімін сынады.  Білім жарыстырып, белсенді болған қатысушылар фестивальдің арнайы сыйлығы мен сертификатын жеңіп алды.

Музыкалық үзіліс кезінде «Қаражорға» биін билеп, бой жазуға мүмкіндік алды.  Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы әншілері – Айбар Хайырханов пен Камалидин Айтбаевпен сұхбат құрды, әнін тыңдады.

Фестиваль маусым айында  Атырау өңірінде жалғасады.  Айта кетерлігі, медиасауатты көтеруге арналған MediaLitFest2021 онлайн фестивалі АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы аясында дайындалды.

Альфия Шамай, Орал

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері