///

Қотырақ батырдың балалық шағы (ұзақ әңгіме).

3637 рет қаралды
АТАНТАЙ АТА (жалғасы-9)
Атантай атасы ауылға келеді дегенді естіген. Алдынан шығып қозы көш жерден қарсы алуға ауылдың жінтікті адамдары кеткен. Солардың ішінде таң атпай көк ала құнанын ерттеп, атқа қонғандардың алдына түсіп жортқан. Сүт пісірім уақыт жүргеннен кейін көз ұшындағы сағымды жазықтан біресе ұзарып, біресе қысқарып бір топ атты адамның бараны көрінді. Арқан бойы артқы жағында аттарын желе аяңдатып, әңгімені соғып келе жатқандарға аяғын үзенгіге тірей түрегеле бұрылып:
– Әне келеді, әне… деп дауыстады Қотырақ. Қуанышты үні. Қонақ десе балалардың құнжыңдап, еркелері есіріп қалатын заңы емес пе. Кешеден бері тап бір атасы жауды жеңіп, туы желкілдеп келе жатқандай қуанышы қойнына симай жүр.
– Ендеше не қып тұрсың, жөнел. Жұрттан бұрын барып сәлем бер,– деді топ ішінен ересектеу біреуі. Сол-ақ екен Қотырақ атын тебініп қалып еді жарау құнан сөреден ытқандай атылды. Артынан әлде кім:
– Әй, абайла, қалмақтар болмасын,– деп айғай салды. Қотырақ ол айғайды елеген де жоқ, бір ойға, бір белеске шығып, шаңдақты жолмен жөнелді. Өздеріне қарай жалғыз қара болып тізгін ұшымен келе жатқан адамды қонақтар да көрді.
– Ауыл жақын-ау, қарақтарым. Мына бала шүйіншіге шапқандай ат үстінен ұшып кете жаздап келе жатқанын қарашы, – деп қария сүйсінді.
– Атаеке-ау, оның бала екенін қалай білдіңіз?
– Қарағым, қалқа емес, қалмақ емес, қазақ баласы, бала болмаса ат үстінде түрегеліп шаба ма?
Қотырақ жолаушыларға жүз қадамдай жер қалғанда барып «қалмақ болмасын» деген үрейлі дауыс естілді. Ол құнанның тізгінін шірене іркіп, тоқтатты да өзіне қарай бұлаңқұйрық жүріспен тура келе жатқандарға бажайлап қарады. Ердің қасы, күміс жүген, күміс белдіктері жарқылдап, шошақ тымақтар ұзарып көрінді. «Қазақ!». Ол құнанынан қарғып түсті. Тізгінін ердің қасына ілді. Атын шылбырымен жетектеп қарсы жүріп келіп, топ алдында ат бойы озық келе жатқан ақсақалға сәлем берді.
–Армысыз, Ата!
– Бар бол, балам!
– Қай ауылдың баласысың?
– Қайсысын айтайын? Көбін айтайын ба, азын айтайын ба?
– Көп, аз дейтіндей қанша едіңдер?
– Құдайға шүкір? Жиналып бір қауым ел болдық деседі.
– Ай, мынау бір қиқар адам болды ғой.
– Бала деңіз.
– Е, бала адам емес пе?
– Адам санатына әлі қосылмадым.
– Енді қашан қосылмақсың?
– Ел қамын жегенде.
– Ә, бәрекелді. Едіге болмақсың ба?
–  Құдай бұйыртса…
– Ойпырмау мынауың….деді де,– «пәле болды ғой» деген ойын жалғастырып, оның сырт бітім-болмыс, пішініне көз тоқтатып қарады да іштей «сұңқар пішіндес екен, алған бетінен қайтпас, бір түйгеннен түсіретін тепкіні күшті болар, түфу-түфу, тіл-көзім тасқа» дей күбірлеп, «болайын деп тұрған бала екен» деп топшылады.
Елдің үлкен адамдарының ел ішін аралап жүргенде ауылдың асыр салып, ары-бері шапқылап, есіктен сығалап, ас-мәзір кезінде ұсынған құлақ, таңдайды немесе жілікті алу кезінде бажайлап қарап, ертеңгі ел тұтқасы боларын іздеп, белгілеп немесе тапса қалап, сұрап алып, өз қолына алып немесе ұстазға беріп тәлім-тәрбиеден өткізетін салты бар. Уақыты болған кезде қажетті жеріне пайдаланып отырады. Қотырақтың сөйлеген сөзі, қарасы, сырт пішімін ұнатып қалды да,– жә-жә, балақай айта ғой, сонымен кімнің баласы болдың?– деп сұрады.
– Базарқұлдың баласымын.
– Батыр Базарқұлдың ба?
– Екі Базарқұл естімеппін. Батыр болса болар. Атамыз Сәменбет батырдың аруағы қонған деп айтады.
– И, айналайын, тіліңнен. Солай ма? Онда жақсы атаның баласы екенсің. Жарайды өз ныспың кім болады?
– Менің атым Қотырақ!
– Пө, ат жетпей қалғандай.
– Керісінше, артылып кетіпті.
– Солай де?
– Аноо жақта Сыр деген бір үлкен дария бар екен,– деп сұқ саусағын шошайтып оңтүстік батыс жақты нұсқап, – біздің ел мына қалмақтардан қашып, ығысып сонда барыпты заманында. Мен сол Сырдың жағасында туыппын. Ол жерде қожа деген ел көп болады екен. Мен туып жатқанда бір қожа біздің үйге келіпті. Құтты қонақ келді, қойымыз егіз тапты деп, әлгі адамды күтіп, азан шақыртып менің атымды қойдырыпы.
– Иә, сосон.
– Сосон менің атымды сол қожа қойып кетіпті.
– Сол қожа сенің атыңды Қотырақ деп  қойып кетіп пе?
– Жоқ атасы. Оны айтсам тілім күрмеліп аяғына  жетпеймін, Ата. Өзім де мұтып қала беремін.
– Десе де айтып көр. Қожа қойған ат Қотырақтан тәуір шығар. – Атантай ақсақалдың айналасында тұрған атқосшы, нөкерлері қарқ-қарқ күлісіп жатты. Баланың сөзін де, өзін де қызықтап ентелей, қоралана түсті. Қотырақ оларға және ол күлкіге мән бермеді.
– Тәуірін қайтейін, ата, тілің күрмеліп айтуға келмесе… Қызыр Омар Тауфиқ Ибраһим Ражаб Әбду Қали.
– Шынында сиырдың тіліндей екен, ә. – Атқосшы, нөкерлері тағы да ду етіп қарқылдай күлісті.
– Жеті кісінің атын қойып тастаған ғой.  Әкеміз айтуға жеңіл болсын, әрі көз тимейтін жақсы ат болады деп, менің молда қойған атымның  басқы қаріптерін ғана қалдырып Қотырақ деген ат тізіп шығыпты. Содан бері мен Қотырақпын. Еш қандай Қотыр да, еш қандай Қотыр Лақ та емеспін. Жұрт мені жас күніңде қотыр болғансың. Содан Қотырақ атанғансың дейді. Онысы құйдай өтірік. Айтса  айта берсін.
–  Үйт деген-ай. Жас күнімде дейсің бе?! – Ақсақал басындағы көгілдір тысты, төрт сайлы, мол үкі қадаған пұшпақ тымағын шешіп, ердің қасына қойды да тымақтың астынан басына тартқан ақ шытын шешіп, тершіген самайы мен маңдайын сүртіп шытын жайлап асықпай қайта тартып тымағын киіп:  – Қотыр лақ та, Қотыр құрақ та емес, керейдің не зар жақ биі, не кер жақ батыры болайын деп тұр екенсің,– деді баланың бар жауабына дән риза болып.
– Би  болмасам да би түсетін үй боласың деген атам.
– Баста онда, сол би түсетін үйіңе!
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар

Орал су астында қалуы мүмкін бе?

Батыс Қазақстанда су тасқыны қаупі сейілмей тұр. Бүгінгі соңғы гидрологиялық бюллетеньнің мәліметтеріне сәйкес Жайық өзенінің деңгейі