///

Ұлытау облысының перспективалары: Жаңа облыс Жезқазған өңіріне қан жүгірте ме?

4764 рет қаралды

Ел арасындағы көп әңгімелердің бірі жаңадан үш облыстың құрылуы. Бұл өңірлер кезінде жеке-жеке облыс болып, оптимизацияны желеу етіп таратылған еді. Жаңа әкімшілік шешім Жетісу, Абай және Ұлытау өңірлерінің тамырына қан жүгіртіп, бұған дейін кетеуі кеткен шаруашылықтардың қайта түлеуіне мүмкіндік бере ме? Осы тұрғыдан киелі мекен Ұлытаудың перспективаларын санамалап көрген едік. Кеше ғана бүкілхалықтық құрылтай өткен шағын облыстың болашағын не күтіп тұр?

Ұлытау өзі жеке облыс ретінде шаңырақ құрардан бұрын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Ұлытау облысында болып, Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысының қазіргі ахуалы, даму перспективаларымен танысты.

Жезқазған қаласы – Қазақстанның түсті металлургиясының ірі орталығы. «Қара Кеңгір» өзенінің алабында орналасқан Кеңгір жұмысшы поселкесі 1939 жылы  құрылған. 1941 жылы Үлкен Жезқазған, 1954 жылы 20 желтоқсанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «қала», 1973 жылы 20 наурызда «облыс»мәртебесіне ие болған.

1997 жылы облыс таратылып, Жезқазған Қарағанды облысының құрамына енді. Ал қазір Қазақстанның картасында Ұлытау облысы ресми түрде пайда болды.

«Жүргізіліп жатқан қайта құрулар бойынша тиісті экономикалық есептеулер жүргізілді. Схемалық Карта жобалары әзірленді. Шешім тексерілген. Аймақтың бөлінуі барлық жағынан қарастырылған. Тұрғындардың пікірі ескерілді”, – деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Жаңа облыстың құрамына үш қала – Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал және екі аудан – Ұлытау және Жаңаарқа кіреді. Жезқазған – аймақтың әкімшілік орталығына айналды. Жаңа облыстың халқы 220 мыңнан асады.

Облыс әкімінің айтуынша, өңірде шешуді талап ететін бірқатар проблемалар бар. Атап айтқанда, экологиялық жағдайдың нашарлауы, жол мәселесі, қала экономикасының әлсіз әртараптандырылуы, әлеуметтік саладағы проблемалар. Сонымен қатар, өңір әкімі Президентке әлеуметтік саладағы міндеттерді шешу үшін мемлекеттік университеттің, қосымша білім беру орталығының, жаңа сапалы мектептердің, дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, сондай-ақ филармония залының құрылысы маңызды екенін хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші кезекте жергілікті халықтың өмір сүру сапасын жақсарту қажеттігін айтты. Ол Үкімет пен облыс әкімдігіне жол саласын, экология және білім беру салаларын дамыту бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар Президент тапсырмасы бойынша 2025 жылы Үйтас-Айдос суағарының құрылысы аяқталады. 2023 жылдан бастап Есқұла су қоймасынан Жезқазғанға су беру басталады.

“Қала барлық жағынан перспективалы болуы керек. Алда көп жұмыс күтіп тұр. Облыс та, Жезқазған да еліміздің ең тартымды өңірлеріне айналатынына сенімдімін”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ Жезқазғанда мемлекеттік органдарды орналастыру жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Жоспарға сәйкес, облыс әкімдігі бұрынғы қала әкімдігінің ғимаратына көшеді, ал алдағы үш жылда жаңа ғимаратқа көшеді. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысына шамамен 50 млрд теңге, әкімшілік ғимараттарға 13,7 млрд теңге және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 31 млрд теңге қажет. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, аумақтық бөлініс екі облыстың бюджетіне кері әсерін тигізбейді.

“Өңірлерді бөлген кезде біз Қарағанды облысы үшін де, Ұлытау облысы үшін де минустарды көрмейміз. Бюджет республикалық бюджеттен түсетін салықтар мен трансферттерге барабар әділ бөлінеді. Жоғары тұрған бюджеттен Қарағанды облысына салықтар мен трансферттер аумақтық түрде Ұлытау облысы құрылатын өңірлерге түседі. Қалғанының бәрі-өңірлердің табысы. Ірі компаниялардан түсетін түсімдерге келетін болсақ, қазіргі уақытта “Қазақмыс” корпорациясы өз кәсіпорындарын Жезқазған қаласына қайта тіркеуді жүргізеді. Жаңа облыс пен облыс орталығының одан әрі қарқынды дамуы үшін барлық алғышарттар бар екеніне сенімдімін. Екі облыс та экономика мен халық құрылымында ұқсас болады. Екеуі де айқын индустриялық бағытта, жүйе құраушы кәсіпорындардың қызметіне тәуелді”, – деді Қарағанды өңірінің басшысы.

“Қазақмыс компаниясы” ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай Президентке кәсіпорынның және жалпы өңірдің даму перспективалары туралы баяндаманы ұсынды. Оның айтуынша, компания Жезқазған және Сәтбаев қалаларының инфрақұрылымын дамытуға өз үлесін қосуға дайын. “Қазақмыс” корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік аясында биыл 25,4 млрд теңге бағыттайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.

“Әрине, әлеуметтік мәселелер өз шешімін талап етеді. Мүмкін 25,4 млрд теңге ерекше жағдайда жеткіліксіз болар. Егер мүмкіндік болса құрылысты қаржыландыруды ұлғайту жосппарланып, әлеуметтік нысандар құрылысына атсалысу керек. Спорт ғимараттары қажет. Тұрғындар инфрақұрылым тиісті түрде жақсарады деп үміттенеді. Әрине, мәдениет нысандары да ерекше назар аударуды талап етеді”, – деді Мемлекет басшысы.

«Әрине одан басқа да жобалар бар. Қазір халық санының өскеніне байланысты тұрғын үй мәселесін шешу керек болады. Қаражалда жол мәселесі, Жаңаарқада жаңа кәсіптер ашу, Ұлытаудағы су, электр проблемалары – қазіргі таңда ең алғашқы кезекте тұр. Қосымша қаражат сұраймыз, әрине. Өйткені бұл бір жылда ғана шешілетін мәселелер емес, алдағы 2-3 жылда істелетін жұмыс. Сондықтан біз оның бәрін жоспарлап, дәлелдеп, негіздейміз. Демеушілік қолдау да бар. «Қазақмыс», «Қазцинк, «Арселор Миттал» деген мекемелер бар. Олармен де жұмыс істейміз», – деді Ұлытау облысының жаңа әкімі Берік Әбдіғали.

Болашаққа жоспарларға келетін болсақ, Жезқазғанда Президенттің тапсырмасы бойынша үш ірі жоба іске асырылатын болады. Соның бірі – ұзындығы 43 км Үйтас-Айдос суағарын қайта жаңарту.”Ұлытаудың көліктік қолжетімділігіне қол жеткізу үшін ұзындығы 208 км Қызылорда – Жезқазған жолының және Жезқазған – Қарағанды жолының 513 км учаскесін қайта жаңарту жоспарланған. Қызылорда-Жезқазған бағыты бойынша бүгінгі таңда мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жезқазған-Қарағанды жолында ЖСҚ әзірленуде”, – деді Жеңіс Қасымбек.

Бұдан басқа, компания Денсаулық сақтау, білім беру, спорт сияқты салаларға ерекше назар аударатын болады. Мысалы, 2023 жылы Жезқазғанда балалар спорт академиясын салу жоспарлануда, оның ішінде 200 орынға есептелген интернат құрылысы қарастырылған.Қасым-Жомарт Тоқаев спорт ғимараттарын салу кезінде көпфункционалды кешендерге басымдық беру керектігіне назар аударды. Сондай-ақ, компания жаңа стандарттарға сәйкес келетін тұрғын үй салуды жоспарлап отыр.

Жергілікті халық әкімдік жасақталғаннан кейін көптеген проблемалар шешіледі деп сенеді.

Перизат Дәлкенқызы, 

Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі