/////

Ғалымжан Жақиянов: Өмір белестері (жалғасы)

3316 рет қаралды

ПРЕМЬЕРМЕН ТЕКЕТІРЕС

(Алтыншы тарау)

Әмірханов Жұматай Көбешұлы (осыдан үш жыл бұрын марқұм боп кетті) бірнеше жыл ма­ған да көмекші болған. Өзі партияның аппарат қызметкерлері қатарынан шыққан еді. Денесі жұқалау, бірақ бойшаң келген, жұмысына тиянақты кici болатын. Кезінде Семейдің қалалық бip ауданында Әкежанмен бipге партиялық қызметте болған. Әлі де менің қарамағымда облыс әкімінің көмекшісі бола жүріп, Алматыға, тікелей Премьер-министрге телефон шалып тұратын.

Соңғы кезде Қажыгелдин екеуміздің арақатынасымыз суығанда, Жұматай Көбешұлы ортамызда «араағайын» боп жүрді. Премьер маған арналған сөзін көмекшім арқылы жеткізуді әдетке айналдырды. Соңында, тіпті маған айтпастан Әмірхановты Алматыға шақырып алып, өзіне көмекші етіп тағайындады. Әрине, көмекші деген қайда барса да ертіп жүретін адамның меншігі емес.

Лауазымды мемлекет қызметкерлері арасында «дәстүрлі этикеті» бар. Бұл жағынан қарағанда, Әкежанның жасағаны онша жақсы болмады. Маған бip ауыз сөз айтпады. Мен бірақ үндемедім, айғай-шу шығармадым. Epeгесіп жатқанымыз ыңғайсыз болар деп ойладым. Оның үстіне сырт көзге, билік ішіндегі бұндай саяси ойындардан хабарсыздарға, бұл оқиға түкке де тұрмайтын ұсақ-түйек боп көрінер.

Сонымен, сыр білдірмей, ренжігенімді айтпай, жұмысымды істеп жүре бердім. Тек іштей бұл жағдайдың көпке созылмайтынын сездім. Жасыратыны жоқ, осындай сұрқия саясатымен бipгe бұл қызметті тастап кетуді де ойластырдым. Амал қанша, басталған реформалық істерді нәтижелі аяқтау халық алдындағы бас мақсатым, бас борышым болғандықтан, ондай ойларға бой бергізбедім.

Көп ұзамай тағы бір оқиға сезгенімдей алдымнан шықты. Кейін білгенімдей, бұл оқиға алдын ала үкімет басшылары тарапынан дайындалған екен. 1997 жылдың қаңтар айында облыс әкімдерін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісіне шақырды. Бұл жыл қорытындысы бойынша өтетін қатардағы жиналыс еді. Әдеттегідей, қолыма мәліметтерге толы папкамды ұстап, әріптестерімнің арасында отырдым. Қаперімде ешқандай алаңдау жоқ, істеген шаруамның әр нүктесіне жауабым бар. Мінбеге экономика министрі Өмірзақ Шөкеев шық­ты. Үкіметтің экономикалық-әлеуметтік ахуалы туралы жылдық баяндамасын жасап жатыр.

Бip кезде министрдің Семей облысында реформалар жүрмей жатыр дегеніне елең өтіп, кұлағымды түріп баяндамасының бip сөзін жібермей тыңдай бастадым. Бұрын да талай сынды естігенмін, бірақ бұл жолғысының ерекшелігі «реформаларды жүргізбеді» деген орынсыз кінә тағу болды. Бұған қоса үкіметтің дәлелсіз есептері негізінде жасалған «рейтингі» бойынша үш облыс – Семей, Торғай, Талдықорған соңғы орында тұрғаны айтылды. Бұл облыстарға және олардың басшыларына «тиісті шара қолдану» туралы ұсыныс та түсті. Көз алдымда бірдеңе жарқ еткендей, қаным қайнап, бұл жалған тұжырымға тойтарыс беруге дайындалып отырдым. Керекті деректер мен цифрлар қолымда бар. Үкіметтің баяндамасын түгелімен жоққа шығаратын дәлелдерім жеткілікті екеніне күмән болмады. Осы күйімді байқаған қасымда отырған Ақмоланың әкімі Андрей Георгиевич Браун: «Мен сияқты кәрі қасқырға сенсең, үндемей, аяғына дейін шыдап бақ. Бұл баяндама мына баланың (Шөкеевтің) сөзі емес, астары тереңде жатқанға ұқсайды»,– деп шынтағымнан қысты. Расында, кейін мінбеге шығып жатқан басқа министрлердің, Премьер-министрдің өзінің сөйлеген сөзінен бұл алдын ала ұйымдастырылған «сценарий» екені байқалды. Талайды көрген, тәжірибелі «пар­тократ» Браунның тілін алып тic жармадым. Алдымен бұның түпкі себебін білуге бел будым. Жиналыс біте салысымен Премьердің кабинетіне ұмтылдым. «Мәселенің бетін ашу» мақсатымен. Жолда Жанат Ертілесова кездесті. Ол да бұл кезде Үкіметте істейтін. Экономикалық-қаржылық болжам жасаумен айналысатын. Менің ызалы түрімді көрген болуы керек, алыстан: «Бұны жасаған мен емес, менің пікірім өздерің жақта», – деп жатты. Премьер-министрдің хатшысы мені бірден кіргізбеді. Кабинеттің ішіне кіріп шыққандай боп: «Әкежан Мағжанович жоқ екен, үйіне қайтып кеткен болуы керек», – деді.  Оған қарамастан мен көмекшісіне кіріп: «Жұмеке, Сіз мені жақсы білесіз, кабинетті бұзсам да кіремін. Әкежанға барып айтыңыз, тығылмасын менен, жүздесейік», – деп бұйрық бергендей айттым. Жұмекең жағдайды бірден түсінді де, бастығының кабинетіне қарай шығып кетті. Не айтқанын білмеймін, әйтеуір көп бөгелмей қайта оралып: «Ғалеке, жүріңіз. Ол сізді күтіп отыр. Бір өтінішім бар – шыдамды болыңыз!» – деді. Сонан соң алға шығып, есік ашып, маған жол ұсынды.

Әкежан екеуміздің ортамызда жүрген бұл кісіні мен жақсы түсінетінмін. Сөзге сараң болса да, түрінен қатты уайым үстінде екені байқалды. Уайымдайтын жөні бар, бip ауылдан шыққан екі азамат қырқысып жатса, елде береке бола ма? Дос-жекжат, ағайын-жұрағат екіге бөлінейін деп тұр. Өйткені қарсыласқан екі лауазымды қошқардың  қырсығынан осыған дейін тату-тәтті келген елдегілерге өзеннің екі жағасының біреуін таңдауға тура келетін түрі бар. Кейінгі оқиғалар, Әкежан екеуіміздің араздасқанымыз, тіпті Семей облысының жабылғаны – сол жолғы Жұмекеңнің алаңдағаны бекер болмағанын көрсетті. Дәл Мұқаңның «Абай жолы» эпопеясындай! Осының бәрі қайталанатынын білгендей, қазақты бірлікке шақырған Абай бабамыз данышпан екен.

Бірақ Семей облысының жабылуы Әкежан екеуіміздің араздасқанымыздың кеселі деген ақиқатқа жатпас. Сондай-ақ облыстың жабылуы оның экономикасының нашарлығынан деген де ақиқат емес. Қарасаңыз, сол кездегі басқа облыстардың да экономикалық жағдайы онша мәз боп тұрмады. Ал кepiсінше, жабылған Жезқазған облысының мысы мен түсті металдары бүкіл республика қазынасын толтыратын. Біздің де Семей облысын екі-үш жыл ішінде дотациядан шығаратын бағдарламамыз болған. Оған алғашқы қадамдар жасалған, реформалар нәтижесін бере бастаған. Біздің үміт артқан өзіміздің ұлттық  кәсіпкерлер қолына алған кәсіпорындарды жандандыра түскен. Осы жерде айта кететін бip жайт, Қажыгелдинмен тағы бip мәселе бойынша көзқарасымыз алшақ болатын. «Мына қазақтың боқмұрындарының қолынан түк те келмейді. Одан да шетел менеджерлерін шақырғанымыз дұрыс» деген оның тұжырымымен  келіспей  қалатынмын. Сондағы ойым: жерімізге, өз байлығымызға өз жігіттеріміз ие болғаны дұрыс. Мүмкін қателесер, бірақ үйренер түбінде. Басқа елдерден біздің қай жеріміз кем деген ой еді. Семей облысында істегенде ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерімнің бірі – ел ішінен көптеген талантты кәсіпкер шыққаны деп білемін. Бүгінде олар республикамыздың түкпір-түкпірінде өнімді icтep атқаруда. Белсенділігі, іскерлігі ешбір шетелдіктен кем түспейтін азаматтар. Олардың тәжірибе жинауына, үйренуіне, қалыптасуына ерекше көңіл бөлетінбіз. Tүрлі семинар, жәрмеңкелермен қатар қайырымдылық  кештерін өткізетінбіз. Спорт пен мәдени кездесулерге де оларды тарттық. Осындай ресми жене бейресми қатынастар арқылы кәсіпкерлеріміз өздерінің қоғамға керек екенін, ұлтымыз үшін бүгінгі таңда ерекше рөл атқаратынын, елдің әлеуметтік ахуалына назар аудару керек екенін білді. Өзім кеше ғана осылардың қатарынан шыққан адаммын, ұлттық капиталдың қалыптасуына осындай шаралар өте қажет екенін әбден сезгенмін.

Батыста, Америкада көргенімдей, әр ұлт өз ішінен жазушы, ғалымдармен қоса іскер адамдардың, яғни бизнесмендердің шыққанын да мақтаныш етеді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар өсіргендей тәрбиелейді, қошеметтейді. Ал біздің Премьер-министріміз болса, осының бәрін білмегендей, шетелден келген компанияларға, арасында кездейсоқ аферистерге, еліміздің нeбip байлығының ecігін айқара ашып қойды. Фирманың аты ағылшынша жазылса болды, тіпті кешегі өзіміздің Кеңес Одағының пысықсыған азаматтары «инвестор» шапанын бүркеніп, Үкіметтің ішінде, есік алдында, өз үйінде жүргендей қаптады да кетті. Сол жолы Әкежанға кіргенімде екеуара айтысымыз осы жөнінде де болды. Алдымен мен сабыр сақтауға тырыстым. Арақатынасымыздың бұзылғанын алға салып, әңгімеміздің басын ашып алуға шақырдым.

Бірақ, біраздан соң, әңгімеміз өрби келе, бір-бірімізге таққан кінәміз салмақтана түсті. Әуелі облыс мәліметтеріне сүйеніп, бүгінгі баяндамадағы сынның орынсыз екенін дәлелдедім. Бұл цифрлар мен фактілерден ұтылатынын сезген Әкежан: «Сенің мұнда жауың көп, ұйымдастырған солар, дәлелдеріңді соларға айт», – деп, әңгіме төркінін өзгертпекші болды. Менің қырсық мінезімді, тәкаппарлығымды  біраз тілге тиек етсе де, мен оған: «Олай болғанда да үлкендігіңіз бар, неге айтпадыңыз, бұрын неге ескертпедіңіз, неге жасырын арқадан пышақ салғандай осының бәрін бүгінгі мәжілісте топырлаттыңыз? Алдында ғана мақтап, реформалардың үлгісі ретінде көрсетіп, енді міне, аяқ  астынан нашар бола қалғанымыз  қалай?» – дедім. Бip мезетте телефон арқылы орынбасары Ахметжан Есімовті өзіне шақырды. Өзара әңгімемізге басқа бip жат адамды шақырған себебін бірден түсіндім. «Бұл үлкеннің ауылдас інісі, мені бақылауға қойған» деген сөзін алдында ғана естігенмін. «Демек бұл кездесуімізді Президенттің құлағына Ахметжан – куә арқылы жеткізуді қалайды. Ондағы мақсаты не?» – деген сауал санамда нажағайдай жарқ етіп өте шықты. Бірақ сөз қарқынын өзгертпедім. Бұлтақтағаным жөн болмас, Елбасынан жасыратын ештеңе жоқ деп шештім.

Сонымен амалсыздан жақын адамдардың өзара дау-ерегесінің куәсі боп, Есімов кездесуіміздің аяғына дейін отырды. Соңында мен қоштаспай, шұғыл шығып кеттім. Әкежанның маған беймәлім бip себептермен қарым-қатынасымызды шорт кесуге бет алғанына көзім әбден жетті. Сол жерден экономика министрлігіне барғанымда, бұл ойым одан әpi дәлелденді. Шөкеевтің министр боп тағайындалғанына көп болмаса да, бұрын бір-екі рет кездескеніміз бар еді, өзі мен құралпы, әpi есептен хабары бар деп естігенмін. Расында да қолындағы мәліметтерді шығарып, министрліктің жасаған есептерімен салыстырғанда, облысымыздың «рейтингі» он жетінші орыннан сегізінші орынға бір-ақ шықты. Бұны мойындаған Өмірзақ басында қызметкерлердің жай математикалык қателіктеріне сілтеп, мені ондайға көңіл аудармауға шақырды. Менің нанбағанымды байқап: «Бұл мәселені Әкежан екеуің шешсеңдерші», – деп, тапсырма болғанын жасыра алмады. Сол күні басқа да жиынға қатысқан адамдардан естігенім, үлкен мәжіліс алдында Премьер-министрдің кабинетінде шағын жиын болыпты. Онда ол Семей облысын тас-талқан етіп сынауға тапсырма беріпті…

Міне, 1997 жылдың басында осындай оқиғалар өтті. Кейін Әкежан екеуміздің араздасуымыз жайында алуан түрлі әңгіме болды. Біреулер өзара ерегесіпті, екіншілер билікке таласыпты, үшіншілер ақшаларын бөлісе алмапты деген алып-қашпа әңгіме айтып жатты. Арасында бұл Назарбаевтың ұйымдастырған саяси ойыны, ағайынды жігіттерді өзара қырқыстырып, «қай жеңгенің менікі» деп отыр дегенді де ecтідім. Не десе де, қателік eкі жақтан да болған сыңайлы. Інісі боп мен сын көтермедім, мақұлдамадым, бас имедім. Ағам болып, Әкежан да кеңдік көрсетпеді, шындығын айтпады. Сөз арасында айта кетейін, кейін екі-үш ай өткен соң Алматыға қызметке барғанымда, Әкежанның кабинетіне алдынан өтуге барғаным бар. Бірақ қабылдамады. Көмекшісі Жұматай күрсініп қана қойды.

Алматыдан Семейге қайтқан ұшақта отырып, сол күні өткен оқиғаларды көз алдыма елестеттім. Өз сөзімді, ic-қимылымды сараптадым. Айтарлықтай қате-кемшілік таба алмадым. «Сонда кім осының бәрін ұйымдастырған? Семей облысын орынсыз сынаудың негізі неде? «Заказ» жасаған Әкежан неге ашылмады, неге сырын айтпады? Жай, маған ғана ренжігеніне ұқсамайды» деген ой басымнан кетпеді. Бірде ecіме Әкежанның қызу айтыс үстінде айтқан: «Сенің демократ боп, өз пікіріңде жүргенің кімге керек? Әкімдерді сайлау керек дегеніңді мына Сарай ішіндегілер, үлкеннің өзі жаратпайды. Жиналыстарда қол созып өзіңдікінен қайтпай, таласқаныңды қашан қоясың? Тыныш қана отырып, артты қысатын уақыт жетті ғой!» – деген сөзі түсті. Шындығында бүгін ел алдында «дүре соққанның» ceбeбi осы болуы мүмкін деп ойладым.

Біраз уақыт өте келе түсінгенім, «Семей облысын және оның басшысын сынау облысты жабу алдындағы әрекет болатын. Өйткені Жақиянов үнсіз қалмайтын еді, халқы көтерілуі мүмкін еді» деген пікірлер айтылды. Бүгінгі заман деңгейінен қарасам, бұл сөздің де негізі бар сияқты. Мәселе, оның алдында да, кейін де Пре­зидент екеуіміздің арамызда Қазақстандағы облыстар жайында, соның ішінде Семейдің болашағы жайында бірнеше рет әңгіме болған. Онда мен өз пікірімді жасырмадым. Еліміздің тарихы жағынан да, өлкенің қазақ мәдениетіне, әдебиетіне қосқан үлесін ескерсек, көне заманнан қалыптасқан ел басқару жүйесі жағынан да, тіпті полигон зардабын шеккен іргелі елде әділеттілік орнату жағынан қарағанда да, Семейдің орны ерекше. Кешегі аталарымыздан қалған дәстүрді басшылыққа алсақ та, бүгінгі геосаясатты таразыға салсақ та, қазақ елінің бip ордасы – ұлы ғұламалардың Отаны Семей екені ақиқат. Осыны Президентпен кездескенде, Семей жөнінде әңгіме көтерілген сайын айтып жүрдім. Облыс жабылардың дәл алдында, басқа қызметте жүрсем де, Назарбаевқа арнайы кіріп, қателеспеуін сұрадым. Сонда ол әңгімені Премьерге сілтеп үкіметтің eceптepi бар екен деп жұбатты. Облыс жабылып қалған соң да облыс ақсақалдарының, жұртшылықтың тілегін Елбасына жеткізіп жүрдім. Бірақ құлақ аспады. Бүгіндері бұл шешімнің экономикалық-әлеуметтік және саяси қателік болғаны айдан анық көрініп тұр. Онымен қоймай, ғасырлар бойы бірлікте табысып келген біртұтас қазақ ұлтының ішіне іріткі салынды. Оған қоса Торғай, Жезқазған, Көкшетау, Талдықорғанды облыс ретінде қысқартқанды ескерсек, ұлтымыздың тағдырын аяқ астына тастаған, бүкіл қазақ ынтымақтастығын бұзу жолындағы кейбір кеңестердің шолақ «стратегиясын» аңғаруға болады.

Тағдырдың тәлкегімен сол жолы Семейге бағыт алған ұшағым әуежайға бірден қона алмады. Қатты жел соғып борандатып тұрды. Бір айналымнан соң құйрық-қанатын жая қонған ұшағымызды көлденең соққан дауыл аудара жаздады. Дөңгелектері сынған ұшақ бар ағынымен далаға қарай ұмтылды. Ұшақ ішіндегі жиырма шақты жолаушының айғай-шуы естілді. Бос жатқан жүк, әлдебір заттар белдіктерін тақпаған кісілермен соқтығысып еденге домалап жатты. Сарт та сұрт сынған ұшақтың бөлшектері жағдайдың қиындап бара жатқанын көрсетті. Жол бойы бағанағы оймен арпалысып келе жатқан мен апатқа душар болғанымызды бірден сезбедім. Есімді жинаған соң жұртты сабырлы болуға шақырдым. Бір кезде бұралаңдап келіп ұшағымыз қалың қарға төсін тіреді. Бәрі де бip сәтте тым-тырыс болды, ал менің көз алдымнан бүкіл өмірім өткендей көрінді. Аман қалғанымызға тәубе еттім ішімнен. Ұшақтың бауырындағы есікті адамның денесі сыярдай ғып қана аша алдық. Қар ішінен сыртқа жол жасап, кісілерді біртіндеп шығара бастадық. Бұндай ұшақтардың ең пәлесі – моторы мен жанармайының жарылуы екенін маман ретінде жақсы білемін, сондықтан кісілерді тезірек шығарып, қауіпсіздеу жерге жеткізуді  ұйғардым. Сәтімізге қарай, ұшақтың моторы дереу сөніп, ешбір жерден өрт шыққан жоқ. Әуежайдың көмегі де келіп жетті. Үйде күтіп отырған Қарлығашты, балаларымды көріп, қуанып, құшақтасып жаттық. Ертеңінде мешітке барып, құран оқытып, садақа бердім. Алматыда болған әңгіменің шет-жағасын естіген Қарлығаш: «Тым қатты кеткен жоқсың ба? Ұшақпен болған оқиға Алланың жіберген ескертуі болар, байқамадың ба? Осы күнге тәубе етіп, ұлдарыңның қасында, ағайындарыңның арасында, еліңнің амандығын тілеп, жүре бермейсің бе?» – деді. Сөзін мақұл көрдім, өзім де соны ойлап жатқанмын. «Eсікті сарт еткізіп, ашу үстінде қолмен сілтеген болмас. Арыз бермей күте тұрайын. Артын байқайын!» деген ойға келдім.

Расында да, адам баласы осы дүниенің қызығын көріп жүре бермей ме? Бір-біріне тиіспей, соқтықпай. Ұсақ, болымсыз нәрсеге ренжиміз, не бipeyді ренжітеміз. Содан басталады бәрі.

Баяухан әжем: «Дүниенің бұзылуы – адамдардың тәрбиесі бұзылуынан», – деп айтып отырушы еді. Осы абақтыда жатқанда марқұм әжемнің сол сөзі есіме жиі келеді. Мұндағы отырғандардың көбі не үйдің, не қоғамның тәрбиесін көрмеген. Ұрлыққа, зорлық-зомбылыққа барғанда бұнысы заңға қайшы келеді, ертең бәріне де сұрау болады деп ойламаған. Сыртта тұрғанымда, маған бip адам жақындап келіп, темекі сұрады. Темекі тартпасам да сөзден сөз шығып, өзара әңгіме құрдық. Өзі қазақ, жасы елулер шамасында, осы Құсмұрын ауылынан екен: «Екі ұлым да қасымда, ана барақтарда», – деп қол сілтегені маған мақтанғандай естілді. Тағы бip ауылдың қарадомалағы шімірікпей: «Аға, мен крещенный қазақпын ғой», – деп менімен танысып жатты. Арғы жағында тұрған «зектер» «камерадағылар зорлықпен шоқындырды» түсіндіріп жатыр. «Бұл қазағыма не болған? Бipeyi түрмеде өз үйінде бала-шағасымен жүргендей сезінеді екен. Екіншісі дінін сатқан. Осыған кім кінәлі? Тек өздерін ғана кінәлауға бола ма? Қоғамымыздан, жас мемлекетімізден не тәрбие көрді? Бар көргені – ұрлық пен парақорлық, салт-дәстүрге, кәсіпке айналған сыбайластық. Аллаға емес, билікке табынған тұрақсыз дін басшылары, қайда барады қарапайым қазағым?» – деген ой кетпейді басымнан.

1997 жылға қайта оралайық. Күн сенбі болатын, түстен кейін бала-шағамызбен қала сыртындағы әкімшіліктің резиденциясына шықтық. Обком заманынан келе жатқан, қарағайдың ішінде тұрған саяжай болатын. Балалар қарда шана теуіп ойнап жүр. Қарлығаш екеуіміз шаңғымен бipiміздің  артымыздан біріміз кетіп барамыз. Әңгіме балаларымыз, олардың тәрбиесі, білім алуы жөнінде. Ележанымыз төртке келіп қалды. Тілі тәтті, әpi анық сөйлейді. Орысша әлі де біле қоймайды. Бұдан бұрын айтқанымдай, Беріктің де, Ележанның да ана тілін ұмытпауына көп көңіл бөлгенбіз. Қолымызда тұрған, кейін заводта бipгe істеген Данияр деген жігітпен тұрмыс құрған Қарлығаштың сіңлісі Жанна осы балаларымыздың тәрбиесіне үлкен ықпал етті. Өзі қазақ мектебін (өзіміздің мектепті) бітірген Жако (қысқаша есімі) және  (Ележанды бағып-қағуға) Қарлығашқа көмектесіп жүрген кластасы Сайран мен жүргізушіміз Мұрат барлығымыз тек қазақша сөйлесетінбіз. Осы ортада өскен Берік, кейін Ележан ана тілімізде еркін сөйлейтін болды. Күлкілі жағдайлар да болып тұрды. Қазақ  ауылынан келіп, жұмысқа тұрған Мұрат қайдағы бip көшедегі боқтық сөздерді Ележанға үйретіп, оның саңқылдап қайталағанына сылқылдап күлетін. «Қазақ баласы ғой, бәрін де білсін, бәрін де көрсін» деп, мен де оған тоқтау айтпадым.

Бірде үйге сыйлы қонақтар, мәдениетті адамдар келіп жатқанда, Ележан өзімен әзілдесейін деген бip ағасына көшенің «дәмді сөздерін» айтып тастады. «Оны саған кім үйретті?» дегенде, Ележан ойланбастан: «Па­пам», – деп жауап қайтарды. Әлгі жерде ұялғанымнан кірерге тесік таппадым. Әcipece кіші ұлымды қатты сағынамын қазір. Берікті де сағынамын. Қазір ол кәмелет жасына жеткен жігіт, Американың Техас университетіне өз күшімен түсті. Конкурс деңгейі жоғары болса да бүкіл әлемнің үздік оқушыларымен жарысып өтті. Абақтыда отырған әкесіне бұдан артық тірек бола ма? Қарлығаш екеуміздің арманымыздың бipi орындалды. Шаңғымен жүргенімізде он екі жасар Берігіміз туралы көп әңгімелесіп едік. Алдында баламызды сырт жаққа мектеп оқуына жіберейік деген ұсынысымды айтқанмын Қарлығашқа. «Мұнда жаман болсын, жақсы болсын, Семейіміздің мектебіне барып жүр ғой, бала­мызды алыстатып қайтеміз?» – деп еді маған. «Біздегі орта білім, рас, қанағаттанарлық деңгейде. Бірақ мәселе басқада. Әкесі әкім болғандықтан, баласына мұғалімдер сөз айта алмайды, сұраныс болмайды. Оны сезген бала сабағына да, үй жұмысына да жеңілтек қарайды. Бәрі оған оңайлықпен келгендей боп көрінеді. Қозғаушы күш болмағандықтан ол ертеңгі күннің бәсекесіне осал боп қалады», – дегенімде, Қарлығаш түсінгендей болды. «Өзің шешерсің» десе де, түні бойы жылап шыққанын сездім. Сондықтан бүгін сол әңгімеге қайта оралғанда, сөзім дәлелді болу үшін, орманның жанына апардым. Аспанға ұмтылған екі жуан қарағайды және солардың қасындағы күннің көзін көрмей, өспей қалған, бүріскен балапан ағашты көрсеттім. Содан соң олардан алшақтау, күннің көзіне ашық жерде, оқтай түзу қарағайға Қарлығаштың назарын аудардым. «Екеуі де тәңір жаратқан бip ұрпақтың балалары. Бірақ, біреуі күн нұрына емін-еркін бөленіп өскен көз қуантар қарағай болса, екіншісін ата-аналары бауырынан жібермей, өз көлеңкесімен өз ұрпағын тұншықтырғанын көрдің бе?» – дедім. «Табиғаттың заңы ғой, көлденең келмейік, біз де өз көлеңкемізбен балаларымызды көлегейлей бермейік…» дегенімде, Қарлығаштың жасқа толы, бірақ сүйсіне қараған көзінен сөзіме әбден иланғанын білдім. Сол жылы Берік Алматының ағылшын мектебінде дайындалып, кейін Швейцария мектебіне түсті. Заңы қатал, ата-анасының әлеуметтік дәрежесіне қарамай тәрбиелейтін, жасөспірімдерге әлемдік деңгейде дәріс беретін мектеп біздің көңілімізден шыққандай болды.

Алматыдан қайтқан соң, бip-eкi күн ішінде арнайы ұшақпен вице-премьер Д.Дүйсенов бастаған үлкен комиссия келді. Әуежайда қарсы алғанымызда-ақ бұл келгендердің мақсаты – облысымызды тексеру сылтауымен пәле-жала компромат табу екеніне көзіміз жетті. Ешбір жоспарсыз, аяқ астынан жиналып келген адамдар. Дегенмен ренжігенімізді білдірмей, екі күн ішінде облысымызда жасап жатқан жұмысымызбен таныстырдық. Қайта жандандырып іске қосқан өндіріс орындарын, шаруашылықтарды, мекемелерді көрсеттік. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік, коммуналдық шаруашылық саласымен толығымен таныстырдық. Комиссия мүшелері (әр саланың мамандары болатын) біздің істегенімізге қанағаттанғанын айтты. Біздің жасаған реформаларымызды, жаңа қызмет әдістерімізді көріп, риза болды. Әcipece өзіміздің жергілікті кәсіпкерлерді қолдау саясатын, оның арқасында шетелдік инвесторлар қызықпайтын көптеген кәсіпорынды, шаруашылықтарды іске қосқанымызды келгендер ерекше атап кетті. Әр салада бәсекені арттыру үшін және нәтижесінде сапаны көтеріп, бағаны төмендету үшін ұйымдастырған тендеріміз комиссияның жоғары бағасын алды. Бұл тәжірибе бізден басталып, республикаға тарап жатқан уақыт еді. Осының бәрін көріп, тексеріп біткен соң өткен жиналыста осының барлығы айтылды. Ал Дүйсенов мырзаның: «Семей облысының тәжipибeci басқа облыстарға да үлгі болатын жағдай екен», – деген сөзі сол күні кешке «Хабардан» берілді.

Шығарып салардың алдында, машина ішінде, Дүйсекең маған: «Жұмысыңмен таныстым. Бәрі дұрыс сияқты. Неге екенін білмеймін, Қажыгелдин өзіңе ерегескендей ме қалай, осы тапсырманы бізге берген өзi», – деді. Біраз күннен соң сол Дүйсекең басқарған комиссия қайта келді. Алматыдан Премьер оған қатты ұрысқанын, «барып түк те таба алмай, Ғалымжанның ықпалында қалғанына» ренжігенін айтты маған. Бұл жолғысында комиссия көп бөгелмей, жоғарыдағылардың қалаған сын қағазын жаза бастады. Өзімен бipгe әкелген журналистерге Дүйсенов: «Облыстың жағдайы нашар, басшылары жөнді жұмыс icтемейді», – деген сияқты жалған пікір айтты және бұл сөзді бүкіл Қазақстанға таратқызып, неше күн бойы айтқызды. Дәлелсіз, өтірік мәліметтерге толы комиссияның қорытынды анықтама қағазымен біз келісе алмадық та, қол қоймадық. Соған қарамастан ол қағаздар құжат ретінде Премьердің столына түсті.

Осылай жағдайдың шиеленіскенін біліп, бұның аяғы не облыс үшін, не мен үшін жақсылықпен бітпейтінін сезген мен өз «командамды» жинадым. Түнгі сағат он екінің шамасы болатын, тым ресми болмау үшін сенген серіктестерім өз пікірлерін жасырмай айтсын деп кездесуді кабинетімнен бөлек жерде еткіздім. Болған жағдайдың бәрін ашып айттым. Бұл жағдайда Әкежан екеуміздің тірескеніміз облыс жұртшылығына зиянын тигізер, сондықтан «менің отставкаға беруіме қалай қарайсыздар?» деген сауалымды ортаға салдым. Бірінші орынбасарым Александр Лукин өз сөзінде: «Әкежан да досым еді, бірақ сенікі дұрыс. Сондықтан қолдаймын. Істеген шаруамыз бip болғандықтан, жауапкершілігін де бipгe көтеруіміз керек. Мен де отстав­каға қолымды қоямын! Мансап қуған адам емеспін!» – деді. Өзінің туған жері Абайдың Қарауылы, әулеті Семей өңірінде бұрыннан қоныстанған «Сан Саныч» мінезі салмақты, айтқан сөзінде тұратын, өндіріс  басшылары мен кәсіпкерлер арасында беделі жоғары адам. Келесі орын­басарым Мұхаметқали Оспанов Бауманда өзіммен бipгe, бip-екі курс жоғары оқыған, «қызыл дипломмен» бітірген семейлік қазақ баласы болатын. Облыста ғана емес, республикамызға танымал қаржы-бюджет саласындағы білікті маман болды. Үкіметтегілер: «Сендегі мамандар, әcipece Мұхаметқали профессионал, басы керемет істейді», – деп қызығатын. Президенттің де көзіне түсіп, бірнеше қызметке шақырылған. Сол Мұхаметқали: «Мен де қолдаймын. Нақты мәліметтерге сүйенсек, үкіметтің бізге орынсыз тиіскені айдан анық көрініп тұр. Бұл жерде олармен айтысқаннан гөрі кеткеніміз жөн», – деп қолдауын білдірді. Басқалары да, ішінде қаланың әкімі, көмекші-кеңесшілерім бар, құптайтынын және өздері де арызға қол қоятындарын айтты.

Президентке жазған өтінішімізде жағдайды қысқаша баяндай келе, үкіметте облысымыз және облыс басшылары жөнінде соңғы уақыт ішінде қалыптасқан тepic көзқарас негізсіз екенін көрсеттік. Өтінішіміздің аяғында бұндай жағдайда үкіметпен жұмыс істесе алмайтынымызды ескере отырып, қызметтен кетуге мәжбүр болатынымызды жаздық. Өтінішімізді арнайы фельдбайланыс арқылы салып жібердік. Айта кететін жайт, бұл егемен Қазақстан (архивте, газеттерде бар) тарихындағы өз еркімен жұмыстан кету жөніндегі алғашқы өтініш еді. Бұрын тәжірибемізде кездеспегендіктен, не өтініш жазу үлгісін, не тапсыру жолын білмедік. Менің отставка сұрауымның тағы бip ceбeбi болатын. Желдің қай жақтан соққанын анықтау керек болды. «Бұл тек үкімет пен Премьер-министрдің әрекеті ме, әлде?.. Жағдайдың бәрін біліп отырған Президент әкімшілігі мен Президенттің өзі неге үндемейді?» – деген сұрақтар да мазамды алды. Осының бәрін Әкежан ғана ұйымдастырғанына күмәнді едім. Әcipece қасқырдың ізіне түскен иттердей, барлығы, соның ішінде ақпарат құралдарының тұра шапқаны. Бұл жалғыз премьердің қолынан келетін шаруа емес. Оның үстіне Әкежанның: «Бұл мен ойлап шығарған мәселе емес, Ақ сарайдың ойын тәртібі осы», – деген сөздері де бар. Өтінішіміз барған соң әңгіменің төркіні нақты қай ауылда екенін Президенттің жауабынан білетін болдық. Менің бұндай қадамымды Президент күтпеген болу керек. Көп ұзамай «ВЧ» телефонмен хатшысының: «Қaзip Нұрсұлтан Әбішұлымен сөйлесесіз», – деген дауысы естілді. Ақпан айының он екісі болатын.

Президент телефонды ала салып, турасынан не болды деп, даудың  мән-жайын сұрады. Жауабымды тыңдаған соң, сәл бөгеліп барып: «Саған айтатыным, отставкаңды қабылдамаймын, міне, өтінішіңнің үстінен жазып отырмын. Жұмысыңды істей бер, қызметіңе разымын», – деді. Әңгімеміз тағы бipaз  жалғасты. Менен бұл қарсыласқанның негізгі себебін білгісі келгендей, бірнеше сұрақ қойды. «Әкежан сені маған жамандап жүр еді, бірақ мен сені қолдаймын. Осы болғанның бәрін пресс-конференцияда айт», – деп сөзін  аяқтады. Кейін де, бірнеше рет осы мәселеге оралып, Әкежан екеуіміздің неден араздасқанымызды сұрап жүрді. «Ол сенің соңыңнан түсіп, үстіңнен үлкен шағым түсірді. Саған  араша түскен мен болмасам, сені жеп қоятын түрі бар екен. Өзіңді иттің етінен жек көретін сияқты ғой» дегенді жиі айтатын.

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды mipi жанда?

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда, дегенде Абай атамыз кімді меңзеді екен?

Пресс-конференцияны өткіздім. Жиналған жұрт көп болды. Бәрінің көкейіндегі сұрақ: «Әкежан екеуің дос боп жүріп, қалай мынадай жағдайға ұшырадыңдар? Неліктен арақатынастарың бұзылды?» Сол жолы да, кейін де осы сұраққа берген жауабыма сенгені де, сенбегені де болды. Шиеленіскен бірнеше ceбeбi болған. Ол туралы алдында айттым. Ал қайсы басым болғанын, расын айтсам, осы күнге дейін білмеймін.

Президенттің қолдау уәдесін алсам да, жұмысымды алған бағытта ештеңеге де қарамай жалғастырып жүрсем де, жағдайдың осы түрде көп созылмайтынын сездім. Солай боп шықты. Бip ай ішінде мемлекеттің басқару жүйесіне өзгертулер енгізілді. Мемлекетіміздегі стратегиялық ресурстарымызға бақылау керек деген сөз шықты. Арнайы құрылған, тікелей Президентке бағынышты мемлекеттік екі агенттіктің бipeyiн басқаруға маған ұсыныс жасады. Келісімімді  бердім. Наурыздың 12-сінде Президент жарлығымен Стратегиялык ресурстарды бақылау агенттігінің төрағасы боп тағайындалдым.

алдыңғы тараулар:

Басы

І тарау

ІІ тарау

ІІІ тарау

ІV тарау

V тарау

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар