///

Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме)

3757 рет қаралды
ТЕНТЕГІМ, ЖАУ ШАҚЫРМА  (Жалғасы-6)
Қозы-лақ қайырып ауылдан қозы көш жер ұзап кеткен Шотпақ пен Қотырақ тойған мал жусап жатқан түскі мезгілде  бұл өңірдің ең биік тұсы да осы болса керек, қожыр-қожыр қызыл тастардың арасында шөккен түйедей болып жатқан қызыл жартастың ең биік ұшар басына шығып алып айғайды салып тұр. Қолдарындағы таяқтарын жоғары көтеріп кезек-кезекпен бар дауысымен аспан-көкті жаңғыртып айғайды салады. Айғай емес аттанды салып жатқан.
Қоныс жаңғыртпай ала жаздай отырған мына өңірдің өрісі де жер оты тақырлап күннен күнге ұзап, алыстап бара жатыр. Көп отырған жердің іргесі көгеріп, көгі кетіп, таздың басындай, арқар жалақ тақырланып қалатын заңы. Қаптарын иықтарына асып тезек теруге шыққан қатын-қалаштар ауылдан алыстап біраз жерге дейін барып қабын толтырып қайтады.
Қызыл жартастың алқымына келіп тоқтаған ұрағаттарды айғайды салып тұрған балалар көзге ілген жоқ, есесіне «жау-жау!» деп жұлқына дауыстарын зорайта түсті. Дәмелі анау тұрған иісі жәнтекей қайнысы Қотырақ екенін таныды. Қайнысы болғандықтан жасы кіші демейді қалжыңдасып, қайдағыны бүкпесіз айтып ойнап жатады. Өзі жесір қатын. Басы жас. Ажарлы, қара торы әйелге сұқтанғандар аз болмапты. Байы осыдан бес, әлде алты жыл бұрынғы бір қырғында қыршынынан кетіпті. Содан кейін басқа сүйерім жоқ деп, әмеңгерлікпен алмақ болған талай ақсақал, көксақал қайындарының бетін қайтарыпты. Оның бәрі бастан кешкен, өткен өмір, бүгінгі күні естелік.
– Әй, тентегім, әй?
– Не болды, қара қатын?
– Әй, тәңір тілеуіңді бергір, қара қатыны несі?
– Қараны қара демегенде, ақ деймін бе? Не демексің? Тезегіңді теріп берейін бе? Термеймін. Бұланбайды көрмедім.
–  Өй, әдірем қал. Бұланбайы несі? – Бұланбай дегені жасы отыздарды асқан кәрі шешесінің күтімімен күн көріп жүрген, еш нәрседе қақ-соғы жоқ, қой аузынан шөп алмас момын, бейуаз, ішкен-жегені түзу, көп сөйлемейтін, көпке жынысын қоспайтын, қара жұмысқа қара жон азамат. Сөйте тұра жеңіл етек, шөп желкелер мен қылықты қатын-қалаштардың оңаты келсе  қыбын қандырып кететін сойқан да осы деген сыбыс та желдей есіп жүреді.
Алайда Бұланбай бұзық, пәлен деген бір ауыз артық сөз бірде-бір ұрағаттың аузынан шықпайды. Бұланбай десе олардың көздері күлімдеп, маңдай шекелері күлгіндеп, қызарып қалатыны болмаса. Ауылдың үлкендері кеукеулеп, бірнеше рет басын құрап берген еді келін болып түскеннің еш қайсысы да тұрақтамады. Ұзағанда екі-бір жыл бірге өмір сүрген болады да, у-шусыз кетіп қалады.
Жұрт әуелі қолына келін тоқтатпайды деп шешесін жазғырып жүрді. Ол байқұс ақ безер де, көк безер болады. «Мен қайтем?! Тием деді тиді. Қарсы болмадым. Кетем деді кетті.  Қарсы болмадым. Арқандап ұстаймын ба?» деп ақталады. Міне, сол Бұланбайды жұрт кейінгі кезде Дәмеліге қосады. Басы бос ұрағат болған соң сөйтетін шығар, әйтпесе Дәмелі жақтан бөтен сыбыс шыққан емес, шыққан күннің өзінде ол жымын білдірмейді. «Бұланбайды көрмедім» дегенде оның қайтарған  жауабы  «Өй, әдірем қалғыр. Бұланбайы несі?» болды.
–  Білем ғой, Бұланбайды жақсы көретініңді… Аттан! Аттан!
–  Әй, албасты, көзіміз жаңа ашылғанда, немене жаман ырым бастап жау шақырып тұрсыңдар, басқа ойындарың құрып қалып па!
–  Өткенде өреңнен бір құрт алды деп шешектің астына алып, шелегіңмен сабалап қуалап едің, жау емей кімсің? Сол құрттарыңды кезқұйрық жеп таусыпты ғой. Хэ-хээ…
– Бер кел, жеңеше, бір нәрсе айтамын.
– Қара қатын жеңеше бола қалды ма?
–  Әрине, жеңешесіз. Мені жаңа көріп жүргендей болмашы, бәлсіп,– деді де таяп кеп оң құлағын басып «оңыңа бастай көр, ойбай, оңыңа бастай көр» деп екі қайталап айтып отыра қалды.
– Не болды, жүгірмек?
–  Қай құлағым шақырды? – Қотырақ оң құлағының түбін басып түрегелді.
–  Оң құлағың.
–  Аузыңа май. Жақсы хабар келеді екен, жеңеше? Бұланбай барымташыларға еріп, қалмақтан жылқы қуамыз деп кетті деп еді олжалы оралған болар. Осы маңайда жүрген шығар. Тақымың тартқан жоқ па? Ха-ха…
– Ой, қу шешек, осының білмейтіні жоқ. – Шынында да Қотырақтың білетіні көп еді. Кәдімгі үлкен кісілерше сөйлейтін. Жылдан жылға шешендігі де артып келеді. Суырып салма, сөз тапқыш. Оны мына құрдасы Шотпақпен, ана алпамсадай Бұланбаймен, өзі тұрғыластармен мүлде салыстыруға келмейді. Олардан бойы озбаса да, ойы әлде қайда оқ бойы озық. Дәмелі соңғы сөзін нығыздай сөйледі.
– Тәлімгерің Аязбай болса, ол жынды саған немене жырғаған, жетіскен дүние үйретті дейсің. Тақымың тартқан жоқ па деуін қарашы, албастының.
–  Ит өлген жерге Бұланбайға бола келмегенде…
–  Бұланбай барымтаға барса мұрнымды саған бес жерден кесіп берейін.
–  Қабыңды сүйретіп қу тезек үшін келдің бе? Қу тезек ауылдың маңынан да табылар еді ғой.
– Е, саған, табылады. Тіл мен жағыңа сүйенбей, сал мына қапқа бір-екі тезек. Көмектескеннің көңілі өседі. Көрінгеннің артын аңдығанша
– Әй, алтын жеңешем-ай. Алтынсың ғой, алтыыын.
– Құр жылтырақтан не пайда? Оны да әлпештеп, аялап отыратын аялы алақан керек. Сен не білесің.
– Жақсы көрген адамыңның жалыңнан бір сипап, бір түртіп кеткені бақыт емес пе?!
–  Не дейді, мына, қу шешек. –  Дәмелі арқасындағы орта қап тезекпен Қотырақты бір салды.
Жалғасы бар. Алдыңғы тарауды мына сілтемеден оқи аласыздар.
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі