/////

Бақытбек Бәмішұлы: Британия күнделігі

1482 рет қаралды

АНГЛИЯДАҒЫ МҰСЫЛМАНДАР

Жоғарыдағы тақырыпты ары қарай жалғастырып Англиядағы мұсылман қауымы жөнінде де бір ауыз айта кеткеніміз жөн болады. Жоғарыда мен статистикалық мәліметтерге сүйеніп Англияда 1924 жылы Лондондағы алғашқы мешіт ашылғанын, қазір 600 мешіт барын (мұсылмандардың өз қаражаттарына салынған), 2 миллионға жуық мұсылман баласының денін Англияның отарында болған елдерден 19 ғасырдан бастап келгендер құрайтындығын айттым. Тағы бір жаңа мәліметте Англияда ислам дінін ұстанатындар саны үш миллионнан асып жығылатынын айтады.

Қалай болған күнде де ислам діні Англияда екінші орындағы дін болып есептелінеді. 2019 жылғы мәлімет бойынша мұсылмандар Англияның 55,16 миллион халқының 5,9 пайызын құрайды екен. Олардың үштен бірі өмірлік діни ұстанымы қалыптасып үлгірмеген 15 жасқа дейінгі балалар. Ал олардың болашақта қандай дінді қабылдайтынын немесе қабылдамайтынына үзілді кесілді жауап беруге бола ма? Британия мұсылмандарының тең жартысы осында туып-өскендер.
Зерттеушілер «мусульман», «ислам» деген атаулардың XVII ғасырдан бастап ағылшын тіліне кіріге бастағанын жазады. Бұған дейін олар «мавр», «үнді», «негр», «түрк» деп әртүрлі аталып келген.
Бүгінгі заман діннің соңына түсіп, шіркеу, мешіт-медіреседен шықпай жүретін заман емес. Бүгінгі заман ғылым мен білімнің заманы. Қажырлы еңбектің заманы. Өзі үшін малды да, жанды да аямай іс қылатын уақыт. Кім тәртіпі адал еңбек етеді, сол бай-қуатты, жақсы өмір сүреді. Соны нақ түсінген Англия мұсылмандары ма деймін. Тек қана британдықтардың бақыты үшін әр бір адамының бала жасынан құлқына құйып, бар қуат-күшін арнап, бір шеге болса да ағылшын үшін қағылсын деп, бір тебен болса да ағылшын үшін тасылсын, әкелінсін деп, бір тиын болса да ағылшын үшін қызмет қылсын деп әлемге билік етуге әлеуеті жетіп, аспа-төк отырған ағылшындардың арасына еніп кетіп, олардан тұрмыс-тіршілігі төмен, кем өмір сүрсе не болар еді? Осыны түсінген. Ондай теңдікке, тең дәрежеге, тең отыруға оңай жолмен келмегені анық.

Бұрын өздерін басып-билеген ағылшындар басындағы ноқта-жібін сыпырғаннан кейінгі ғасырларда санасына сіңген ескі масылдықты, жетектеумен, нұсқаумен ғана күнелткен күнкөрістен біржолата азат болу олардың озық ойға, ілгері жылжуына үлкен күш-жігер сыйлаған.
Мұндағы шығу тегі шетелдіктердің мейлі ол мұсылман, мейлі ол басқа дінді болсын, Англияға келудегі басты мақсаттары жақсы өмір сүру. Ал ол мақсатқа жету үшін тек қимылдау, жұмыс істеу керек екенін ет-сүйегінен өткізе сезінген. Қашып-пысқан бай-бағыландарды айтпаймыз. Егер босқын болса үкіметтен берілетін азын-аулақ нәпақамен де тірлік етер, бірақ ол түбегейлі жақсы күн кешуіне кепілдік бола алмайды. Ал, Англияда орнын тауып, тәртіпті еңбек еткен, ден саулығы мықты адам, көштен қалып, аштан өлмейтіндей мүмкіндіктер толық қамтамасыз етіліпті. Айналаңдағы жұрттан, жергілікті тұрғындардан көш кейін қалып қою, надан, мешеулікпен өмір сүру атыңа да, затыңа да сын. Мұны Британияға қоныс аударушылар жақсы ұққан екен. Ағылшындардың ғылымға құштарлығы, білімі молдығы, ұқыпты, аса жаңашыл, таза іскерлігі, ұйымшыл, ұлтшылдығы, қолға алған ісін тындырып істейтін бір қазық тыңғылықтығы бойларына жұғыпты. Мен араласқан, мен көрген мұсылмандардың бәрі еңбексіз емес. Ғалым, дәрігер, мұғалім, кәсіпкер, қызметкер, жұмысшы, студент қатарлы тіршіліктің барлық саласының мүшелері бақуатты.
Осылардың арасында дені өздерін мұсылман санайтын, өркениеттің өзегінен нәр алып, көзі ашылып, көкірегі оянып, бай ілімнен «Болашақ» арқылы сан мыңдап келіп ғылым үйренген жастарымыз да бар. Олар осы аз күндік жырғаулы тұрмысты місе тұтып, осы елдерде, жат жұртта қалып қоюды көздемей, қазағына қайтып оралып, күш жігерін өз ұлты үшін сарп етіп, тапқан дәнін туған халқының топырағына ексе, біз де аз-ақ жылда төрт құбыламыз теңеліп шыға келуіне сеп боларына дау бар ма?

Мысалы, Жапонияны аяғынан тік тұрғызып, озық елдердің қатарына қосқан шет елдерден білім алып келген жастар екенін жақсы білеміз. Ол жайында кезінде Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов те жазыпты. Жапонияға барған сапары туралы жазбасында ол жапон жастарының Еуропа ғылымын біліп алғандары тоқтамастан жеріне қайтып, жиып апарған білімдерін елдеріне егіп отырғанын жазады. Бұны мен қазір әлемді мойындатып жүрген білімді көптеген жастарымыздың шет eлдерде қызмет атқарып, басқаның топырағын тыңайтып, өзгенің өресін өсіріп жүргендіктен айтамын. Ақтап алуға сылтау да табылып жатар. Алайда, жастарымыздың шет елдерде қалып қоюы жақсы үрдіс емес. Оған өзіміз де себепші болатын сияқтымыз. Мәселен, біздің жағдайға кейбір ел басқарған адамдардың «Біз кез-келген шет елдерге барып жұмыс істей алатын мамандарды дайындап жатырмыз» деген сөздері, шет ел көргендердің сол елдердің жақсысы мен жаманын алаламай ерепайсыз мақтаулары, отаншылдық, елшілдік, ұлтшылдық махаббаттарының жетіспеушілігі де дем болды ма екен деп ойлаймын.
Шет елдерге оқуға, білім алуға жіберген жастарымызға үкімет, билік, басшылар тарапынан тапқан біліміңді еліңе, жеріңе арнайсың, елді көркейту, халқыңды бақытқа кенелту үшін халықтың қаражатымен жіберіп жатырмыз деген бір ауыз сөз айтылып, нұсқаулар беріле ме, берілмей ме білмеймін. Алған біліміңді, тапқан пайдаңды қайда болса сонда жұмсай бер дей ме? Олай болса, ұлтына қызмет етпейтін болса не үшін оқытамыз?
Ал ағылшындардың да шет мемлекеттерде қызмет, жұмыс істеп оралатындары да көп екен. Олар тапқан-таянғандарын еліне, Британияға таситындығына сәт сайын көзім жетті. Осы тұрғыдан келгенде ағылшындардың өркениетке, ғылымға ерте қол жеткізуінің негізі себебі ағылшын халқының отаншылдығы, ұлтшылдығы, өзіне деген құрметінің шексіз биіктігі деген байлам жасауға әбден болады екен.

2022 жылдың сәуір айы толығымен мұсылмандық күнтізбе бойынша Рамазан айымен сәйкес келді ғой. Біз Ньюкасл қаласының бірнеше мешітінде болдық. Бірде өзіміз тұрған Саутгосфорт ауданындағы бір бастауыш мектептің ауласының шетінде орналасқан бір қабатты «времянкаға» ұқсас ұзын барактың қасынан өтіп бара жатып ылғи баран нәсілді адамдардың шығып жатқанын көрдік. Қызығушылықпен барып, жөн сұрадық. Мешіт екен. Уақытша. Мешіт ішін тәп-тәуір безендіріп қойыпты. Кілем төселген. Болашақта, жер сатып алып, қаржы көзі оңатына келіп жатса мешіт тұрғызу ойларында бар екен. Көнетоз ұзын ақ көйлек киген орта жастың адамы осы жердің имамы болды. Аты Мурза. Пәкістандық. Келгеніне 18 жыл болыпты. Жұрт жұма намазын, ораза, құрбан айттарда жамағат болып намаз оқитынын айтады. Қалаған уақытымызда келіп, ғибадат жасауға есік әрдайым ашық екенін, пітір-садақа  беріп тұрумызға болатынын жеткізді. Біз садақа беріп едік оны көмекшісі дәптеріне тізімдеп алды.
Фенам – Ньюкасл қаласының мұсылмандар көп тұратын ауданы. Мұндағы «Мадина» мешіті 2004 жылы салыныпты. Мұнарасыз, екі қабат, төңірегіндегі үйлермен тетелес, терезелерінде ғана шығыстық болымсыз өрнегі бар, қызыл кірпіштен соғылған ғимарат. Ішкі, сыртқы сипаты шіркеулермен мүлдем салыстыруға келмейді, қарапайым. Кең молдау залға қарсы бөлмеде қораланып, жүгініп отырған бес-алты баланы Медіреседен діни сабақ алушылар деп топшыладым. Солай да болды.


Жалпы дін атаулы, егер оны саясаттың қол жаулығы етпей дұрыс әділетті жолға пайдаланса, ол қандай да бір ұлттың өзін өзге ұлтқа сіңісіп кетуден арашалап қалатын, қанымен келген, сүйегіне біткен ұлттық кодын, болмыстық иммунитетін сақтап қалу үшін қажетті қорғаныс құралы.
Ислам діні Британиядағы қарқынды дамып, қанатын кең жайып отырған, қатары күн өткен сайын көбейіп, молайып келе жатқан дін екен. Бұл күнде Британияда 1500-ге жуық мешіт бой көтеріп, ислам дініндегі халықтың саны 3 миллионға жуықтағаны соның айғағы.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар