////

Өскемен: Көп балалы аналардың баспана сапасына көңілі толмайды

4024 рет қаралды

Өткен аптаның соңында бір топ көпбалалы ана Өскемен қаласының әкімдігіне шағымдарын айтып келді. 2021 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан арендалық баспана алған аналардың үйдің сапасына көңілі толмайды екен.

Назгүл Құнапиянова: – Үйдің линолеумдары жел соқса көтеріліп тұрады, есік алдында балалар ойнайтын алаң жоқ, бұл үй көпбалалы аналарға үлестірілген, сондықтан 300 бала ойнайтын алаң салып беруі керек еді.

Арай Сағатбаева: – Қатты жел болған кезде терезеден суық келеді, жақтауларын дұрыс жасамаған. Жертөледе (подвал) үнемі су толып тұрады, жергілікті КСК көмегімен суды арнайы сорып алатын қызметті ақылы түрде жалдап аламыз. Арендалық төлемдерді, КСК, коммуналдық төлемдерді үзбей төлеп тұрамыз. Неге бізге жағдай жасап бермейді? Егер мердігер үйді дұрыс салмаса, неге құрылыс бөлімдері ондай құрылысшыларға жұмыс береді? –деп наразылығын жеткізді.

Айта кетейік, Өскемен қаласы, ЖМК (Жібек маталар комбинаты) ауданында салынған 36 позиция былтыр қолданысқа берілген еді. Мемлекеттік баспана кезегінде тұрған көпбалалы санаттағы аналарға кезек бойынша берілген. Тоғыз этажды нысанға бір жыл көлемінде аналар шағымдарын айтып келеді.

Өскемен қаласы құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Әкімжанов Мерей Серікұлының айтуы бойынша: құрылыс компанияны құрылыс бөлімі таңдамайды. Жарияланған ашық  конкурсқа қатысып ұтып алған компания үй салады. 36 позицияның маңайын абаттандыруға бюджеттен 28 миллион теңге бөлінді. Соның ішінде балалар алаңын салу жоспарланған. Алдымыздағы дүйсенбіде құрылыс компаниясы балалар алаңын салуды бастайды. Ал әр пәтердегі  ақаулықтар бойынша акт жасалып, пәтер тұрғыны құрылыс бөліміне арыздануы керек. Сол кезде ғана құрылыс бөлімі құрылыс компаниясына, ақаулықты жою туралы хат жолдайды. Алайда ондай бюрократияны болдырмау мақсатында, қазірден бастап көпбалалы аналар құрылыс компаниясы директорына тікелей телефон соғып, үйдің жарылған қабырғасын, терезе жақтауларын бітеу, майлау, сылау сияқты жұмыстар бар екенін өздері де хабарласа, мердігер компания бірден келіп, жөндеп береді. Жаңа салынған баспанаға құрылыс компаниясының кепіл мерзімі болады. Осы мерзімде шыққан ақаулықтарды кетіруге олар міндетті.
Аталған нысандарды салған «Алаш құрылыс» ЖШС басшысының орынбасары Нұрлыханов Азамат:

– Бір жыл бойы аналармен тығыз байланыстамыз. Шағымдар болса хабарласады, бірден ақаулықтарды жөндейміз. Жөндеген соң пәтер иелері актіге қол қойып береді. Тіпті түнде келіп жұмыс істеген уақыттарымыз болды. «Алаш құрылыс» компаниясының директоры, жоба бойынша орнатылуы керек жылу насостар көлемі жіңішке болғандықтан, «бұл үйде балалар көп, сондықтан жылуды жақсы тартатын насостар қойып беру керек» – деген шешім қабылдап, өз қаражатынан 600 мың теңгені насостарды сатып алуға жұмсады. Көпбалалы аналар подьездерде тазалық сақтамайды, подьезд қабырғалары тесілген, сурет салып, шимайлап тастаған. Басында біз жөндеп беріп жүрдік. Қазір тек шағымдар бойынша ғана, нақты құрылыс жүргізілген кездегі ақаулықтарды жөндеп береміз. Жаңа салынған баспана жүз пайыз сапалы болады деп айту қиын. Кез келген құрылыс нысаны эксплуатацияға беріліп, пайдалана бастаған кезде ғана ақаулықтар шыға бастайды. Құрылыс тәжірибесінде бұл қалыпты жағдай. Дәл 36 позиция бойынша күрделі ақаулық, апатты жағдай жоқ.

Көпбалалы аналар Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың атына балалар алаңына бөлінген қаражат туралы мәлімет беруін сұрап арыз жазып, кеңсеге тастап кетті.

Жұлдыз Ақтанжанова, 

ШҚО, Өскемен қаласы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар