“Кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың қатысуымен «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» баспасөз конференциясы өтті”, – деп хабарлайды ҚР қаржы министрлігі.

Министрліктің хабарлауынша Ержан Біржанов банкроттық туралы заң негізінде кең ауқымды түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқаны, оның ішінде соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша рәсімдердің үш түрін атап өткен.

2022 жылдың 30 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды.

Бірақ заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлағандай, банкроттық туралы заң рәсімдердің үш түрін қарастырады – ол соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Бұл рәсімдерді тек қарыз алушының өзі ғана бастай алады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты осы рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

Ал, енді банкроттықты қолданғаннан кейін жеке тұлғаларды не күтіп тұрғанына назар аударыңыз:

Сот банкроттығын, және соттан тыс банкроттығын қолданатын азаматтар:

•        5 жыл ішінде банктерден және микроқаржы ұйымдарынан кредиттер ала алмайды (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа);

•        олар 7 жылдан кейін ғана қайта банкроттыққа жүгіне алады;

•        олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жыл бойы тексеріледі.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру кезінде мұндай салдар болмайды.

Сондықтан, азамат өзін банкрот деп жарияламас бұрын, ықтимал салдары мен шектеулер туралы ойлану керек.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздің азаматтары банкроттыққа қатысты арыздарын 2023 жылдың 3 наурызынан бастап бере алады.