////

Тұғыры бар туы жоқ, туы болса жарығы жоқ

1710 рет қаралды

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы 2007 жылғы 4 маусымдағы №258 Конституциялық заңының 2 тарауы, 4-ші бабында «Ғимараттарға тұрақты тігілген Мемлекеттік Туға тәуліктің қараңғы мезгілінде жарық түсіп тұруға тиіс» деп тайға таңба басқандай анық жазылған. Бұл заң Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылындағы мекемелерде қалай орындалғанын анықтап көрдім. Кешкі асымды ішіп, күн ұясына батқанда көлігімді оталдырып, орталық жаққа қарай бет алдым. Рухани орталық ғимаратында Мемлекеттік Тудың тұғыры бар да, өзі жоқ. Аталмыш ғимаратта бақандай 5 мекеме орналасқан.

– Жалпы біздің ғимараттың Туы бар. Ескірген, жыртылған туды іле алмаймыз. Сондықтан оны порталға беріп қойдық. Мемлекеттік сатып алу порталы арқылы ұтып алған жеткізуші қызметті орындап, Туды жеткізген соң ілеміз. Мейрам күндері іліп қойып жүрміз, ал күнде-күнде іліп қоюға келмейді. Жаңбырмен желініп, күннің қызуына тозып кеткен. Алдағы уақытта 2-3 Ту алып, кезек-кезек ілетін боламыз, – деген аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Дина Мұқашева Мемлекеттік Тудың ғимарат сыртында не себепті ілінбегенін осылайша түсіндірді.

Мемлекеттік Туға жарық түспеген мекеме бұл ғана емес екен. «Жаңақала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ғимаратындағы Туға жарық мүлдем қойылмаған. Қап-қараңғы түнде Туды байқау мүмкін емес. Себебін сұрадық.

– Заң бәрімізге ортақ. Алдағы уақытта міндетті түрде жарық орнатамыз. Мемлекеттік Туға қай жағынан қарасаңыз да көрінетін болады. Ескереміз, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаров.

«Жаңақала аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ғимаратынан да Мемлекеттік Туға қойылған жарықты көрмедік. Есіктің жоғары жағындағы сырттың жарығын қосып қойған екен, ол бірақ Туға түсіп тұрған жоқ. Басшысы Светлана Сәрсенбайқызы былайша түсіндірді:

«Ғимаратымыз әлі толық бітпеген. Жасайтын нәрселер жетерлік. Оның ішінде сіздің айтып отырған Мемлекеттік Ту да бар. Мемлекеттік сатып алу порталына бірнеше рет хат жібердік. Орнатқасын бәрінің талапқа сай болғанын қалаймыз. Алдағы уақытта міндетті түрде жарық қоямыз».

Аудан орталығында орналасқан мекемелердің басым көпшілігінде Мемлекеттік Туға жарық түспейді екен. Тіпті кейбірінде жарық тұрмақ Тудың өзі жоқ. Спорт кешені, Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы, Аудандық балалар спорт мектебі сынды мекемелерде Мемлекеттік Туға мүлдем жарық қойылмаған. Осыған бақылау жасауға тиіс әрі мониторинг жүргізетін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысына аяқтай екі мәрте бардық. Жұмыс орнында болмай шықты. Ұялысына хабарласып, мессенджер арқылы сауалымызды қойдық. Сол күйі жауап ала алмадық.

Көп мекеме «алдағы уақытта орнатамыз, олқылықтың орнын толтырамыз» деген болатын. Алдағы уақытта міндетті түрде бұл тақырыпқа тағы бір мәрте ораламыз.

Жанайдар Болатбекұлы,

БҚО, Жаңақала ауданы, Жаңақала ауылы

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар