//

Ауылдағы Наурыз тойы

3055 рет қаралды

Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда.

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға… деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, қатал қыстан аман шығып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы, Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мерекесі де жетті. Алматы облысы, Кеген ауданы,Тасашы ауылының тұрғындары да Наурыз мерекесін көтеріңкі көңіл, жарқын жүзбен қарсы алды

.

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, көңілі көктемдей дархан даланың ел-жұрты таңнан ауылдағы мәдениет үйінің алдына жиналды. Байырғы заманнан келе жатқан көктемгі жаңару мерекесі елдегі пандемиялық ахуалға байланысты соңғы екі жылда аталып өтпеген еді. Дегенмен, бір-бірін қатты сағынысқан жұрт қауыша амандасып, құшақтаса көрісіп, арқа-жарқа болып жатты.

Наурыз мейрамын тойлауға жиналған халықты ауыл әкімі құттықтап, көптен күткен мерекенің басы-қасында жүріп, белсене қатысқан ауыл азаматтарын алғыс хаттармен марапаттап, ақшалай сыйлығын табыстап, әр отбасына береке-бірлік, жұмыста табыс тіледі. Ауыл ақсақалдары болса жас ұрпаққа, жалпы жиналғандарға Наурыздың мән-мағынасы жайында баяндап, ауыл қарияларының атынан мерекелік құттықтауларын жеткізді.

Наурызда жасалуы керек игі істердің, ізгі дәстүрдің бірі ағаш отырғызу рәсімі де бұл күні ұмыт қалмады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген тәмсілді бекем ұстаған ауыл әкімі тұрғындармен бірге Мәдениет үйінің ауласына жиырма түп тал отырғызды.

Ағаш отырғызу рәсімінен кейін жиналған көпшілік мәдениет үйінде ауылдың әр көшесі, атап айтсақ: М.Мақатаев, Райымбек батыр, М.Әуезов, Т.Бәбітаев және Ә.Бақбергенов көшелерінің тұрғындары дайындаған арнайы қойылымдар мен мерекелік концертті тамашалады. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар, Ұлы кісіден бата алса, сонда әрқашан жол болар» деген қазақ қазан толы көже молшылықтың белгісі екеніне сенген. Осылайша, өз киіз үйлерін тіккен әр көше ақ дастархандарын жайып, ақсақалдардың ақ батасымен Наурыз көжелерін ұсынды. Мерекелік шараның соңы кір тасын көтеру, жамбы ату, арқан тарту, асық ойыны секілді спорттық ойындарға ұласты.

Тәуелсіз елімізге барыс жылы келді. Ендеше,Ұлыс оң болсын!Ақ мол болсын! Ұлыс береке берсін! Бәле-жала жерге енсін!

Дәурен Ермекбай

Алматы облысы, Кеген ауданы, Тасашы ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі