/////

Биылғы жолдауда не қамтылмады?

3405 рет қаралды

Жылдағы дәстүрге сай президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына өз жолдауын жолдады. Жолдауға қатысты пікір білдіру үшін саясаттанушылар, журналистер мен қоғам қайраткерлеріне «Биылғы жолдауда не айтылмады?», «Ойыңызда жүрген мәселе, жолдауда шешімін тапты ма?» деген сұрақтар жолдаған болатынбыз. Сұрағымызға жауап төмендегідей болды.

Асылхан МАМАШҰЛЫ, журналист:

– Президенттің жолдауы 1997 жылдан бері қалыптасқан дәстүр ғой. Бұл жолдаудың ауқымы өте үлкен. Бірақ бір нәрсені ескеру керек. Жолдау президенттің бір жылға арналған бағдарламасы ма, жалпы бұл бағдарлама ма жоқ па? Соны анықтап алу керек. Осы жағы сәл түсініксіздеу болды. Негізінде бір жылға арналған бағдарлама деп айту керек шығар. Себебі жыл сайынғы жолдауда Қазақстанның барлық мәселесін қамтитын нәрселерді түгел айту керек. Сондықтан бұл жолғы жолдауда көп нәрсе қамтылды деп айта аламын. Бірақ былтырғы жылғы жолдау қалай орындалды, алдыңғы жолдау қалай орындалды деген сұраққа жауап берілген жоқ. Н. Назарбаев та кезінде солай айтатын. Яғни жыл сайын жолдау арнайды, бірақ алдыңғы жылдардағы жолдауда айтылған мәселелер шешімін тапты ма оны айтпайды.

Бұл жолдаудың есте қалғандығына назар аударатын жайт елеусіздеу боп көрінгенмен осы жолғы жолдауға келген жоғары лауазымды шенеуніктердің, депутаттардың орнынан тұрып қол шапалақтағанын байқаған жоқпын. Отырып қол шапалақтады. Сосын шапалақ аз болды.  Бұрын депутаттардың Н. Назарбаевтың кезінде орындарында отыра алмай, тұрып кетіп қолдарын шапалақтайтын кез жиі болатын. Кейде әр бес минут сайын шапалақтағанда сыртынан қарап отырып ұялатынбыз. Бұл жолы қол соғу аз болды. Оларға айтты ма, әлде депуттаттар қол соққысы келмеді ме осыны білмедім.

Сонымен қатар біз өмір бақи Назарбаевтың жолдауына үйреніп қалғанбыз ғой. Назарбаевтың кезінде жаһандық мәселелер көп айтылатын. Орталық Азия, ТМД елдерімен, шетелмен байланыс, БҰҰ байланысты үндеулер айтылып Назарбаев белсенді шығатын еді. Ал Тоқаевтың жолдауында ондай нәрсе байқалған жоқ. Көбінде Қазақстан мәселесін сөз етті. Жалпы үлкен жаһандық деңгейдегі ұрандар айтылған жоқ. Бұл бір жағынан жақсы. Мемлекет басшысыны  Республиканың ішіндегі мәселелерге көп көңіл бөлгендігі де жақсы ғой.

Жолдауда саяси реформалар жайлы айтатын бөлімді күттім. Бұл жолы да Назарбаевтың билікте отырған кезімен салыстырамыз. Ол кісі билікте отырғанына шамамен он жыл өткеннен кейін-ақ  жыл сайынғы жолдауында демократияшыл адамдар  Назарбаев бір саяси реформа жайлы айтатын шығар, осы жолы өзгеріс жасайтын шығар деп күтетін, үміттенетін. Бірақ соңында үміт ақталмай қалатын. Назарбаев ешқашан жолдауында саяси реформалар жайлы ірі әңгімелер айтқан емес. Тек қана «иә, жасаймыз, өйтеміз, бүйтеміз»,- деп сипай қамшылап өте беретін. Бұл жолы Тоқаевтан саяси реформа жөнінде айтатын шығар деп күттім. Себебі Қ. Тоқаевтың айтатын жөні бар. Өйткені  2019 жылғы маусым айындағы президент сайлауынан кейін президент боп сайланысымен бірінші кезекте ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Сөйтіп Қазақстандағы барлық саяси күштерді бірігуге, еліміздің болашағы үшін жұмыс істеуге шақырды. Сосын сол   сайлау кезіндегі қарсылық акцияларын да  көрді. 4000-нан астам адам  сол кезде қамалды. Бұл әрине Тоқаевтың одан кейінгі сөздеріне әсер етті. Шет елдік бір журналиске сұқбат бергенде өзін «саяси реформатормын» деп айтқан кезі болды. Сосын саяси реформа жасайтыны жөнінде, саяси жаңғырту жөнінде жұмыс істейтіні  туралы да айтқан. Осы жолғы жолдауда осы мәселе тұрғысында іргелі нәрсе айтатын шығар деп күттік. Бірақ ондай мәселе көп айтылмады.

Саяси реформалар жөнінде не айтты дейтін болсақ биліктің саяси реформа деп атап өтетін  төрт-бес заңы бар Қазақстанда.  Атап өтер болсақ бейбіт митингілер туралы, саяси партиялар, сайлау және заңның бабын қылмыстық кодекстен алып, азаматтық кодекске ауыстырды. Соны «ізгілендіру» деп атады. Міне негізінен осы төрт заң, осыны өзгерткендігі туралы қайталап айтып шықты. Одан кейін тағы бір мәселесі келесі  парламент сайлауында саяси партиялардың мәжіліске өтуі үшін қойылатын шектік мөлшер 7%-дан 5%-ға түсірілді. Бұны үлкен өзгеріс деп атады. Бұл жайында қыста, қаңтар айында парламент мәжілісінің сайлауы өтіп, болары болып, бояуы сіңіп, саяси кеңістігіміз ентігіп  тұрған кезде, осылай да осылай енді 5%-бен өтеді деді. Меніңше бұл күлкілі. Неге соны сайлау өтпей тұрып, бір ай бұрын айтпады? Неге осы сайлауды 5%-дық межемен өткізбеді? Яғни тағы да бес жылға созып отыр. Енді қараңыз, бес жылдан кейін Тоқаев бола ма, болмай ма? Президенттің орнына келетін адам оны істей ме, істемей ме? Ол сол кезде болатын президенттің мәселесі.  Қ.К. Тоқаевтың қазіргі өкілеттілігі 2024 жылы аяқталады.  Яғни Тоқаев өзі жоқ кездегі жасалатын нәрсеге уәде беріп жатыр. Бұндай жағдай  дамыған елдерде, өркениетті, демократиялы елдерде өте күлкілі.

Шын мәнінде саяси өзгеріс жасау  жолында  ешқандай талпыныс жоқ екендігі көрініп тұр. Бұл сөз Тоқаевты сынау үшін немесе  тек қана билікті сынау үшін  айтылып тұрған жоқ. Былай қарағанда, саяси реформаның керек екенін бәрі түсініп отыр ғой. Тіпті Тоқаевтың өзі де түсінеді. Бірақ енді қолы байлауы шығар, бәлкім бір күштер әрі қарай істетпей отырған шығар. Ондай нәрсе болса айтсын. Жалпы Қазақстандағы қос билік дегенге  нүкте қойылмай, ашығын ашып айтпай бізде саяси реформалар жасалмайтыны белгілі болды. Тоқаев президент болған алғашқы жылы «ол жаңадан келіп жатыр, жан-жағына қарау керек»,- дедік. Екінші жылы: «ой ол кадрларын жинастырып жатыр»,- дедік. Негізгі жұмыс істейтін жылы бес-ақ жыл. Болды ғой, екі жылы өтті. Енді істейтін жұмысын істеуі керек еді. Меніңше дәл осындай қарқынмен үлкен өзгерістер жасай алмайды. Өзгеріс жасайтын кім? Оны жасайтын алдында отырған қалың шенеуніктер. Ол шенеуніктердің басым көпшілігі көре-көре көзіміз жауыр болған, 20 жылдан бері көріп келе жатқан шенеуніктер. Бірақ олар өзгерте алмайды. Өйткені олардың лимиті баяғыда бітіп кеткен. Болды. Олармен бір өзгеріс жасау, жаңадан басқа бірнәрсе қайта құру, жаңа деңгейге көтерілу мүмкін емес. Оны Тоқаев өте жақсы біледі.  Мені бір қызықтырған нәрсе жолдау аяқталардың соңғы минуттарында президент Қ.К.Тоқаев: «Егер  менімен бірге осы өзгерістерді жасағысы келмейтін адамдар болса, қызметінен кете берсін»,-деп айтты. Тоқаев енді профессионал дипломат қой. Бірақ бізде бұндай сыпайы жеткізуді түсінбейді. Оны шет елдік дипломаттардың алдында айтуға болатын шығар. Бірақ бізде Назарбаевтың «ұртоқпағымен өскен» шенеуніктер мұндай сыпайы айтылған сөзді түсінбейді. Егер осылай сыпайы айта беретін болса онда Тоқаевты көп адам тыңдамай кетуі мүмкін. Әсіресе шенеуніктер. Себебі оларға ұрсу керек,  үстелді тоқпақтау керек, орнынан қуып жіберу керек. Соған әбден үйреніп алған. Егер мәдениетті, сыпайы болам десе онда айналасындағы кадрлары да соған лайықты болу керек. Сонда ғана тыңдайды, түсінеді.  Ал қазіргі құраммен ол мүмкін емес. Себебі қазіргі кадрлармен біз жолдауда күткен нәрселер ғана емес өмірде күткен нәрселер орындалмай қалуы мүмкін.

Шалқар НҰРСЕЙІТ, саясаттанушы:

– Менің ойымша өкінішке қарай бұл жолдаудың алдыңғы жолдаулардан еш айырмашылығы жоқ. 2019 жылғы президент сайлауынан кейін билік басына келген Тоқаев өзін саяси реформатор ретінде таныта бастады, бірақ реформаторлық жолмен жүріп жатқан жоқ. Бұл жолдаудан саяси реформалардың айтылғанын байқамадым. Және  алдағы уақытта да бола қомайтынын білдік. Саяси реформаны адам құқықтарының алтыншы бағыты ретінде көзге көрінбейтіндей етіп тығып қою және оған  аз ғана көңіл бөлу Тоқаевтың қаншалықты саяси реформатор екендігін көрсететін индикатор деп ойлаймын.

Тоқаевтың бұл жолдауы Ақорданың Кремльге қаншалықты жалтақтайтынын көрсететін жолдау болды. Яғни Ресейге ұнайтындай орыс тіліне қатысты, атом электрстанциясына қатысты мәселелердің айтылуы Ақорданың Кремльге тәуелді екендігін көрсетті.

Дәл қазіргі Қазақстан жағдайында бүкіл проблеманың төркіні бұл шынайы саяси реформаның болмауы, саяси өзгерістердің жүрмеуінен біз экономикалық, әлеуметтік т.б. кризистерге тіреліп тұрмыз.  Түпкі себебі елде саяси жауапкершіліктің болмауы, саяси биліктің тұрақты ауыспауы. Сол себепті елімізде лайықты азаматтар лайықты қызметке келуі үшін ашық сайлау мен шынайы саяси реформа болуы керек.

Азаматхан ӘМІРТАЙ, қоғам қайраткері:

– Президент халыққа жолдау кезінде көп мәселені көтерді. Оның бірі  банктердің  шағын орта кәсіпті қаржыландыру бойынша тиімді жолдарын қарастыру жөнінде айтты. Сонымен қатар экология мәселесіне қатысты Алматы қаласындағы ТЭЦ-2 газға ауыстыру мәселесін айтты. Президенттің жолдауында тек мақтау ғана емес сонымен қатар сын айтылды. Яғни  бүгінгі үкіметтің жұмысына сын айтты. Бұл жолдау осымен есте қалды. Және экономикалық реформалардың қажеттілігін, құрылымның дұрыс жұмыс жасауы туралы мәселелерді көтерді. Ендігі кезекте осы мәселелерді іске асыру үшін қоғамдық орындардың жұмыс істеуі аса маңызды. Шенеуніктер жылы креслода отырып алмай, халықпен жұмыс жасауы керек.

Ең басты мәселенің бірі барлық мемлекеттік құрылымдардың нақты экономикалық жетістікте нәтижесі көірнбей тұрғандығы жайында сөз қозғады. Сосын ауылдың халқы жайылым  жерлерді пайдалануы туралы мәселені көтерді. Бұл да ең басты мәселе деп ойлаймын. Сонымен қатар президент жаңа геосаяси мәселеге байланысты жаңа жол бастағандығы туралы айтты. Бұл жерде әрине, терең саяси реформалар қажет.

Парақшамызға жазылыңыз

Айғаным Айтақын

Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылында дүниеге келген. Ақын. Халықаралық, республикалық жыр мүшәйралардың жеңімпазы. Талдықорған қаласындағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Университетіндегі журналистика мамандығының білімгері.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі