//

Ремигайло Олег: Менің мақсатым – атағына лайықты кәсіби спортшы болу

642 рет қаралды

Сұхбат кезінде спорттық акробатикамен айналысатын жас кәсіби спортшы – Ремигайло Олег, өзінің спорттық мансабы, жетістіктері және жарыстарға қатысуы жайлы айтып берді.

–   Сіз өзіңізді қысқаша таныстыра аласыз ба?

–  Менің толық есімім – Ремигайло Олег. Мен акробатикалық жолда секіру спорттық акробатикасымен айналысамын. Сонымен қатар мен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иемденген Петропавл қаласының тумасымын.

–  Сіз осы спорттық акробатикамен қай уақыттан бері айналысасыз?

–  Бұл спорт түрімен мен 7 жасымнан бастап, 13 жыл бойы айналысып келе жатырмын.

– Неліктен сіз дәл осы спорт түрімен айналысуды шештіңіз? Ата-анаңыздың және достарыңыздың ойлары қандай болды?

– Мен спорттық акробатикамен айналысуды өзім шешкен жоқпын, ата-анам мені сол спорттық үйірмеге орналастырды. Олар жай ғана осы спорттың эмблемасын көріп, сол жерге жібере салды. Иә, осындай да қызық әрі түсініксіз жағдайлар өмірде болады. Сол себепті де ата-анам менің кем дегенде бір үйірмеге қатысатыныма қатты қуанды. Ал достарым болса осындай ерекше спорт түрімен айналыса бастағаным жайлы білгенде шошып кетті.

–  Сіз өзіңіздің жеңістеріңіз туралы көбірек айта аласыз ба? Осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізгенде не сезіндіңіз? Сіз жалпы чемпионаттар мен жарыстарға қатыспас бұрын жүлделі орындарға ие болуды мақсат етіп қойдыңыз ба?

– Менің алғашқы жарысым Омбы қаласында болды және мен онда екінші орынға ие болдым. Сол және де басқа кішірек жарыстармен бірнеше жыл өткеннен кейін мен Қазақстан бойынша ірі сайыстарға барып, әрқашан да 1-2 орынға ие болғаным үшін нәтижелеріме өте риза болдым. Мұндай жеңістерден кейін мені Қазақстанның кіші құрамасына қарады. 2016 жылы мен Португалияға «Сантарем» қаласына жарысқа ұштым және бұл менің шетелге алғашқы сапарым болды. Екінші жарыс Португалияда «Лоле» қаласында өтіп, екі сайыс нәтижесінде мен екі, үшінші орынды иелендім. Бір жылдан кейін мен Испанияның «Валладолид» қаласына ұшып, онда 4 орынға ие болдым. Осы жарыстан кейін мен өте босаңсып, тек Қазақстан бойынша жарыстарға бардым. Алайда мен қазір өз формамды қайтадан жөнге келтіре бастадым және Париждегі Әлем чемпионатына ұшқым келеді.

–  Сіздің жаттықтырушыңыз кім және ол сіздің жеңістеріңізге қаншалықты әсер етеді?

–  Менің бірінші жаттықтырушым – Филимонов Александр Александрович, мені жарыстарға жақсы дайындады, бірақ ол өте дөрекі болды және өзінің тәрбиеленушісін ең мықты спортшы қылып шығарғысы келді. Бірақ бірнеше жылдан кейін ол жұмыстан шығып кетіп, сол жаттықтырушының орнын Директор алды, ол керісінше сабырлы және талапшыл жаттықтырушы. Менің екі жаттықтырушымнан да алған тәжірибем көп, және мен оларға жеңістеріме деген талпынысты тудырғандары үшін үлкен алғысымды айтамын.

–  Кәсіби жарыстарға бірінші рет шыққаныңыз есіңізде ме? Сіз қандай сезімде болдыңыз?

–  Алғашқы жарысымда мен өте қатты толқып шықтым. Стресс және бірнәрсені дұрыс емес жасаудан қорқу сезімдері денемді жаулап алды. Бірақ мен тез ойымды жинақтап, өз ісімді жасадым.

–  Сіз спортшының кәсіби қызметінен бөлек не істейсіз?

– Мен колледжде оқимын және жаттықтырушы болып жұмыс істеп, кішкентай спортшыларды дайындаймын.

–  Сіз күнделікті дайындықты қалай өткізесіз?

–  Менің дайындығым таңертең 9-дан 12-ге дейін, кешке 5-тен 8-9-ға дейін күн сайын өткізіледі. Мен алдымен разминка жасап, содан кейін мен дайындық жаттығуларын жасаймын. Жаттығулардан кейін өздігінен созылуды жасап, контрастты душ қабылдағаннан кейін үйіме қайтамын.

–  Сіздің спорттық акробатикадағы пұтыңыз бар ма?

–  Менде пұт жоқ. Мен ешкімге өзімді теңегім келмейді, тек жай ғана жаттықтырушының шарттарын орындап, нәтижеге жеткім келеді. Менің мақсатым – атағына лайықты кәсіби спортшы болу.

–  Спорт саласындағы болашаққа деген жоспарларыңыз бар ма?

–  Иә, бар. Осы жылы мен колледждің 4 курсты бітіремін, содан кейін мен университетке барамын. Университеттен кейін өз мамандығым бойынша жұмыс істеймін. Ал бос уақытымда дәл осылай жаттығамын және әртүрлі жарыстарға дайындаламын. Мен әлем чемпионы болғым келеді, содан кейін толығымен мансабымды аяқтауды жоспарлап отырмын.

–  Сіздің спортпен айналысқысы келетін жас ұрпаққа айтар сөзіңіз бар ма?

–  Болашақ кәсіби акробаттар, менің сендерге айтар тек бір сөзім ғана бар. Күнделікті дайындықтар, жаттықтырушы тарапынан қысым, физикалық тұрғыдан ауырсынулар, сендерді сындырмауы керек. Нағыз кәсіби спортшы не болса да, өз жолынан таймай, биік белестерге жетуге талпынуы қажет. Сендерге тек сәттілік пен ынта тілеймін!

Әсем Тугилова

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар