«БерӘлі Мангистау Company» кәсіпорнынан бұрын біз «КезБи» ЖШС жұмыс істедік. Онда да жағдай мәз болмады, жалақы дұрыс төленбеді. Бір айдай наразылық шеруіне шықтық. Астанаға келдік. Қазір шамамен 240  адам жұмыссыз қалды, – деген ол жұрттың жеті жүз мың жалақы туралы сынына да өз ойын айтып өткен:

“Бізді 500, 600, 700 мың теңге далақы алады деп сөгеді. Бірақ ол тұрақты жалақы емес. Үш немесе тоғыз ай жұмыс істейсің, сосын жұмыс тоқтайды. Біз еңбек демалысына уақытылы шыға алмаймыз, жұмыс істеуге қажетті жағдай жасалынбаған. Сол үшін біз тұрақтылықты, жұмыс жағдайын талап етеміз,” –  деген оның айтуынша бұл жолы тендерді басқа компания жеңіп алған, нәтижесінде 250 адам жұмыссыз қалған.

Ереуілшілерге «ҚазМұнайГаз» өкілі шыққанымен, олар Энергетика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдерінің де келіссөзге келгенін талап еткен.

Энергетика министрлігінің алдына жиналған ереуілшілерге арнайы жасақ күш қолданып, кеттлинг жасап, қарсылық танытқандарды қамауға алған.

Полицейлердің арнайы операциясынан кейін Жаңаөзен тұрғындары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үндеу жариялап, Астанада қамауға алынған мұнайшыларды босатуды талап еткен. ҚазТАГ-тың жазуы бойынша, жекелеген кәсіпорындар ынтымақтастық танытып, жұмыс істеуден бас тартқан. Наразылардың қатары сағат санап өсуде. Жаңаөзен әкімшілігінің алдына жиналушылардың да қарасы көбейе түскен.