//////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2863 рет қаралды

26.10.2021ж.

BEAMISH MUZEUM

«Әкемнің атындағы музей»

Бөтен жер, басқа елге барған басы бос адам әр нәрсені қызықтағыш болады. Негізі турист-жолаушылардың да мақсаты бәсекеге түсу емес, ел көру, жер көру, «дем алу» болса керек. Алайда өзінің айналасында, өзінің туып өскен өлкесінде, өз елінде өзгеден пәленпай есе артық көз қызығарлық, көңіл толқытарлық, ортаңды толықтырарлық, таңданып, тамсандырып тамашаларлық құдай жаратқан табиғи, өзінің туған халқының істеген, жасаған қаншама сандаған мәдени құдылықтарға көз салуға мұршамыз келмей жүріп, өзімізде не бар, не жоғын танып, білмей тұрып біреудікі десе қызыға, құмарта қалатынымыз қызық. «Біреудікі біреуге қыздай көрінеді».
Абайдың бізден бір сұрайтыны бар еді ғой, қырықыншы қара сөзінде: Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай? деп. Осы күйді біз қазір бастан кешіріп жатырмыз. Біз Британияның Ньюкасл қаласына келгеннен бері Алла тағаланың және ағылшындардың қолымен жасалған біраз көрікті орындарын тамашалап жүргенде данышпанның осы сөзі бір сәтте есімнен кетпеді. «Атың барда ел таны желіп жүріп» демекші, бір мүмкіндік туған екен, бос қайтқанша бір нәрсе көріп қайтайын, көргенімді елге айтайын, өтірік асырып «сыбамайын» деп бір бекемге келдім.
Оныншы айдың тоғызы күні сенбіде Ньюкасл қаласынан оңтүстік батыс бағытта он бір миль жерде орналасқан Бейміш (Beamish), ауыз екі айтқанда «Бәміш» атындағы аспан асты ашық музейін көруге бардық. Бұл музейді көруді елде жүргенде ниеттенгенбіз. Былтыр Есенгүлдің «Ньюкаслде Атаның атында музей бар екен» деп шын ниетімен таңғала айтқан әңгімесі кезінде Ақтанайдың «Атам сонда Англияда да болған ба?» деген балалық, балғын, бейкүнә сұрағына да жауап беру өте қызықты болған еді. «Өзің барасың, барғанда көзіңмен көресің» дегенбіз. Міне бүгін сол сөзіміз шындыққа айналып «Бәміш» музейін көруге кетіп бара жатырмыз.

ӘКЕМ АТЫ БӘМІШ  (Beamish)

Бәміш менің әкемнің аты ғой. Негізінде әкемнің азан шақырып қойылған шын аты Баймолда. Нұртазаұлы Баймолда. Бала күнінде ата-апасы (Шудабай ата мен Әтібай апа) отауына келгенде немересін өте-мөте еркелетіп «Балшекер» деп атайды екен. Содан «балшекерлеп» жүріп, қазақтың Қаныш, Қабыш, Әбіш, Жәміші сияқты Бәміш аталып кетіпті де, хатталып-шотталған есімі де Бәміш болып қалады.
Біз Моңғолиядан атамекенге, Қазақстанға көшіп келгеннен кейін жаппай фамилия алу қажеттігі туындағанда тарихи мұрагерлікке әкемнің жолы болды да одан тараған бүкіл ұрпақ Бәміш атты фамилияны иеленіп, отыз жылда бір әулет болды. Мысалы: Бәмішұлы Жанарбек; Бәміш Жанарбекұлы Манас; Бәміш Манасұлы Кемелбек…. Мінеки, бұл күнде әкем Бәміш төрт атаның басын қосып отыр. Ары қарай бұл есімді нешінші ұрпақ, бұтаққа дейін жалғастырады ол болашақ үрімдердің үлесінде…

КӨРМЕ КІРЕ БЕРІСТЕН БАСТАЛДЫ

Сағат он шамасында қалың орман арасындағы қалашыққа маршруттық автобуспен келдік. Көрме кіре берістен басталды. Алдымыздан өзінің айтуы бойынша ХХ ғасырдың басқы кезеңіндегі киім үлгісіндегі қара костюм, қара бәтеңке, қара шляпасын киіп, қара көзәйнек тағынып, қара қол шатырын таянған егде кісі (сурет-1) қарсы алып музейдің бас ғимаратына қарай жол сілтеді.

Ағылшындардың дәстүрлі құрылыс архитектура жобасымен салынған музейдің кіреберіс маңдайшасынан жоғарырақ екі жақ босағасына CELEBRATIG 50 YEARS BEAMISH MUZEUM (Бейміш музейіне елу жыл) деген жазулы түсті плакат ілініпті (сурет-2).

Кезектегі адамдардың қарасы мол екен. Біз бір топ қытай студенттері мен жергілікті бір неше адамның қатарында топ болып, музейге кіру билетімізді әр адамға 8 фунт стерлинг төлеп алдын ала алып алған едік. Жолшы-гейт жөнін айтқан болу керек, кезек күтпей дереу ішке өттік. Фойеде көне нышанда жасақталған кассалар. Музей қызметкерлері жаппай бұрынғы жылдардың үлгісімен киінген екен. Залды толтырып көрнекі сувенирлік әшекей заттар, шөптен жасалған дәрі-дәрмек, түрлі тәтті тағамдар көрмесі қойылыпты. Көріңіз, сатып алыңыз. Бір шетінде кафе жұмыс істеп тұр. Шай, кофе ішіп, жеңіл-желпі ауқаттанып алуыңызға болады.
Қаланың қақ ортасына орналасқан біздің Орталық музейден адамның қарасын аз көретін басым «айдаладағы» мына музейді көруге бала-шағасымен келген жұрттың көптігіне амалсыз таң қалдым. Бұрындары Кәрім деген атамыз айтады екен бір жаққа барып келген кісіден жөн сұрап отырып, «аттап-бұттамай, осы үйден шыққан ізіңмен қуалап сөйле» деп. Ал мен жүрген ізімді тәптіштеп, созбақтамай-ақ қояйын, музей туралы аз-кем баяндап берейін. (Сурет-3)

ШАХТЕР БАЛАЛАР

Музей Англияның солтүстік шығыс өлкесінің ескі-жаңа өркениетін, өткен дәуір, бертіңгі ХІХ, ХХ ғасырда қандай болды, сондай жағдайда көрсетуге құлшыныс жасаған. BEAMISH атты кеншілер қалашығының орнына орналасқан, 120 гектар алқапты алып жатқан мәдениет ошағы болса керек. Бұл жерде бұрын жер асты шахтасы және шахтерлар мекен жайлары болыпты. Көптеген ғимараттары жаңартылып, қайта өңдеуден өткенімен Хоум Фарм, Покерли Олд-Холл и Дрифт Mайн қатарлы экспонаттары көне қалпын сақтағаны ерекше көз тартады.
Мұндағы темір жол вокзалы 1867 жылы салыныпты. Ал қазір Ньюкаслде жасалынған, әлемдік тұңғыш бумен жүретін паровозын және түрлі бу құрылғыларын тамашалауға арналыпты. Біздің көзімізге түскені вокзалдағы ескі заманның автобустары мен трамвайлары (сурет-4) және көне күй сандықты қолымен айналдырып ойнатып тұрған көне кісі болды.



Онан әрі біздің тамашалағанымыз осыдан 200, 100 жыл бұрынғы қаз-қалпында сақталған химик, фотограф, тіс дәргерінің тұрған үйлері, олардың ішіндегі үй мүліктері, заттары, пайдаланған құрал-жабдықтары, кітаптары, қазан-ошақ, екі қабатты үйлердің ванна, туалет тағысын тағы, өндіріс құралдары, түрлі көліктер, масондар залы, банк үйі, типография, канцелярия тауарлары, газет филиалы еді. Қол өнерді қалай өндірістік деңгейге дейін жеткізгендігін, технологияны қалай дамытқандығын осы көрмелерге қойылған экспонаттар айғақтап тұр. (Сурет-5).


Англия – заманында көмірмен байыған, көмір өндірісі арқылы индустриясын көтерген болса, бұл күнде көмір кен орындарын түгелдей жапқан, көмір отынын пайдаланбайтын, экологиясы таза бірден бір ел. Мына бір үсті қарағаймен тұтасқан даңғылдың асты қалың қыртысты, жер бетіне жақын жатқан көмір болса керек. Қазіргі таңда көрмекке сақталған, біз кірген шахтаның жер асты жолының биіктігі тым аласа екен. Бүкшеңдеп жүз қадамдай жүріп көмір шахтасына жеттік. Сөйтсек бұл кезінде балалардың жер астында, тас қараңғы үңгірде қолына май шам ұстап көмір қазған шахтасы екен. Ал осындағы шахтерлардың май шам, балға, тесе, дулыға т.б. тұтынған заттары, шахтаның іші, көмірді қалай алғаны, қалай тасымалдағаны, жас жеткіншектердің, әсіресе балғын балалардың еңбегін қалай пайдаланғаны дейін баяғыдай сайрап тұр…


BEAMISH музейіне барардан бір неше күн бұрын бізге үйін жалдап отырған Роберт телефон шалып, музейге баратынымызды білгеннен кейін сонда кездесетін болып келіскенбіз. Олармен музей аралап жүріп BEAMISH мектебінің алдында жолықтық. «Осыдан 20 жыл бұрын келіп едік,– дейді Роберт,– көп нәрсе жаңаланып, көп нәрсенің орны үңірейіп тұр. Ауыл шаруашылығына қатысты жақтары тозыпты. Жылқы бар еді,– дейді. Роберт арғы атасынан шахтер екен. Шахтер болғанда тап осы BEAMISH шахтасында істепті. Атасы жарықтық шахтада болған апаттан қайтыс болады да Роберттің әкесі күн көру үшін 12 жасынан шахтер болыпты. Ал өзі осында колледж бітірген соң электрик болып қызмет атқарыпты. Роберт және оның әйелі Лизбен BEAMISH мектебінің алдында суретке түстік. (Сурет-6)

BEAMISH МЕКТЕБІ

BEAMISH мектебі бастауыш класс балаларына арналған, бір есептен шағын мектеп үлгісі екен. Ескі ғимарттың маңдайшасында 1891 жылы Beamish school board (Бәміш мектеп үйі) деп ойып жазылыпты. (Сурет-7). Бұл тақтадағы жазуды әріптеп, қарыптап оқысаң ештеңе де шықпайды. Қажеттілік туған соң біліп жатырмыз. Жалпы ағылшын тілі әріптері дыбысты таңбалау үшін емес сөздерді ажырату үшін жасалынған екеніне көзім жетті.

Мектепке кіргенде, көзге жылы ұшыраған таныс заттар өзімнің балалық шағымды еске түсірді. «Ақтанай мен мамасының сен ХІХ ғасырдың адамысың» дейтіні ойға оралып ішімнен жымип қоямын. Біздің класс бір есікті, бір терезелі, бұрышта төрт бұрыш қара пеші бар, шатырсыз, сары батпақпен сыланған тоқал там болатын. Қазір тамтығы да жоқ, қалу мүмкін де емес қой. Ал мынау мен мектеп табалдырығын аттағаннан жүз жыл бұрынғы мектеп – хан сарайы.
Осынау орындығы үстеліне тіркелген Эрисман партасына біз де отырғамыз. Біздің ағаш шебері ағаларымыз жасаған парталары да осындай еді. Үстіне ойнақтап жатсаң да мыңқ етпейтін. Шегесіне дейін ағаштан. Қайың ердің қапталындай қиюласқан, берік. Әдейілеп опырып, отқа жақпасаң бүлінбейтін тасбақа ғұмырлы дүние еді. Отыруға, қалам, дәптер, сия сауытыңды қоюға, жазуға өте ыңғайлы болатын. Бізге дейін де, бізден кейін де талай оқушы отырып, осы ұядан қанаттанып ұшқан шығар…
Ескі дүние ескіні еске түсіреді. Менің алғаш табалдырығын аттаған мектебім Шүбдір мектебі. Алтай тауының арғы, теріскей бетінің төменгі тұсындағы Мөңкі Қайырқын (Мөнх хайрхан) мұз тауының түстігіндегі Серуен, Күрті, Үлкен Шірік, Кіші шірік тау өзендері мен Сөңкіл көлінен бастау алып, арнасы кеңіп, суы молайып, батыс оңтүстікке қарай ағып, Икімге жетіп, Бұлғын өзеніне құятын Сөңкіл өзенінің жағасындағы тоғайлы алқапты жиектей Қаратаудың етегіне орналасқан шағын ауыл Шүбдір ғой. Менің алты жасқа дейінгі, ат жалын тартып мінген балалық шағым өткен жер.


Өзеннің арғы беті көлденең жатқан қызыл тау да бергі беті қара күңгей. Осы Қара таудың етегінде ХХ ғасырдың елуінші жылдарының орта тұсында қытай жұмысшылары салған П бейнелі, кірпіштен қалаған төрт қырлы, шошақ төбелі бағыналы шарбақпен қоршалған қытай үлгісіндегі қашалы бастауыш мектеп бар еді.
Жас мұғалім, ақын Жекей, ағайын, біздің үйде тұратын. Сол кісіні қара тарта ма онымен шамалас аты Дүрімхан, Делуін сұмынының кісісі болу керек, әпекем Гүлнардың мұғалімі біздің үйге жиі келетін. Қыстың күні ғой. Таңертең күн арқан бойы көтерілген кезде қызыл бұзауымды күңгейге айдап тастап, қайтар жолда Гүлнар оқитын кластың есігін сықырлата ашып, сығалаймын. Дүрімхан мұғалім тап бір мені күтіп отырғандай елп етіп, жетіп келіп, есікті өзі айқара ашып, ішке кіргізіп, қолыма қағаз, қарындаш ұстатып, алдыңғы партаға отырғызып қоятын… Ал мынау тақта, қара тақта сол бір суретті көз алдыма әкеледі…
Қабырғадағы жер шары картасына үңіліп, көне глобусты бір шыр айналдырып қойдым. Бала болып партасына отырдық.Сурет алдырдық. (Сурет-9).

Адамның бала кезінен өшпейтін бір мәңгілік бейне, ол ұстаздары ғой. Дәмеш, Мәді, Жекей, Қаншайым, Мизамхан қатарлы бастауышымда сабақ берген, «үміт еткен көзімнің нұры, балам» деп Балғожа би айтқандай арқамыздан қағып, бәйек бола отырып төбеміздің тесігін ашқан мұғалімдерімді еске алдым. Шіркін, әр бірі бір-бір кітапқа жүк болар нағыз ұстаздар еді…

(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері