////

Қазақстанның «кремний алқабы» қалай су құбыры мен кәрізсіз қалды

2327 рет қаралды
1

Бұл Назарбаевтың отбасына жақын адамдардың 4,7 млрд теңгеге «қазақстандық силикон алқабы» үшін сынған құбырды қалай салғаны туралы оқиға.

2003 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Алматыдан алыс емес жерде «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі» (әрі қарай – АТП) арнайы экономикалық аймағы құрылды. 2017 жылы Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаны «қазақстандық кремний алқабы» деп атаған еді. Дегенмен сол кездің өзінде ол «Біз оны көп жылдар бойы құрып келеміз, көптеген қаржы шығындадық, дегенмен олардың немен айналысып отырғанын әлі көре алмай отырмыз», – деп мойындаған еді.

«Алатау» ақпараттық технологиялар паркі салынғалы жиырма жылдай уақыт өтті. Алайда ол Америкадағы кремний алқабының баламасы бола алмай отыр. Бірақ бір нәрсе айқын, бұл парктің салынуынан бұрынғы президенттің жақындары пайдаға кенелген. Олардың жұмысының нәтижесінен туындаған дау сотқа дейін жетіп отыр, алайда проблема әлі шешілген жоқ.

Индустрия және сауда министрлігінің 2005 жылы дайындаған құжатына сәйкес Алатау АТП төрт кезеңмен салынуы керек болатын. Соңғы жұмыс шенеуніктердің Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсеткен мына макетіндегідей болуы қажет еді (фотоны қараңыз).

2006 жылы технопарк құрылысының 1-ші кезеңі аяқталды, ол 14га жерде орналасқан. Паркте төрт ғимарат пен қосалқы құрылыстар пайда болды.

2012 жылы технопарк құрылысының екінші кезеңі басталды. Бас жоспарға сәйкес 2016 жылғы қыркүйек айына дейін парк аумағы 10 есеге  ұлғаюы қажет еді.

«Мұнда колледждер мен қалалық кәсіпорындар көшіп келеді, сонымен қатар жаңа өндірістер және дата-орталық салынады», – деп 2012 жылы Алматы қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Меруерт Исабекова сөз берген еді.

Google earth

Спутниктік суретте (google earth) (сурет 2022 жылдың қарашасында жасалған) 2006 жылдан бері технопарк аумағы ұлғаймағаны көрінеді. Макетке сәйкес  жаңа ғимараттар мен құрылыстар салынуы қажет үлкен жер учаскесі бос тұр.

ҚҰБЫР МЕН КӘРІЗ

Алатау АТП-ны қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін паркке сыртқы су құбыры мен кәріз желілерін тарта бастады. Олардың құрылысына бюджеттен 4 млрд 722 млн теңге бөлінген.

Алматы әкімдігінің тапсырысы бойынша құрылыс жұмыстары «Ария Жаңа Астана» ЖШС-ға тапсырылған. 2016 жылдың желтоқсан айында Алматы әкімдігі  мемлекеттік қабылдау актіне қол қойып, инфрақұрылымды қабылдады.

2022 жылдың ақпан айында «Алматы Су» қалалық коммунальдық кәсіпорынының маманы Серік Шағыров orda.kz редакциясына Алатау АТП сыртқы инженерлік желілерінің жұмыс істемейтінін мәлімдеген.

7 желтоқсанда Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының бөлім бастығы Айдын Сылбырбаев мақала авторымен әңгімеде аталған желілердің жұмыс істемейтінін растады, сондай-ақ ол «бұған қатысты қылмыстық істің қозғалғанын» қоса айтты.

2022 жылы Қыркүйектің 7-сінде Технопарк «Алатау» ЖШС-нің бас директоры Олжас Сартаевқа журналист Шыңғыс Уәлиханды технопарктің сыртқы инженерлік желілерінің жай-күйін білу мақсатында Алатау АТП территориясына енгізуді сұраған журналистік сауал жолданды. Алайда, бұл сауал жауапсыз қалды.

2022 жылдың Қазан айында Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы технопарктің инженерлік желілері құрылыс барысында жіберілген ақаулар салдарынан жұмыс істемей тұрғанын мәлімдеген болатын. 2020 жылдың Қаңтар айында Алматы қаласының әкімшілігі мердігер компания «АрияЖаңаАстананы» осы ақауларды жөндеуге мәжбүрлеу мақсатында шағым түсіреді. Әкімшіліктің версиясы бойынша мердігер монтаж жұмыстарын сапасыз орындаған.

2020 жылғы мамыр айында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімдіктің талап арызын қанағаттандырудан бас тартқан. Бұған себеп әкімдік ақаулы жұмыстардың түрін, атауын және көлемін нақтыламағаны және анықтамағаны деп түсіндірген.

«Ария Жаңа Астана» компаниясының айтуы бойынша әкімдік мердігердің жұмысына қатысты қандай да бір ақауды анықтаған күнінен 30 күн ішінде шағым түсіруі қажет болған.

«Тапсырыс беруші нысанды 2016 жылғы 15 желтоқсанда қабылдады. Келісімшарттың талаптарына сәйкес, орындалған жұмыстардың кепілдік мерзімі 12 ай, бұл ретте Тапсырыс беруші жұмыстардың сапасы бойынша көрсетілген мерзімде ешқандай талап арыз болмаған.  Соңғы үш жыл нысан күзетілмей, иесіз  қалған», – деп жауап берді мердігер соттағы әкімдіктің талабына.

2022 жылдың 21 Қазанында Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының берген мәліметі бойынша инженерлік инфрақұрылымның жұмыс істемеуіне себеп болып тұрған ақаулар әлі жойылмаған.

Сонымен сот шешімі бойынша, «АрияЖаңаАстана»  Алматы қаласы Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы айтып отырған ақауларды (құрылыс кезінде жіберілген қателіктер) жөндеуге міндеттелмейді.

“АРИЯ ЖАҢА АСТАНА” КОМПАНИЯСЫНЫҢ ИЕСІ КІМ?

«Ария Жаңа Астана» ЖШС соңғы алты жыл ішінде мемлекетпен 26 млрд теңге сомаға келісімшарт жасаған. 2017 жылы өткен Универсиадаға арналған, алаңы 67 мың шаршы метр болатын «Халық Арена»  мұз айдыны  осы компанияның «қолымен» салынған.

2018 жылға дейін «Ария Жаңа Астана» «BAUR Kazakhstan» АҚ компанияларының тобына кірген. Акционерлік қоғамды 2011 жылы бизнесмен Абай Қадырұлы Жүнісов құрған.

Биылғы  жылғы сәуір айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы әкімдігінің қызметкерлеріне, «Ария Жаңа Астана» ЖШС басшылығына және Гүлмира Сатыбалдыға Универсиада-2017 нысандары үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындамағаны үшін аса ірі көлемдегі бюджет қаржысын ұрлады деген айып тақты.

Сонымен қатар, Гүлмира Сатыбалды Шымкент әкімдігіндегі бастықтармен және «Ария Жаңа Астана» компаниясының басшылығымен бірге 2021 жылы 747 миллион теңге қаржыны ұрлады деген күдік бар екені белгілі болды. Бұл қаржы тергеу деректері бойынша нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін төленген.

БИЗНЕСТІҢ ПАЙДАЛЫ БАЙЛАНЫСТАРЫ

Абай Жүнісов Гүлмира Сатыбалдының жақын сіңлісі Пірімбетова Рая Кауасқызына үйленген. Гүлмира Сатыбалды – ҰҚК бұрынғы офицері және Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі.

Абай Жүнісовтың әйелінің Гүлмира Сатыбалдымен туыстық байланыстары «MAG» АҚ үлестік құжатында айқындалған. Құжат 2008 жылғы 5 желтоқсанда Kase.kz Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланған. «MAG» АҚ мен «Ария Жаңа Астана» ЖШС-мен бірге BAUR Kazakhstan компаниялар тобының құрамына кірген.

Бұл байланыстар кейін түрлі «қаржылық-экономикалық түрге» өзгеріп отырған. Мысалы, 2013 жылы Қайрат Сатыбалды BAUR Kazakhstan-ға нөлдік пайызбен несие ретінде 173 млн теңге  берген.

Бәлкім Сатыбалдымен байланысы BAUR Kazakhstan-ға 2016 жылы Алматы әкімдігінен өте құнды активті алуға мүмкіндік берген болар. «Алматы Жылу Холдингі» акцонерлік қоғамы мемлекеттік кәсіпорнын кейіннен сатып алу құқығымен 2 жылға басқаруға алған. Бұл – бүкіл оңтүстік астананы жылумен қамтамасыз ететін монополист-коммуналдық кәсіпорын.

БАСШЫЛЫҚТЫҢ АУЫСУЫ

Бақыт Қабенов, фото: Forbes.kz

2018 жылы мамыр айында Жүнісов мырза «Ария Жаңа Астана» компаниясын өзінің қызметкері Кабенов Бақыт Аманжолұлына 4 млрд 748 млн теңгеге сатып жіберді. Бұл туралы «BAUR Kazakhstan» АҚ-ның 2018 жылғы аудиторлық есебінде айтылған. Осылайша «Ария Жаңа Астана» «BAUR Kazakhstan» АҚ компаниялар тобынан шығып қалды. 2019 жылғы шілде айында «Ария Жаңа Астана» ЖШС-да Родионов Игорь Николаевич есімді жаңа құрылтайшы пайда болды.

АБАЙ ЖҮНІСОВТЫҢ BAUR-НА НЕ БОЛДЫ?

2021 жылғы шілде айында БӘСЕ YouTube-арнасында сегіз минуттық бейнеролик  жарияланды, мұнда «Ария Жаңа Астана» ЖШС-ның бұрынғы иесі Абай Жүнісов Гүлмира Сатыбалды бизнесінің барлығын астанадағы өзінің көмекшісі Игорь Родионовтың атына жазуға мәжбүрлегені туралы мәлімдеме жасайды.

Жүнісов осылай жасауға мәжбүр болған, өйткені оның айтуынша 2019 жылдың ақпан айы мен тамыз айы аралығында оны Гүлмира Сатыбалдының көмекшілері үйінде заңсыз ұстап отырған. Оның телефонын тартып алған. Бірнеше ер адам оның барлық әрекетін бақылауда ұстаған және оған барлық жерде еріп жүрген. Абай Жүнісов «кураторлардың» жаңсақ ісін пайдаланып, қашып шыққанға дейін 165 күн бойы қамауда болғанын айтады. Жүнісовтың өзінің ұрланғаны туралы мәлімдемесіне жауап ретінде Гүлмира Сатыбалды абыройы мен қадір-қасиетін қорғау туралы талап-арыз ұсынды. Сатыбалды ханым бизнесменді бейнероликте дыбысталған мәліметтерден бас тартуға міндеттеуді талап етті.

2022 жылғы қаңтар айында Астананың Алматы аудандық соты Абай Жүнісов дыбыстаған мәліметтер шындыққа сай келмейді және талапкердің абыройы мен қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деген қаулы шығарып, Гүлмира Сатыбалдыны жақтап шықты. Сонымен қатар, сот бизнесменді «Бәседегі» бейнероликте дыбысталған мәліметтерден бас тартуға міндеттеді. Маусым айында Астананың Алматы аудандық соты Абай Жүнісовтың ісін қайта қараудан бас тартты.

ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫНЫҢ ҰСТАЛУЫ

Биылғы жылы наурыз айында Гүлмира Сатыбалды ұсталды және бизнесті рейдерлік басып алу дерегі бойынша уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қыркүйек айында антикор Гүлмира Сатыбалдыға және оның сенімді серіктестеріне қатысты қатысу үлесіне және бірқатар кәсіпорындардың активтеріне заңсыз иелік ету, адам ұрлау және заңсыз бас бостандығынан айыру деректері бойынша тергеу жүргізіліп жатқаны туралы хабарлады.

2022 жылғы қыркүйек айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік «Ария Жаңа Астана» бірнеше нысандар бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындамай, мемлекетке 3,9 млрд теңге шығын келтіргені туралы мәлімдеді.

Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот процесі әлі басталған жоқ.

Шыңғыс Уәлихан,

арнайы “Мінбер” үшін

аударған Альфия Шамай

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Мақалада тиянақты жұмыс жасалған, алайда түпнұсқасы өзге тілде жазылғаны көрініп тұр. Қазақ тіліне қисық аударылған. Құрастырылған сөйлемдер бір бірімен дұрыс жаңаспайды.
    Және де қояр бір сұрағым бар. БӘСЕ YouTube арнасы қаншалықты сенімді ақпарат көзі бола алады. БӘСЕ авторларының сүйенетін дереккөздері жайлы мәлімет бар ма?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар