///////

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (жалғасы)

13941 рет қаралды

ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ 

Оныншы тарау

Павлодарда жұмыс істегеніме бip жыл толмай президент сайлауы келіп қалды. Аяқ астынан. 1998 жылдың күзі болатын, қыркүйек айының аяғында облыс әкімдерінің бәрін Алматыға жинады. Содан он күн бұрын ғана Н.Назарбаев басымызды қосып, қылмысқа, жемкорлыққа қарсы күрес жайында кезекті отырыс өткізген-ді. Онда сайлау туралы ешкім де тic жармаған болатын. Алматыға не себеппен жинап жатқанын күні бұрын білдім. Алайда не үшін Қазақстан Президентін сайлау мерзімінен бұрын өткізілетінін түсінбедім. Тек жиналған жерде ғана бұл құпияның беті ашылды. Президенттің өкілеттігі жеті жылға дейін ұзартылатынын әкімдер ғана қатысқан шағын жиында Н.Назарбаевтың өзі айтты. Конституцияға өзгерістер енгізу үшін Парламент депутаттарымен тиісті «түсіндіру» жұмысын жүргізу бізге тапсырылды. Басқа да конституциялық  өзгерістер туралы хабарланды. Өздерімен санасып, көмек сұраған сәтті пайдаланған әкімдер өз мәселелерін де айта бастады. Көтерілген сұрақтардың көбі қаржының тапшылығына және әкімдердің қолы қысқалығына тірелді. Яғни, әкімдердің дербестігін ұлғайту, жергілікті билікті күшейту және оның бюджеттік кірістерін нығайту мәселелерін қозғауға тура келді. Орталық министрліктер мен үкімет болымсыз нәрселермен әкімдердің  жұмысына араласатыны да тілге тиек етілді. Ал мұның артында жергілікті басшылардың өкілеттігі қысқартылып, биліктің бәрі орталықта шоғырланып жатқаны көрініп тұрды.

Өрбіген әңгіменің бағыты мен астарын сезген Президент отырысымыздың тақырыбын ептеп басқа салаға ауыстырды. Президентің көңіл-күйін байқап, пікірімізді жинақтап, кейін ұсынуға  келістік. Біразымыз бұл әңгімеден оңды нәтиже шығатын шығар деп үміттендік. Сондықтан Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділовтың кабинетінде өзіміз жеке кездесіп, осы мәселені нақты талқылауға келістік. Зәкең: «Әкімдерге үшеуден артық жиналуға болмағанымен, бұл отырысқа рұқсатымыз бар», – деді күліп. Дегенмен уәделескен жиналысқа жеті-сегізіміз ғана келдік. Оның өзінде әңгіменің аяғына дейін екі-үш әкім ғана қалды. Қалғандарының «бәледен аулақ» жүргісі келгені байқалды. Өйткені Орталықтағы басшыларға ыңғайлы билік жүйесін өзгертуді талап еткеніміз олардың ашуын  келтіретіні анық еді. Жайдан жай, өкілеттілікті жоғарыдан төменге беріп қойып, ешкім де қарап отырмас. Солай боп шықты да. Біздің сол жолғы талқылауымыздың қорытындысы ретінде қағазға түсірген ұсыныстарымыз сол бойы аяқсыз қалды. Демократия негіздерінің бipi – өзін-өзі басқару және жергілікті жердегі халықтың құқығын қорғау үшін көтерілген маңызды мәселелер шешімін таппады. Ақ үйдегілерге  жазғанымыз ұнамаған сияқты.

Кейін, сайлау біткен соң, бізге берілген фуршетте, әкімдердің арасында тұрып Нұрекең жергілікті билік туралы әңгіме қозғады. Маған қарап: «Әкімдерді сайлап неміз бар, онсыз да жағдайларың жаман емес қой? Қайсыларыңды ренжіттім, айтыңдаршы? Қызметтеріңнен босатсам – солай керек болған шығар. Онда да, сендерді ұмытпай, басқа бip орынға орналастырам, жұмыссыз қалмайсыңдар», – дегенінде, маңайындағылар шетінен «дұрыс, дұрыс» деп, бас шұлғи берді. «Олай болса, мен осы Ғалымжанды түсінбедім» деп сөзін жалғастырды. Сол жерде ақталып немесе сөз таластырып жатқанды ыңғайсыз көрдім де, үндемей тұра бердім.

Әкімдердің ішінен сол жылғы күз күндері белсенділік танытқан З.Нұрқаділов болды, ол бәрімізді әйелдерімізбен қоса кешкі асқа шақырды. Медеуге бара жатқан жолдағы ресторанға, ұмытпасам аты «Самал» болуы керек, Назарбаевтың өзі Сара Алпысқызымен бірге келді. Дастархан үсті ішіп-жемге толы. Кештегі тост аралығында Алматы облысының әртістері өнер көрсетіп жатыр. Тостардың барлығы Нұрекеңнің құрметіне арналды. Әдеттегі мақтау-мадақтау: былай қарасаң су татитын дәмсіз сөздерге кім сенеді? Бірақ «сөйлеуге үйренген ауыз, тыңдауға үйренген құлақ» демекші, Президенттің өңінен ештеңе байқалмайды, жаппай мақтауға қой деген жоқ. Іштей ұнататын сияқты. Тек Сара апамыздың жүзінде бір ыңғайсыздықтың ізі бар. Анда-санда күрсінеді. Ал жағымпаздар сайысы жалғасуда. Алдағы сайлауда облыстары қанша пайыз дауыс беретінін айтып, әкімдер бірінен-бірі асырып уәде беріп жатты. Әcipece, Ақтөбенің әкімі Аслан Мусиннің «обещаю 120%!» дегені есімде ерекше қалыпты. Басында ол маған салмақты жігіт сияқты көрінген. Тіпті оңаша әңгімелескенімізде жоғарғы билікке сыни көзқарасын да байқатқан. Ал енді мына мәлімдемесі мені қатты таңғалдырды. Қалжыңдайтын да жер емес сияқты. Бұрыннан келе жатқан тісқаққан қулардың бірі айтса түсінікті… Сөйтіп Президенттік сайлау науқаны басталды.

Конституциялық өзгерістердің ішіне Қазақстан Прези­денті болуға құқы бар азаматтардың жасын отыз бестен қырыққа көтеру шарты енді. Осыған байланысты көңіліме келген күдікті Президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің сөзі дәлелдей түсті. «Биыл отыз беске келген екеуміз сияқтылар бекерден-бекер әуреленбеу үшін жасалған шара ғой», – деді салық полициясының бастығы бip кездескенімізде.

Сайлау туралы жарлық жарияланған соң облысымызға өз ұшағымен  Р.Әлиев ұшып келді. Қасына кеден комитетінің басшысы Ғани Қасымовты ертіп алыпты. Алдында, аппаратымыздың жетекшісі В.Брынкин кабинетіме кіріп, бұл қонақтардың жоспарын және оларды күтіп алуға біздің әзірлігімізді баяндаған. «Қонақтарымызды қай жерде қарсы алғаным жөн?» деп пікірін сұрадым. «Заңды түрде бекітілген рәсім бойынша облыс әкімі  республикалық комитет басшыларын ұшақ алдынан күтіп алуы шарт емес. Президенттің күйеу баласына ерекше ықылас білдіргіңіз келсе, өз еркіңіз. Ал ондай болса, халықтың не дейтінін өзіңіз жақсы білесіз», – деді бұрынғы партия мектебінен өткен және өзі облыс басқарған қызметкер. Сондықтан Р.Әлиевтің көмекшілерінің біздің аппаратқа түсірген нұсқауларына қарамастан, әуежайға өзім бармадым. Орныма Мұхаметқали Оспановты –  орынбасарымды жібердім. Облысты аралап, шаруаларын бітірген соң қала сыртындағы резиденцияда келгендерге қонақасы бердім. Дастархан басында Рахат әр қимылымен қасындағы Ғанидың өзіне бағынышты адам екенін көрсетіп отырды. Өзім үй иесінің міндетін атқарсам да, оның ығына аса жығылмадым. Сол кеште сөйлеген сөздерінен араларында сайлауға байланысты бip келісім бар екенін түсіндім. Таңертеңгісін екеуі Алматыға қайтты. Сол күні жұртшылық Ғ.Қасымовтың Қазақстан Президенті болғысы келетінін естіді.

Сайлау науқанының қызған кезінде әкімдерге тыныштық болмады. Апта сайын түрлі мәліметтер тапсырып, Президент әкімшілігіне жиі шақырылып отырдық. Президенттің жабық жиында біздерге, әкімдерге: «Менің мына жақта, ақпарат құралдары алдында сайлауды әділ өткізу туралы айтқан сөздеріме алаңдамай, өз шаруаларыңды бітіре беріңдер» деген сөздері бар еді. Соның салдарынан ба, әйтеуір шенеуніктер сайлау жұмысына қамшылатпай «шаш ал десе бас алатындай» екпіндетіп кірісті. Н.Назарбаевты қолдаған жиналыстар мен мақалалардың санын есептеп отырған астаналықтар мазамызды ала бастады. Мыңдап келіп жатқан Президенттің құлаш-құлаш cypeттері мен плакаттарының қаншасын халыққа үлестіріп, көшеге ілгенімізге дейін сұрап тұрды. Павлодарды аралап, сол «үгіт өнімдерінің» бip көшенің бойында оншақты жерде ілулі тұрғанын көргенде өзімнен өзім ұялдым. Халық жауы атансам да, Елбасын жақсы көрудің бұл «үлгісін» дереу тоқтатуды ұйғардым. Бұл «көргенсіздігімді» сол күні жоғарыға жеткізіпті. Астанадан ренжіп телефон шалғандар «Президентке қарсысың ба?» дегенде дейін барды. Сондықтан астанаға бip барғанымда, мемлекет идеологиясына жауапты адамдарға, Марат Тәжин мен Алтынбек Сәрсенбаевқа кіріп шықтым. Сайлау жөніндегі жағдайды түсіндірдім. Жоғарыдан топырлатып түрлі тапсырмамен кеңірдектен алып жатқандарын да айттым. Мысалы, Н.Назарбаевты насихаттаған үгіт пойыздарын қабылдаңдар, әртістерді күтіңдер, олардың шығындарын көтеріңдер деп, тыным бермеді. Ал нақты өмірде ондай үгіттеудің пайдасынан зияны көп. Сол сияқты Елбасының суреттерін жарнамаға айналдырып, көшелер мен газет беттерінде қаптатқанымыз да жарасып тұрған жоқ. Бұл адамдардың ызасын келтіреді. Дабыра қылмай, осыны тоқтатуымыз керек. Науқан басталарда беталды далақтап шаба бермей, саясаттың жаңа технологияларын пайдалануымыз керектігі туралы кеңескенімізді идеологтардың есіне салдым. Облысымызда арнайы мамандардан сондай топ құрғанымызды да айттым. «Олардың мақсаты – жаңа сайлау тактикасын жасау, жаңа әдістерді үйлестіріп, жақтаушыларды оқыту. Халыққа, сайлау комиссияларына қысым жасамай, сайлауды таза өткізгеніміз мемлекеттің халықаралық беделін көтереді. Елдегі демократия деңгейін шетелдіктер сынап жатқанда, Н.Назарбаевқа баяғы совет кезіндегідей 90 пайыз дауыс тізеге салып тұрып жинап бергеннен не ұтамыз? Қазіргі жағдайда Павлодардан 60% дауыс жақтап берілсе, соның өзіне тәубе етуіміз керек. Заңды бұзбай, зорлықсыз алсақ, бұның өзі үлкен жетістік. Сондықтан орталықтан түсетін келеңсіз нұсқауларды азайтуды сұраймын. Жауапкершілігімізге сеніп, біз дайындаған ic-шараларды қолдаңдар. Керек болса, облысымыз бұл саладағы жаңа тәжірибенің үлгісі  боп есептелсін». Әлгілер бұл айтқандарыма иланғандай болды. Жеке отырғанымызда Алтынбек ойлана келе: «Әкімдердің ішінен жағдайды өзің ғана дұрыс түсінесің. Қалғандары Елбасының көзіне түспекші боп, бipiмен-бipi жарысып, бұрынғы әкімшіл-әміршіл тәсілге басады. Нұрқаділов сияқтылардың далбай әрекеттері мемлекетімізді абыройдан жұрдай қылады. Президенттің имиджіне қатты нұқсан келтіреді», – дегенді айтты.

Алтынбек екеуміздің арамызда жақын достық сезім болмаса да, ашық сырласып тұратынбыз. Әcipece еліміздің болашағы мен ұлтымыздың негізгі құндылықтары тақырыбында көп әңгімелесетінбіз. Көп жағдайда пікіріміз үндесіп жататын. Бірде Павлодарға «Жас Алаштың» бас редакторы Нұртөре Жүсіпті ертіп келгені бар. Үшеуміз ымыртта бас қосқаннан таң атқанша қазақтың тілі, тарихы және болашағы жайында әңгімелестік. Қонақасы мен моншаға сол күні қолымыз тимеді.

Қазақстан Республикасының Президенті және кандидат Нұрсұлтан Назарбаев Павлодарға 1998 жылы қарашаның 24-інде жұмыс сапарымен келді. Әуежайдан Ақсудағы ферроқорытпа өндірісіне тура тарттық. Ауа райы мәз болмай, әуелі қар аралас жаңбыр жауып, оның арты аязға ұласқан. Жол көктайғақ болғандықтан бip сағаттай жол жүрдік. Қара «Мерседестің» іші  жылы болды. Президент қамқа ішікті пальтосын шешіп, жайғасып отырды. Әуелі қобалжуымды басып, елдің тыныс-тіршілігімен, істеген шаруаларымызбен қысқаша таныстырдым. «Білемін, жұмысыңды дұрыс атқарып жатырсың, ризамын» деп, Елбасы бағасын беріп те қойды. Ақырындап әңгімеміз саясат тақырыбына көшті. Сайлауға байланысты әрекеттерімізден хабардар екен. Пікірімді сұрады. Ойымды бүкпесіз ашық жеткіздім. «Мемлекетіміздің болашағы мен тарихта қалатын өзіңіздің есіміңіз үшін бұл науқанды таза өткізгеніміз абзал. Әкімшіліктер мен сайлау комиссиялары тарапынан болып жатқан әсіре науқаншыл келеңсіздікті тоқтатса. Газет, теледидардағы бостан-бос мақтаған насихаттың пайдасы бар ма? Қызыңыз Дариға сайлау кезінде «Хабарды» басқарып отырғанының өзі ертең сөз болады. Қажыгелдинді кандидат ретінде тіркегеннен де қауіп жоқ, одан сіз ұтылмайсыз. Қайта сайлаудың әділ өткеніне сенім молаяды». Әлгіні естігенде Президент өңіндегі өзгерісті байқадым. Әбден көңілі қалған болуы керек, Қажыгелдинге қатты ренішін жасырмай, ағытыла сөйледі. Сөзін бөлмей тыңдап отырдым. Сондағы әңгімеміздің қорытындысы қалай дегенде Президенттің кейбір шешімдеріне ықпал еткенін кейін білдім. Сайлауды таза өткізу туралы үндеуі, Дариғаның орнын уақытша босатуы содан шықты ма деймін. Өкінішке қарай, одан артық қадамдарға бара алмады. Өз күшіне сенбеді ме, әлде қазір айтылып жүргендей, бұрынғы премьер президенттікке кандидат болып тіркеле қалса, талай құпияның бетін аша ма деп сескенді ме, әйтеуір Қажыгелдинді тіркетпеді. Қалай болғанда да, сайлау қорытындысы мемлекетімізге көп абырой әпермеді. Жалпы сол жолғы конституциялық өзгерістер мен президенттік сайлау еліміздің саяси дамуын артқа шегіндіргені ақиқат.

Ақсудағы зауыт пен ГРЭС-ке тоқтадық. Екеуінде он мыңнан астам адам жұмыс істейді. Екеуі де «Еуразиялық топқа» кіреді. Олардың «серкесі» Александр Машкевич бізден қалыспай, Назарбаевтың жанында ұршықтай иіріліп, әр сөз қимылын аңдып жүрді. Алматыдан келген телеоператор: «Бастықтарымыз мына Машкевичті кадрдың ішіне жолатпаңдар деп тапсырған еді. Қарасам өзі сынап сияқты барлық жерден жылтыңдап шыға келеді. Тіпті Президентті онсыз түсіру мүмкін емес. Енді қалай оны ойып алып, бейнетаспадан шығарып тастаймын, басым қататын болды-ау», – деп біздің кісілерді күлдірген. Расында еліміздің байлығын тегін иемденіп жатқан әлгі шетелдік инвестор туралы халық ішінде теріс пікір қалыптасқан. Оны теледидардан көрсетсе қасында тұрған Елбасының рейтингі түсетіні анық еді. Сол себептен Ақсудан қайтар жолда жол үстінде  Н.Назарбаев: «Алюминий зауытына барамыз ба?» – деп сұрағанда мен: «Павлодар алюминий зауыты (ПАЗ) да Машкевичтерге қарайды. Басқа жұртқа соқпай, қайта-қайта солардан шықпағаныңызды халық түсінбейді. Сондықтан ПАЗ-ды сапарыңыздың тізіміне кіргізбедік», – дедім. Ол бұл сөзімді мақұлдады. Бірақ қалалық мәдениет сарайына барғанымызда бәрі өзгеріп сала берді. Онда облыстың түкпір-түкпірінен, әр саладан жиналған белсенді тұрғындарымызбен кездесу болған еді. Мәжіліс аяқталғанда, Президент сарайдың фойесіне шығып, жиналған көпшілікпен кезек-кезек сұхбаттасты. Бір уақытта Машкевич тағы да алдымыздан шыға келді. Сонда ғана мені алдап соққанын ұқтым. Мәселен, Елбасының әр сапарда қайда баратыны, кіммен кездесетіні алдын ала бекітіледі. Ыңғайсыз жағдайға ұшырамау үшін әкімдер бұл жоспарды сағат-минутына дейін орындауға тырысады. Өйткені маршрут бұзылса, басқа жерде дайындалғандар бекерге күтіп қалады. Солай боп шықты. «Нұрсұлтан Абишевич, алюминий заводына жүріңіз. Жұмысшылар Сізді күтіп отыр», – деген Машкевичтің сөзіне ермеуге президенттің амалы қалмады. Мыңдаған адамды бізден жасырын жинап, неше сағат аязда тосқызып қойған Машкевич мақсатына жетті. Бір күн ішінде президентті өзінің үш кәсіпорнына апарды. Ол аз болғандай, Елбасына арналған кешкі асқа үшінші боп қатысты. Әрине, Президенттің шақыруымен. Ал Павлодарға еріп келген лауазымды қонақтарымыз (ішінде министрлер де бар) бөлініп қалды.

Дастархан басында есте қаларлықтай бip жағдай болды. «Майшеке» (Машкевичті біз өзара осылай дейтінбіз) тілінен бал тамызып, Елбасын мақтауда жағымпаздық өнерінің шырқау биігіне жеткендей еді. Қымбат сыйлық ұсынғандай, «тапсырмаңызды орындап, өзіңізді қолдайтын партия» құрып жатырмыз дегенді айтты. Сол жерде Н.Назарбаев: «Дұрыс. Сол партияны Ғалымжан басқарсын. Әкімдігімен қоса атқарады. Қолынан келетініне сенемін» деп, ойламаған жүріс жасады. Мұны естіген «Майшекеңнің» түрі  бұзылып, қақалып-шашалып,  қолындағы рюмкесін төгіп ала жаздады. «Тәжірибесі, білімі жеткілікті,  жаңа саяси әдістерден хабары бар» деп, Президент оған мән бермей, сөзін жалғастырды. Төбеден түскендей болған бұл ұсынысқа не дерімді білмей аңтарылып қалдым. «Президенттің мұнысы қалай? Партияның бағдарламасы қандай? Оны қаржыландырған иелерімен сыйыса алам ба?» деген ойлар бірінен соң бірі найзағайдай жарқ етті. Есін шапшаң жинаған «Майшекең» шімірікпестен: «Иә, әрине, Сіздікі жөн, Нұрсұлтан Абишевич! Партияны басқаратын адамды дәл таптыңыз», – деп төгілте жөнелді. Тіпті мені жақтап тост та айтып үлгерді. Бұны көрген мен өз шешімімді созбай, сол жерде айтқанды жөн көрдім. Оңай болмаса да: «Сеніміңізге рахмет, Нұрсұлтан Әбішұлы, бірақ мен ұсынысыңызды қабылдай алмаймын», – деп, қысқаша бірақ нық айттым. Әлдебіреудің «саяси қуыршағы» болғым келмеді. Бұл жауабым Н.Назарбаевқа ұнамады, оның бұл сөзімді көңіліне алып қалғанын сездім. Содан былай бұл әңгімеге ол да, мен де ешқашан оралған емеспіз.

Ертеңінде, аттанар алдында, Президент Н.Назарбаев Қаныш Сәтбаевтың 100 жылдығына орай құрылған мемлекеттік ұйымдастыру комиссиясының мәжілісіне қатысты. Мерейтойдың деңгейін көтерейік деген оймен комиссияның көшпелі отырысын Павлодарда әзірлеген біз едік. Бірақ ойлағанымыздай болмады. Саяси науқанның кезекті шараларының бipi боп шықты. Жиналысты үстірт өткізген Президенттің Қанекеңе деген салқын көзқарасы байқалды. Мүмкін күнделікті көп жұмыстан шаршаған шығар. Мүмкін ғалымдар мен ғұламаларды іштей жаратпайтын шығар. Содан бip жыл бұрын Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына дұрыс көңіл бөлінбегенін де естігенмін. Отырыс бітісімен: «Павлодарда тойдың  қажеті жоқ, Алматыдағысы жетеді», – деп жеке өзіме айтқаны есімде қалыпты. Мен онда Президентке қарсы келмедім. Оның бұл сөзін Сәтбаев ауылының ақсақалдарына да жеткізбедім. Академик Сәтбаев ағамыздың елдегі жерлестерінің үмітін үзуге қимадым. Ретін тауып, сайлау өткен соң жағдайды түзетіп алуды ойладым. Нәтижесінде, бәрі де болжағанымдай шығып, мерейтойға жоспарлағанымыздың дені орындалды. Ғылыми конференциялар мен зиялы қауымның кештері өтіп, академиктің зерттеу еңбектері жарық көрді. Қанекең атындағы стипендияларды тағайындаудан бастап, Тентек ауылында мектеп салу сияқты білім және мәдениет саласындағы шаралар табысты аяқталды. Тойдың  ұлттық дәстүр-салты да ұмытылмады. Жалпы, Қаныш Сәтбаевтың жылы сәтті өткізілгені баршаға мәлім.

алдыңғы тараулар:

Басы

І тарау

ІІ тарау

ІІІ тарау

ІV тарау

V тарау

VI тарау

VII тарау

VIII тарау

IX тарау

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері