/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

2580 рет қаралды
Ньюкаслдегі христмасс маркет

ХРИСТМАС  (CHISTMAS) МЕЙРАМЫ

Намазды жамағатпен оқу дәстүрі христиан дініндегілерде де бар. Сондықтан дәл осы намаздың жамағатпен оқу рәсімі Англия шіркеулерінде қалай өтетіндігін көру үшін әдейілеп Христмас (CHISTMAS) мейрамына орай оқылатын «жұма намазына» бардық.
Христмас – желтоқсан айының соңы мен қаңтар айының басында тойланатын Британиядағы ең үлкен ұлық діни мейрам.

Желтоқсан айының 25-і күннің қысқару шегі тоқтап, ұзара бастаған, көктемге аяқ басқан алғашқы күн болып есептеледі. Демек, Мәсіхтің туған күніне еш қатысы жоқ. Алайда Римдік иерахтар Исаның туған күні деп күшпен енгізсе керек. Кейін солай болып қалыптасты да Исаның туған күні жылдың басып болып тұрақтады.

Христмас мерекесіне орай біздің жаңа жылды қарсы алатынымыз секілді Англияда да көше ағаштары түрлі жарықтармен безендіріліп, әр жерде жасанды жасыл шыршалар құрылып, дүкен, сауда орындарында мерекелік сый, тарту-таралғы жасауға арналған заттар, ашық хаттар, қызыл түсті қорапша-жәшіктер, қызыл тымақтар көбейеді екен.
Ауыл-үйлер есіктердің сырт жағына дөңгелендіріп өрілген гүл шоқтарын іліп қоюы жиі ұшырасады. Алғашында мен (құдай сақтасын) бұны адам қайтыс болған үй ме екен деп ойлап қалдым. Сөйтсем Христмастық мерекеге орай жасалынатын дәстүрі екен. Біздің танысымыз Робтың айтуынша Христмастың жеке отбасылық мәні зор мереке. Бұл күнді олар туыс-туғандармен бір дастархан басында жиналып атап өтеді. Кісі аяғы сирек көшелерде бір-бірімен жолыққан адамдар күлімсіреп, бас изесіп «Мэри Христмас …» деп амандасып, ілтипат білдіреді.
Біздің мекен-жайымызға да Есенгүлді, Ақтанайды Христмаспен, туған күндерімен құттықтаған ашықхаттар келіп жатты. Әуелгіде мен бұған таң қалдым. Өйткені соңғы кезде, бізде қарым-қатынастың, өзара байланыстың бұл түрі баяғыда көзден ғайып болды емес пе. Уатсаппен шала-пұшық, дәм-татусыз бірдеңелерді жөнелтіп жатамыз. Жер шарының қай жерінде жүрсе де интернет арқылы сөйлесе саламыз, болды. Сұрай қалса адресс, мекен-жайын да білмейміз. Телефон номерін білсек жетіп жатыр. Ал мына Англияда олай емес екен. Қандайда бір мереке, мейлі туған күн болсын, тағы басқа атаулы жағдайларға байланысты хат алмасу, ашық хаттармен бір-бірін құттықтау, жылы пікір білдіру, бата-тілектерін жазып жіберу үзілмеген дәстүр. Шынында да бұндай қолжазба хаттардың орны бөлек болды. Ол хат кәдімгі пошта арқылы жетеді. Оны кәдімгі поштабайлар үйді-үйге таратып жүр. Әуелі кімнен хат келді екен деп пошта жәшігіне қарайтын болдық. Хат келсе қуанамыз. Оны алып, оның мекен-жайына, қайдан, кімнен келгеніне қарап, асыға ашып, не деп жазғанын шұқшия оқып, жазу, қолтаңбаларына дейін қызықтап қараудың өзі адамға ерекше бір жүрек жібітер әсер береді екен. Содан соң оны апарып көрнекі жерге қойып қояды екенсің. Тіпті альбомыңның арасына салып сақтап қоюға да болатын құнды ескерткіш. Күндердің бір күнінде алып, ашып қарап отырасың.


Дүкендерге, ол мейлі азық-түлік дүкені болсын, кірсеңіз бір қатар кітап сөрелерімен қатар арнайы ашық хаттарға да арналғанын көресіз. Олар алуан түрлі әрі көп мақсатты. Қандай іс-шараға байланысты ашық хатты алғыңыз келеді. Табасыз. Алғашында мыналарды кім сатып алады екен деп ойлағанмын, сөйтсем оның мәні мұнда ерекше екен.

Түрлі діндердің орталықтары шіркеу-храмдары Алматыда да бар ғой. Алайда соған кезінде осынша құнығып, назар аудармағаным бекер болғанын да мойындаймын. Дін мемлекеттің көзінен таса етпей, аса қырағылықпен үнемі бақылауында ұстап отыруға міндетті өмірдің өте күрделі әрі нәзік рухани саласы. Діннің қоршаған ортаны, қоғамды қандай бір бағытқа бұрып әкетуге пайдалануға ұрымтал идеологиялық құрал екеніне көзіміз жете түседі. Соның үшінде демократиясы дамыған, өркениетті, ежелгі мәдениетті Ұлы Британияда мемлекеттік мәртебесі бар жалғыз дін бар екен. Ол мен жоғарыда айтқан – хрестиан діні. Ал басқа діндерде ондай жоғары статус жоқ.
Өткен XX ғасырдың социалистік елдерінде билік басына келген коммунистер діннің аса үлкен қуатты күшін механикалық жауыздық тәсілмен, түбірімен жойып жіберді





деді. «Кеңестiк ұлт саясаты бiздi «балғасымен» жаншып, «орағымен» орып тастады» (М.Шоқай). Алайда адамзат баласының ақыл-ойы жетілмей Бір жаратушының барлығына, оған деген әр түрлі сенім жолдарының мәңгіліктігін жеңудің мүмкін еместігін бар-жоғы 70 жыл өмір сүрген социалистік қоғам дәлелдеп берді. Социалистік қоғамның күйреуімен сол елдердегі тиым салынған діндер қауырт өркен жайып, қаулап шыға келді. Кешегі «дінсіз адамдар» бүгін ашылаған қойдай діни уағыздарды «топырағымен қоса» асай бастады. Оның салдары қазақ қоғамы үшін 2022 жылы «қисынсыз құбылыс» болған қаңтардың қанды оқиғасында діни фанаттардың да көп болғанының куәсі болдық.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар