////

Болашақ мамандығымды қалай таңдаймын?

1673 рет қаралды
2

Қоғамдағы актуалды тақырыптар көшін әдеттегідей мектеп оқушылары арасындағы мамандық таңдау мәселесі бастап тұр. Саны дүкендегі азық-түліктің бағасынан қалыспай артып келе жатқан алуан түрлі мамандықтың ішінен адасып қалмай, өз өмірлік жолымды қалай табамын деп ойланып жүрген жас түлек, ендеше, жайғасып отыр. 

Иә, ертеңін ойлап есі шыққан талай жұмыр басты пенденің жатса да, тұрса да ойланар бір сауалы осы болды. Мектеп оқушыларының болашақ университетін таңдауға қиналмай, мамандыққа келгенде абдырап қалғанын сан мәрте көрдік. Расымен, мамандық таңдау қиын ба әлде өз болмысыңды ма?

Әр бітіруші түлек өзіне «мамандық таңдаудан қателеспеу үшін не істесем болады?» деген сауалдан бұрын «менің өмірлік миссиям қандай» деген көкейдегі бұлыңғыр сұраққа жауап беруі тиіс. Расымен де, сіз өмірге не үшін келдіңіз? Өмірге мына әлемді жақсартуға титтей де болсын үлесіңізді қосып, өзіндік қолтаңбаңызды қалдыру үшін келдіңіз.

«Ғалымдардың зерттеуі бойынша әлемде тек 13% адам ғана өз жұмысын сүйіп жасайды екен. Неге дейсіз бе? Біріншіден, олардың өз жұмысына деген құлшынысы көп. Өмірлік мақсаттары айқын. Ал оны табу үшін сіз белгілі бір саланың шебері атанғыңыз келетін іспен шұғылдануыңыз қажет. Тек нағыз шебер атану ғана қызметіңізге мағына береді, сіздің алға сүйреуші ішкі күшіңізге айналады». Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Дариян ауылының Абай атындағы мектеп-гимназия-интернатының профориентолог маманы Дәуренбек Қайратұлы да, «Ең әуелі адамның өз ішкі дауысына құлақ түріп, қызығушылығын басшылыққа алғанын жөн санайды. Себебі, өзі қалап түскен мамандықтан адам ешқашан да кері шегінбейді. Екіншіден, мінез-құлқыңыз қай салаға көбірек келетінін анықтап алғаныңыз жөн.

Әр маман иесінің өзіне тән талаптары бар. Мәселен, жаратылысыңыздан жұмсақ, сезімтал әрі туабітті эмпат болсаңыз полиция қызметкері, қорғаныс немесе бизнес саласы сіз үшін тиімді емес. Ал егер ұшқыш болуды армандасаңыз көру және есту қабілетіңіз жоғары, жылдам шешім қабылдай алатын, қиын ситуацияларға бейімділігі жоғары адам болуыңыз қажет. Сіздің не нәрсеге бейім екеніңіз маңызды рөл ойнайды.

Оны анықтау үшін үйде отырып-ақ «The big five» пен Майерс Бриггстің тұлға түріне арналған тесттерін әртүрлі сайттардан өтуге кеңес береміз, немесе мектеп психологына, профориентологына жолығып, бейімділікті анықтауға арналған сауалнамалардан өтуге болады. Бос уақытыңызда әртүрлі маман иелерімен тілдесіңіз. Олардың жұмыс орындарына барып, өзіңіз үшін бір экскурсия жасап, жұмыс барысын қадағалап шықсаңыз да болады», – дейді Дәуренбек Қайратұлы.

Биылғы мектеп бітіруші түлек Айлина Бижанова болашақта дәрігер болуды армандайды. Бұл саланы таңдауына әжесінің кабинетіндегі анатомия кітаптары себепші болыпты. Айлина ол кітапты түсінбесе де, қызыға оқыған екен. Енді оның кітаптан тамашалаған адам құрылысының суреттері шындыққа айналмақшы. Сондай-ақ, Айлина бос уақытында медицина саласына қатысты кәріс дорамаларын, яки сериалдарды қарағанды ұнатады екен. – Адамның ішкі «дүниесі» түрлі құпияға толы. Мен оны зерттеп білгім келеді, – дейді 11-сынып оқушысы Айлина.

Мамандық таңдай алмай жүрген оқушылар жоғарыда профориентолог айтқан кеңеске жүгініп, әртүрлі жұмыс орындарына экскурсия жасауына болады. Айлина сияқты түрлі сериалдар көру арқылы болашақ мамандығын терең зерттеп, қызығушылықтарын оята алады.

Мамандық таңдау машақаты мұнымен бітпек емес. Сіз қалаған мамандығыңыздың сұранысқа ие болуы, оның қоғамдағы алатын орны үлкен маңызға ие. Диплом бола тұра, жұмыс таба алмай, оны сандыққа салып қойған, орташа жалақымен күн көріп жүрген жандар қаншама. Сол себепті, өзіңізбен қатар мамандығыңыздың да болашағына бір көз жүгіртіп алыңыз. Жыл өткен сайын кейбір мамандықтар қолданыстан шығып, олардың орнын өзге мамандықтар басып отырады. Заман ағымынан қалыспай, жаңалықтарды қадағалап, өзіңізге керектісін іріктеп алып отыруды әдетке айналдырыңыз.

Мәселен, 11-сынып оқушысы Зере Әндіжан болашақта ағылшын тілінің мұғалімі болуды қалайды. Ол бала кезінен мұғалімдікке қызыққан, алайда қай пәнге жақын екенін нақты білмеген. Есейе келе ағылшынша әндер тыңдап, сериалдар мен фильмдер көру арқылы өзінің тілге деген құлшынысын оятқан. Осылайша, 10-сыныпта «мұғалім боламын» деген өміріндегі маңызды шешімді қабылдаған. – Ағылшын халықаралық тіл болғандықтан қоғамдағы маңызы жоғары. Оның жастарға берер мүмкіндігі зор, – дейді Зере. Ендеше, талабыңа нұр жаусын!

Бұл қазақстандық жоғары сынып оқушыларының қалай мамандық таңдайтындығының қарапайым көрінісі. Ал, шетелдік жастар ше? Мәселен, Америка құрама штаттарындағы студенттер арасынан «диплом алсам болды, жұмыс өзі табылады» деп, арқасын кеңге салып, бейғам жүрген жанды кездестіру қиын. Олар қандай оқу орнының тиімді екенін алдын ала зерттеп, қашан бітіретінін, қайда барып жұмысқа орналаса алатынын болжалдап алып қана бір байламға келеді екен. Біздің де болашақ студент атанғалы отырған жас талапкерлерімізге келешегін шегелейтін нақтылық, оңы мен солын айыра алатын аңғарымпаздық, сондай-ақ жинақылық пен пысықтық артық етпейді.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық тестілеу орталығы қаңтар айындағы тестілеуді  бастады, ол 10 ақпанға дейін өткізіледі. Тестілеуге қатысуға 125 мыңға жуық өтініш берілді. Өтініштерді қабылдау ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында 20 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін жүргізілді, – деп хабарлады 10 қаңтар күні.

«2023-2030 жылдарға арналған кадрларға қажеттіліктің орта мерзімді  болжамы негізінде сарапшылар таяу жылдары неғұрлым талап етілетін қызметтердің ТОП-25 тобын анықтады. Ең «қажет» – орта мектеп мұғалімдері, бухгалтерлер, күзетшілер, инкассаторлар және соған
байланысты кәсіптер, дүкен сатушылары және олардың көмекшілері болды», – деп хабарлады «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ 2022 жылдың аяғында.  Еңбек ресурстарын дамыту орталығының талдаушылары Ұлттық қызметтер жіктеуішінің ең толық деңгейінде ТОП кәсіптерді анықтады. Ол келесідей:

 

Мәдина Ибрагим,

Батыс Қазақстан облысы,

Бәйтерек ауданы,

Дариян ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Ұбт дан 65 бал пәні биология-география, қай мамандықтарға балы жетіп тұр біліп айтып беріңізші өтініш

    • Сіз Серпін бағдарламасымен тапсырып көрсеңіз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі