/////

Әлемнің 34 елін аралаған Ерсұлтан Қазақстан туристік мүмкіндігін пайдалана алмай отыр деген ойда

9071 рет қаралды

Ерсұлтанмен таныстығымыз Маңғыстаудағы Бозжырадан бастау алды. Былтыр қыркүйек айында менің екі ай бұрын Бозжыраға жоспарлаған саяхатымды туристік фирма (атын атамауды жөн көрдім) дәл сол күні болмайды деп хабарлады.

Егер, сіз осы уақытқа дейін Бозжыраға баруды армандасаңыз, ал енді барамын дегенде болмай қалса қандай күйде болар едіңіз? Барлық мүмкін деген жолдарды қарастыра бастадым, демалыс күндері де өтіп кетті. Бірақ, дәл дүйсенбі күні «Mangystau Safari» туристік компаниясынан таңға жақын хабар келді. Оларға түн ішінде «Ақтауға ертең сағат 11-лер шамасында ұшып келемін, Бозжыраға апарыңызшы» деген хабарлама келген.

Бұл Ерсұлтан екен. Бозжыра сапары ойлағаннан да жақсы өтті. Ал, кейін мен Ерсұлтанның 34 елді аралаған саяхатшы екенін білдім. Биыл Ерсұлтан Непалға барып келді, жақында сұхбат алудың да орайы келді.

Матаев Ерсұлтан Ерболұлы, 30 жаста, Халықаралық әуе компаниясында туризм саласының маманы, соло саяхатшы:

АЗИЯ ЕЛДЕРІНДЕ САЯХАТТАҒАН ӨТЕ АРЗАНҒА ТҮСЕДІ

– Ерсұлтан, ең алдымен өзің туралы айтып өтсең және сен үшін саяхат деген не, сені саяхаттауға не ынталандырады?

– Мен Павлодар қаласында қарапайым отбасында дүниеге келдім. Павлодар мемлекеттік университетінде туризм мамандығы бойынша оқыдым. Оқуымды аяқтаған соң бірден халықаралық әуе компаниясына жұмысқа орналастым. Қазіргі күні 8 жылдай уақыт болды, әлі сол компанияда сату, маркетинг және жерде қызмет көрсету маманы ретінде қызмет етемін. Менің қызметім жалпы ұшақтармен байланысты. Мен әркез қызығушылық танытып жүремін, маған жаңа елдерді, жаңа мәдениетті көріп, танып, білген ұнайды. Сол елдердегі жергілікті халықпен, олардың өмірімен танысқанды ұнатамын. Мен үшін саяхат рахаттанып жағажайда жату емес. Әдетте саяхатта адамдардың қалай өмір сүретінін біліп, түсінгім келеді. Жергілікті халықтың арасына сіңіскен кезде көп нәрсені үйренесің, білесің, өз өмірлік тәжірибеңді кеңейтесің. Бұл мен үшін өте қызық. Көбінесе мен жалғыз не достарыммен саяхаттауға тырысамын. Достарыммен бірге шығу көп жағдайда үйлесе бермейді. Ал, жалғыз саяхаттағанда жергілікті халықпен араласу, олардың өмір салтын білу үшін мүмкіндік көбірек болады. Сонымен қатар, тек адамдар емес, табиғаттың өзі де мен үшін қызық. Көбірек зерттеп, зерделеп, білгім келеді. Амазонияға барғаным өзіме ұмытылмастай тәжірибе болды. Тұмса табиғатқа жақындадым, джунглиде түнедім, ондағы барлық тірі тіршілік иесін көріп, дауыстарын тыңдадым.

– Сенің саяхат тізіміңдегі ең бірінші ел және ол қалай есте қалды?

– Ең бірінші мен ұшып барған ел – АҚШ. Мен АҚШ-қа Work&Travel бағдарламасымен бардым. Ол кезде 20 жаста едім және ешқашан шетелде болмағанмын. Мен өмір бойы саяхаттауды армандайтынмын. Сол кезге дейін кейбір жағдайларға байланысты саяхаттай алмасам да, саяхаттап жүрген өзім құралпы жастарды  көргенде «саяхаттау керек, шығу керек, бару керек» деп армандап жүретінмін. Сөйтіп осы бағдарламаға қаржы жинап, АҚШ-қа бардым. Өзіңнің үйренген ортаңда өмір сүріп жүріп, АҚШ-тан бірақ шығу әрине мен үшін бұл толықтай төңкеріс болды десем болады. Америка – мүлдем бөлек әлем, олардың өмірі мүлдем басқа қағидалардан тұрады, бәрі өзгеше. Салмақ, бой, өлшем деген түсініктердің барлығы басқаша және менталитеті мүлдем бөлек ел. Мен сол уақытқа дейін тілді жақсы білемін деп ойлайтынмын, олай болмай шықты. Әрине мен жұмыс жасадым. Алайда, менің басымда бәрі төңкеріліп түсті. Мен адамдар саяхаттайтынын, түрлі мүмкіндіктер бар екенін түсіндім. Мынадай жағдай болды, бір күні жігіттермен демалысымыз бір күнге келіп калды. Сол күні Ресейден келген жігіт ертең көлікті жалға алып, Калифорнияны аралауға барамыз деді. Ок, барайық деп келістік, бірақ аса бір мән бермедік. Ал, ол болса ертеңгі күні таңмен келіп, мен көлікті алдым, кеттік деп тұр. Ол уақытта интернет болмады, яғни интернет болса да, телефонымызда болмады. Біздің қолымызда «Открой для себя Америку» кітапшасы болды. «Golden Gate Bridge» көпірі арқылы шықтық, кітапшаны ашып Йосемити паркінің атауы мен суретін көрдік. Навигаторға салдық та, паркке бардық. Сол кездегі сезімімді айтып жеткізе алмаймын. Мен үшін тап осылай, жеп-жеңіл, аяқ астынан жиналып, осындай әдемі жерге жете алатыным, арманымның орындалғаны деп есептедім. Біз өте ұзақ жол жүрдік және бұл жерде кереметтей әдемі табиғатты көрдік.

– Саяхат кезіндегі ең үрейлі, қызықты, стресске түскен немесе күтпеген сәттер туралы айтсаң.

– Мен үшін ең үрейлі болған сәт, Аргентинада менің құрбымның төлқұжатын ұрлап кеткені. Өте жағымсыз сәттердің бірі болды. Мен 3 сағаттан кейін ұшуым керек, ал құрбым тағы бір аптаға қалатын болды. Мен оған қалай көмектесетінімді білмедім, құрбым төлқұжатсыз, картасыз, ақшасыз қалды. Мен оған өз картамды қалдырдым. Ол елшілікпен байланысты. Саяхатта мұндай жағдайлар болып тұрады.

Оңтүстік Африкада Кейптаунда болған кезде мені де бірнеше рет тонағысы келген жағдайлар болды. Маған жақсы жүгіретінім көмектестті және хостел де жақын жерде еді. Сөйтіп, мен сау, әрі қауіпсіз хостелге жетіп алдым.

Қызықты сәттер өте көп болды. Олардың көбі бір-біріне ұқсас десем болады. Қайда барсаң да түрлі адамдармен танысасың. Мысалы, мен жағажайда отырып, түрлі елдерден келген 20 жігітпен таныстым, олардың барлығы жалғыз келген туристер еді. Кейін біз бәріміз бірге қосылып, бір апта бойы аралдарға барып, бірге саяхаттап, уақытты өте қызықты өткіздік. АҚШ-та тағы да жігіттермен танысып, екі аптадан соң Мексикаға бірге жол тарттық. Осылайша үш апта бойы Мексиканың басқа штаттарына да саяхаттадық. Бұл саяхат та өте қызықты өтті.

– Сенің ең бюджеті аз болған және ең қымбатқа шыққан саяхатың?

Мен үнемді саяхаттауға тырысамын. Саяхаттаған кезде көбінесе хостелдерге тоқтаймын. Хостелдің бағасы арзандығынан емес, кейде хостелдердің бағасы бір отельдің бағасынан жоғары болатын жағдайлар да болады. Себебі, хостелдерге backpacker-лер келеді, олар бір ғана рюкзакпен жүретін саяхатшылар. Олардың барлығы дерлік жалғыз жүреді. Сондықтан бұл адамдармен танысып, уақытты бірге өткізіп, алдағы уақытқа жоспарлар құру үшін таптырмайтын мүмкіндік. Менің шығыны ең аз болған саяхатым Филиппиныға болған шығар. Филиппиныға шамамен 2017, 2018 жылдары барған болармын. Мен онда 12 күн болып, 600-700 доллар ғана жұмсадым. Өйткені онда бәрі өте арзан. Біз түгел вилланы, яғни үлкен үйді жалға алдық және ол екі адамға күніне 20 доллардан шықты. Онда бөлек жағажай болды, адамнан ешкім болмады. Балиға бару да өте арзанға шықты. Қонақүй күніне 10-15 доллар болды, көлікті жалға алу күніне 20 долларға шықты. Ең қымбатқа шыққан саяхат, бұл – АҚШ. АҚШ-та мен көп болдым және мен шығыныма қарап әркез «ой аллай, осы қаржыға мен 5 рет Азияға барып қайтатын едім» деп ойлаймын. Неге? Өйткені сол жолы мен тағы Калифорнияға бардым. Өте көп саяхаттадым, өте көп шығындандым, себебі мен Бейонстың концертіне барған едім. Концертке билеттің өзі шамамен 300 доллар тұрды-ау деймін. 1500-2000 долларға жақын қаржы жұмсадым.

– Отбасың сенің осы қызығушылығыңа қалай қарайды? Пандемия саяхат жасауыңа қалай әсер етті?

– Менің отбасым өте жақсы қарайды, мен үшін әрқашан қуанып отырады. Менің саяхаттай алатыным, әлемді аралап көре алатын мүмкіндігім болғанына олар да қуанады. Мені өте жақсы қолдайды. Бұрын мен айына бір рет немесе екі айда бір рет саяхаттауға тырысатынмын. 2018 жылы мен бір жылда 15 елге барған сияқтымын. Бұл мен үшін рекорд болды. 2020 жылы пандемияға дейін Шри-Ланка, Трабзонға барып келіп, АҚШ-қа кетіп қалдым. 2021 жылы Мексика, Түркия, Колумбияда болдым. Ал 2022 жылы әзірге тек Непалда ғана болдым. Пандемия өз әсерін тигізді, шектеулер бұрынғыдай еркін жоспарлауға да шектеу қойды. Сонымен қатар, жұмыстағы жүктемеме де байланысты.

– Саяхатқа жиналған кезде келесі елді қалай таңдап, қалай анықтайсың?

Мен саяхатты Еуропаға ұшып барып, 30 елдің үстінен өтіп, мен 30 елде болдым деп есептейтіндер қатарынан емеспін. Менің тізімімдегі барлық елдер түрлі типте. Егер мен Латын Америкасында болсам, келесі ел Азияда болуы қажет. Егер мен Азияда болсам, онда келесі ел Африкада болуы мүмкін. Яғни, мен саяхаттарымның әртүрлі болуын қалаймын. Өйткені, сен әлемнің бір бұрышына барсаң, алған әсерің шамамен бірдей болады, мен үшін ол тым әсерлі емес. Ал континенттер өзгерген кезде өте қызықты. Сонымен қатар мен пікірлерді оқимын, Қазақстаннан тым алыс жерлерді көргім келеді. Яғни, Қазақстаннан қаншалықты алыс болса, соншалықты қызықты, әсерлі болады. Мен табиғатты өте жақсы көремін, жабайы табиғи ортаға енгім келеді, өзімді қаладан көрі, табиғаттың адамымын деп есептеймін.

– Наурыз айында Непалда болдың, Непал сапары туралы айтып берсең

– Непал туралы айтатын болсам. Мен Непалдағы Аннапурна базалық лагеріне көтерілдім. Тек көтерілудің өзі, көтерілу және кері түсу 8-9 күнге созылды. Күніне шамамен 15-20 шақырым жүріп өтесің, тауға көтерілесің, төмен түсесің. Өзіммен бірге 12 кг рюкзакты арқалап жүрдім. Тауда өте салқын, жылуы жоқ гест-хаустарда (қонақ күтетін үйлер) түнейсің, 3 көрпенің астында ұйықтайсың. Бірақ, ең маңыздысы бұл емес. Ең маңыздысы сен жүріп келе жатып өзіңнің күш жігеріңді сынайсың, осы сапарды игергеніңе риза боласың, айналадағы табиғатқа тамсанасың. Шындығына келсек жүру қиын, өте ұзақ жол, жоғарыға көтерілу, төменге түсу, физикалық түрде қиындау болды, оны мойындау керек. Бірақ, осының өзі қуаттандырады. Табиғат, таулар өте әдемі. Сапардың басында таулар өте алыста сияқты көрінеді, алайда жүрген сайын олар жақындайды, биіктей түседі, одан сайын сұлулана береді. Сонымен  қатар олар үрей де тудырады, өйткені тауда түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Мен үшін бұл өзімді жеңген сәт болды. Біріншіден, мен осы жолды игере аламын ба деген күмән болды. Себебі күніне 155-200 қабатқа көтерілесің, түсесің.

Екінші жағынан, табиғаттың тылсым күші бар, табиғаттан қуат аласың. Жол бойына түрлі адамдармен танысу, олармен араласу өте қызықты болды. Адамдармен рухани тақырыпқа, қызығушылықтарға байланысты, қоршаған ортаға және адамзатқа көмектесуге қатысты белсенділік туралы түрлі тақырыптарға сөйлестік. Айналадағы табиғатқа қарап тамсанасың, әлемдегі бар сұлулықты сыйлаған жаратқанның мүмкіндігіне таңдай қағасың. Бірақ, тауда қауіпсіздік туралы естен шығармау керек. Өлім құшқан адамдардың мүрдесін, ауру адамдарды тасымалдаған тікұшақтарды көрдім. Мен де тау ауруына тап болдым. Өте қатты басым ауырып, жүрегім айнып, құсу және т.б. сияқты бастан кештім. Непал сапарында маңыздысы жолсерікке қаржыны аямау керек. Таумен ойнауға болмайды, кез келген сәтте адасып кетуің мүмкін. Әрине, тамақтану, жүріп-тұру сияқты шығындар тауда неғұрлым жоғарылаған сайын соғұрлым қымбаттай береді. Өйткені тамақ, ас-су және басқа да қажеттіліктердің барлығы тікұшақпен жеткізіледі не адамдар бірнеше күн арқалап апарады.

– Орташа статистикалық қазақстандық қалай арзан саяхаттаса болады?

– Ең алдымен билеттерді алдын ала алып қою керек. Саяхатты үнемі алдын ала жоспарлаған жөн. Өйткені, билеттер саяхат бюджетінің ең үлкен бөлігін құрайды. Кейде көрші елдерден ұшу арзан болуы мүмкін. Өзім хостелдерге тоқтауға кеңес беремін. Өйткені, тұру құны көптеген елдерде 5-10 доллар шегінде. Тамақ ішуді жергілікті халық тамақтанатын орындарда жоспарлаған жөн. Менің ойымша жергілікті халық қымбат жерлерден тамақтанбайды. Өзім саяхатқа жоспар құрған кезде «Орёл и решка» бағдарламасын (туризм жайлы ресейлік танымал бағдарлама) қараймын, интернеттен пікірлерді оқимын, содан кейін ғана шамамен жоспар құрамын.

– Кез-келген саяхатты қалай дұрыс жоспарласа болады?

– Біріншіден, ол елде не көргің келетінін түсіну керек. Нені көргім келетінін түсіну үшін өз басым You Tube-тен көптеген видеолар қарап шығамын. Басқа адамдар не қарағанын білемін және олардың пікірлерін оқимын. Егер сол жердегі адамдардан сұрау мүмкіндігі болса тіпті жақсы. Мен бұрын тәжірибелі саяхатшы болып үлгермеген кезде, бір қалаға келіп, сол қалаға тоқтап, ешқайда шықпайтынмын. Қазір олай жасамаймын. Бір елге келген кезде көп нәрсені көріп, басқа қалаларына барып, қалай бару жолдарын іздеймін. Сондықтан, ең алдымен баратын елді зерттеп алу керек. Барғың келетін қалалардың тізімін, ол қалалардағы көретін орындардың тізімін жасап шығу керек. Бүкіл елде барлығы өзің жоспарлағандай бола бермейді. Бірақ, өзіңнің жоспарың болса, сол бойынша жүресің. Ұшақ, пойыз, автобус билеттерін, қай қалаға қалай жетесің, барлық логистиканы алдын ала ойластыру қажет. Сосын бюджетті жоспарлаймын. Мысалы 10 күндік саяхат. 10 күн ішінде 5 доллардан 50-100 доллар хостелге шығындайтынымды білемін. Тағы 100 доллар жүріп-тұруыма шығындалады. Ішіп-жеуге шығын есептеледі. Сонымен қатар міндетті жасалатын дүниелер, киттерді көру, тауға көтерілу, белгілі бір орындарға кіру шығындарын есепке алу қажет.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІ  ӨТЕ ЗОР, БІРАҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖОҚ

– Қазақстанның барлық туристік нысандарында болдың ба?

– Негізгі туристік нысандарда болдым. 2013 жылы Көлсай, Қайыңды көлдеріне, Шарын шатқалына барған кезде туристер мүлдем болмады деуге болады, болса да өте аз болды. Автобуспен баратын турлар болған жоқ. Біз Павлодардан пойызбен Алматыға келіп, вокзалдан бір жүргізушіні тауып алдық. Ол бізді екі күн бойы осы жерлерге 25 мың теңгеге апарды. Бұл ол кезде өте күлкілі баға болатын. Бұл жабайы туризм десек те, маған өте ұнаған саяхат болды. Өскеменде болдым, Өскемен де өте әдемі. Қазақстан туризм бойынша әлемде ең бірінші ел бола алады. Еліміздің туризм саласындағы әлеуеті, мүмкіндіктері өте зор, әдемі жерлер өте көп. Кейбір елдермен салыстыру да қиын. Табиғат өте әдемі, бірақ инфрақұрылым жоқ. Қарапайым жолда жүргенде тамақтанатын, су ішетін орындар жоқ. Маған АҚШ-та ұнайтыны тауға көтерілетін болсаң, жолда тап-таза әжетханалар мен су ішетін субұрқақтар бар. Өзіңмен бірге бес бөтелке су тасудың қажеті жоқ. Ал бізде мұның бәрі әлі ақсап тұр. Тағы бір үлкен мәселе – адамдар қоқыс қалдырады.

– Қазақстанды туристер үшін қалай тартымды етуге болады, қалай ойлайсың?

– Қазақстандағы ең басты мәселе – жолдар. Өйткені, бірінші бұл жерлерге дейін жету керек, қолайлы жетсек жақсы болар  еді. Қазір инфрақұрылым бұрынғыға қарағанда дамып жатыр. Екіншіден, қызмет көрсету – сервисті жолға қою керек. Жергілікті адамдар туристерді қарсы алуды, оларды тартуды білгені дұрыс. Тілектестік қарым-қатынас жасай білу керек. Жалпы, бұл біздің адамдарда бар, бірақ бұдан да жақсы болғанын қалар едім. Тамақтану, су ішу, әжетханалар сияқты туристің қарапайым қажеттіліктерін өтейтін дүниелерді дамыту қажет. Әжетханалар біздің елдегі бөлек тақырып десем болады. Әжетханалар жоқ, болса да оған кіру мүмкін емес.

Туризмді мемлекет дамытуы керек пе әлде жеке бизнес пе? Егер мемлекет болса, туризм саласына бөлінетін миллиондаған қаржыға қарамастан, еліміздегі туристік нысандардағы инфрақұрылым мен қызмет көрсету деңгейі жоғарыламай отыр. Мемлекет нені дұрыс жасамай отыр? Егер жеке бизнес өкілдері дамытуы керек болса, олардың рөлі қандай?

– Мен мемлекет пен бизнес бірігіп жұмыс жасауы керек дер едім. Тағы да осыған қосымша сапаны бақылау жолға қойылуы керек. Егер мемлекет бір не басқа туризм нысанын дамытуға, жақсартуға көмектесетін болса, сәйкесінше сапаны бақылауы қажет. Мысалы, ол нысандарға құпия сатып алушыларды жіберіп, сервисті бағаласа. Сол Бурабайға барсаң да, кейде туристерге деген қарым-қатынас аса жақсы болмай қалады. Ал, АҚШ не басқа елді алатын болсақ, ондағы адамдар өте мейірімді және олар сенің осы жерге тағы да келуің үшін қолынан келгенінің бәрін жасайды. Ал бізде бәсекелестік төмен болған болған соң осындай қарым-қатынас қалыптаса ма деп ойлаймын. Менің ойымша сапаны бақылау жоқ сияқты, кейде қалай-солай жасай салғандай көрінеді. Бұл менің жеке пікірім.

– Еліміздегі туризм саласын дамыту, жетілдіру үшін мемлекет пен бизнеске қандай ұсыныс жасар едің?

– Ең бірінші кезекте сервисті жақсарту үшін жұмыстануды ұсынар едім. Атап айтқанда, персоналды оқыту, біліктілігін арттыру. Персоналға оқытусыз жұмыс жасауға рұқсат берілмегені жөн. Сол даяшыларды алатын болсақ та, кафелерде жұмыс жасау кезінде қарапайым этикет ережелерін, менюді және т.б. білмейді. Мен өзім туризм мамандығын оқыдым. Басқа елдерде қалай жасалады? Ең алдымен персонал екі апталық оқытудан өтеді. Бұл оқуларда персоналға барлығын егжей-тегжейлі көрсетіп, үйретеді. Менеджерлер тек басқарып қана қоймайды. Олар менеджер болу үшін үш айдың ішінде екі аптадан әр позицияда еңбек етеді. Мысалы екі апта аспаз, екі апта кассир, келесі екі апта жинаушы, дайындаушы және т.б. ретінде қызмет етеді. Ол осы кезеңнің барлығынан өткен кезде ғана әр саланың қалай жұмыс жасайтынын түсінеді және осыдан кейін оған басқару да, клиенттерді түсіну де жеңіл болады. Осының арқасында жақсы менеджерлер шығады, бұл сервис деңгейінің жоғары болуына да өте үлкен әсер етеді. Сервиске білімділік, сауаттылық деңгейі  өте қатты әсер етеді деп есептеймін.

– Қызықты сұхбат беруге уақыт тапқаныңыз үшін алғыс білдіреміз!

Ерсұлтанмен жасалған сұхбат Мінбердің оқырмандарын саяхаттауға ынталандырады, саяхаттауда жаңа мүмкіндіктер жолын көрсетеді, сонымен қатар саяхаттауды дұрыс жоспарлау мен үнемді саяхаттау әдістерін үйретеді деп сенеміз. Ал Ерсұлтанға алдағы саяхаттарда сапарың оң болсын деп тілейміз!

Cуреттер Ерсұлтанның жеке архивінен алынды

Парақшамызға жазылыңыз

Альфия Шамай

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алғабас ауылында дүниеге келген. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі (1998-2002ж.ж).

2016 жылдан бері «Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» ҚҚ (М.А.Ускембаева) Батыс Қазақстан облысындағы жобалар бойынша өңірлік менеджері

Қазақстан Сорос Қоры мен «Zertteu Research Institute» ҚҚ ұйымдастырған «OpenBudgetFellowship2019» 2019 жылғы түлегі

Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған, MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған 2021 жылғы «Азаматтық журналистер» жобасының түлегі

MINBER ақпараттық агенттігі ұйымдастырған «Журналистиканың негізгі машықтары» мектебінің түлегі

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Қателік кімнен кетті? Балалар ақыны Қуат Әдістің өлеңін өзгенің атымен жариялаған “Алматыкітап” кінәні “Балдырған” журналына жауып отыр

“Алматыкітап” баспасынан 2 сынып оқушыларына арналып дайындалған “Әдебиеттік оқу 2022” кітабына қатысты желіде дау туды. Баспагерлер

«Зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған»: «Хабар» арнасындағы “Бірақ…» ток шоуы жабылды

 Кеше «Хабар» арнасындағы «Бірақ…» ток-шоуына тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен шымкенттік әйел кейіпкер боп келді. Бағдарлама жүргізушілері