/////

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (жалғасы)

3173 рет қаралды

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҰСЫНЫСЫ

(Жетінші тарау)

Семеймен қоштасуым оңай болмады. Әбден бауыр басып, туған жерімдей сүйген Семейім еді. Ең алдымен елді қимадым. Қасиетті өңірдің әр адамға, оның сана-сезіміне, мәдениетіне, дүниетанымы мен рухына ерекше ықпал ететіні сөзсіз. Семейліктердің аңызға айналған қонақжайлығы, кеңпейілдігі, адам баласына деген сүйіспеншілігі қай келген адамның жүрегіне ыстық сезім ұялатады. Семейге алғаш келген күннен бастап біз де отбасымызбен семейлік боп кеттік. Берігіміздің алғашқы тәй-тәй қадамын басқан жері болса, ал  Ележанымыздың туған қаласы. Қарлығаш екеуіміздің де институт бітіріп, еңбек жолын бастаған даламыз. Өндірістің жас маманы боп келіп, сегіз жылдан соң облысын басқарып, ал он бip жылдан соң мемлекеттік ең жоғары қызметтердің біріне кетіп бара жаттым. Бұл уақыт ішінде елімізде тарихи маңызы бар күрделі өзгерістер болды. Семей өңірі үшін де осы жылдар оңай болмады. Көпшілік ішінен шығып, арасында жүріп, бәрін де халқымызбен бipгe бастан кештік.

Қиындығын да, қызығын да бірге көрдік. Нағыз достарымыз көп болды. Бұрын да, оқу оқып жүргенде мен де, Қарлығаш та достан кенде болмадық. Семейде де достықтың шынайы ықылас сезіміне бөлендік. Семейдегі достарымыз туралы, сондай-ақ  өңір мен халқы туралы айта беруім мүмкін, ол таусылмайтын дүние. Бұл тақырыпты кеңінен қамту үшін арнайы кітап жазу керек болар. Кейін жазылар да. Дегенмен осы жерде бip досымды атап кеткенді жөн көрдім. Әңгіме Тоқтасыновтар отбасы – Төлен мен Алма туралы. Төлен сияқты Алма да сексенінші жылдардың  аяғында комсомолда істеді. Содан бepi ол Қарлығашпен, мен Төленмен жақын отбасылық дос боп келе жатырмыз. Екеуінің де туып-өскен жері – Семей. Төленнің балалық шағы қаланың шетінде орналасқан Комсомол поселкесінде өткен. Teміp-бетон комбинатында, комсомолда, кейін кәсіпкерлікпен шұғылданып, үлкен өмір мектебінен өтті. Қаладағы ipi кәсіпорынның бipi – Каполиграф комбинатының басшысы болды. Күйреу алдында тұрған өндіріс орнын іске косып, тарқап кеткен ұжымды қайта жинап, жаңа үлгідегі менедж­мент пен маркетинг арқасында бүкіл Қазақстанды картон-қағаздан жасалған азық-түлік салатын ыдыстармен толтырды. Бұрын шетелдерден әкелінген әдемі жылтыраған кәмпит қағаздарын, сүт-айран құятын ыңғайлы картон ыдыстарды, басқа да тұрмысқа қажет бұйым-заттарды шетелдікінен кем қылмай өндіруге қол жеткізген өзіміздің отандық кәсіпкер болатын. Төлен бастаған Отанын шынайы сүйген талантты жігіттер қаншама жәрмеңке, көрмелерден олжалы қайтып, өз өнімдерін экспортқа шығара бастаған еді. Сол кәсіпорын бip күнде тығырыққа тірелді. Саясат тығырығына. Бұл ұжымның және де мыңдаған адам күнін көріп отырған үлкенді-кішілі кәсіпорындардың еш кінәсі жок еді. Мұнай мен алю­миний сияқты қазба байлықтарымызды шетелге арзанға сатып байыған бұлар емес еді. Соған қарамастан олар Семей мен Павлодар, бүкіл Ертіс бойындағы Жақияновпен байланысты игі істердің ізін құрту науқанының құрбандығына шалынды.

Міне, осы күрес үстінде, халқымыздың азаттығы мен демократиялық таңдауы үшін күрес үстінде келе жатқан, достығымызды сатпаған, адалдықтың үлгісін көрсете білген – Төлен досым. Бүгін ол – халқымызға танымал оппозиция қайраткері. Рас, кезінде Төленді саясатқа шакырған мен едім. «2000 жылдың күзінде өткен мәжіліс депутаттарының сайлауында бағыңды сынап көр» деген де мен едім. Өз Отанының нағыз патриоты, нарықтық бәсеке сынынан өткен кәсіпкер, қоғамдық шаруаларда тынымсыз азамат еліміздің Парламентінде абыройлы жұмыс атқарар еді деген ойым болды. Әрине, досымның кәсіпорын басқару деңгейінен асқанын, оған ұлттық көлемдегі ic лайық екенін де байқадым. Бүгін болса сол Төлен Тоқтасыновтың халық мүддесін қорғап Парламентімізде өжеттік, керек десеңіз батырлық танытып, өз пікірін ашық айтқанына бәріміз де сүйсіне қараймыз.  Осы қиын-қыстау кезеңде мені жанұшыра іздеп, отбасыма пана болған Төленге дән ризамын. Сол сияқты басқа да нақты достық ықыласын білдірген жолдастарымызға шын жүректен алғысымды айтамын.

Ал Семейге келетін болсақ, наурыздың он бірінде өткен облыстық актив жиналысында Н.Назарбаев аталған жарлықтарын жариялады. Істеген еңбегімді жоғары бағалап, ризашылығын айтты. Кезегім келгенде жасаған жұмысыма есеп берейін, халқыма рахмет айтайын деген мен, көңілім босап сөз сөйлей алмадым. Елімді, жерімді тастап кететіндей, алыс сапарға аттанатындай сезіндім, халқымды қимадым… (Ойлап көрсем, сол жолы әкем қайтыс болған он жылда бірінші рет көзіме жас алыппын). Жиналыста колын созып, сөз сөйлеп, шын ниетімен қолдау білдіріп, алғысын айтып жатқандар көп болды. Бұған дейін eciмi аталған Маймұрат Уәлиев (менің орынбасарым) сөйлеген сөзінде жылы лебізін білдіріп: «Ғалеке, біз сізді қатты сыйлаймыз, жақсы көреміз, ешқашан да ұмытпаймыз», – деп жатты. Ертеңінде елдің ақсақалдарын Ертістің жағасына жайғасқан бip кафеге жинап, тоқымқағар жасадым. Көпті көрген ағаларымыз өздерінің мазмұнды, ойға толы баталарын берді. Кейбір ақсақалдардың  үйінде де болдым. Солардың ішінде Әкежанның әкесі Мағжан ақсақалға жол жүрер алдында батасын сұрап бардым. Ақса­қал дайындалып отыр екен, қой сойғызып, бас ұсынды. Асықпай отырып әңгімелескенімізде елдің үлкені ретінде ақсақалдық ақылын айтты. «Балам, бip-біріңе кешірімді болыңдар. Екеуің де ел азаматысыңдар, өздеріңе бүкіл жұртшылық қарап отыр», – деді. «Қайда жүрсең де жолың болсын», – деп шығарып салды. Сол күндері басқа да жерлестерімізбен қоштастық. Өз әріптестеріміз бар, өнер-мәдениет өкілдері мен қоғам белсенділері бар, жергілікті кәсіпкерлер бар, бip сөзбен айтқанда, ел серкелерін немесе облыс элитасын топ-тобымен шақырып, Қарлығаш екеуміз дастарханымызды  жайдық. Бәрінің де тілек-ниеттері ақ болды. Семей облысының әкімі боп тура мың бip күн істеппін…

Алматыға келе салысымен жұмысқа кірісіп кеттім. Агенттіктің құрылтайшы құжаттарын, жаңа қызметтің жоба-жоспарын дайындау керек болды. Іс тетігін білетін қызметкерлер таңдап алу керек. Штаты аз болса да, жұмыстың маңызды екенін Президент кездескенімізде ерекше атап кеткен. Үкімет құрамына кірмейтінімізді, сондықтан Әкежанға бағынбай, тікелей Президентке қарайтынымызды да айтты. Өз кезегімде алдағы міндеттерім туралы көзқарасымды айта келе, Агенттіктің бақылау жұмысы еліміздің қазба байлықтарын игеру және осы салада өткен жекешелендіру мен Шетел компанияларымен келісімшартты қадағалау болғандықтан, заң бұзған кейбір лауазымды азаматтарымызбен қатты сөзге келуіміз ықтимал екенін ескерттім. Бұл жағдайда мені қолдайтынына Президент уәдесін берді. Кабинетінен шыға бергенімде орта бойлы, денелі бір шетелдік жолықты. Қасында аудармашысы бар. Ағылшын тілінде сөйлеп, тісін ақсита күлгеніне қарағанда, америкалық екенін бірден аңғарасың. Бұл кісіні алдында бірнеше рет «Достық» қонақ үйінде көріп едім. Оған қарамастан, мені бұрыннан жақсы білетін адамша қолтығымнан ұстап, анадай бұрышта тұрған дивандарға қарай ертіп әкетті. Құттыктау сөздерін айтып, менің бұл қызметке тағайындалуыма өзінің де үлесі бар екенін байқатып, алдағы уақытта онымен ынтымақтаса жұмыс істейтініме сенімін білдірді. Бұл кісі – бүгін аты дүние жүзіне әшкере болып отырған Джеймс Гиффен деген мұнай делдалы және Президенттің арнайы көмекшісі еді.

Агенттіктің жұмысы оңай болмайтынын және қызметке жоғары деңгейдегі білікті мамандарды тартуым керек екенін бірден түсіндім. Өйткені стратегиялық ресурстар саласындағы келісімдер көбінде шетелдік компаниялармен жасалынған. Барлық құжатты шетелдің атақты аудиторлық фирмаларының мамандары, айлықтары 10 мың доллардан кем түспейтін заңгерлері мен экономистері дайындаған. Орындалу барысындағы кеңесшілер де солар, тіпті өздеріне көмекші ретінде республикамыздың белгілі заңгер-профессорларын жалдап алған. Әрине, бұл компаниялардың еліміздің мүддесінде шаруасы жоқ, тек өздерінің пайдасын қорғау жағын ғана ойластырған. Сондықтан осы «мықтылармен» тең сөйлесетін, халықаралық экономикадан, юриспруденциядан хабары бар табиғи ресурс мамандарын іздеу – алғашқы міндетім болды.

Үміткерлердің тәмамдаған оқу орындарына да ерекше назар аудардым. Ұсынған мемлекеттік қызметтің жалақы көлемін естіген кейбір жақсы деген мамандарымыз бұл жұмыстан бас тартты, кейбіреулеріне өзімнің де көңілім толмады. Сөйтіп сараптау сүзгісінен өткізіп, он шақты адамды таңдап алдым. Kөбі өздерін осындай жауапты қызметте сынап көрейік деген жас азаматтар. Аты әйгілі институттарды бітірген, Москвада, шетелде оқыған жастармен қатар тәжірибелі, мемлекеттік қызметтің алғашқы сатыларын өткендерді де жұмысқа қабылдадым. Барлығы он алты адамнан құрылған Агенттігіміз аз уақыт ішінде бipaз шаруа тындырып, еліміздің стратегиялық ресурстары жөнінде және осыған байланысты экономикалық дамуымыз жөнінде күрделі мәселелерді көтерді. Жаңа қызметке семейлік «командамнан» да серіктестерімді шақырдым. Мұхамедқали  Оспанов –орынбасар, Виктор Ковтуновский кеңесшім болды.

Алғашқы күндерден бастап тынымсыз жұмысқа кірістік. Өзімнің біліктілігімді жетілдіруді де ойластырдым. Оқулықтарды, арнайы әдебиетті, соның ішінде шетелдік авторлардың арнаулы еңбектерін оқумен қатар, шетел мамандарымен жиі кездесетін болдым. Бірде АҚШ-тағы Гарвард университетінде ұйымдастырылған курстарға да барып қайттым. Оған мемлекетіміздің басқару тізгінін ұстаған жас кадрлар тобымен бipгe бардым. Арамызда Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы Ержан Өтембаев, Президенттің жаңадан тағайындалған экономика жөніндегі көмекшісі Зейнолла Кәкімжанов та болды. Шағын ғана топ. Оқудың негізгі тақырыптары – мемлекетіміздің стратегиялық дамуы, стратегиялық ресурстарды тиімді пайдалану. Бұл жөнінде басқа, дамыған мемлекеттердің тәжірибесімен де таныстық. Лекция оқығандардың ішінде Гарвард университетінің атақты профессорлары, АҚШ-тың және басқа мемлекеттердің бұрынғы үкімет басшылары болды. Алған дәрісіміз табысты болды деп ойлаймын. Әcipece, табиғи ресурстарға бай мемлекеттердің даму жолындағы тәжірибесіне ерекше көңіл бөлдім. Білгенім, тек қазба байлықтардың арқасында мемлекеттің дамуы мүмкін емес, керісінше, осындай ресурстар­ға бай мемлекеттер, мысалы, Нигерия, Ангола, Венесуэла, т.б. депрессия мен тоқырауға ұшырады. Ал, табиғи байлыққа кедей елдер (Жапония, Сингапур, т.б) жедел дамудың үлгісін көрсетіп келеді. Бұл экономикалық «сиқырдың» негізі – халықтың еңбекке деген құштарлығы, тек адамның өзі өз еңбегімен туған жерін гүлдендіреді.  Демократиясы дамымаған, яғни халқы билікке ие болмаған елдерде қазба байлықтар билік басындағы топтың ғана еншісіне тиіп, халық оның қызығын көре алмайды. Мұнай, газ сияқты шикізаттарды ғана өндіруге ұмтылған билік басындағылардың өндірістің басқа салаларын дамытуға дәрмені жетпейді. Сөйтіп Құдайдың берген қазба байлықтары мен демократиясы  жетіспеген мемлекеттерде, дамуға жол ашудың орнына халықты әлеуметтік-экономикалық дағдарысқа ұшыратады.

Бұл экономикалық құбылыстың үлкен дерт екенін халықаралық экономистер бізге жақсы сипаттады. Голланд  ауруы деген аты да бар екен. Аурудың емдеу жолын дамыған, демократиялық мемлекеттерде әлдеқашан тапқан. Мысалы, Голландия, Норвегия, АҚШ мемлекеттерінде табиғи ресурстар және одан түскен ақша тікелей Парламенттердің бақылауында болғандықтан, бұл байлық халықтың игілігіне пайдаланылады. Қай адамды болсын ойландыратын мәселе, кейін бұл жағдай біздің агенттігімізде зерттеліп, талқыланды. «Голланд ауруының» біздің мемлекетке де «жұққанын» дәлелдеп шықтық. Нәтижесінде, Президентке дерт туралы, одан туындайтын дағдарыс және ол дағдарыстың алдын алу тәсілдері жөніндегі пікірімізді хатпен жібердік. Өкінішке қарай, ол кезде біздің ескертуімізді аяқсыз қалдырды. Ал кейбіреулер біздің бұл сараптамамызды сынға да алды. Солардың ішінде Премьер-министр мырза өзінің бip сұхбатында бұл аурудың бізге келмейтінін айтып, жазған ұсыныстарымызды жоққа шығаруға тырысты. Уақыт бізді сынаған адамдардың қателескенін көрсетті.  Бүгін бұл дерт бүкіл экономикамызды шырмап, еліміздің, халқымыздың дамуына бөгет боп отыр. Осы жерде ескере кететін жайт, халық деп мен қалың жұртшылықты айтамын. Сол қалың жұртымыз байлықтың қызығын көре алмай келеді. Экономикамыз өсті дегенді үкімет шаршамай-ақ айтады, цифрлар мен пайыздарды келтірген болады, ал бірақ халқымыздың, әcipece ауылдықтардың әлеуметтік жағдайы мәз емес екені, жұмыссыздық жайлап алғаны ақиқат. Елімізге келген бip америкалық: «Соншама байлықтарың барда қалай кедей тұрасыңдар!» – деген екен. Бар мәселе сол қазба байлықтарымызды қалай, кім өндіретіні, қаржының қаншалықты түсетіні, оны қалай пайдаланып жатқаны халық үшін үлкен құпия болуында. Халыктың бақылауынан тыс қалған миллиардтаған сома еліміздің экономикалық айналымынан тыс қалып тұр. Әлеуметтік мәселелерді шешіп, халыққа кеңінен жұмыс орындарын ашатын қаржы шетел банктеріне жем болуда.

Сәуірдің аяғында, Бостоннан оралған соң, агенттіктің жұмысына қызу кірістім. Мұнай мен газ, алтын мен мыс, металл мен бидай, телекоммуникациялар мен электр жүйесі салаларындағы жағдайды қадағалап тексердік. Бұл салалар бүкіл экономикамыздың негізін құрайтыны белгілі. Ал үкіметтің осы маңызды мәселелерге немқұрайды қарағаны  байқалды. Тіпті жеңілтектік пен олқылық орын алған сияқты. Өзіңіз қараңызшы, халқымыз еңбегін төгіп, қаншама қиындықпен салған, құны миллиардтаған доллар тұратын ipi өндірістер жекешелендіру науқанында арзанға кетіп жатты. Сол сияқты тау-кен орындары мен мұнай кеніштері тегінге берілген. Үкімет басшылары келісімдерге қолын көз жұмып қоя бергендей. Еліміздің  бірде-бір мүддесі ескерілмеген, не төленетін салық жағынан, не жұмыскерлердің енбекақысы, не жергілікті экология мен әлеуметтік мәселелер қарастырылмай қол қойылған құжаттарды оқып, жағамызды ұстадық. Бұл не, үкіметтегілердің сауатсыздығы ма, әлде қылмыстық әрекеттері ме? Инвестиция тарту саясаты ма, әлде талан-тараж бен ұрлыққа жол ашу ма?

Елдің болашағын ойлаған үкімет басшылары бұлай істемесе керек еді. Сонда неден, қай буыннан олқылық болды? Kелісімшартты тексерген сайын сырттан қысым күшейе берді. Газет беттерінде мені сынаған мақалалар көбейе бастады. Оның барлығы «заказ»  екенін біліп отырдым. Семейдегі қызметіме байланысты қайдағы бip болмаған дүниені жазып, жала жапқаны да көрініп тұрды. Редакторлардың өздері де шет-жағасын жасырын айтып жүрді.  Кейбіреуі ондай «қара пиардан» бас тартыпты. Агенттіктің осынау тексеру жұмысы «мықтылардың» қытығына тигені белгілі болды. Қорқыту-ескертулер де келіп жатгы. Түнделетіп кабинеттерімізге кіріп, құжаттарымызды ақтарып, компьютерлеріміздің ішіне түскен іздерді тауып жүрдік. Бұл жөнінде мемлекетіміздің қауіпсіздігіне жауапты басшыларға айтуға да тура келді. Көмек сұрап Болат  Баекеновке бардым. Ешқайсынан да мардымды жәрдем болмады. Бірақ  жұмысты бәсеңдетуге немесе кейін шегінуге ар-намысым жібермеді. Ай сайын Президентке есебімізді жазбаша бepіп отырдық. Әр сала бойынша үкіметтің басқару және жекешелендіру  саласында жіберген кемшіліктерін көрсеттік. Онымен шектелмей, жағдайды түзетіп, мемлекеттік мүлік пен ресурстарымызды халықтың игілігіне пайдалану жолдарын ұсындық.

Кездескен кездерімізде Президенттің өзі де жағдайдың осындай болғанына алаңдап жүргенін айтатын. Бірақ қатты қимылға бармады, талан-таражды тоқтатпады.  Заң орындарының тергеуіне де бермеді. Әйтпеген күнде коррупциялық қылмыстың «көкесін» сонда көрер едік. Бip рет қана Назарбаев ашуға булығып, тереңірек тексеруге нұсқау берді. Қолыма бip құжаттарды ұстатып: «Міне, көрдің бе, Әкежанның не істеп жүргенін?» – деді. Көзінше ашып қарасам, америкалық аудиторлық фирмалар мен Премьер-министр арасындағы құпия хаттар екен. Көзіме түскен біреуін, «Pepper, Hamilton» консультациялық фирмасының хатын оқыдым. Бұл фирма Қажыгелдинге жазған «конфиденциал» хатында 100 млн доллар туралы айтыпты. «Дұрыс» жекешелендіруден түскен осы соманы Парламентке сездірмей, өзара  бөлісудің жолын жазыпты. Оқып болып Назарбаевқа қарадым. Ол да үндемеді, мен де үндемедім. Құжаттардың қайдан түскенін де сұрамадым. Біраздан соң: «Түбіне дейін тексеріп шық. Ешкімге айтпай, қорытындысын маған тікелей тапсырасың», – деп Президент маған сын көзбен қарады. «Айтқаныңыздай болады» деп шығып кеттім. Тексеру барысында Шымкенттің мұнай өңдеу зауыты (ШНОС) мен Құмкөл мұнай кенішін жекешелендірудің Қазақстан заңдарына титтей де сәйкес келмегеніне көзіміз жетті. Тым арзанға, соның өзінде қарызға сатылғаны анықталды.

Мәселені анықтау мақсатымен үкімет қызметкерлерімен және жекешелендіру комитетінің басшыларымен кездесуді жоспарладым. Өзіме шақырдым (сондай дәрежедегі құқығым болған). Әңгіме мұнай туралы болатынын естіген шенеуніктер қашқалақтап, түрлі сылтаумен бұл тақырыпқа сөйлегісі келмеді.  Аяғы оларға агенттіктің өкілеттігін түсіндіруге тура келді. Кездескендерімнің арасында Сарыбай Қалмырзаев та болды. «Жекешелендіруді неге осындай заңсыздықпен өткіздіңіз? Халық мүддесін аяққа таптап, шартқа, контрактіге неге қол қоясыз?» деген сұрақтарға  Қалмырзаев мырза: «Өзіңіз білесіз ғой, біз нұсқауды орындауымыз керек», –деп жоғарыға сілтеп қана жауап берді. Кеңесу үшін өзімнің қызметкерлерімді жинадым. «Бұл бәлені қаза берсек талай былық шығатын түpi бар. Мәселен, бұндай заңсыздықтарға, талан-таражға Президенттің өзі ғана тойтарыс бере алады. Ал ондай әрекетке сол кісінің өзі дайын ба?» – деп бipeyi айтты. «Расында бұл тексерудің шеті көрінбейді. Одан да осы жинаған дәйектерімізбен тоқтайық та, Президент атына ештеңені жасырмай анықтамамызды жолдайық. Ол өзі қолдап, осы бағыттағы жұмыстарыңды жалғастыра беріңіздер десе, арғы шаруамыз анық та жеңіл болар еді» деген оймен тұжырымдап, хат жазуға кірістік. Президентке жіберген хатымыз бiзге оралмады, көмекшілерінің біріне «анықтаңдар» деп тапсырыпты. Басқа хабар болмады. Біреудің сол «Құмкөл» мен «ШНОС»-тың қалай жекешеленгенін, не болмаса жаңағы америкалық фирмалардың Премьер-министрге жазған хатындағы 100 млн доллар туралы ізденгенін естімедім. Не құқық органдары, не прокуратура жақ (оларға да ақпаратты бергенбіз) ашпады. Қазанның қақпағы жабық күйінде қала берді. Бірақ ақпарат құралдарында мені одан әpi сынай бергеніне қарағанда «қазанның тым қатты қайнағанын» аңғардым. Қажыгелдиннің де ашуланғанын газет беттеріндегі сұхбаттарынан сезіп отырдым. Біз болсақ жұмысымызды жалғастыра бердік. Әрине,жұмысымыз осындай тексерулермен шектелген жоқ. Алдында айтылғандай, негізгі міндетіміз табиғи байлықтарымызды қалай тиімді, халықтың игілігіне, болашақ  ұрпаққа сақтап пайдалану жолдарын іздестіру деп білдік. Бұл жайында көптеген ұсынысымызды бердік.

1997 жылдың күзіне қарай «Ақ Сарайдың саяси ауасы» ыси бастағандай болды. Премьер-министр демалысқа кетіп, одан жұмысына шықпады. Оның атына сын көбейе бастады. Әcipece Парламент белсенділік көрсетті. Бipeyлер маған келіп: «Әкежан сенің жауың ғой, сен де ұрсаңшы оны» дегенге қосылмадым. Ол кезде депутат боп жүрген Заманбек Нұрқаділов Парламенттің мінбесінен Қажыгелдинді айыптап сөз сөйледі. «Мұнай», «ШНОС», «Жекешелендіру» дегенінен оның сөзінің біздің құжаттардың негізінде дайындалғанын бірден-ақ білдім. Құдайым куә, Зәкеңмен оған дейін кездеспеген едім, ал аузына дәл біздің хаттағы сөздерді кім салып бергені бізге құпия күйінде қалды. Бұл сценарийдің де алдын ала дайындалғаны көрінді.

Әкежанның кеткеніне қуанбадым десем, шындық болмас. Бірақ өзім де осы саясаттан, осы кірдің ортасынан кетейін деген ойға келдім. Алматының  орталық стадионында отырғанмын. Біздікілер мен корей футболшылары ойнап жатты. Сол жерде отырып, «үлкен өзгерістер боп жатыр, агенттігімізді таратты» дегенді естігенде, арқалаған жүгім түскендей, өзімді керемет еркін сезіндім. Аз уақыттың ішінде үлкен дәуір өтіпті. Еліміз нарық заманына кірген түбегейлі өзгерістер арасында саясатқа келіп, онда түрлі мансапқа қалай ие болғанымды өзім де байқамай қалыппын.

Бәрі де алақұйындатып өте шықты. Дүниенің өлшемі, өмірдің құндылығы бip сәтте күрт өзгергені өз алдына. Енді тынышталар, дүние реттелер, өмір өз қалпына келер, мен болсам бұрынғыша, өзімнің қалаған ісіме – бизнесіме қайта оралармын. Орындалмаған шаруа жеткілікті, жаңа идеялар бар. «Семей» акционерлік компаниясын халықаралық деңгейге шығару керек. Түрлі өндіріс саласында халыққа пайдалы кәсіпкерлікпен шұғылдануға болады. Қаншама жұмыс орны ашылады. Қасыма білгір жастарды жинаймын. Ойдың үстіне ой өстіп келіп жатты. Ауыр міндеттен, үлкен жауапкершіліктен құтылғандай болғаныма қуандым. Өткен жылғы барлық әкім қатысқан жиында бip ауылдың әкімі: «Осы бәріне де әкім жауапты сияқты. Қолда еш билік жоқ, ешқандай қаржы жоқ, ал кісілердің барлығы саған келеді, сенен талап етеді. Тіпті көшеде өлген ит жатса да, оған әкім кінәлі боп көрінеді», – деп жыларман боп айтқан еді. Рас, мойныңда жауапкершілік тұрғанда халық не дейді екен деп тынымсыз жүретінің рас. Енді еркін адам ретінде қалағанынды жасайсың. Отбасың да тынығады.

Сөйтіп еркін жүргенімде жаңадан тағайындалған Премьер-министр Балғымбаев мені кабинетіне шақырды. Нұрлан Өтепұлын бұрыннан танитынмын. Америкада іссапармен болғанымда онымен қонақүйлердің бірінде танысқанбыз. Ол онда оқуда еді. Кейін де кездесіп-араласқанымыз бар, аман-сәлеміміз дұрыс болатын. Сондықтан шын көңілмен құттықтадым, құшақтаса амандастық. Бірден мені үкімет қызметіне шақырғысы кеп отырғанын жасырмады. Министрліктің біреуіне. Мен рахметімді айтып бас тарттым. «Ойланып көрші тағы» деген соң, мен көңілін қимай: «Жарайды, көрейін» деп шығып кеттім. Түбінде үкіметке бармайтынымды ол да сезді. Дегенмен телефонмен ертеңінде звандап, кешірім сұрап, тағы да бара алмайтынымды айттым. Көпке созбай Президенттің өзі де шақырды. «Балғымбаевтың шақыруынан бас тартыпсың, ол не – азсынғаның ба?» деп, сұрағын турасынан қойып, маған көз астымен сынай қарады. «Жоқ, Нұрсұлтан Әбішұлы, өзімнің басқа да жоспарларым бар еді. Қолдасаңыз өз бағымды өзім сынап көрейін» деген жауабыма сенбегендей, тағы да көзімен мені сүзіп өтті. Бұл көзқарасынан «мына баланың өкпесі жоқ па екен» дегенді байқадым. Олай ойлауға себеп бар еді: Мен басқарған Агенттіктің жұмысы алға басып келе жатқан, жаңадан ғана құрылған  мекеме еді. Енді міне, сарт та сұрт, маған алдын ала хабарламай жауып тастады. Әрине, ескі шенеуніктің көзқарасымен қарасақ, бұл өрескел оқиға. Ең жоқ дегенде мені абыроймен басқа бір көрнекті қызметке ауыстыруға тиіс еді. Бірақ мен бұрынғының шенеунігі емеспін ғой. Мен шынында рахаттанып, өз шаруама кірісіп кеткенмін. Осынымды Президентке айттым. Рахметімді де жеткіздім. «Көп нәрсе үйрендім. Менің бастамаларымды қолдадыңыз. Мен де жас мемлекет алдындағы борышымды орындадым. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Атыңызга кір келтірмей, халықпен адал қызмет істеуге тырыстым». «Мүмкін облыстардың біреуіне қайтадан әкім боп барарсың?» – деп, Президент тағы да мені сынағандай тесіле қарады. «Рахмет. Сенсеңіз, мен шынында қызметтен шаршаған сияқтымын. Рұқсат етсеңіз өзімнің кәсіпкерлігіме оралайын», – дегенімде, Президент иланғандай болды. Көңілі жібіп, атыма жылы сөздерін айтып жатты: «Жас та болсаң, үлкен қызметке қойып едім. Сенімімді ақтадың, ризамын. Өзің туралы ең жақсы пікірдемін, кім не десе де. Балам сияқтысың ғой, өзіңнен болашақта үлкен үміт күтемін. Жоғалмай, хабарласып тұр. Әзірше еркіндікке рұқсатымды берейін. Бірақ, көп ұзамай, қайта шақырғанда келерсің. Осыған сөзіңді  бер. Қайталап айтайын – болашақ  сендердікі, осы елді басқаруға саған үлкен үміт артамын», – деді. Қай адамның болсын, бұл сөзден кейін жүрегі елжірей түсетіні анық. Мен де «айтқаныңыздай болар» дегенімді  ризашылықпен айтып жаттым.

Сөйтіп көңілім бүрленіп күтіп тұрған істеріме қайта кірісіп кеттім. Қазақстан жақтан іскер адамдардың бipeyi боп Президентпен бipгe Америкаға да icсапарымен барып қайттым. Бірақ жаңағы «көп ұзамай» дегені, айналып келе екі ай ғана боп шықты. Желтоқсанның 13-14-терінде Президенттің өзі телефон байланысына шықты: «Сен маған керексің, Ғалымжан. Есіңде ме, шақырғанымда келетін уәдең бар? Павлодар облысын қолыңа ал. Ол да өз өңірің гой. Энерго стансаларынан хабарың бар, мамандығың сол. Көмірді қалай өндіретінін де жақсы білесің. Ахметов онда бес жыл істеді, шаршаған шығар, басқа облысқа ауыстырармыз. Мүмкін сонда жұмысы жүрер. Ойланған соң маған кіріп шығарсың», – деп ауыз ашуға мұрша бермеді. Екі-үш күннен соң қабылдау бөлмесінен телефон шалып, мені Президентке шақырды. Бұл жолы бас тартудың ыңғайы да, жөні де болмады. Сондықтан қайтадан саясаттың қазанына, мемлекеттік қызметке кіруге мәжбүр болдым. Президентпен әңгімеміз көпке созылмады: «Өзің де жұмыстың рет-ыңғайын біліп қалдың ғой. Тәжірибең жеткілікті. Қазақшылығың бар, ол өңірді ақылмен қайтадан ұлтымыздың қатарына қосуымыз керек. Әйтпесе Даниал тілімізге шорқақ, бұл мәселені жіберіп алған сияқты. Облыста түрлі славян ұйымдары бас көтеріп, Ресейге бас бұра береді. Өндірісі жекешелендірілді, бірақ дұрыс нәтижесі болмай тұр. Келген инвесторларға жұмыс істеткізу керек», – деді де, орнынан тұрып, екінші бөлмесінде ілулі тұрған картаны көрсетті. Қазақстандағы облыстардың шекарасын өзгерту саясатын, астананы ауыстыру, геосаясат туралы тағы басқа ойларын айтты. Бұл жөнінде менің өз пікірім бар еді. Бірақ сол жерде айтып жатуды орынсыз көрдім. Тек картадағы Семей нүктесіне ол кісінің қолындағы қа­ламы жақындағанда бір күрсініп қойдым. Осынымды сезген болу керек: «Білем, сенің Семейге жаның ашиды. Бәрі де дұрыс болады. Өзің білесің ғой, Семейді Өскеменге қосу жайында Әкежанның ұсынысы болған», – деді. Иә, рас, мен Семейден кеткен соң, орныма келген Метте бұл мәселемен премьерге жиі барып жүрді. Екі ай ішінде керекті құжаттарын жасырын дайындаған. Бip күнде жарлық шыға келді де, Метте біріккен облыстың басшысы боп, Өскеменінен бір-ақ шықты. Халықпен сөйлесу Қажыгелдинге тапсырылды. Бірақ ол жиналған қауымның, ақсақалдардың сөзіне құлақ аспады.

«Ал енді былай қара, – деген Президенттің сөзі ойымды бөлді. – Мына екі жерден темір жол салуымыз керек. Саған Павлодар мен Семейдің ортасын қосуды тапсырамын, – деп, Елбасы қолымен Ертіс бойын жобалады. – Ал Метте Өскемен мен Семейді қоссын. Сонда Семейдің де болашағы ашылар. Мүмкін облыстарды ірілетіп, Қазақстанды аймақ-аймаққа айналдырармыз», – дегенінде, менің санамда жақсы бip үміт ұялады. «Ондай болса, Нұрсұлтан Әбішұлы, Семей осы Павлодар, Өскемен кірген аймақтың орталығы болуға лайық екен. Бұрын да, тарихта солай бопты ғой», – деп сөзін қостай жөнелдім. «Көре жатармыз» дегенін құптағанына жорыдым. Картаға тағы бip рет көз тігіп, есептедім: «Меттеге жүз, маған екі жүз шақырым шойын жол тарту керек екен. Бірақ көз қорқақ, қол батыр, аталған мақсат үшін істеуге болады екен», – деп, ішімнен көңілденіп қалдым. «Бар айтқаныңызды орындаймын, маған сеніңіз» дедім де, бipre столға оралдық. «Ендігі айтарым, халықпен тіл табыса біл. Тік жүре берме. Керек жерде көне сал. Реформатор ғана емес, саясаткер болсаңшы», – деген сөзімен мені шығарып салды.

Келісім бойынша мен Павлодарға өз көлігіммен барып, ол кісіні күтіп алуым керек болды. Сондықтан сол күні Қарлығаш екеуміз Семейге ұшып кеттік. Онда бip қонып, қасыма Төленді және екі-үш сенімді адамымды алып, Павлодарға қарай жолға шықтым.

алдыңғы тараулар:

Басы

І тарау

ІІ тарау

ІІІ тарау

ІV тарау

V тарау

VI тарау

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар