///

Посткеңестік елдердегі трансформацияның түрлілігі туралы кітап жарық көрді

1428 рет қаралды

Әлемге әйгілі Palgrave Macmillan баспасында «Посткеңестік 15 елдегі мемлекеттік басқарудың эволюциясы: трансформацияның түрлілігі» атты бірегей еңбек жарық көрді. Бұл – алғаш рет посткеңестік 15 елдегі мемлекеттік басқару реформалары мен даму көрсеткіштерін салыстырмалы талдай отырып, мемлекеттік басқару трансформациясын зерттеген жұмыс. 

 Осы еңбекті жазуға барлық 15 мемлекеттен, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет реформаларына тікелей  қатысқан 25 ғалым мен практик екі жыл бойы бірлесе тер төкті. Кітап Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов пен халықаралық сарапшы Панос Ливеракостың редакциялауымен жарық көрді. Бұл жұмыстың рецензенттері – мемлекеттік басқару ғылымы патриархы, АҚШ-тағы бірқатар реформалар басында тұрған, профессор Честер Ньюланд, Корея Республикасының бұрынғы Адами ресурстар министрі, профессор Пан Сук Ким және Сингапурдағы Халықаралық мемлекеттік басқару орталығының бұрынғы басшысы, танымал сарапшы Макс Эверест Филлипс.

Ғалымдар бұл басылымның бірегейлігі мен өзектілігін атап өтуде. Мәселен, профессор Ньюланд: «Бұл – бұрынғы кеңестік әрбір 15 республиканың әрқайсысындағы отыз жылдық трансформация жайлы алғашқы кәсіби зерттеу… Кітап білімді тереңдетеді әрі осы мәселелерді өмірлік тұрғыдан түсінуге ықпал жасап, бұл оны оқуға пайдалы етеді», – деп жазған. Кітапқа алғы сөзді БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ-ның Еуропа және ТМД елдері бойынша Өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггер жазған.

Жалпы, кітап посткеңестік кеңістіктегі әкімшілік жүйелер дамуы бойынша зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты мемлекеттік басқару ғылымындағы ойсыраған орынды толтыруға бағытталған. Қазіргі таңда кітап электронды түрде мына сілтеме бойынша  қолжетімді, сонымен қатар оны Amazon желісінде және Palgrave Macmillan баспасына тапсырыс беру арқылы алуға болады.

Бұл ауқымды еңбек қайғылы қаңтар оқиғаларына дейін жазылса да,  Қазақстанға арналған «Прогресс және оның парадокстары» тарауындағы сараптама мемлекеттік басқару дағдарысын тереңірек түсінуге әкеледі. Айталық, осы тараудағы «мемлекеттердің осалдылық индексі» (Fragile States Index) деген ортақ атаумен берілген көрсеткіштер назар аудартады. Олар мемлекет пен қоғам арасындағы түйткілді тұстарды айқын көрсетіп, үкіметке бағдар береді. Мәселен, «көпшіліктің наразылығы» (Group Grievance) деген индексте Қазақстанға қатысты көрсеткіш 2010 жылы 5,7 болса, 2021 жылы 8,0 деңгейіне (137 орын) құлдыраған. Ал «өкімет легитимділігі» бойынша көрсеткіш 7,5-тен 8,2-ге (137 орын) нашарлап кеткен. «Элитаның ыдыраңқылығы»(Factionalized elites) деп аталатын көрсеткіш 7,6-7,7 (106 орын) болып, көңіл көншітпейді. Қазақстанға арналған тарауын Алихан Байменов, сарапшылар Мақсұт Өтешев және Гүлімжан Сүлейменова жазған.

Palgrave Macmillan – әлемдік деңгейдегі 175 жылдық тәжірибесі бар, гуманитарлық және әлеуметтік ғылым саласындағы ең озық әрі арнайы жүлделермен мараптталған  зерттеулерді шығаратын ірі басылым. Бұған дейін    Астана мемлекеттік қызмет хабы мен оның Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов мемлекеттік басқару ғылымы мен ісіне қосқан зор үлесі үшін Америка мемлекеттік басқару ассоциясының (ASPA) «Мемлекеттік басқарудың халықаралық жүлдесімен» марапатталған.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі