///

Өсек теру де пропаганданың бір түрі. Ал біз ол жағынан алдымызға жан салмайтын секілдіміз

1669 рет қаралды
Close-up Of A Woman Reading News On Smart Phone

3-мамыр Бүкіләлемдік баспасөз бостандығы күні. Шекарасыз репортерлер (Reporters without borders) ұйымының 2022 жылға негізделген баспасөз бостандығы индексін шолып шықтым. Қазақстан 122 орынға тұрақтапты. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда әжептәуір ілгерлеу бар. Дегенмен, ұйым бұл ілгерлеуді неге сүйеніп айтып отыр екен, назар аударып көрейік.

Медиаға қатысты жалпы шолуында Қазақ режимінің үгіт-насихат құралына айналғанын айта отырып, үш ақпаратты ғана тәуелсіз басылым ретінде көрсетеді. Олар: Zvlast.kz, Уральская неделя және KazTAGақпарат агенттігі. Дегенмен, кәсіби журналистер YouTube, Telegram және Instagram секілді әлеуметтік желілерде балама жобалар жасап, тәуелсіз ақпараттың дамуына үлес қосып келеді дейді олар. Мысал ретінде Protenge, За нами уже выехали, Гиперборей жобаларын атайды.

 Саяси жағдайды бағамдай отырып, үкіметтің ақпарат құралдарын бақылауда ұстайтынын, билік өкілдерінің тәуелсіз ақпараттың үнін тұншықтыру үшін кез келген әдісті қолданатындығын жазады. Мәселен, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезінде журналистерді қамау, бопсалау, телекоммуникация құралдарын бұғаттау, интернетті өшіріп тастау секілді шаралар қолданылған. Ақпаратқа қол жеткізу шектеулі, журналистердің үкімет өкілдеріне жолдаған сауалдары цензураға ұшырайды. Үкімет жекеменшік ақпарат құралдарына билік пропагандасын тарату үшін ақы төлейді, мемлекет меншігіндегі және мемлекет бақылауындағы медиа басшылары үнемі бақылауда болады. Ақпарат министрлігі медианы реттеу агенттігі ретінде жұмыс істейді.

Ал сол салық төлеушілердің ақшасына ақпарат таратып отырған қазақтілді медианың басым көпшілігі көр жерді, өсек пен төсектің әңгімесін теріп таратумен күн көріп кетті. Күні кеше әнші Мақпал әнші мәлімдеме жасады деп бірнеше ақпарат құралы жерден жеті қоян тапқандай жарты әлемге жар салды. Басында не боп қалғанын түсінбей қалдық. Бақсақ бақа екен дегендей, мүлдем дәлелденбеген, рас-өтірігі белгісіз бір видеоны бір-бірімен жарысып таратқан. Ешқандай сайт ақпаратқа верификация жасап, дәлелдеуді міндетім деп таппаған. Қарасаңыз, осыны таратып отырған сайт басшыларының барлығы журфактың түлектері. Сонда оқу орындарында ақпаратты растау, оның шын-өтірігіне көз жеткізу туралы айтпай ма? Ақпаратты растау үшін көп дүниенің қажеті де жоқ. Сол әлеуметтік желіде таратылған мәлімдеме рас па, жоқ па деп, әншінің өзіне немесе ержетіп, кәмелетке толғандар санатына қосылған Мерейге хабарласа салуы керек еді. Бұл жерде қандай журналистік этика бұзылды?

  1. Дәлелденбеген ақпарат таратылды
  2. Отбасылық құпияға қол сұғылды
  3. Қоғамдық маңызы шамалы өсек таратылды

Тек журналистік этика ғана бұзылған жоқ, сонымен қатар «Жалған ақпарат тарату» бабымен заңды өрескел бұзу да орын алды.

Ақпараттың мейлінше жеңіл контентке үйір болуы, оқырманды өсекпен алдау – бұл да пропаганданың бір түрі. Елде болып жатқан маңызды оқиғалардан көңілді басқа жаққа бұру үшін, жеңіл желпі дүниемен алдарқатып, маңызды оқиғаларды соның тасасында қалдыру пропаганда моделін жасаушылардың ойлап тапқан амал айласы. Өкініштісі сол қазіргі оқырманға да осындай арзан дүние қажет. Елдегі қаны сорғалаған шындықты айтар кезде үнсіз қалған басылымдар, атойлап шаршы әлемге жар салып, сүйіншілеп жатыр.

«Платон менің досым, бірақ ақиқат қымбат» дегендей, қазақ журналистикасында жүрген әрбір әріптесіміз біздің досымыз, алайда медиа этиканың ауылын айналып өтетіні қынжылтады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі