/////

Карима Хайдарбекова, Шымкент қаласының тұрғыны: Заңсыз қамағандардың жазаға тартылуын талап етемін

4258 рет қаралды
1

Шымкенттің тұрғыны, көпбалалы ана Хайдарбекова Карима Шермухамедовна Шымкент қаласының Әл  Фараби ауданы полиция басқармасының жедел уәкілі Е.Бердібеков пен мемлекеттік адвокат Б. Буркуловтың үстінен заңсыз әрекеттері үшін қылмыстық іс қозғалуын талап етіп, Шымкент қаласының прокуратурасына арыз түсірді.

Карима 2022 жылы Қаңтардың 4-інде  шеруге шығып, сол жерден қамауға алынған. Соттың қаулысымен, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берілген. Қаулы шыққанға дейін 5 тәулік уақытша ұстау изоляторында отырған Карима, 2022 жылы Қаңтардың 9-ында  шыққан сот Қаулысымен екі айға тағы қамауға кеткен. Алайда Карима сот қаулысымен, ондағы жазылған айыптаулармен келіспеймін дейді.

«Қазір мен сол кезде мені тергеп, тергеу барысында мені боқтап, балағаттаған, қорқытып мені, телефоның таза болмаса оңдырмаймын деп, тергеп, санкция берген тергеуші Е.К. Бердібековке қатысты қылмыстық іс қозғауын талап етіп жазған болатынмын, ол одан бөлек менің тағы да заңды құқықтарымды бұзды, маған санкциямның көшірмесін бермеді, тергеуге алмады, бірақ өзі жазып толтырған өтірік тергеуіне мен этаппен СИЗО-ға кетіп бара жатқанда маған этапты тоқтатып тұрып, қол қойдыртып алды. ҚР ҚПК ішіндегі 135 бапқа сәйкес маған ешбір туысыма хабар беруге мүмкіндік бермеді, өзі де хабарласып айтпаған. Мен орыс тілін меңгеріп, орысша оқығандықтан қазақша онша түсінбеймін, соны біле тұра тергеуді қазақша жазып толтырған. Ол да заңбұзушылық оның тарапынан, мен оған қазақша онша түсінбеймін деп ескерткем.

Ал, уақытша ұстау изоляторында отырған кезде тағайындалған мемлекеттік адвокат, менің рұқсатымсыз барлық санкция мен қаулыға қол қоя берген, мен ол адвокатты көрген де жоқпын, жағдайымды біліп хабарласқан да емес” дейді Карима.

Кариманың тәрбиелеп отырған алты қызының екеуі мүгедек. Бір қызына қазір ауыр ота жасау керек, сол үшін ауруханада жатқанын айтады. Қаңтардағы шеруге дейін КСК-да еден жуушы болып жұмыс істеген. Екі ай қамаудан шыққан соң қазір жұмыссыз. Өзіне жасалған әділетсіздікті айтып, шағым жазуда. Әзірге құқық қорғау органдары тек қарап жатырмыз, жауабын береміз деген бір бет қағаздар ғана жолдауда. Қаңтар кезінде тергеу жүргізген Е.К. Бердібековты бұрын да танитынын айтты, “қаңтар оқиғасына дейін әлеуметтік желіде Бердібековке тіл тигізгені үшін сот болып, сол кезде айыппұл төлегенмін” дейді Карима.


«Міне ол арызым, криминалдық полиция қызметкерлеріне барып түскен. Алайда дүйсенбі, яғни 2022 жылы Сәуірдің 4-інде мен Ішкі істер департаментіндегі криминалистика бөліміне бардым, өкінішке орай мені криминал бөлімі емес терроризм бөлімі қабылдады, 5 қабаттағы  523 кабинетте. Сөйтіп маған “сен Е.К. Бердібековке жалған айып тағып отырсың, жалған айып таққаның үшін үстінен қылмыстық іс қозғаймыз деп, менен басқа сол тергеудегі болған мән жайларды сұрамастан бірден солай өзіме шабуылдап шықты, мені мүлдем тыңдамады, содан қағаздарымды жиып алып, ол жақтан шығып кеттім, түсіндім іс қозғамайтындықтарын.
Менің кінәм дәлелденбегендіктен қылмыстық істі маған қатысты тоқтатып 400-ші бапқа ауыстыртып, әкімшілік сотқа, шараға ауыстыруын өтініп Прокурорға арыз  жаздым» – дейді Карима.

Хайдарбековаға қатысты шыққан 9 қаңтардағы №5295-22-00-2-3м Қаулыда, «05 қаңтар 2022 жылы 2.00 сағат шамасында 1000-ға жуық анықталмаған, белгісіз тұлғалар Шымкент қаласы аумағында, нақты Шымкент қаласы, Н.Назарбаев даңғылы, №10 мекен жайында орналасқан мемлекеттік мекеме Шымкент қаласы Әкімі әкімшілік ғимаратының және Шымкент қаласы, Н. Назарбаев даңғылы, №12 мекен жайында орналасқан «Көрме» орталығының аумағында заңсыз митинг ұйымдастырып, жаппай тәртіпсіздік орнатқаны анықталған» – деп жазылған. Сонда 4 Қаңтарда  уақытша ұстау изоляторында отырған Кариманың 05 Қаңтардағы оқиғаға қандай қатысы бар деген сұрақ туындайды.
Естеріңізге сала кетейік, елімізде орын алған «Қанды қаңтар» оқиғасынан кейін түрмедегі азаптаулар жайлы, әділетсіз шешімдер жайлы құқыққорғаушылар жаза бастады. Бейбіт шеруге шыққан бейбіт азаматтарды босатуын талап еткен бірнеше шерулер ұйымдастырылды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта азаптаумен байланысты қылмыстарды тергеуге жүйелі тәсілді енгізу маңызды екенін айтты.

“Бүгінде бұл салаға жауапты нақты орган жоқ. Мұндай тәжірибе тәуекелге толы. Сондықтан мен бұл функцияларды прокуратураға жүктеуді ұсынамын”, – деді мемлекет басшысы өз жолдауында.

Жұлдыз Ақтанжанова

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. […] Шымкенттің тұрғыны, көпбалалы ана Хайдарбекова Карима Шермухамедовна Шымкент қаласының Әл  Фараби ауданы полиция басқармасының жедел уәкілі Е.Бердібеков пен мемлекеттік адвокат Б. Буркуловтың үстінен заңсыз әрекеттері үшін қылмыстық іс қозғалуын талап етіп, Шымкент қаласының прокуратурасына арыз түсіргені туралы Minber.kz жазған еді. […]

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар