Алдын ала есептеу бойынша Қазақстан халқының 68,44%-і референдумға қатысты. Бұл туралы орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман мәлімдеді.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, дауыс берушілер саны жағынан Түркістан облысы алда тұр 80,66%, ең азы Алматыда 33,3%. Алдын ала мәліметке сәйкес 11 695 439 азамат сайлаушы ретінде тіркелген. 8 030 739 бюллетень қолға берілген.
Бұдан бұрын, Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров «халықтың жартысынан астамы» дауыс берген жағдайда Референдум өтті деп есептелетінін» айтқан болатын.
Сондай-ақ, Tengrinews.kz ExitPool-дың деректерін жария етті. Оған сәйкес, сайлаушылардың 67,5%-і дауыс берген. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді 76,7% халық жақтаса, 23,3% қарсы дауыс берді деген болжам жасалыпты.
Сондай-ақ, күні бойы әлеуметтік желілерде сайлау учаскелеріндегі жағдайды Тәуелсіз бақылаушылар хабарлап отырған болатын.
Солардың бірі журналист Мият Кәшібай, Алматы қаласы, Алатау ауданы, «Шаңырақ» ықшамаударындағы №33 сайлау учаскесінде бақылаушы болды. Оның Minber.kz порталының тілшісіне берген ақпаратына сәйкес, учаскеде сайлаушы ретінде 2806 адам тіркелген. Солардың 649-ы келіп дауыс берген. Бұл учаскедегі сайлаушылардың 23,1% құрайды екен. Мият Кәшібай дауыс беру барысында айтарлықтай заң бұзушылық болмағанын айтады. Дегенмен, тәуелсіз бақылаушының пікірінше дауыс беруге келгендердің басым бөлігі – шамамен 80%-і «жұмысқа есеп беру керек» деп, суретке түсіруге өтініш айтқан.
Әсіресе Facebook желісінде қолданушылар «есеп беру үшін» референдумда дауыс берушілердің көп екенін айтып, бұл тақырып күні бойы қызу талқыланған еді. Тәуелсіз бақылаушының бұл сөздері бұл сайлауда да атқарушы билік тарапынан сайлаушылардың таңдауына жасырын ықпал ету тетіктері қолданылды ма, деген күдікке жетелейді.
Өйткені, бюллетенде «иә» және «жоқ» деген екі жауаптың бірін таңдау құқы берілген Референдумда дауыс беруге қатыспау да – қалыс қалу ретінде таңдаудың бір түрі саналмай ма?
Журналист Күлтегін Аспанұлы да бақылаушы болып, Алматы қаласындағы №26 мектепте орналасқан №20 сайлау учаскесінде дауыс беру барысын қадағалаған. Оның дерегінше 2467 адам тіркелген учаскеге келіп дауыс бергендер саны 608 адам екен, яғни 24,6%-ы келген.
Алматы қаласы бойынша бақылаушы болған Марат Қуанышев, Күлтегін Аспанұлы, Сәкен Жүсіпбековтің Facebook парақшасына жариялаған хаттамаларындағы деректерге сүйенсек, дауыс берушілердің басым көпшілігі Конституцияға енгізілетін өзгерістерді жақтап дауыс беріпті.
Референдумның қорытындысы ресми түрде 6 маусым күні шығарылады.
Парақшамызға жазылыңыз