///

Бақытбек Бәмішұлы. Ажалсыз адам (деректі хикаят) (соңы)

1777 рет қаралды
3

* * *

Тайпақ қараның қарасы қайтіп көрінбеді. Қапыштың атын бұл түні қарауылдар үш қайта шақырды. Бірақ қараңғы бір түкпірде орнынан тұрып келуге шамасыз, құнысып жата берді. Камера ішіне кіріп кімнің бар жоғын жүрегі дауалап тексеріп нақтылайтын қарауыл болмады. Кіріп келгенін ашығып, анталап, қаны қарайып тұрған тұтқындар талап тастауға жынданып әзір тұр. Сондай бір сойқан осы түрмеде болып, шамасы жетпеген қарауылдар оқ шығарып, көтерілісшілерді бірақ қырып тастаған оқиға болған.

Түн ортасында түрме есігі сықырлай ашылып ішке фонарьдің өткір жарығы түсті. Қапыш өз көзіне өзі сенбеді. Әлгі жарық мол түскен қабырғада сүлкіні түсіп, сүмірейіп Қабдолда қарт тұр. Қабдолда жасы жетпістен асқан, қақ-соқпен шаруасы жоқ, бейуаз жан еді. «Қырғын кісі ылғамайды екен-ау!». Қарауыл шеріктер бір-бірлеп тұтқындардың аттарын шақыра бастады. Аты аталғанда шықпаған адамдардың орнына қолдары жеткен жерде тұрған кім болса соны сүйреп әкетті. Шыққандар қайтып оралмайды. Қайда кетіп жатқаны белгісіз. Түнде түрме іші осылай оңашаланып, тұтқындар сиреп қалады да, таң ата қайта жаңа адамдар мен тола бастайды. Тергелгендерден қылмысын мойындаған тірі жан болмады. Қинаудан жандары қиналғанда барып, «әкелші андағы немеңді» деп атып тұрып мойындау қағазына қолдарын қояды, бармақтарын басады. Қалқа тілін білмейтін қазақтар өздеріне қандай қылмыс жасады деп, қандай айып тағылып, қандай жаза бұйырғанын, қандай жала жабылып жатқанынан да бейхабар. Қылмыстарын мойындап Моңғолияның Ішкі Істер министрлігінің төтенше және толық ерікті комиссиясының өздерін ең жоғары ату жазасына кескен бұйрыққа қолдарын қойып жатты. Бұйрық қол қойған сәттен күшіне еніп бұлжытпай орындалды.

Қапыш үшінші тәулікте ес жиды. Қасында аталары Ақымер бай, Шудабай шаңия, ағасы Нұртаза молла бар екен. Ол Қапыштың басын білегіне алып, сүйеп отыр.

– Аға,– деді Қапыш құдды есі ауысқан жандай елеңдеп басын көтеріп,– тайпақ қараны қайтіп тұрмастай қып тептім, өлді! – Ешкімі ләм-мим демеді. Нұртаза молла Қапышты қатты қыса түсті. «Арыстаным, батырым-ай, құлашыңды кең жазып, қас жауыңмен қасықтай қаның қалғанша айқасып, арсыз ажалды қасқайып тұрып қарсы алып, армансыз аймаласаң арманың бар ма, бауырым?!». – Нұртаза молланың ып-ыстық жасы Қапыштың жүзіне тамды. Ол молланың қолын серпіп тастап жүгініп отыра қалды. Жаңа ғана өлі мен тірінің арасында жатқан Қапыш жаңа туғандай ширады. Тас түнектің түбінде жатқан тірілерді түгел шолып тұр. – Аға, мен әлгінде алаштың арыстары Әлиханды, Ахметті, Міржақып, Мағжанды көрдім. – Қапыштың ысқырығы басым даусы нақ та ащы шықты.

– «Сақа мен Сәду аузынан тастамаушы еді». Қайда жүрсе де қазақтың жаны бір ғой. Айналайын, аруақтар, Алла қолдап жүр ғой,– деді Нұртаза молла.

Әлгіндегі ыңыраған дыбыс, Аллалаған дауыс, қажыған қыңсыл сап тиылып, түрме іші құлаққа ұрған танадай тынышталды. Қиналған жандардың қыңқылы өлімнің әлдиіндей тербетіп, мылтығына сүйеніп қалғып кеткен қарауыл жым-жырт тыныштықтан шошып оянды. Тыныштық та бейғам жатқан дүние емес екен. Ұйқы бұзар күші бар екен. Өз қылығынан қымсынған қарауыл есікке құлағын жапсырып тың тыңдай қалды. Нұртаза молланың даусы шығуы мұң екен Қапыш тіпті арқаланып кетті.

– Біз басымызды бәйгеге тігіп соғыспадық. Біз қорқып қорғалағамыз жоқ. Қанды қолдардың қылышына қылша мойынымызды имедік. Мысымызды жасытпадық, сағымызды сындырмадық. Қорқаулардың көмейіне ал қызыл адал қанымызды құйдық. Қан өтеусіз болмайды. Қанды кек қайтар. Қайғырма! Қайғырғаннан қараңғы жарық болмайды. Қапасты Алланың ақ дұғасы нұрландырады. Дұғаңды үйір, Нұртаза! Жазықсыздардың жаназасын шығар! Бұ дүниенің жарығы бітті.

Нұртаза молла тап бір осы тілекті күткендей іркілмеді, жүрелеп отырған бойда күбірлеп дұға қылды да сонан соң бір ұзын сүрені сырқырата жөнелді. Аяттан аятқа ауысқан сайын тынысы ашылып, дабысы зор шықты. Жазықсыздардың жандары жадырап, жақындары қасынан табылғандай. Бәрінің жүрегінде бір Алла. Сүренің соңы дәлелге ауысты. «Лә, илаһа ил Алла», «Лә, илаһа ил Алла», «Лә, илаһа ил Алла»,.. Мұхаммед расул алла! Алла Хақ!». Тұтқындар арасында моллаға ілесетіндер де бар екен. Олар қосылғанда әуезді үн аспандап, түрме іші күңіреніп кетті. Оны көрші бөлмедегілер қостады. Аллаға мадақ зікірді арғы камерадағылар жалғап әкетті. Сөйтіп бірінен біріне ұласып тамыздың тамылжыған бір түні бүкіл Қобда шаһары қозғалғандай күй кешті. Тап осы кезде, түннің бір уағында айғайды салып есік ашылды. Түрме ішіне көз қарықтырар жарық түсті. Жағына пышақ жанығандай құп-қу қарауылдар мылтықтарын кезеніп келіп тұтқындарды бір-бірлеп сүйрей жөнелді.

–Нэг… хоер… гурав… (біреу, екеу, үшеу…) арван найм(ан) (он сегіз). Болды! –Қапыш «а, құдайлап, Абылайлап» атып тұрды. Сонан соң ұрандап есікке қарай бар пәрменімен ұмтылды. – Аруақ! Аруақ!.. Жәнібек! Жәнібек!… Бұқарбай! Бұқарбай!…Ол он тоғызыншы болып табалдырыққа жеткенде маңдайы маңдайшаны соғып, есік жабылды. «Тәңірім-ау, тағы бір түннің тозағын тартам ба?!» дей бергенде әлде біреу суырып әкетті. Сүт әлемнің сары қаймағын сылып, сыпырып жатыр.

Қобда шаһарының түнгі тымырсық тынышын Газ машинасының жағымсыз гүрілі бұзды. Шаһар тұрғындары түгел құлақтанып, иманын үйіріп, бүк түсті. Жағымсыз гүріл, жан алғыштай естіледі. Шаһардың әр жерінен иттер шулап, сезімтал кейбіреулері тұмсықты көкке қадап қойып озаңдап ұзақ ұлыды. Иттің ұлығанын жақсылыққа жорымайтын моңғол жұрты да «табаның тартқыр», «қара басыңа көріңгір», «шық» деп зекуге батылы бармай бұғып қалды. Қобда шаһары  иттері түн ортасы ауа  ұзақ-ұзақ ұлуын тоқтатпады.

Кебежесін тұмшалап бүркеп, адамдарды тікесінен тік тұрғызып нығап тиеген машина ырғала ызыңдап отырып Қобда шаһарынан оншақты шақырымдай жүріп ұзап тоқтады. Бес атарларын шарқ-шұрқ оқтаған шеріктер машинаны қоршап тұра қалды. Тұтқындарды топырлата түсіріп алдын ала қазылған үлкен ұраның жағалауына тұқыртып әкеліп шөгеріп жатыр. Қоршап тұрған шеріктер жүгіріп кеп тұтқындардың көк желке тұсынан қара құсына мылтықтарын тіреп тұра қалды. Әбден машықтанған, әккі. «АТ!» деген аяр дауыспен бірге қара жер қақ айырылғандай болды. Қапыш қара құсына қадалған мылтықтың от алмағанын сезді. Тоңқайған бойда омақаса ұраға құлап жатқан адамдармен бірге кетті. Түн ішінде, құлақ тұндырар жарылыстан кімнің оғы тиіп, кімнің мылтығы тұтығып жатқаны белгісіз болса да, бесатары от алмай қалған шерік шошығанынан қан сиіп жіберді. Капитанға жалт қарады да, шақпақты қайта шарт-шұрт тартып, ұраның ішіне қарай атып-атып қалды. Машина жақтан: «Алла-алла! Мына иттер атып жатыр! Ойбай-ай, ойбай! Атып жатыр!» деген дауыстар шулап кетті. Оларды да тап әлгіндегідей тізіп әкеп ата салды. Бұл жолы мүлт кеткен оқ болмады. Қадап тұрып қара құстан атса да көр ішінен ыңыранып, ыңырсыған дауыстар шықты.

Қапыш қазылған ұраға омақаса құлаған. Басы зеңіп, көзі қарауытып барып лезде ес жиды. «Астапыр алда, тірі екем-ау. Тірі екемін». Астында мәйіт жатыр екен. «Қайсысы екен? Кім екен, ә?». Шошып кетті. Мәйіттің жоғары қарай созылып ордың қабырғасына сүйеніп қалған қолының астына қарай басын тықты. Жасырынған сиқы сол еді. «Үндемейін. Үнімді шығармайын. Ей, Алда, әлі де су ішерім бар ма еді?». Тынысын ішке тартты. Зарлап жылағысы келді. «Ақымақ, үніңді өшір, аяйды деп пе ең, далдұлыңды шығарады. Тып тыныш жат, тып тыныш». Оң жақ қолы ұйып, жауырынының асты ашыды. Жараға тұз құйғандай ашыды. Күрс етіп мылтық атылды. Қара аспан қақ айырылып, жұлдыздар жерге жауғандай көр іші сүттей жарық. Қоп-қою қараңғылық үйірілді. Қара жер тағы түршікті. Сауылдап топырақ құйылды. Біреу Қапыштың тап үстіне құлап түсті. Қабырғасына тиген қатты дүмпуден шыңғырып жібере жаздады. «Шыда, шыда Қапыш, өлмейін». Енді сақылдап күлгісі келді. «О, сайтан алғыр, қу күлкі, әзәзіл күлкі, енді сенің арбауың жетпей қалып еді. Атылмай қалған ажалды сен паш етпекпісің. Жәйәм асықпа деп еді. Асықпайын». Өр жағынан біреу ойбайды салды. Қолы ербеңдеп, тыпырлап жатыр екен. Бір шерік ұраның шетіне жетіп кеп әлгіні көздеп тұрып атып, үнін өшірді. Көр ішінен ыңырсыған дыбыс, қыңсылаған үн басыла қойған жоқ. Қапыш қапталында жатқан адамның жирыңдап жаны бойынан әлі шыға қоймағанын біліп жатыр. Шеріктер ұраны жағалап тұра қалды. Тұра қалып мылтықтарын тұқырта ұстап көр түбіндегі өліктерді әкесінің құны, кеткен кегі бардай үсті-үстіне бытырлатып атып тастады. Адам атқызған капитан да, атқан шеріктер де зәреқұт қалмаған. Не істеп, не қойып жүргенін өздері де білмейді, көздеріне қан толып, «халық жауы», «есірку» атанған адамды құрту керек, құртқанда тұқымына дейін қайтып көктеместей етіп жойса құп деп қана біледі. Сонда нағыз әділетті, тең құқықты қоғам орнайды деп далақтаған жандар еді. Сол жолда бастарын бәйгеге тіккен, партия талабын бұлжытпай орындап жүрген күрескерлер.

Капитан мұздай қатқан шеріктерге жақындап кеп:

–Сендер, отан алдындағы борыштарыңды абыроймен орындадыңдар. Бір топ халық жауы есіркулерді жойдыңдар. Ерекше ескертемін! Егерде кімде кім бұл істі жария етер болса, әскери құпияны әшкерелеп, отанын сатқандығы үшін қатаң жазаға тартылатын болады.

«Отан алдындағы борыш. Ол абыроймен орындалса. Ол неге құпия болуға керек? Отан алдындағы абыроймен орындалған борыш жария етілсе неге жазалануы керек?» екенін шеріктердің ешқайсысы да ойлай алмады. Отан алдындағы міндеттерін мүлтіксіз атқарғандарына нақ сенімді. Бір ауыздан гүр етіп: «Отан үшін адал қызмет етеміз» деді. Ал Қапышты атқан шерік қара сүмек. Капитанның соңғы сөзі тек өзіне арналып айтылғандай қалш-қалш етеді. Шеріктердің не дегенін де ұқпады. Олар дүр етіп машинаға қарай лап қойғанда бұтының арасы жайсызданып топтан қалып қойды.

– Саған не болды? Арт жағынан наганы шошаңдап жетіп келген капитан ақырып қалды. Аузынан қоясы түсіп, артынан қиы шықты.

– Жолдас капитан… – Ол табан астында былқ етіп құлап түсті.

Капитан маңайды бір шолып өтті. Ең соңында машинаға отырды. Дарылдай қозғалған машина қара қоңыздай тоңқаңдап қараңғыға қарасын қалай батырды, солай айдала, иен түзге тыныштық орнады. Түн баласында жапан түз осылай тыныстап, осылай дем алатын. Табиғат өзінің бейбіт өміріне көшті. Булыққан көк түтін, дәрі иісі, зуылдаған қызыл шоқтар ауаға сіңіп, жым жылас жоғалды. Жаңа ғана, тап осы жерде адам қанын адам төгіп, дәрменсіз денеден жан шыға алмай шырылдап, шығып алса суық тәнді тастап кете алмай қиналған ауыр қылмыс атқарылғанын қанға бөккен көр ғана айғақтайды. Алайда бүгін бе, ертең бе ана апан, мына ұраның барлығы топырақпен толтырылып, түгелдей тегістеледі. Үстінен отар-отар ұсақ, үйір-үйір жылқы айдалып өтеді. Сонан соң… сонан соң жыл бойына бұл өңірге жан баласын жуытпай тусыратып жібереді. Жарықтық табиғат жаңбырымен жуып, қарымен қымтап, көгімен бүркеп, жапырағымен жауып жамандық атаулыны жуып-шайып қара жерді жыл сайын түлетіп, жаңартып отырады. Сондықтан шығар адам баласы өткеннен белгі болмайтындай алданады. Бірақ, қара жер қылмысты жасырып қалмайды. Күндердің бір күнінде заман түзеліп, келер ұрпақ аңыз боп жетер ақиқаттың сары ізіне түсіп, сары сірік сүрлеуін аршып, қара жердің қойнауына үңіледі. Қатпар-қатпар тарих қыртысынан ақиқаттың есігін табады. Өйткені ақиқат есігі жабылмайды. Ақиқат есігін жауып, ізін өшіремін деп әуреленгендер күнәға батып, қылмысқа ұрынады.

Өліктер арасынан, өлдім дегенде зорға топырақ бетіне шықты Қапыш. Сәл тыныстады да көрден шығуға тырмысты. Қанша әрекеттенсе де көр жиегіне қолы ілінбеді. Қансырап та бара ма, барған сайын қимылы баяулады. Бір заматта қара жердің үстінде тұрды. Терістікті көмкерген Жаматы тауына қарай қайқайды ілбіп.

2008 ж.

Алматы.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Қанағат Булгын
    Қайран асыл бабаларымызай!өте аянышты!!! Ары қарайғы өмірін толық болмасада, еміс еміс білетін едік қой! Жалғасы барма?Аллаға шүкір! Текті ұрпақтарым іздеді жоқтады деп,баба аруақтары разы болар! Аллам сауапқа жазсын. Асыл тас қап түбінде қалмайды!!! Қаламың ұшталып, жазарың көп болсын құлыным. Тартымды тамаша жазылыпты.

  2. Тайлах Ахын Баймурат
    Бақа бұл трагедиялы оқиғаның жалғасын толықтауыңызды өтінеміз. Қапыш Уәлиұлының жанында аймағымызға танымал мықты бір азаматымыздың ұлы әкесі әйгілі молдаларымыздың біреуі болған ғой. Осы кісі жөнінде менде бір аз деректер естіп, белгілеу қозғалтқан едім. Шығармашылық табысыңыз шыңдала берсін!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар